Нағбду Қамарова,
Ш.Есенов
атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг
университетінің проректоры,
ф, ғ, к,
доцент.
«О, Данышпан
Дүние!.» – жаңашыл туынды
Осы заман тақырыбына барып,
замана ерлерінің бейнесін жасау қазақ прозасының
күн тәртібінен түспек емес. Жазушы Мір Шайыр «О, данышпан
дүние!» романында биік интеллект иесі, парасатты азаматтар бейнесін,
жаңа тұлғалар галереясын жасап, өзгеше үлгі
тудырды. Академик З.Қабдолов: «Замандас тұлғасы!.. Өз
дәуірінің үні болып табылатын жазушы атаулының ең
абзал, ең асыл мұрасы - осы», [1, 7] деп тектен-тек айтқан
жоқ. Әрине, адамгершілік, ізгілік сияқты ұлы
мақсат адамзат тарихының өнбойында жалғасын таба
беретіні сөзсіз.
Әдебиеттің басты мақсаты – өз заманын,
қоғамын суреттей отырып, соған сай замандастар
тұлғасын жасау, рухани болмысын суреттеу.
Барлық уақытта
көркем әдебиеттің
негізгі нысаны адам, оның
ішкі жан дүниесі болған, бола да бермек. «Шын мәніндегі адамтану
әлеміне айналған әдебиетте адамгершілік ізденістердің болуы
міндетті» [2, 319], - деп орыс зерттеушісі
Ф.Ф.Кузнецов айтқандай әрбір көркем
шығарманың негізгі идеясы – адамгершілік, гуманизм мәселелері
екені сөзсіз. Қай заманда да әділет пен әделетсіздік,
жақсылық пен жамандық, адалдық пен жауыздық,
махаббат пен ғадауаттың күресі адамзат тарихында бар, бола
береді. Бүгінде өркениеттің өріне өрлеген
жаңа ғасырда да рухани асыл мұратымыз адамгершілік, ар-ождан
болып қала бермек. Адамзаттың асқақ армандар жолындағы күресін, ішкі
әлемін бүкпесіз ашу мәселелері көркем
әдебиеттің дәстүрі бойынша жаңашылдықпен
жаңғырып, өзгеше өріс тауып келеді. Жазушы Мір
Шайырдың «О, данышпан дүние!» трилогиясында кеселдермен күрес
үстінде кейіпкерлер бітімі
сомдалып, басты тұлғалардың адамгершілік әлемі ашылады.
Замандастың көркем
образы арқылы рухани болмысын ашып көрсету үлгілері әр
жазушының дүниетанымы мен талантына, шеберлік қырларына
байланысты. Жазушы Мір Шайырдың
«О, данышпан дүние!» трилогиясы – оқырмандарын соны
мұраттарға жетелейтін өміршең шығарма.
Адамгершілікті өзек еткен бұл туындыдан жазушының замандастардың асқақ
рухын, қыры мен сыры мол жан дүниесін барынша ашып көрсетуге
деген ізденісін анық байқаймыз. Белгілі әдебиет теоретигі
Б.Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы жас замандас бейнесі» деген еңбегінде
атап айтқандай, «жастар тірлігін суреттегенде сыры мен сымбаты
үйлескен жаны сұлу, мұраты асқақ жігіттер мен
қыздардың барша ұнамды қасиеттерін жинақтап,
типтік дәрежеге жеткізе көрсету керек. Бұл үшін
суреткерлік, шыншылдық, психологиялық жітілік, ең бастысы – шаттыққа
бермес әдемі мұң, әдемі үміт, кәусар
мөлдірлік керек, көркем образдың табиғи, таза болмысы
керек» [3,66]. Мір Шайыр романын
оқи отырып, осы талапқа толық жауап беретін, бойына асыл
қасиеттер жинақтаған, типтік дәрежеге жеткен образдар
әлеміне еніп кетесіз.
