филол.ғ.к.,доцент Ақкөзов Ә.Ә.,

Гуманитарлық  ғылымдарының  магистрі  Ақкөзова А.Ә.

Қазақстан инженерлі-педагогикалық  халықтар Достығы университеті,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Семантикалық деривациялардың берілу жолдары

Тілдің сөзжасам саласын дериватология деп те атайтыны белгілі. Ол латын сөзі dёrivation – «жасау, құрау» деген мағынаны береді. Субстанциалдық бірліктер реляциялық қатынастар барысында өзгереді. Сондықтан деривация дегеніміздің өзін өзгеріс деп түсінуге тиіспіз. Өзгерістің (процесс) бастапқы және кейінгі нәтижесі болатындығы белгілі, семантикалық деривацияны зерттеуші мамандардың айтуынша, деривация дегеніміз – бастапқы, алғашқы тілдік бірліктен кейінгі, туынды тілдік бірліктің жасалу процесі. Ал деривация процесі – тілдік бірліктердің (дериваттардың) формалық (структуралық) және мазмұндық (семантикалық) өзгеруі [1.15].
Ең алдымен деривация термині «сөзжасам» мағынасында ғана қолданылған. Тіл білімінде тілдік заңдылық бір салаға қатысты қолданылады да, бірте-бірте басқа да деңгейлік салаларға қолданыла бастайды. Сол сияқты деривация термині де кейіннен синтаксис саласына қатысты қолданыла бастады. Сөйтіп деривацияның лексикалық және синтаксистік деген екі түрі қалыптасты.

Семантикалық деривация лексикалық деривацияға жақын, соның ішінен шығады деуге де болады. Тіл бірліктерінің тұлғалық жағы да, мазмұндық жағы да қатар өзгереді. Семантикалық деривация мағынаның көшуі. Тұлғаның өзгеруі мағынаның өзгеруіне әкеледі. Өзгерген туынды түбір етістіктердің көп мағыналығы – ерекше зерттеуді қажет ететін мәселе.

Деривация процесінде бастапқы тілдік бірлік структуралық (формалық) және мазмұндық (семантикалық) өзгеріске түседі. Демек, деривациялық процестің мазмұндық және формалық типтері бар. Тілдің формалық деривация процесіне грамматикалық құбылыстар, мазмұндық деривация процесіне семантикалық құбылыстар жатады. Семантикалық деривация процесі – мазмұны, мән-мағынасы өзгерген бастапқы және кейінгі бірліктердің нәтижесі. Семантикалық деривация олардың арасындағы белгілі бір қатынастар мен байланыстарды айқындайды, заңдылықтарын белгілейді. Демек, семантикалық деривация дегеніміз – контекстен тыс автосемантикалы, контекст ішіндегі синсемантикалы түбір және негіз сөздердің мағыналық өзгеріске түсуі [1.16].

Грамматикалық мағына аффикс арқылы да, түбірдің өзі арқылы да көрсетіле береді. Грамматикалық мағына әйтеуір бір категорияның құрамына енуі тиіс. Сөзжасамдық мағына таза грамматикалық тұрғыдан алғанда парадигма да, категория да құрамайды.

Грамматикалық парадигма немесе сөзжасамдық деривация жасайтын морфемалардың өзі моносемантикалы және полисемантикалы болып екіге бөлінеді. Тіл білімінде біріншісі бір мағыналы, екіншісі көп мағыналы деген ұғымда қолданылады. Қазақ тілінде бұндай құбылыс бар және ол туралы арнайы зерттеу жұмысы да жазылған. Түбір морфема мен қосымша морфеманың мағыналарында айқын айырмашылық бар: түбір морфеманың мағынасына, біріншіден, әрі нақтылық, әрі дербестік тән болса, екіншіден, сол мағына тікелей түбірдің өз бойында болады; қосымша морфеманың мағынасына, біріншіден, әрі тым жалпылық, әрі дербестігі жоқтық тән болса, екіншіден, сол жалпы мағына тек сөздің құрамында ғана тиянақты болып анықталады. Осыған сәйкес, түбір морфема тілдің өзіне тән мағынасы бар тұлға ретінде жеке дара тұрып қызмет етсе, қосымша морфема тілдің мағыналы тұлға есебінде жеке-дара жұмсалмайды, тек сөздің құрамында ғана қолданылады. Мәселен, туынды түбірлердің бәрі бірдей етістіктен етістік тудыратын -ыт, -іт түбірін жалғай алмайды:

ал+ын

аз – –

ас+ын

ақ – –

ат – –

аш – ын және т.б.

