Магистр, аға оқытушы Дуйсембаева Меруерт
Еласханқызы
Қазақстан инженерлі-педагогикалық
халықтар Достығы университеті, Қазақстан
Оңтүстік
Қазақстан облысындағы топонимдердің өзіндік кейпін
қалыптастырудағы географиялық фактордың ролі
Ұлттық
топонимия этникалық мәдениеттің құрамдас
бөлігі болып табылады, онда этностың тарихы,
салт-дәстүрі, наным-сенімі, шаруашылығы мен тіршілік тынысы
жайында аса бағалы мәліметтер беріледі. Міне, мұндай
ерекшеліктерді молынан сақтап келген аймақтық топонимика
лексикасында зерттеуді қажет ететін сыры ашылмаған қатпарлар
аз емес.
Этнолингвистикалық зерттеудің нысаны ретінде алынып
отырған Оңтүстік Қазақстан көшпенді
және отырықшы мәдениеттің көнеден келе жатқан
ерекше бір көзі іспетті. Жеке
аймақтық топонимдер болсын, ұлттық топонимдер болсын,
оларды басқа ұлттық және аймақтық
топонимдерден ажыратып тұратын өздеріне ғана тән айырым
белгілері болады.
Біздің
байқауымызша, Оңтүстік Қазақстан
топонимдерінің өзіндік кейпін қалыптастырудағы
географиялық фактордың роліне көңіл аударған
жөн. Географиялық фактор этникалық жиынтықтың
ең негізгі жүйелі сапасының бірі екені белгілі. Оған
табиғи ресурстар, халықтың экономикалық-географиялық
жағдайы, табиғи және өндірістік территориялық
кешендер мен оның жеке түрлері кіреді. Сонымен зерттеуге алынып
отырған аймақтың физика-географиялық ерекшеліктері
Оңтүстік Қазақстан топонимдерінің шығу
тегіне, қалыптасып дамуына жанамалай да, тікелей де өз әсерін
тигізді деуге болады.
Географиялық ортаның
Оңтүстік Қазақстан этнографиялық топонимиясына
жанама әсерін көшпелі шаруашылықтың тигізетін
ықпалынан да байқауға болады. Тарихи-этнографиялық
атласқа арналған материалдарда, Қазақстанда
көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың
қалыптасуы мен дамуына барлық жағдай бар: жері кең,
географиялық орта өте қолайлы екені көрсетілген. Ертеректе
қазақтар тек көшпелі мал шаруашылығымен
айналысқан, малға жайылым іздеп, жыл бойы бір жерден екінші жерге
көшіп жүрген. Сондықтан қазақ
халқының географиялық терминдерінің көбі мал
шаруашылығымен байланысты (малға пана болатын жайлар, жайылым, су
қоймаларына қатысты т.б.). Ал жер өңдеуге байланысты
терминдер оған қарағанда азырақ.
Сонымен қатар Қазақстан
табиғатының алуан түрлілігіне, әсіресе шөлдер мен
жазық далаларға, таулы ландшафтарға қатысты
көптеген әр түрлі терминдер қалыптасқан.
Оңтүстік Қазақстанда мал шаруашылығына
барлық жайлы табиғи ландшафтар бар. Мәселен, мұнда
батысы Талас қыраттарына, Солтүстік батысы Өгем
қыраттарымен Қаратауға тірелетін Тянь-Шань тауының
батыс бөлігі орналасқан. Тау беткейінің белдеулері
құнарлы өсімдікке өте бай. Сондықтан мұнда
малды жыл бойы жайып шығуға болады. Тау өңіріндегі
жайылымның молдығы, бұл өңірде малдың
төрт түлігін де өсіруге жағдай жасайды.