Жаңа уақыт, 1986
жылдың 16 желтоқсаны алып келген азаттық, адамдар
арасындағы саяси, рухани күрес, қазақ елінің
бүгінгі тыныс-тіршілігі жалаң, жалпылама баяндалмайды. Өтпелі
кезеңдегі ахуалды, жаңа заман өзгерістерін
халықтың қалай қабылдағаны жазушылық
шеберлікпен, ерекше амал-тәсілдермен, терең психологиялық
иірімдермен (түс көру, елестету, ішкі монолог, табиғатпен
тілдесу, т.б.), ой ағысымен суреттеледі. Шығарма идеясы
романның басты кейіпкері Әлигердің өмірі, ой-санасы,
сезім иірімдері арқылы байыппен ашылады. Трилогияның басым
оқиғалары Әлигер айналасында болып, Әлигердің
ойлары арқылы өрбиді. Әлигерге тән
қасиеттің бірі – ойшылдық.
Сондай-ақ
Әлигердің жары Кәмилә, досы Сұлтан, Ләзиза,
абыз қария, көпті көрген көне көз
ақсақал Фазыл, Рауза, өмірден ерте кеткен Ғұсман,
оның әкесі Ғазірет, Сәбина, Дәуіт, Дәуір,
Қорған, Жайсаң, Сабыр, Нәбия, Тойбек, Мендос,
Дәрмен, Сали және
Уәли Асфендияровтар, Тотыкамал, Шоң Ғайсин, Иветта,
Ғалиасқаров, Энвар Мәми, Рамилия, Зубайра, Әдемі,
бәрі де адамгершілікті ту ғып ұстаған нағыз
патриот, жиынтық образдар. Автор осындай рухани жан дүниесі
терең, мәдениеті жоғары кейіпкерлер образдарыын сомдай
отырып, философиялық тереңдікке бойлайды. Сондай-ақ
жағымсыз Құлтан, Айтан, Хрунин образдары да өмірден
алынған. Кейіпкерлердің бәрі де өмірден
алынғандығын, әрқайсысы хас шебердің
қолынан шыққан мүсіндей шебер сомдалғанын романды
оқи отырып көз жеткізесіз. Мысалы, роман кейіпкері, желтоқсан
қаһармандарының бірі жас
жігіт Сұлтан Алхамұлы –
туған жерін гүлдендіріп, көркейтуді ойлаған
нағыз патриот. Ол мал маманы болып еңбекке араласқанда
өзі куә болған келеңсіздіктер, жемқорлық
дертіне жаны ауырады. Ауылдағы кереғар жағдайлар: сан
мыңдаған мал мен
жүздеген техника, ірі цехтардың қондырғылары
мен станоктары, өндіріс ғимаратының бөлшектері
талан-таражға салынған. Жекешелендіру кесірінен Көптеген
білікті мамандар жұмыссыз қалады. Қалалардың
“құлбазарларында” жалшылықта тепсе темір үзетін қазақ жігіттердің
жүргенін… жазушы ашық суреттеп, елде болып жатқан
шындықтарды алдымызға
жайып салады. Сондай-ақ трилогия
кейіпкері Біләлдің ішкі толғанысы да өзекті мәселелерге бастайды:
жиырмасыншы, отызыншы жылдары үкімет қазақтың малын
тартып алып, ұжым қылып біріктіріп, ұжымдастырып,
кеңестендіргенде ел босқынға түсті. Енді малды
бас-басына үлестіріп бергенде де тентіреп, жалшы болып кеткені несі? Мұнда не гәп бар?!
Дәл осындай
сұрақтар романды оқып отырған әрбәр
оқырманды ойландырары сөзсіз. Осынау сынақтар,
қазақ елінің басынан өткен жағдайлар, Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі,
кеңестендіру және Кеңес өкіметі кезіндегі,
Желтоқсан қозғалысы қарсаңындағы және
тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі ауыр жылдарды кейіпкерлер
өмірі арқылы сараланады.
