Есмағанбет Нұрбек магистрант

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті

 

ДІНИ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХЫ

Қазақ баспасының тарихы терең тамыр тартпаса да оның өркендеп, дамуының орны ерекше. Сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көре бастаған газет-журналдардың халық тарихынан сыр шертіп қана қоймай, оны зерттеуге де зор мүмкіндік береді. 

Қазақ баспасөз саласының тарихы туралы деректерде ХХ ғасырдың бас кезінде арнайы сьез өткізіліп, онда қазақ баспасөзінің тарихы туралы талқыланған. Осы талқыланған баяндамалар жайлы мәліметтерде бірі сынап келсе, енді бірі маңыздылығы мен атқаратын қызметін, ұстанымдарын атап сөйлегендер болды. Соның бірі ретінде Т.Рысқұловтың «Баспасөз мәнісі» еңбегі ерекше аталады [1]. Қазақ баспасөзінің тарихы мен даму жайлы бүгінге дейін талданып, сараланып келеді. Ол жайлы елеулі еңбектер де баршылық. Атап айтқанда, алғаш баға берген жазушы-академик  С.Мұқанов. Ол өзінің 1932 жылғы «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында қазақ баспасөзіне біраз талдау жасайды. Қ.Жумалиев пен Е.Исмайыловтың 1941 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген оқу құралында, «Қазақ ССР тарихында», Қ.Бисембиевтің 1961 жылғы «Қазақстанда XIX ғасырдың аяқ шенінде және XX ғасырдың басында болған саяси-идеялық ағымдар» деген кітабында қазақ баспасөзі туралы сөз етіледі. Қазақ баспасөзінің  кешегі-бүгінгісін бірыңғай зерттеп, мол мұра қалдырған Х.Бекхожиннің есімін ерекше атауға болады [2].

Баспасөз тарихын зерттеген әдебиетші ғалым Т. Қожакеев: «Баспасөзіміздің тарихы – біз үшін қымбат тарих. Әсіресе, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ жарық көріп, жарты ғасырға жуық күрес жолымыздың өн бойында халқымыздың жоқшысы, мұңшысы, парасатты ақылшысы болып келе жатқан газет, журналдарымыздың тарихы ерекше қымбат. Солардың жолын дұрыс зерттеп, кейінгі ұрпаққа бұрмаламай дұрыс жеткізу – үлкен парыз» - деп жаза отырып, зерттеушілер үшін мерзімді баспасөз материалдарының аса маңыздылығын көрсетіп берген еді [3].

Еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ баспасөзі жаңа бір қырынан дами бастады. Өйткені халқымыз өткенімен қауышып, дәстүрі мен сенімін қайта қалпына келтірген тұста, кешегі кеңестік заманда ұмыт бола жаздаған дініміз қайта жанданды. Осы дінімізбен бірге діни басылымдар жарық көрді. Бұл басылымдардың ерекшелігі тек дінге байланысты материалдарды жариялауды қолға алды. Өйткені кешегі 70 жылдай дінсіз қоғамда өмір сүрген халқымыз үшін дінді таныту біршама қиынға соқты. Міне осы ретте діни басылымдардың ролі орасан зор болды.

Сондықтан бүгінгі қазақ баспасөзінде ерекше орын алып келетін діни басылымдар жайын саралап, талдау жасау өте маңызды. Маңыздылығы сонда, кешегі тәуелсіздік алғанға дейінгі тұста діни басылым болмақ түгіл, оны сөз етудің өзі мұң болатын. Ал ғасырлар бойы салтымыз бен дәстүрімізіге біте қайнасқан діннің орнын сөз ету егемендік алған қазақ халқына қажет-ақ болатын. Бұл діни басылымдарды саралап, талдау жасап қана қоймай, оның тақырыптарына бағамдау өте маңызды болмақ.

Сол себепті қазақтың әлеуметтік, эконмикалық, саяси, мәдени, дүнияуи, тіпті рухани салаларында дін бірге жүретін. Бұл жөнінде кезінде кеңірек жарияланған «Қазақ», «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Айқап», т.б. газеттерінде жарияланған материалдардан көруге болады. Олай болатыны алғаш дінтанушы мамандардың болмауы не жеткіліксіз болуы болса, екінші, дін жайлы қалам тербеп, шариғаттың рухани қажеттілігін түсініп, халыққа жеткізіп жаза алатын журналистердің болмауы. Десе де, көш жүре түзеледі дегендей бірте-бірте бұл мәселе де шешімін табуға бағытталды. Нәтижесінде діни бағыттағы баспалар жарық көре бастады. Олардың біразын атап өтуге де болады: «Ислам және өркениет», «Иман»,  «Ислам әлемі», «Шапағат нұр», «Нұр», «Рахмет самалы», т.б.

Осы баспалар арқылы оқырман қауым ислам жайлы, оның басты қағидалары мен шарттарын біліп, пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерімен танысып, тіпті ислам экономикасы, ислам банкі сияқты бүгінгі заман талабына сәйкес түсініктерді ұға бастады. Шынайы дін, хақ дін исламның құндылықтарын танып, білуде, оларды амалға асыруда да бүгінде аталған басылымдардың ролі айтарлықтай орны бар. Егемен елімізде бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келетін ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің танымы мен түсінігіне дұрыс бағыт-бағдар беріп келетін де аталған басылымдар. Соның салдары болса керек бүгінде «діни журналистика», «ислам журналистикасы» деген терминдер қалыптасып, айналымға еніп үлгергендігін атап өткен жөн.

