Оралова Гүлзира Сапарқызы
филология ғылымдарының кандидаты, аға
оқытушы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті
Н. ЖҰБАТҰЛЫ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАР
Қазақ әдебиетiнiң қалыптасу,
даму жолында адамдар мен оларды қоршаған жаратылыстың құбылыстарын өзара сабақтастыру тұрақты
бейнеленедi. Фольклор мен әдебиеттiң көркемдiк
желiсiндегi эстетикалық көзқарастарды
ажарландыра түсетiн бейнелеу,
суреттеу жүйесiнде де табиғатқа байланысты қолданыстарды жиi кездестiремiз.
Адамдардың қимыл-әрекеттерiн, мiнез-құлық
психологиясына тән қасиеттердi де табиғат құбылыстарымен
тектестiре баламалау фольклор мен ақындық поэзия мұраларындағы лирикалық және эпикалық шығармаларда
тұрақты көркемдiк-бейнелiлiк қатарын құрайды.
Бұл – қазақ және әлем халықтары әдебиеттерiндегi
эстетикалық дүниетаным көзқарастарының көрсеткiшi.
Профессор С.Негимов былай дейдi: «Асылы, пейзаж ұлттық тiлдiң нәзiк, мөлдiр, терең сырларын, сөздiң музыкалық, поэзиялық, көркемдiк қасиеттерiн жарқырата ашуға ұйытқы болса, екiншi жағынан, шығарманың iшкi
мазмұнын, идеялық сапасын байытады»
[1, 164].
Әдебиет тектерi, жанрлары жүйесiнде кеңiнен қолданылатын
пейзаждық суреттеулер әрбiр ұлттың географиялық ортасына арнала отырып, эстетикалық
болмысы жағынан жалпы адамзаттық дүниетаным кеңiстiгiн құрайды. Демек, сөз өнерi мұраларындағы табиғат туралы шығармалар арқылы адамдардың қоршаған ортамен тығыз байланысқан жан жүйелiк қарым-қатынастары айқындалады.
ХIХ–ХХ ғғ. қазақтың ақындық поэзиясында
табиғатқа арналған жырлар мол
байқалады. Абай, Ыбырай шығармашылығындағы жалпы әлемдiк өркениет көрсеткiштерiмен деңгейлес классикалық үрдiстер бүкiл қазақ поэзиясында осы тақырыптың кең қанат жаюына ықпал еттi.
XX ғасырдағы ауызша және жазбаша дәстүрдi қатарлас ұстанған ақындық поэзия өкiлдерi шығармашылығында табиғат туралы өлеңдердi
классикалық үрдiстiң жалғастығы тұрғысынан бағалаймыз. Мысалы, Нұрсұлтан Жұбатұлының («Тасқын сыр», «Сыр», «Көктем», «Шырайлы жаз», «Көктем», «Жазғы уақыт», «Сұлу Сырдың алабы», «Қазығұрт», «Шымкенттiң кешкi бiр көрiнiсi», «Көктемнiң сәлемi», т.б.), Нұрсұлтан ақынның жыл
мезгiлдерiне арналған өлеңдерi дәстүрлi
бейнелеулердi (кейiптеу, ажарлау, ауыстыру, қайталау, т.б.) сабақтастырыла қолданылуымен ерекшеленген. «Көктемнiң сәлемi» атты өлеңнiң идеялық-композициялық желiсiнде жыл басы көктемнiң жанды қимыл-қозғалыстарының, iс-әрекеттерiнiң егiзделген, өзара сабақтасқан болмысы
реалистiк қалпымен жырланған. Адамдардың еңбек процесiне
жұмылған қауырыт қимылдарын (техниканың егiстiкке дайындығы, адамдарды үлгiлi сапалы еңбек нәтижелерiне шақыру, т.б.) бейнелi өрiлiмдермен («Шоқтықты қара трактор», «Шабандоздар дайын тұр, топтан озып бәйгi алған»,
«Желкiлдек болмай, жел қабаз», т.б.) өрнектейдi. Көктемгi көркем өзгерiстермен қосыла өрбiген
тiршiлiк тынысының келбетiн ақын романтикалык леппен төгiлтедi:
Көктемнен сәлем келiп тұр,
Сәлемiн көпке берiп тұр.
Көктем күнi күлiмдеп,
Жерге қарап күлiп тұр.