Елбасының премъер кезінен
бергі елге сіңірген еңбегі, рухани болмысы да қысқа да
нұсқа, аз сөзге көп мағына сыйғызылып
жазылған. Әр кейіпкер өзінше сомдалған. Халық
өкілдері ел басындағы ауыр, өтпелі кезеңдегі
жағдайдан шыдамдылықпен, еліне деген асқан
сүйіспеншілікпен шыға біледі және Елбасымен рухани байланысты, қамқорлықты шын
сезінеді. Елбасы тұлғасы ұлт көшбасшысы ретінде,
сондай-ақ қоғам қайраткерлері Ә.Кекілбаев,
А.Құлыбаев, Н.Марабаев, И.Тасмағанбетов бейнелері де
елдің көрнекті тұлғалары ретінде елдік
мәселелерді шешуде азаматтық тұрғыдан шынайы
сомдалған. бұл аталмыш тұлғалар өз
аты-жөндерімен тұлғалануы да дұрыс. Өйткені
тарихи, қайталанбас тұлғаларға прототип жасаудың
қажеті де жоқ.
Роман жанрына қалам
тартқан Мір Шайыр психологизм иірімдеріне терең бойлаған.
Қазақ прозасында М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов
сынды белді қаламгерлер негізін салған, Ә.Нұрпейісов,
Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, М.Мағауин және т.б. кейінгі буын
жазушыларда жалғасын тапқан терең психологизм Мір Шайыр
трилогиясында соны серпіліспен, өзгеше өңмен көрінеді.
Роман стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз
жүйесі, тақырып пен идеясы жағынан іргелі көркемдік
талаптарға жауап береді. Жазушының көркем
шығармасындағы уақыт пен кеңістік әлемі
жаңаша.
Романда шашырап жатқан ой,
оңды-солды
қолданылған сөз жоқ. Адамды рухани
құндылықтар биігінде тәрбиелеуді мақсат етіп қойған
жұп-жұмыр шығарма –
нағыз өмірдің
өзінен ойып алынған шындық. Автордың батыл да өткірлігіне романды
мұқият оқи отырып, риза боласыз. Талантты жазушы адам мен
заманды бір-біріне байланысты
ұғым деп қараған. Романда образ, уақыт пен
кеңістік бірлігі бөлінбестен тұтастықта алынып, шынайы
қалпында суреттелген. Оқиғалары, кейіпкерлері, автордың
ой-санасы бүкіл Қазақстанның сонау шығысынан
батысына дейін өрбіп, Ресей, АҚШ, Еуропа, Түркия сияқты
алпауыт елдерді де қамтып, енді бір сәт ғарыш әлемін, Жер-Ананың қойнауын кезіп,
шексіз-шетсіз Ұлы Далада еркін шарлайды. Шығарманың
өміршеңдігі де осы тұс екенін мойындауымыз керек.
Адамзаттың кешегісі мен бүгіні, Уақыт пен кеңістік, Ғалам
ғажаптары Ұлы Дала мен Қазақтың өмірімен
ұштасып жатады. Қазақстанның соңғы жиырма
бес жылдық өміріндегі жаңалықтар мол бояуымен көз
алдымыздан сырғи өтеді.
Шығарма тақырыбы ұлт тағдыры,
жаңа өмірдегі, адамдардағы өзгерістер, жаңа
қоғам жаңалықтары,
қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы
күресі болса, идеясы халықты
татулықпен бір тудың астында бірлікке үндейді. Адамдар
арасындағы тартыс, алауыздық, жемқорлық,
қазақтың жеріне келімсектердің иелік етуі,
ұлтымыздың өз жерінде өгейсуі… сияқты кеселдермен
күресу идеясы өзгеше өріс алған. Жазушы Мір Шайыр жаңа өмірді
суреттей келе жаңа адамдар образын психологизм иірімдерімен, жаңаша
ойлау жүйесімен сомдайды. Кейіпкерлер тағдыры тек автор баяндауымен
ғана жазылса, жазушының стиьдік шеберлігі көрінбес еді.
Аталмыш романда кейіпкерлердің ішкі ой еркіндігі терең ойлау
жүйесі, ой-санасындағы шырғалаңдар барынша шынайы
ашылады.
«О, Данышпан Дүние!.» –
қазақ тарихының күрделі бір кезеңін
мүмкіндігінше молынан қамти алған қарымды дүние.