-ын қосымшасын ырықсыз етіс деуге де болады. Бірақ оның түбір тұлғаны талғап жалғанатыны зерттей түсуді қажет етеді. Мына мысалдарға  назар аударалық: Күзем алынып, жабағы жүндер үй маңына төбе-төбе болып үйіліп қалды (Х.Әбішев). Ол биыл әскерге алынады (газеттен).

-ын қосымшасын өздік етіс деуге де болады. Түбір тұлғаның (ас) лексикалық мағынасына байланысты оны ҚТТС-те өздік етіс деп берген: Сол кезде үйге бір мылтық асынған жігітті ертіп, Боранбек кіріп келді (С.Сейфуллин). Қарамұртша менен өзге қылыш асынған қайсысы бар? (Ғ.Мұстафин).

-ын қосышасын бөлмей, түбір құрамында тануға да болады: ашын етістік. Жаныма батқандықтан ашынамын (Жаяу Мұса). Ашынды, ашу қысып азаматты (І.Жансүгіров). Бұл жердегі -ын қосымшасын етістіктен етістік тудырушы жұрнақ деуге болады. Бұл мысалдар бір тұлғаға қатысты семантикалық ерекшеліктерді байқатады. Бұл омоформалардың мағыналарында осы айтқандардан басқа да өзгешелік бар. Есімдерден етістік тудыратын -ыт (-іт) формасы енді бір жағдайларда сол түбірлердің -лан (-лен) формалы өздік етісті тұлғаларымен мағыналас болып келеді: құмарт, құмарлан [5.154].

Қосымша морфемаларға тән жүйе бар екендігі белгілі. Олардың жүйелі құбылыс екендігін түбір мен қосымшаның арақатынастарынан да көруге болады. Яғни қосымша морфемалар бірінен соң бірі, қалай болса солай қосыла бермейді, тілдің ішкі заңдарына лайық, белгілі бір жүйе бойынша рет-ретімен тіркеседі. Мәселен, омоним –ын жұрнағы кейбір түбірлерге бірдей жалғанып, бірде өздік, бірде ырықсыз етіс тудырса, бірде жаңа лексема тудырады. Тек ырықсыз етіс мағынасын беретін –ыл тұлғасы бір түбірге жалғанып, –ын тұлғалы етістіктен бөлек мағына беретін болса, бір түбірлерге жалғану мүмкіндігі жоқ екендігі байқалады. Бұндай құбылыстар көп мағыналықтың туындау механизмдерінің біріне жатады.

Әрбір сөздің өзіне тән тұлға-тұрпаты болады. Сол тұлға-тұрпаттың арқасында әрбір сөз бір бүтін тұлға ретінде қызмет етеді. Ал, сөздің тұлға-тұрпаты оның лексикалық және грамматикалық сипаттарымен байланысты. Осы себептен сөздер морфологиялық құрылысы жағынан әр қилы болып келеді. Ал, сол әр қилылық, әрине, сөздердің құрамдарының әр түрлі болуына байланысты да, сөздің құрамының түрлі-түрлі болуы оның бөлшектеріне байланысты. Кестеге назар аударайық:

 

Түбір етістіктер

Қосымшалар

Көрсеткіш

ас

-ын

-ыл

+

+

ал

-ын

-ыл

+

аш

-ын

-ыл

+

+

арт

-ын

-ыл

+

+

ақ

-ын

-ыл

+

аз

-ын

-ыл

ат

-ын

-ыл

+

аш

-ын

-ыл

+

+

бақ

-ын

-ыл

+

+

бар

-ын

-ыл

бас

-ын

-ыл

+

+   және т.б.

 

Бұның арасынан жүйе табу өте қиын. Әр түбір мен қосымшаға жеке-жеке келу қажет. Мынадай түбірлерге немесе мынадай лексикалық топтарға –ын қосымшасы, ал мынадай түбірлерге –ыл қосымшасы жалғанады деу қиын. Бұл құбылыс түбірлердің семантикасына немесе морфологиялық құбылыстарға немесе сол лексеманың қолданылу жиілігіне қатысты болуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл мәселе арнайы қарастыруды қажет ететіндігі түсінікті. Бұл мәселеге көңіл аудару етіс тұлғасындағы лексемалардың ҚТТС-те берілу сипатын шешу үшін қажет.