Әбдіжәми
А.Ж.
Қарағанды «Болашақ»
университетінің қылмыстық құқық
және іс жүргізу кафедрасы, заң ғылымдарының
кандидаты., доцент
Төлеуова М.О.
Қарағанды «Болашақ»
университетінің заң факультетінің 2-курс магистранты
АБАЙСЫЗДА КІСІ ӨЛТІРУ
ҚЫЛМЫСТАРЫНА ЖАЗА ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жазаны даралау
проблемасы дұрыс айыптауға тікелей байланысты. Жаза айып
деңгейіне орай, берілуі тиіс. Яғни, айып терең болса, жаза да
ауыр болады.
Қасақана
қылмыс жасағандар үшін арнайы қылмыстық
жауапкершілік шаралары белгіленген. Ал абайсыздық қылмысы үшін жауапкершілік
шаралары да заңда белгіленген. Абайсыздық қылмыстарын жазалауға келер болсақ, оның ерекшеліктері
қылмыстық заңнамада есепке алынған, бірақ
ол қоғамымыздың бүгінгі даму деңгейіне жауап бермейді.
Сондықтан да абайсыздық қылмысының сан қырлы
ерекшеліктерін есептей отырып, қылмыстық саясаттың жалпы
принціптерінің контексіне қасақана қылмысты жазалаудан басқаша, арнайы жазалау шараларын ендіру керек.
Қылмыстық
заңнамаға талдау жасай отырып, ерекше ауыр зардапқа соқтырған
абайсыздық қылмыстарының мейлінше ұзақ мерзімге
жазаланатынын байқауға болады. Кей жағдайда абайсызда жасалған қылмыстардың санкциясы
дәл осы іспеттес қасақана қылмыстың жазасымен
тең немесе одан да ауыр болып жатады. Ал заңда абайсыздық
қылмысы ауыр қылмыс
санатына жатқызылмаған. Осы жерден
абайсыздық қылмысын жазалаудағы
қарама-қайшылықтар айқын байқалады.
Ауыр зардапқа
апарып соққан абайсыздық қылмысы үшін
қатаң шара қолдануға болар еді, бірақ екінші
жағынан, қылмыскерлердің мұндай категориясы
қоғамдық қауіпті қылмыскерлер тобына жатпайды. Сондықтан да оларды
қайта тәрбиелеу немесе түзету үшін оншалықты ауыр
жаза қолданудың қажеті шамалы. Осыған орай,
абайсыздық қылмыскерлері мен осы категориядағы басқа да
қылмыскерлердің қоғамдық қауіптілік
деңгейі арасында едәуір алшақтық қалыптасады.
Бұл қылмыстық жазалау мақсатының елеулі
коллизиясына әкеп соғатын екінші қарама-қайшылық болатын. Оны 2009 жылы 21 тамызда қабылданған
Қазақстан Республикасының
Құқықтық саясатының 2010-2020 жылдарға
арналған Тұжырымдамасында шешіп, заңи бекітіп берді [1].
Және 2011 жылы қаңтар айында ҚР Қылмыстық
кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға
сәйкес онша ауыр емес қылмыстарға, абайсызда жасалған
қылмыстарға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза
қолданылмайтыны бекітілді. Сонымен қатар он жылдан астам мерзімге
бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның
қолданылмайтындығы да қолданыстағы
қазақстандық қылмыстың заңнаманың
ізгілігін білдірсе керек.
Қылмыстық Заң қоғам үшін қандай
айыптың әсіресе қауіпті екенін атап көрсетпейді,
заң жеке қылмыстық актілерінің
қоғамдық қауіптілік деңгейімен және оны
жазалаумен байланысы жоқ, байланыса да алмайтын абстракті категориялармен
шұғылданады. Оның үстіне, бірдей жағдайда
жасалған қасақана қылмыстың абайсыздық
қылмысынан гшөрі қауіпті екенінде криминалистердің дауы
жоқ.