Мір Шайыр ұлы оқиғаларды тек көркем баяндаумен
шектелмей, оқырманды түптердің түбіне
үңілдіреді… Ең бастысы – шығармада тәуелсіз
Қазақстандағы жаңа өмір үшін
күрестің ыстық лебі санаңды шарлап отырады. Бірінші
кітапта елдің еркін күндерге ұмтылысын жүрегің
сезінумен болса, екінші томда әрбір елжанды кейіпкер мақсатына
жетсе екен деп тақымыңды қысумен боласың» [4,66], - деп Қазақстанның халық
жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әли әділ бағалайды.
Мір Шайыр прозасында түс көру
табиғаты өзгеше бір көркемдік әлемді, рухани
эстетикалық құндылықты бедерлейтін көркемдік
құрал екені байқалады. Бірінші кітапта 1986 жылдың 16
желтоқсанындағы қанды оқиғадан бес күн
бұрын романның бас кейіпкері
Әлигер түс көреді: «…Үлкен қарақат
жанарлар қозғалыссыз қалыпты. Қылыштай
қайысқан кірпіктерге бір тамшы жас ілініп, мұз боп
қатыпты. Аппақ жүзі, еріндері қызғылт реңк
жүгірген қалпында. Керік маңдайдың етегін ала
бір-біріне жақындай біткен, жаңа туған айдай
қастарының арасы кірбіңсіз жазық. Сол жақ
үстіңгі ернінде болмашы қызғылт мең бар
бойжеткеннің ажарлы дидары қапталына әнтек
қисайған бойы, арманды ойға берілгендей болып, ашық,
бейқам, жайдары жатыр. Дүние, уақыт сол мезетінде
тоқтап қалғандай – қимылсыз. Бұның
әлгі жанарларға қайта үңілуі мұң екен
– одан оғаштау сопая өзгерген өзінің бет-әлпетін
көріп, кірпіктерге ілініп қатқан бір тамшының жас емес,
қан екенін байқап, түршігіп кетті. Гөзәл бейнеден
сәл әріректе басында дәстүрлі қаракүл
папахасы бар, ширатылған жез мұрты мен сақалы, айбынды
дөңес қыр мұрынды ашық өңі
айқын көрініп, бірқырындау, бұған зер салмастан
марқұм атасы Ғазірет кетіп барады. Әкесі
Ғұсман оған қапталдаса ілескен. Үнсіз.
Жүздері қату. Ауыр…»[5, 21].
Түсінен шошып оянған Әлигер алда болатын
оқиғаларды іштей сезініп, ауыр күрсінеді. Бұл түс
арқылы автор алда болатын қаһарлы, қайғылы
сәттерді тұспалдайды. Жазушы осындай
үрейлі түстен кейінгі кейіпкер көңіліндегі
кірбіңді, санасында өтіп жатқан күрделі
психологиялық жағдайды
дәл берген. Түстен кейінгі ой арпалысын ұзаққа
созбай автор өмірде болған
оқиғаны дәл нақыштайды.
Жазушы шығармасында адам
жанының астарын, ішкі иірімдерін, сезім құбылыстарын
түс арқылы терең танытады. Сөйтіп түс
арқылы қиял шексіздігіне жол беріледі. Түс көру
тәсілі арқылы роман көркемдік-характерлік жаңа
сатыға көтерілген. Шығарма түкпірінде
өмірдің түс секілді өте шығатынын меңзейтін
философиялық ой жатыр.
Шығармадағы аяулы
бейне – Нұрила образы. Желтоқсанда талай қаракөздеріміз
ақ қар, көк мұзда тәуелсіздік үшін жан пида
болды. Солардың жиынтық бейнесі Нұрила образы арқылы
сәтті берілген. Әлигер мен Нұрила өмірде бір бірін көрмеген адамдар
бола тұра бір тылсым күштің екеуін бір-біріне танытуы
құпия. Романның бірінші кітабында Нұрила денесін
табатын сәттен бұрын Әлигердің биік беткейге ентелей
ұмтылған сайын маңайынан қалықтап тұрып
қалған жан толқыныстарын әлдебір тылсым жолдармен
қабылдауы, Нұриланың арпалысқан, алқынған
демі, нәзік үні жол бойына, тастарға, ағаштарға
сіңіп, бүгін өзіне жаңғырыға қайта
естіліп тұрғандай әсерленуі, Нұрилаға озбыр күштің
азап бергенін сезуі Нұриланы
аяусыз шеңгелден құтқарып қалардай Әлигерді
алға қарай екпіндете түседі. Бұл ишарат жас жігіт
жүрегінің құпия қалтарысын қапысыз
танытады. Ал Нұрила өзі бұрын ешуақытта
көрмеген Әлигердің
бейнесін дәптеріне салуы таңғажайып емес пе?! Бір-біріне ынтық екі жастың
өмірде қосыла алмаса да жандарының шарпысуы
қиял-ғажайып кино көріп отырғандай әсер береді.