Ақ көйлегiн
шешiнiп,
Жасылдан көйлек киiп тұр.
Жан-жануар
жадырап,
Бойына шаттық жиып тұр.
Көктен меруерт сеуiп тұр,
Мамасы таудың иіп тұр.
Жердiң көгiн өсiрiп,
Бұлттан
жаңбыр құйып тұр [3, 94].
Ақынның «Көктем» атты өлеңiнде қазақ даласына
келген жыл басы көктем көрiнiстерi пейзаждық тұтастығымен жырланған. Өлеңнiң көркемдiк-эстетикалық бағдарына алынған табиғат
нысандарының бейнелiлiк өрнектерiнiң кейiптеу тәсiлiмен өрнектелген суреттерi ұлттық-этнографиялық бояуларымен көрiнедi:
Нұрлы күннiң сәулесi,
Құлпыртты жердiң реңiн.
Асқақ кеуде
Алатау,
Көтердi көкке иегiн.
Күн күлiмдеп төктi нұр,
Сағымы белдiң бұлдырап.
Бұлақтар ағып айтты жыр.
Саланың суы сылдырап.
Шайқады басын жас құрақ,
Жiбектей
желге еркелеп.
Көк жапырақ судырап,
Сыбырласты
ертерек.
...Мырзалығы өлшеусiз
Дастархан жайған Қарақұм.
Қозы терiп сақманшы,
Басады жылдам
қадамын [3, 72].
Нұрсұлтан ақынның «Жазғы уақыт» атты өлеңi де жыл
мезгiлiнiң көшпелi тұрмыстағы аса көрнектi кезеңiнiң әсем сымбатын бейнелi өрнектеуiмен көңiлдi баурайды. Қазақтың жазғы жайлау кезеңiндегi төрт түлiк малға да, адамдарға аса қызықты жағымды әсер беретiн көрiнiстердi (гүлдерi, өсiмдiктерi жайқалған, адамды
да, малды да рахатқа бөлейтiн дала, табиғаттың жағымды құбылыстары)
лирикалық сыршыл әуенмен толғайды. Қазақ аулының жазғы жайлау кезеңiнiң қайталанбас ғажайып мамырстан келбетi романтикалық сағынышпен,
перзенттiк махаббатпен төгiледi:
Көңiрсiген жазғы уақ,
Есiн жияр арық мал.
Жадырап сұлу күн шуақ,
Көкке тойып алды жал.
Бiрде жауын,
бiрде жел,
Мазалайды көктемдi.
Сағымданған сары бел,
Жайқалып гүлдер өскен-дi.
Қандай әсем ен дала,
Сүйсiндiрген көзiңдi.
Дөңгеленiп айнала,
Қытықтайды өзiңдi.
Қандай сұлу қара жер,
Түктi кiлем түгiндей....
...Жел
сусиды, сусиды,
Сумаңдаған ұры
итше.
Бидайық, жусан сыңсиды,
Төсiмен үйкеп жел өтсе [3,
73].
Өлеңнiң лирикалық кейiпкерi – қазақтың жылқышы жiгiтi.
Жастайынан ат құлағында ойнап өскен дала перзентiнiң астындағы тұлпарының тұлғалануы да кейiпкердiң романтикалық көңiл-күйiмен әуендес
суреттелген:
Астымда жарау
қара көк,
Ауыздығын шайнаған.
Тiзгiнiн сүзiп, «Жiбер!» деп,
Түлкiдей көзi жайнаған [3, 73].
Өлеңнiң идеялық-поэтикалық түйiнi – «Ер
серiгi – тұлпар ат» мiнген қазақтың жылдың кай
мезгiлiнде де, оның iшiнде жазғы уақыттағы табиғаттың жайма шуағында да, қыстың дауылында
да, жауынында да, боранында да, кұрығын қарына iлiп
алып, ұры мен қасқырға малын алдырмаған, жаратылыстың сұлулығынан рухани ләззат алған мiнез-құлық
психологиясын аңғарту. Табиғаттағы құбылыстармен үндес қазақтың ұлттык көңiл-күй психологиясын да тани түсемiз.