Абайсызда кісі өлтіру
қылмысына ең жоғары санкция белгілей отырып,
заңгерлер қоғамдық қауіпсіздік ережелерінің
бұзылуы салдарынан келетін зардаптың шектен тыс қауіптілігін
ескереді. Бірақ қаншалықты ауыр болмасын, зардап қылмыс
үшін жауапкершілік пен жазаны даралаудың айқындаушы белгісі
бола алмақ емес.
Зардаптың ауырлығы жалпы қылмыстың
қоғамдық қауіптілігінің көрсеткіші бола
алмайды. Абайсызда кісі өлтіру қылмыстары зардабының
өзіндік ерекшеліктері бұл тұрғыдан алған
мұндай көзқарастың пайдасына шешетін қосымша
аргумент ретінде қызмет атқарады.
Бұл сияқты іс әрекетердің зардабы көбінесе
кездейсоқтық және ситуативтік сипатқа ие болады,
әдетте олар жеке айыпкердің ғана емес, басқа
адамдардың да қауіпсіздік ережесін бірлесе бұзуының
нәтижесі ретінде көрініс береді. Сондықтан абайсыздық
қылмысының нәтижесі құқық
бұзушының қоғамдық қауіптілік
деңгейін, әлеуметтік бейнесін сипаттай алмайды.
Қаралып отырған абайсыздық қылмыстарына
қолдануға болатын ең ауыр жазаны белгілеудегі
айқындаушы мақсат жалпы ескерту болып табылады. Егер бұл
жерде арнайы ескертуді (превенция) бірінші кезекке қояр болсақ,
онда оншалықты ауыр санкция қоюдың қажеті болмас еді.
Бүгінгі таңдағы қылмыстық заңның
жазалаудың жалпылай ескерту мақсатына бағдарлауы
абайсыздық тәртіпсіздігінен белгілі бір деңгейде
қылмыстық саясатты алып тастау жолындағы әрекет
сияқты.
Аса қауіпті абайсыздық қылмысы үшін жалпы ескерту
мақсатында берілетін жаза өз дербестігімен және белгілі бір
деңгейде арнайы ескерту мүддесіне тәуелсіздігімен
ерекшеленеді, абайсыздық қылмысы үшін берілетін жаза
мақсаты арасындағы өзара қатынас проблемасының
ерекше күрделілігі де сонда [2, 11].
Жалпы ескерту түріндегі жазаның ықпал тиімділігі
қылмысты заң санкциясының және оны
қолданудың негізділігімен, мақсаттылығымен тікелей
байланысты.
Қылмысқа жаза белгілейтін заңдар жалпылай ескерту
ықпалына ие болуы үшін, олар бүгінгі әділдік
түріндегі және репрессия шегіндегі қоғамдық
саналық ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек. Жалпы ондай
сәйкестік бар. Бірақ ол қылмыстық барлық
категорияларына бірдей тура келе бермейді, ал заңда белгіленген
абайсыздық қылмысының қоғамдық
қауіптілігі және оны жазалау жөніндегі тұжырым
қарапайым тұрғын халықтың көзқарасына
мұлдем сай келмейді.
Абайсызда кісі өлтіру қылмысы бойынша жазалаудың жалпы
ескерту ықпалы сияқты түрін жүзеге асырудың
өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы, бұл жерде субъект
зиянды зардапты тілемек түгілі оны болдырмауға күш салады.
Басқаша айтқанда, қауіпсіздік ережелерінің қайсы
бірін бұзған кезде айыпкердің зиян келтірмейінше ау деген ойы
болмайды. Абайсыздық үшін жазалаудың жалпы ескерту
ықпалы механизімінің қиыншылығы да, негізгі ерекшелігі
де осында.