Ұқсастықтар мен сәйкестіктер, олардың бір-бірімен
сабақтастығы, жұмбақ құбылыстардың
нақты өмірге ұласып, ықпал етіп, әсер етіп жатуы
жұмбақ құбылыс. Тылсым
құпиясы мол адам жанының терең қатпарларын
түгел танып-білу мүмкін емес шығар, сірә. Жер бетінде
қанша адам болса да бір-біріне ұқсамайтындығы
қасиетті Құранда да жазылған. Жазушы Мір Шайыр
адамның шешуісіз жұмбақтарының мол екендігін танытып, адамның жұмбақ
тереңдеріне үңіліп, оны зерттеуге күш салған.
Нұриланың оқу
дәптерлерін ақтарып қарай бастағанда жанынан адам
лебін, оның жып-жылы тынысын сіңлісі
Кәмиләның сезінуі,
дәптерге үңіліп отырған Кәмилаға біреу ту
сыртынан еңкейіп үнсіз қарап тұрған секілденуі де
– романдағы күрделі
психологиялық жағдайлардың бірі. Бұл адамның
жанының терең қатпарларын зерттеуге ұмтылған –
жазушы ізденісі. Кейіпкердің
жан әлеміне ену арқылы психологиялық мәселелер
кеңірек ашылып, алда болатын «қызықтарға»
оқырманын жетелей жөнеледі. Адам еркінен тыс болатын психологиялық
процестің осынау жұмбақ сыры романның өн бойына
жаңаша сипат дарытқан.
Психологиялық талдауды
дәрігерлік тәсілдерінің негізінде ғылымға
алғаш енгізген Австрия ғалымы, дәрігер-психологы З.Фрейд
түсті жору мен оны талдау арқылы адамның өзіне де беймәлім
құпия, жұмбақ сырларды ашуға болатынын
дәлелдеген [6, 52]. Адам еркінен тыс болатын осынау психологиялық
процестің жұмбақ
сырын ашуға талпынған Ф.Ницще, З.Фрейд, А.Шопенгауэр, К.Г.Юнг,
Ф.Лосев, Л.Гинзбург, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Жарықбаев,
Б.Майтанов, Г.Пірәлиева, т.б. ойшылдар мен ғалымдар, жазушылар
психология, философия, әдебиеттану ғылымдары тұрғысынан
талдап, саралаған ғылыми еңбектері кеңінен мәлім.
Ғалым Л.С.Выготский
түс көру техникасын пайдаланудағы
қаламгерлердің
құпиясында шек болмайтындығын, бұл тәсілде
нағыз шеберлік, нағыз поэтика жатқандығын және
жазушы өзінің фантазиясын бейнелегенде, эстетикалық,
философиялық, психологиялық құндылықтарға
қол жеткізгенде, сондай-ақ адам психикасын зерттегенде түс
көру тәсіліне ешқандай әдеби тәсіл тең
келмейтіндігін атап айтады» [7, 74].
Табиғат құбылысы, оның ішінде
бұлт бейнесі романда көңіл күйді білдірудің бір
тәсілі ретінде қолданылады.
«Қаулап өскен
өсімдіктердің, гүлдердің уыз иісіне бөленген таза
ауа. Масатыдай құлпырған дала. Тымық күн.
Ашық аспан. Тек алыс көкжиектерде аздаған бұлттар
байқалады. Енді бір мезетте Әлигер тоқымдай ғана,
күлгіндеу реңкі бар ақ ұлпа бұлттың
өздерінің дәл төбесінде тұрғанын
көрді… ол бірте-бірте баяу жылжыған күйі өз
үйінің тұсына жетті.