Қазақстанның таулы жерлерін ертеден-ақ мал
шаруашылығына пайдаланып келеді. Оңтүстік
Қазақстан территориясының геогра-физикалық және
табиғи жағдайларын ерекше етіп тұрған тек таулар
ғана емес, сонымен қатар шөлейт далалар мен шөлді
ландшафтар. Мәселен, кішкене ғана Шу қаласын 1913 жылы
статистер А.Черновский мен И.Рубанов бір-бірінен елеулі ерекшеліктері бар,
тоғайлы жазықты, шөлейт және шөл ландшафтар деп
жеті шаруашылық ауданға бөлген.
Оңтүстік
Қазақстан топонимдеріне талдау жасап қарағанда,
қоршаған ортаның әсерінен топонимдерінде
геогра-физикалық обьектілер мен оның бөліктері ғана
емес, сонымен қатар осы аймақтағы өсімдік әлемі
де белгіленіп отыратындығын байқаймыз. Қазақстанда 5
мыңға жуық өсімдіктер түрі өседі.
Оңтүстік Қазақстанда мұның бәрі бар
деп айту қиын. Біздің байқауымызша, қайсыбір
өсімдік түрінің топонимиядан орын алуына екі жағдай
әсер етеді: 1. Мал жейтін шөптің аты болуы тиіс. 2. Осы
геогра-физикалық обьектіде өсетін өсімдіктердің
ішіндегі жиі кездесетінінің аты болуы тиіс. Солтүстік (Павлодар
облысы) кейінірек Оңтүстік (Шымкент облысы) Қазақстан
топонимдерін қарастырғанда көптеген географиялық
атаулар аймақтың өсімдік әлемінің
ерекшеліктерімен тікелей арақатысты екені белгілі болған.
Оңтүстік Қазақстанның жазықтарында
ылғалдың жетіспеуінен өсімдіктер сирек және әр
түрлі тікенек, жантақ сияқты шөптер ғана
өседі. Құнарлылығы мол осы шөптің
түрлері түйе түлігінің негізгі қорегі болып
табылады және Шымкент облысы қазақтарының тілінде
оларға байланысты түрлі атаулар бар: жантақты,
қаражантақсай, қаражантақ, тікенекті т.б.
Қазақстан территориясының 60% жазық
далалар мен шөл, шөлейттер және онда
өсімдіктердің сан түрі өседі. Оңтүстік
Қазақстан территориясының да едәуір бөлігін
Мойынқұм, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты
шөлдер мен шөлейттер алып жатыр. Мұнда жусанның
көптеген түрлері кездеседі. Жусанның барлық түрі
малдың негізгі азығы болып табылады. Жусан түрлерінің
атауларының біразы Оңтүстік Қазақстан
топонимдерін құрайды: жусан, ерменқара, дермене, боралдай,
дерменесай, жусанды, жусандық, жусанарық, балаборалдай т.б. Оңтүстік
Қазақстанның географиялық жалқы есімдерінің
көбі тал атауларына байланысты болады. Оңтүстік
Қазақстанның жазықтағы өзендерінің
айналасынада талға қатысты 72 топоним бар екен.
Оңтүстік Қазақстан топонимикалық
материалдарын этнографиялық жағынан зерттеп қарағанда,
жануарлар мен өсімдіктерге қатысты белгіленген географиялық
жалқы есімдер осы аймақтың табиғи-географиялық
ортасына тәуелді екенін көреміз. Біздіңше,
Оңтүстік Қазақстан топонимдерінің
қалыптасып, дамуына және қызмет етуіне әсер етуші
географиялық фактордың ролі осындай.
Әдебиеттер тізімі:
1. Попова В.Н., Водчак Т.В.
Отражения растительного мира в топонимах Казахстана (Тюркская ономастика.
Алматы, 1994.ст.171-180.)
2. Керимбаев Е.А. Об основных
типах оронимов Южного Казахстана. Алматы, 1984г.
Резюме
Особенности исследования
топонимов Южно-Казахстанской области
Summary
Peculiarities of researching
of toponyms in the South Kazakhstan