Қасақана қылмыс кезінде жаза үрейі контрафактіден
саналады, қанша дегенмен бұл жерде абайсыздық емес, саналы
түрде қасақана жасалған зардап жөнінде сөз
болып отыр ғой. Абайсыздық қылмыстарын жасауда
қауіпсіздік ережелерін саналы түрде бұзу жағдайлары
кең тараған. Бірақ бұл жерде кейбір мәселелерді
психологиялық тұрғыдан шешуге тура келеді. Соның
бірі-құқық бұзушының
құқық санасы мен техникалық
мәдениетінің төмендігі, бұл бірінші кезектегі,
оңай байқалатын фактор. Айта кету керек, әдетте кәсіби
қызмет күрделі болған сайын, құқылық
және қоғамдық сана деңгейі де жоғары
болады. Сондықтан да қылмысты абайсыздық тұсында
өнегелілік кемістігі айқынырақ көрінеді. Техниканы
пайдаланудың арнайы ережелерін бұзуға байланысты болған
күрделі жағдайдың сәтті аяқталуы, жүйелі
түрде болып жатқан түрлі тәртіпсіздіктерден жазаланбай
қалуы мұның бәрі сөз жоқ,
құқық бұзушылар үшін психологиялық
кедергіні төмендетеді.
Ұдайы жауапкершілікті сезіну - жаза қауіпіне деген
имунитеттің пайда болуына ықпал етеді. Күрделі
техникалық қызмет көрсету саласындағы
субъектілердің қауіп мінез-құлқы мен өз
басының жеке қауіпсіздігі бағдарламасың
арасындағы қарама-қайшылық туындайды.
Көптеген зерттеулер жаза алдындағы қорғаныш
қылмыс істеуді толық тоқтатуға кепілі бола
алмайтындығын көрсетеді.
Қасақана қылмыста субъектінің жазадан
құтылып кету жөніндегі ішкі есебі болса, абайсыздық
қылмысында ол болатын ауыр зардапты алдын ала болжай білмегендіктен
көбінесе жаза жөніндегі ойланбайды да.
Мұның бәрі абайсыздық әрекетіне қарсы
күрес қылмыстық
жазаның шектеулі мүмкіндігі туралы, жазаның ескерту
ықпалын асыра бағалағандық жөнінде, бұл
әрекеттер үшін жазалау шараларына түзету енгізу
қажеттігі жөнінде, басқа да арнайы профилактикалық
шаралардың артықшылықтары мен перспективасы жөнінде
қортындыға келуге мәжбүр етеді.
Абайсызда кісі өлтіру қылмысы
үшін ҚР қылмыстық заңнамасында жазаның екі
ғана балама түрі бас бостандығынан айыру немесе бас
бостандығынан шектеу түріндегі жазалар белгіленген. Баптың бірінші бөлігінде көзделген
қылмысты істеген адамдарға үш жылға дейінгі мерзімге
бас бостандығынан шектеу не бас бас бостандығынан айыру
сияқты жазаның негізгі түрлері қолданылса, екінші
бөлігінде белгіленген екі немесе одан да көп адамды байсызда
өлтіргені үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас
бостандығынан шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы
қолданылады. Демек, бұл қылмыс қылмыс санатттары
бойынша онша ауыр емес қылмыстар қатрына жатқызылған.
Яғни олардың қоғамға қауіптілік
дәрежесі де төмен болып
келеді.
Аталған қылмысы үшін жазалауды шектеу мүмкіндігін
белгілі бір деңгейде компенсациялау кезіндегі
қарама-қайшылықтар мен мүдделер
қақтығысынан шығудың жолы жаза мен
жауапкершілікті дифференциациялау, қоғамдық қауіпті
абайсыздық әрекеттеріне қарсы қарсы жүргізілетін
бүкіл жазалау - тәрбиелеу шараларының жүйесін мейлінше
жетілдіру болып табылады.
Қауіпсіздік қылмысы бойынша жазалау шараларын онан әрі
жетілдіру және ізгілендіру – қылмыс жасаған адамдарға
тағайындалатын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды
қылмыстық - құқықтық ықпал
етудің басқа шараларымен алмастыру арқылы іске асырылуы тиіс.