Тіпті үйдің шиферлі мансардасына тиіп кетердей…
Әлигердің көңілі қобалжи жөнелді» [8, 29].
Осы бір эпизодта табиғат құбылысы мен кейіпкер
психологиясының үндестігі арқылы жазушы алда болатын
қайғыны меңзейді. Бәрін іштей сезетін Әлигердің
көңілі неге қобалжыды?! Сол қобалжуымен үйге
жеткенде әкесінің дүниеден өткенін білген кейіпкер
бұлт бейнесімен іштей беймәлім байланыста. «Әлгі
тоқымдай ғана, күлгіндеу реңкі бар ұлпа
бұлт сәл биіктеп, ауыл үстінде тұрды да, кешке
қарай кейін серпіліп аялдады…»[8, 29]. Екі күннен кейін
Ғұсманның жаназасы шығарылған күні де
күлгіндеу реңкі бар ұлпа бұлт ауыл сыртынан баяу
жылжып, сол маңға
жақындауы, жансыз денеге Ғұсманның жанының,
«жұп-жұмыр ғана түйіншек жылудың»
қалықтай ілесіп, әлгі бұлт ішінен ертеректе
дүниеден өткен әкесі Ғазіреттің бейнесін
көріп, дыбыссыз, нәзік толқындар арқылы тілдесуі,
олардың биіктен жердегі адамдар тірлігін бақылауы
шығарманың жұмбақ сәттері. «…Намаз біте
әлгі ақ ұлпа бұлттың да ауқымы дереу
ұлғайып, түнере қарайып, бір суып, бір ысып, тебірене
келе, аспан түбі тесілгендей, жаңбыр ақтарып
құйып-құйып жіберді! Жер беті әп-сәтте
телегейге айналды» [8, 31]. Автор бұлт бейнесін өлі рухтардың тірілерге берер шапағаты,
нөсер-ырысының символы ретінде суреттейді. Мысалы тасаттық
кезіндегі бұлттарды отар-отар
қойдай үйіріп басқару көріністері – құдіретті күштің
әсері.
Әлем
халықтарының, оның ішінде түркі тілдес халықтар
әдебиетінде, ауыз әдебиетінде
жиі кездесетін әулие-әмбиелер, Қыдыр ата, Қызыр
ата бейнелері, Қырық Шілтен, Ғайып ана сияқты
кейіпкерлер түс көру, аян беру арқылы оқырманға
белгілі. Олар әр уақытта тірліктегі адамдарға
күш-қуат беріп, сырттай қамқор болып, жоқ жерден
жолығып, жәрдемдесетіні түрлі әдеби
нұсқалардан жақсы таныс. Мір Шайыр прозасында да жер
бетіндегі ұрпақтарын Асан Қайғының, Ер
Қосайдың, Пір Бекеттің, Райымбектің рухтарының желеп-жебеп
жатуы да шығармада нанымды әдіптеледі. Ғалым О.Тұржан атап айтқандай, автор «адами
ұлы қасиеттерді қалғытпаудың
қазақтың бойына сіңген ежелден келе жатқан
тәсілі – Ғалам сырларына мейлінше қанық ата-баба
аруағымен үндесе өмір сүру. Автор рухани
қайнарлардан қол үзбеудің адамға
қаншалықты қажет екендігін көркем тілмен, жаңа
әдеби шешімдермен шебер бейнелеген» [9, 345].
Әлигердің елестері,
қалыпты жағдайдан саналы түрде ауытқу
сәттері, ауыр
соққыдан соң Ғазіреттің Отпан тауының
басында саусағының ұшынан бойына қуат беріп, ауруынан
айықтыруы ойлантпай қоймайды. Шынында да тылсым күштің
әсерінің бар екеніне көз жеткізесіз. Бұл
психологиялық күй жазушының көркемдік ойлау
жүйесінен лайықты орын алған.