1990 жылы Ә.Нұғыманованың басшылығымен «Қазақстан мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Соған орай осы бірлестіктің үні болып «Алтын қазық» журналы, «Алдаспан» тәуелсіз журналы 1997 жылы дүниеге келген еді. Бұл басылымдардың мақсаттары – Ислам құндылықтарын жан-жақты уағыздап, тәлім-тәрбие беру.

Бұл газеттер қазақ халқының егемендік алған тұстан бастап діни үкімдер мен шариғи шарттарды, сондай-ақ пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисттері жайлы материалдарды жария етіп келеді. Олар жергілікті халықтардың ана тілінде жарияланып, оларға жан-жақты саралап, талдау жасап түсінік беріп келетін басылымдарға айналды. Ондағы мақалалардың да тақырыптары сан түрлі. Бастысы бүгінгі заман сұранысын қанағаттандыратын материалдар деп айтуға толық негіз бар. Ең бастысы қазақ журналистикасында діни журналистер пайда болды.   Сондай зерттеушілердің бірі Р.Бегімтаева Қазақстанда діни журналистика, атап айқанда, ислам журналистикасы өзіндік жеке инфрақұрылым ретінде қалыптасып келетінін атап өтеді. Осы орайда ислам журналистикасы инфрақұрылымын қазіргі кезеңде жұртшылықпен байланыс институты толықтырып отырғаны белгілі деп ой түйіп, бүгінгі таңда телеарналар мен радио хабарларда рухани құндылықтарды насихаттауда тәжірибе жинақтап келетін қаламгерлердің бар екендігін, ал олардың өз тыңдарманы мен оқырман аудиториясы барлығын тілге тиек етеді. Сондай-ақ ғалым Р.Бегімтаева «Дін және журналистика» атты еңбек жазып, Қазақстанда діни журналистиканың қалыптасу және даму ерекшеліктеріне зерттеу жүргізеді. Расында, қазіргі таңда газет-журналдарды шығару жеке топтар мен қозғалыстарға да маңызды болып келеді. Осындай басылымдар оқырманның назарын өзіне аударып қана қоймай, оларға ықпал етуді негізге алады. Соның нәтижесінде өз мақсаттарын жүзеге асыруда пайдаланатын болады. Алайда діни басылымдардың мақсаты – оқырман қауымға ақиқатты жеткізу. Сондықтан мұндай басылымдар егемендік алғаннан кейін біршама жарық көре бастады. Ресми мәлімет бойынша елдегі тек  діни басылымдардың саны бүгінде 30-ға жеткен деп келтіреді Қ.Шамахайұлы [4].

Бұл қаншалықты нақты екендігі белгісіз. Өйткені бүгінде діни бірлестіктердің саны 3972 болғанда оның баспа газеттерінің саны әлдеқайда көп екендігін алға тартқандай. Айталық 2010 жылғы берілген мәліметтердің бірінде бір ғана өңірде біршама көп екендігі анықталды. Еділ-Жайық өңірінде қазіргі таңда 18 ислам газеті жарық көреді, он шақты мұсылман ұйымдарының екінші деңгейдегі домендерде өз интернет-өкілдіктері бар [5]. 

Газет халықтың құлағы һәм көзі дегендей баспасөз өмір айнасы. Ол өмірдің бейнелі бір көрінісі. Олай болса, қоғамдық құбылыстың қалыптасу мен дамуын бейнелеп, пікірлерді еркін жеткізе білетін діни журналистиканың да бүгінгі технологияның дамыған тұсында алар орны бар.

 ХХІ ғасыр технология ғасыры десек, бұл ғасырдың да жетістігі сөз бен баспасөз бостандығы. Бүгінде әлемнің барлық елдерінде діни журналистиканың құрылымы қалыптасқан. Дін, руханият, ақиқат, т.б. жайлы қалам тарта білетін журналистер тобы құрылды. Олар басылымдарға қоса теледидар мен радиохабар арналарынан орын алды. Осы телебағдарламалар мен радионың арнайы желілерінде айдарлар ашып, оларды ұйымдастырып, жүргізіп келеді. Сондай-ақ арнайы діни радио мен теледидарда уағыз айтуды әдетке айналдырып, белгілі дәрежеде кәсіп иесі ретінде танылғандары да жетерлік.

Міне, Қазақстанда діни журналистиканың қалыптасып, дамуы тәуелсіздік жылдарының жемісі деп білу керек. Ал өзге елдер оның ішінде, түркия, араб елдері журналистикасында дін тақырыбына байланысты оқулықтар, ғылыми еңбектер жазылғаны қашан. Осы орайда біздің жоғарыда аталған қаламгерлердің еңбектерінің аталуы алғашқылары ғана.

Сөзімізді түйіндей келгенде, еліміздегі діни басылымдардың жарық көруі орынды. Алайда олардағы мақалалардың сапасы өмір талабына сай болса игі. Өйткені кейбір өмірлік маңызы бар түйінді мәселелер осы басылымдар арқылы нақтыланбақ. Олай болмаған жағдайда «дінді дұрыс ұстасаң қасиетің, дұрыс ұстай алмасаң қасіретің» кейпін алдыңа тартады. Сондықтан аталған басылымдардың жарық көруі қазақ баспасөзінде діни журналистиканың дамуына өзіндік үлес қосатын және өзекті мәселелердің шешіміне дұрыс бағыт беретін баспасөз ретінде танылатын болады. 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. «Еңбекші қазақ» газеті. № 103, 17 май, 1926.

2. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958). – Алматы, 1981. – 239 б.

3. Қожакеев Т. Тарих дәлдікті сүйеді// Қазақ әдебиеті. – 1964. – 5 маусым. 

4. Қ.Шамахайұлы. «Абай-ақпарат». www.abai.kz

5. Ислам журналистикасы – заман айнасы. www.muftyat.kz