Мұның ішінде символдық шаралардан гөрі айыппұл
салу, белгілі бір қызмет саласымен шұғылдану
құқығынан айыру, сондай-ақ мүліктік зардап
келтірген жағдайда келтірілген зардабының орнын толтыру,
мүлкін тәркілеу сияқты нақты шараларға алмастыру
жөніндегі ережелердің ерекше маңызы бар. Бұлардың
ішінде айып төлету түріндегі жазаның да маңызы зор.
Кәсіби арнайы және жалпы азаматтық міндеттерді
орындаудағы тәртіпсіздік іс-әрекеттеріне қарсы
мұндай шара қолданудың тиімділігін әкімшілік
тәжірибесі де дәлелдеп отыр. Әсіресе, айыпталушы үшін,
соңғы шараның тәрбиелік және жазалық
ықпалы өте күшті. Өкінішке орай,
құқық қолдану саласында бұл тиісті
бағасын ала алмай жүр.
Жаза тағайындауға қатысты мына жағдайларды да
ескере кетсек. Кешегі кеңес өкіметі тұсында
қылмыстық заңнамаларда абайсыздық оқиғасына
байланысты жағдайлар белгіленбеген. Оның есесіне ол бір қатар
шет елдердің Қылмыстық кодекстерінде белгіленген, мысалы (БХР
Қылмыстық кодексі 14 бап, НХР Қылмыстық кодексі 24 бап,
ГДР Қылмыстық кодексі 13), кездейсоқ жағдай (БХР
Қылмыстық кодексі 15 бап), бұйрықты орындау (ГДР
Қылмыстық кодексі 10, БХР Қылмыстық кодексі 14 бап)
абайсыздық нысанындағы кінәнің ұғымын
берген, кей жағдайда абайсызда кісі өлтіру қылмысын жасағандар
қылмыстық жауапкершіліктен босатылады екен.. Кейбір елдердің
кодекстерінің Ерекше бөлімінде қылмыстық
жауапкершіліктен босататын жағдайлардың қатарына орынды тәуекелді де жатқызады (БХР
Қылмыстық кодексінің 3, 217 бап, ГДР Қылмыстық
кодексі 169 бабы) [3, 75].
Абайсызда адам өлтіруді жауапкершілік тудырмайтын кездейсоқ
өлтіруден ажыратуымыз қажет (адам кісінің өлімі
болатынын білмеген және білуге мүмкіншілігі болмаған немесе
адам өлімінің болу мүмкіндігін білген, бірақ оны
болдырмау үшін айыптының ойынша барлық қажеттерді
жасаған, бірақ, өлім оның ырқына байланысты емес
себептерден болған). [4, 35].
Демек, бұл ҚР
ҚК 96 баптың көлемінде абайсыздықпен қаза
келтіруді де қарастыру, абайсыздағы өзге адамның
өміріне зардап әкелетін әрекеттерді қасақана кісі
өлтіруге жақындастыру болар еді. Қазіргі заң бойынша
бұл қылмыстардың кінә нысаны ғана емес
ұғымы да, қауіптілік дәрежесі де бір-бірінен
бөлек жатыр.
Еліміздің Қылмыстық кодексіне мұндай
жағдайларды енгізу арқылы абайсызда кісі өлтіру үшін
жауапкершілік ауқымын мейлінше айқын шектеуге немесе жазасын
күшейтуге болар еді деп ойлаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1
ҚР
Құқықтық саясатының 2010-2020
жылдарға арналған Тұжырымдамасы. База ЮРИСТ
«Законодательство».
2 Макашвили
В. Г. Уголовная ответственность за неосторожное преступление. -М., 1957.-148с.
3
Кудрявцев В.Н. Квалификация преступлений. -М.,
2001.-342с.
44 Смирнов
В.Г. Объект уголовно-правовой охраны и правопорядок: Сб. ученых трудов. Вып.
14. -Свердловск, 1971.