Романда тірлікте жоқ
Нұрила бейнесі Әлигерге жиі-жиі елестейді. Отпан тауының
басына барып, ішкі шерін тарқатуға келген Әлигер Отпан
тауының басында бір сәт мүлгіп кеткенде де Нұрила
бейнесін көреді. Енді бір сәт Әлигер қиялы Ұлы
Даланы аралап кетеді. Қиядан жақындай түсіп, Нұрила
бейнесімен қатарласа Ғалам төріне қарай самғауы Әлигердің бойына
таңғажайып қуат дарытады. Қатар келе жатып,
Нұриланың түр-тұлғасына алғаш сонда
байыптап, жақыннан қарап сүйсінеді. Шетсіз-шексіз қиыр
Ғаламға екеуі серуенге шыққандай самғауы да
ғажап.
Нұриланың
сіңлісі, «Әлигердің
келбеті жақын тәріздене
беретін» Кәмила мен Әлигердің махаббат сезімдері, екеуінің шаңырақ
көтеріп, бас қосуы, балалы болуы сияқты өмір белестері
нанымды суреттеледі. Кәмила дүниеден өткенде Кәмила бейнесінің қайта-қайта елестеуі, бесікте
жатқан кішкентай Әпужанды келіп емізіп, нәрестенің
мейірін қандырып келіп-кетіп жүруі, кішкентай қызымен
құпия тілде сөйлесуі бәрі жұмбақ
әлем. Үшінші кітап соңында Әлигердің Кәмила
бейнесімен шексіз кеңістік аумағында серуендеуі, Нұрила
бейнесімен ұшырасып, диалог құруы фантастика болып
көрінгенімен де жазушы өмір шындығын сана күресі, ой
арпалысы, көзқарастар қатығысы арқылы сәтті
бейнелейді.
Романда Әлигердің
табиғи туа бітті қасиеті
санасынан тыс беймәлім деңгейде, көңіл
түкпіріндегі ерекше сезікпен өздігінен болып жататын
құбылыстың өміріне елеулі әсері барлығы
барынша шынайы ашылады. Әлигердің жан дүниесіндегі
күрделі құбылыстарды Мір Шайыр терең талдап, шебер
бейнелейді.
Мір Шайыр прозасында кейіпкерлер психологиясы шебер
ашылады. Кейіпкер психологиясын ашудың негізгі кілттерінің бірі
ішкі монолог тәсілі Мір Шайыр романында желі тартып жатыр.
«Дүниенің, адам баласының болмыс сырларына
қаныққаннан қымбат не бар, тәйірі?!» деп ойлайтын
Әлигер соның жаңа жолдары алдынан ашыла түсердей романның өн бойында зор
тебіреніспен шынайы ойланады. Бірінші кітапта бас кейіпкердің ішкі
монологтары тұтас бір жүйе құрайды. Одан кейінгі
романның жалғасында да Әлигер ішкі толғанысына ерік
береді. Екінші кітаптың соңындағы Әлигер
толғанысы былайша өріледі:
«…Шіркін, Ғалам мен Жердің көшірмесіндей адамның
санасынан да, әлгі бір-бірінің қанын ішіп, жанын жеп,
азапқа салғандардың, Құлтан, Айтан
секілділердің саналарынан да құбыжықтарды шыңғырта
қуып шығып, жойып тынар ма еді!.. Адам баласына әйтеуір бір
нәрсе жетпейді. Мәселен, адам баласын мол игіліктерге кенелтуге
құштар жандар өздерінің оң ойларын,
қызметін ұдайы саралаумен, жетілдірумен жүреді. Олар
өздерінің әрбір қадамын қоғам мүддесімен
үндестіре ілгерілейді. Өзінің осындай қасиеттері
арқасында адамзат даму үстінде. Алайда, адам баласына
зәбір-жапа шектірушілер де тыйылмай, ұдайы ілгерілеу үстінде.
Өз ойларын, іс-әрекеттерін олар да ұдайы
қадағалап, дами беруге ұмтылып жүретіні
байқалады. Олар адам баласына қиянат істеу жолдарын барған
сайынжетілдіріп, осы бағыттағы бүгінгі
ағаттықтарынертең жойып, жаманшылықтарын небір
сұрқия тәсілдерімен жүзеге асырып бағуда.
Әлигердің ішкі
диалогының шешімі оптимистік сарында аяқталады.