Сырдария – қазақтың арғы бергi
ата-бабалары мекендеген ең байырғы өзен. Қазақ өркениетiнiң талай мыңжылдықтар белестерiнен
өткен жолдары осы өзеннiң жағалау атыраптарында сайрап жатыр. «Сыр бойы»,
«Сыр өңiрi», «Сыр елi» сынды
поэтикалық тiркестер аркылы осы
өзеннен материалдық және рухани мәдениет қазыналарын
квлыптастырған халқымыздың жандүниесiндегi айрықша ықылас, пейiл
байқалады.
Нұрсұлтан Жұбатұлының өлеңдерiнен
Сырдария өзенi атыраптарындағы адамдар тағдырларын, табиғат құбылыстарын, өмiр сырларының кең қамтылатын болмысын байланыстырған тағылымын көремiз. Әр түрлi тақырыптар
аясында жырланған өлеңдерiн осы Сыр
өлкесi аймағы атауымен тығыз байланыстыра жырлаған.
Нұрсұлтан
ақынның «Сұлу Сырдың алабы» атты өлеңiнде өзеннiң ағысты аңғарының көрiнiсi, оны аңсаған, сағынған
перзенттердiң тебiренiсi, жағалауларындағы адамдардың, жануарлардың, өсiмдiктердiң рахаттанған қалпы – бәрi де тiршiлiк қозғалыстарының Жаратушы құдiретiмен жасалған ғажайып үйлесiмi сипатымен бейнеленген. Пейзаждық лириканың поэтикалық үрдiсiмен үндес көркем кестелi өрiлiмдер табиғаттың әсем көрiнiстерiнен
эстетикалық ләззат алып шабыттанатын қазақтың ұлттық дүниетанымын айқын танытады:
Атамыздың анасы,
Алтын көбiк сұлу Сыр,
Торғын буың мұнартып,
Көтерiлiп биiк тұр.
Толғанып тоқсан бұралып,
Жағалау жанға бердiң нұр.
Ғашық жүрек сағынды,
Сабатыңды көгiлдiр.
Суғармалы бал құрақ,
Аңқытты исiн қалампыр.
Кәстеге дауа шөбiң бал,
Миуалы ағаш бiткен тал.
Жан-жануар
жайланып,
Арығандар алды жал.
Айдыны әсем көлдерiм,
Жағасын жайлау еткен мал.
Жанға жайлы ауасы,
Жасаған ұзақ кемпiр-шал.
Сұлу Сырдың алабы,
Кестелi жiбек
орамал [3, 74].
Ақындық поэзиядағы табиғат туралы
жырлар адам тағдыры мен жаратылыс құбылыстарын тұтастандыра, егiздей жырлау
тұрғысында танылады. Ақындар қазақ даласындағы жыл мезгiлдерiне тән құбылыстарды
адамдардың
тұрмыс-салтындағы еңбек, шаруашылық кәсiптерiмен,
сонымен бiрге ұлттық-этнографиялық әдет-ғұрыптарымен тығыз байланыстылық тұрғысында жырлайды. Табиғаттың жыл
мезгiлдерiндегi әр түрлi құбылыстарының ортасында жүрген адамдардың iс-әрекеттерiн,
мiнез-құлық психологиясын өзара сабақтастыра бейнелеу арқылы ақындар қазақ халқының өзiндiк дiлiн, дара болмысын айқындайды.
Табиғат құбылыстары мен
адам тұлғасына тән қасиеттердi
психологиялық егiздеу, поэтикалық шендестiру жағдайында жырланатын бейнелелеулерден қазақ өлеңiнiң өзiндiк ұлттық сипаты да
сезiледi. Бұл –қазақтың дәстүрлi ақындық поэзиясының көркемдiк
дамуындағы поэтикалық жетiлудiң, кемелденудiң көрсеткiшi.
Қорыта айтқанда, қазақтың ақындық поэзиясындағы табиғат туралы
жырлардан ұлттық дүниетану көзқарастарының эстетикалық-гуманистiк тереңдiктерiн көремiз. Бұл – көшпелiлер мәдениетiнiң ғасырлар бойы үздiксiз жалғасып келген поэтикалық үрдiсiнiң заңды жалғасы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әдебиеттану
терминдерiнiң сөздiгi /Құрастырғандар З.Ахметов,
Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тiлi, 1996. – 240 б.
2. Негимов С. Өлең өрiмi. – Алматы: Ғылым, 1980. –
136 б.
3. Жұбатұлы Н.
Сөз сөйле, қызыл тiлiм, тұрма босқа. –
Қызылорда: Тұмар, 2005. – 204 б.