Қ.Аманжолов
поэзиясындағы түр-түске қатысты тілдік бірліктердің танымдық
сипаты
Ганмиркун Турганалиева,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың
аға оқытушысы, магистр,
Орал қаласы,
Қазақстан
Қасым
өлеңдерінде қолданыс аясы тұрғысынан тек
номинативтік және көркемдегіш-сипаттауыш қызметтерімен
шектелмей, өзіндік символдық, танымдық терең
мәнге ие болуымен ерекше көзге түсетін
лексика-семантикалық топтар қатарына түр-түс атаулары
да жатады. Тілдегі түр-түс атаулары белгілі бір заттың
сапалық сынын ғана білдірмей, сонымен қатар белгілі бір
этностың ұзақ тарихы, оның рухани, мәдени
өмірі, эстетикалық талғам-танымы, ұлттық
психологиясы, салт-сана, әдет-ғұрпы туралы да мол мағлұмат бере алатын күрделі
категория болып табылады. Бұл түр-түс атауларының
әр түрлі аспектіде (лингвистикалық, психологиялық,
когнитивтік, тарихи-мәдени, этнолингвистикалық
тұрғыдан) зерттелуімен айшықталады.
Ғалымдар
еңбектерінде түр-түс атауларының табиғаты
халықтың тұрмыс-салтына, наным-сеніміне, ұлттық
дүниетанымына, қоршаған табиғи ортаға тәуелдене
айшықталып, түстердің мәдени ассоциациясы көрініс
табады (А.Кононов, Э.Севортян, Ә.Қайдар, З.Ахтамбердиева,
Б.Өмірбеков, Ш.Жарқынбекова, Н.Аитова, Ұ.Серікбаева,
Ф.Ахметжанова, Қ.Қайырбаева т.б.). Ақын поэзиясында
көрініс тапқан (ақ,
сары, қара, көк, қоңыр, қызыл, жасыл, сұр)
түр-түс атауларына қатысты тіркестер халықтың
мыңдаған жылдар бойы жинақтаған танымы мен білімін
тануға септігін тигізеді. Қ.Аманжолов поэзиясында «ақ» түс «ақ
сүт», «ақ орда», «ақ
отау», «ақ шаш» символдық мағынасында келіп, халықтың
осы түр-түс атауы жөніндегі танымын білдіреді. Ақша
бет («сұлу», «көрікті»), ақкөңіл,
ақ жүрек, ақ ниет («таза», «пәк», «жылы»,
«әділ», «адал», «мейірбан»), ақ жұмыртқа
(«бала», «жасөспірім», «пәк») мағыналарында.
Аяулы, адал ақ
ниет
Менде де біраз бар шығар.
Адамға біткен қасиет
Сыздаса балтыр – хал сұрар. (Денсаулық жыры)
Ақын қиял – ақ сұңқар,
Қанатыңды қанға мал.
Ақша бұлт – ақ орамал,
Шын жіберсе сүйген жар. (Ақша бұлт)
Ақын өлеңдеріндегі «қара
жер», «қара шаш», «қара көз», «қара қазан»,
«қара
шал», «қара тулы» тіркестері
белгілі бір символдық мәнде танылса, «көк» түр-түс атауы өзінің негізгі
мағынасынан басқа ауыспалы, символдық мағынада – аспан, тәңір деген мәнде ұғынылады.
Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының
ұстағанда қояншығы.
Қанатын ақша
бұлттар қанға малып,
Өртеніп
күп-күрең боп таудың шыңы. (Елге хат)
Ақын туындыларында «көк» түр-түс атауына қатысты
жағымды, жағымсыз мән беретін «көк темір», «көк
болат», «көк жиек», «көк жара», «көк түндік»,
«көк шалғын», «көк орман», «көк езу», «көк сақал», «көк бөрі»,
«көк айыл», «көк
жұлын», т.б. тіркестер орын алған. Ақынның «қызыл» түр-түс
атауына байланысты қолданылған «қызыл
тулы», «қызыл жаға», «қып-қызыл тамшы қан»,
«қызыл майдан», «қызыл вагон», «қызыл ет» сөз
тіркестері түс пен соғыс мәнге ие болған.
Оралым,
шықтың алдымнан,
Оралым менің,
Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен
өтіп барамын. (Орал)
Сені ойлап қиналам
ғой, туған елім,
Қызыл ет,
жатсам-дағы батып қанға. (Елге хат)
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің. (Үстімде
сұр шинелім)
Ақын поэзиясындағы «жасыл қыр», «жасыл жолақ кілемдей», «жасыл
жайлау», «жасыл дала», «жасыл ағаш», «жасыл шу», «жасыл аспан», «жасыл
су», «жасыл желек» тіркестері өздері тіркесіп тұрған сөздердің
түсін емес, жас, жаңадан көктеп келе жатқанын білдіріп,
ақын танымына сай образдық мәнге ие
болуымен ерекшеленеді.
Ақын поэзиясында
қолданыс тапқан «қоңыр»
түр-түс
атауымен байланысты «қоңыр
түн», «қоңыр жаз», «қоңыр кеш»,
«қоңыр салқын», «қоңырқай күз», «қоңыр кеш», «қоп-қоңыр
аспан», «қоңыр дала», «қоңыр дөң»
тіркестері жанға жайлы, бірқалыпты мағынасын берсе, «қоңыр сарын», «қоңыр
салқын леп», «қоңыр
самал», «қоңыр жел», «қоңыр күй»
тіркестері бірқалыпты, баяу,
салқын ұғымын береді.
Қ.Аманжолов поэзиясында «сары» түр-түс атауы бірде
өзінің түстік мағынасында берілсе, бірде образды,
символдық мағыналарында жұмсалады. Ақын
қолданысындағы «сарғайтып, сарылтып»
тіркестері нағыз, анық уайым мен ұзақ шыдаммен шын күту мағынасын берсе,
«сары ауру» тіркесі сақталған,
әдеткі деген семасын білдіреді. Мысалы,
Сарғая күтіп көктемді
Сап-сары боп су ақты...
Шынтаққа
алып сексенді,
Жағада
жалғыз шал жатты.
Су
сарғайды ылайлы,
Шал
қарғайды құдайды.
Көктем
келді сарысу
Бола
қалды мөп-мөлдір. (Су жағасында)
«Сұр»
түр-түс
атауына қатысты тілдік бірліктер ақын поэзиясында
жиі қолданылмайтын лексемалардың бірі болып табылады. Ол бірде
өзінің түстік мағынасында берілсе, бірде
символдық мағынада танылған. Мысалы,
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай
басып келемін.
Қанды
қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр
ажал дегенің. (Үстімде сұр шинелім)
Жалпы, ақын поэзиясы тіліндегі түр мен түс
атаулары және оған қатысты тілдік бірліктер
өзінің когнитивтік семантикасына сәйкес ғаламның
этникалық тілдік бейнесін көрсетуде айрықша
мазмұнға ие.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Алматы: – Ан Арыс,
2009. – 368 б.
2.
Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. –
Алматы: Мектеп, 1980. – 126 б.
3. Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі
дүниенің тілдік суреті: ф.ғ.к....дисс.: 10.02.20. – Алматы,
2004.- 242 б.