Шығармадан дәл
осындай ішкі толғаныстарды, ішкі монолог, диалогтарды молынан
ұшырастыруға болады. Бұл кейіпкер толғанысы авторлық идеядан туындап,
кейіпкердің прасаты мен адамгершілік қырларын аша түсу
үшін қолданылады. Кейде ішкі пікірталастар, яғни ішкі диалог сезім шынайылығын танытса,
осындай әдеби тәсілдермен жазушының стильдік өрнектері
де айқындала түседі. Оқиға, іс-әрекеттер
жүйеленіп, қаһарманның характерін терең ашатын
ішкі монолог, диалог, мінездеме-портреттер бір-бірін толықтырып,
өзара байланыста берілген.
Әлигердің
күрделі тағдыры қаламгерді ішкі монолог, елес, толғаныс
сияқты психологиялық тәсілдерге жүгіндіреді. Дәл
мұндай амал-тәсілдер болмаса, шығарма шырайы ашылмас еді.
Адамзатпен бірге туып, бірге жүретін ойлау процесінде, әрекет,
іс-қимылдарында ерікті және еріксіз түрде болатын
психологиялық, табиғи құбылыстардың
құпия, ғажайып сырлары талайдан бері зерттелу үстінде.
Осы бір тылсым дүниені танып-білуге деген құлшыныс
жалғасын таба бермек.
Жазушы адам мүмкіндігінің шексіздігін көрсетуге бел байлап, кішкентай
миымызға шексіз кеңістікті, Ұлы Даланы сыйдырған. Бір жүйемен
жазылған трилогияның соңында Әлигер ішкі монологтары,
елестері арқылы өмірде басынан өткен оқиғаларды
көз алдынан өткізеді, Қазақ елінің алыс
болашақтағы көркем келбетін ерекше сұлу елестетеді:
«…Ұлы Дала жатыр керіліп… Қабаты қалың тарих…
Кілкілдеген бүгінгі күндердің аржағынан бұлыңғырлана оқылады…
Ықылым дәуірлер Бірін-бірі көлегейлеп, бірін бірі аспалап,
бермен ұмтылады… Барлығында бір мүдде… әлеуметтік
жаңғыру мүддесі…» [10, 344].
«Өмірді құлпыртқысы келеді. Өн-бойын
күш пен жігер, шабыт кернейді» [10, 347]. Романның
соңғы нүктесі осылай қойлады.
Сөйтіп, Мір Шайырдың
уақыт шындығын ой-санасында қорытып, көркем зерделеп,
қазақ прозасында бұрыннан бар дәстүрді жаңа
шығармашылық ізденісімен, стильдік-даралық ерекшелігімен
байыта түскеніне көз жеткіздік.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
З.Қабдолов. Жебе. Алматы: Жазушы, 1977. – 379б.
2.
Кузнецов Ф.Ф. Размышление о нравственности: Кн.публицистики. М:Сов. Россия,
1979 - 411.
3.
Б.Майтанов. «Қазіргі қазақ прозасындағы жас замандас бейнесі» ф.ғ.к.д а
ү ж дисс алматы, 1977, 177.
4.
Қадыр Мырза Әли. Халық тұншықты...
Әрең-әрең күн шықты. // Мір Шайыр Алты
томдық таңдамалы. 2-том. Алматы: Атамұра, 2012. – 368б. -
5-18-бб.
5.
Мір Шайыр Алты томдық таңдамалы. 2-том. Алматы: Атамұра,
2012. – 368б.
6.
Фрейд З. Сновидение. Москва: Наука, 1989. 456 с.
7.
Выготский Л.С. Психология искусства. Москва: Педагогика, 1987. – 318 с.
8.
Мір Шайыр Алты томдық таңдамалы. 3-том. Алматы: Атамұра,
2012. – 360б.
9.
Тұржан О. Жаңа роман және адам символы. // Мір Шайыр Алты
томдық таңдамалы. 3-том. Алматы: Атамұра, 2012. – 360б. -
341-357-бб.
Мір Шайыр Алты томдық таңдамалы. 4-том. Алматы: Атамұра, 2012. – 368б