Арт-терапияның бір бағыты ретінде ертегі терапиясының теориялық мәселелері

П.ғ.к., доцент Базарбаева К.К.,

магистрант Омарбекова У.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан Республикасы.

 

Ертегі терапия өзiн бейнелеу мен өзiн-өзi тануда кең көлемдi қолайлылықтың көзi болғандықтан, адамдардың жағымсыз әсерлерден босануға, оң әсерлi эмоциялардың көрiнуiне, тығырықты, ішкі конфликтілі жағдайларынан шығуға және де белсендi өмiр позициясын құруға жол ашады.

Ертегі терапияны құрамды элементтеріне байланысты қолданудың бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Оларды бір-бірімен байланыстыра отырып, кезектестіре жүйелі түрде қолдануға болады.

Ертегімен терапия жүгізу-адамзат дамуындағы тәжірибелік психологияның ең бір көне әдістерінің бірі және қазіргі заманғы ғылым тәжірибесіндегі жаңа, жас әдістедің бірі болып табылады. Көптеген зерттеу жұмыстары көрсеткендей - ертегідегі теңестірулер, яғни, метафора, адамның бейсаналы күйіне тікелей әсерін тигізеді. Ескеретін жағдай, метафора әсері терең әрі тұрақты деңгейде жүреді. Метафоралық ғажайып әсерлер жеке тұлғаның өзіндік, жекелік ресурстарын белсендіре түседі. Көптеген образдар, метафора тілдері қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас орнатудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, адам санасын оятып, белсендіреді.

Ертегі терапиясын жүргізудің негізгі ерекшеліктерінің бірі – клиент пен терапевттің жоғары деңгейде өзара әрекеттесуі. Психологиялық, мәдени, педагогикалық мәселелер адами, рухани құндылықтарға бағыттала, жекелік потенциялдарға сүйене отырып талқылынады.

Қазіргі таңдағы көптеген зерттеулердің нәтижелеріне сүйенер болсақ, ертегі терапиясы емдік мақсаттағы терапия екенін түсіндіріп, дәлелдеп отыр. Оларға қысқаша тоқталып кетер болсақ:

-          Әлеуметтік ортада туындап отыратын көңіл-күйдегі агрессивті сезімдерден босаңсу. Сурет салу, живопись, түрлі-түсті краскалармен глинаны пайдалана отырып мүсіндер жасау – адам бойындағы психикалық қысымдардан босаңсуына пайдасын тигізетін ең бір зиянсыз әдіс.

-          Психотерапияны жүргізудің вербальды түріне қарағанда, көптеген бейнелердің көмегімен ішкі уайымдаулар мен санасыз түрде кикілжіңге түсу себептерін сыртқа шығару оңайырақ болады. Яғни, терапияның тиімді әрі пайдалы жақтары осыдан байқалады. Сонымен қатар терапия барысын алға, жағымды жағынан ілгерілеуін тездетеді.

- Терапия жүргізу процесінде диагностикалық жұмыстармен интерпретация жасаудың негізгі мүмкіндіктерін нақты беріп отырады. Клиенттің жасап шығарған шығармашылық туындыларының шындықтағы бар нәрсе екенін ол өзі жоққа шығара алмайды. Клиенттің шығармашылық жұмысының стилі мен мазмұны ол  жөнінде терапевтке көптеген ақпарат беріп отырады. Сонымен қатар туындының авторы терапевтпен бірге интерпретация жасауда көптеген өзіндік үлесін қосады.

- Көптеген арыла алмай жүрген ойлар мен қиын ауыр сезімдермен жұмыс жүргізуге болады. Кейбір уақыттарда үдемелі сезімдер мен қандай да бір наным-сенімдердің себептерін  анықтаудың, оны түсіндіре алудың бірден-бір жолы – осы вербальды емес әдіс арқылы қарым-қатынас жасау болып табылады.

- Терапиялық өзара қарым-қатынасты нығайтуға көмегін тигізеді. Топ мүшелерінің шығармашылық жұмыстарындағы кейбір элементтерінің ұқсас келуі өзара жағымды сезімдер мен бір-біріне деген эмпатияның қалыптасуын тездетеді.

- Іштей өзін-өзі реттей алушылық пен өзін-өзі бақылай алу сезімінің пайда болуына әсерін тигізеді.

- Өз сезімдеріне зейін қоя отырып, көңіл бөлуін дамытады және нығайтады.

Ертегі терапиясы адамның ішкі рухани жан дүниесін үйлесімділікте тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сондықтанда мектеп жасына дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларға ертегі терапиясын қолдану маңызды. Бірақта, психологиялық қызмет барысында ертегі терапиясын ересек адамдарға да қолдануға болады. 

Ертегі терапиясының жетекші идеялары: тұлғаға өміріндегі мүмкіндіктері мен өмірінің құндылығын, өзіндік потенциалдарын сезінуге мүмкіндік береді; оқиға мен амалдардың себеп-салдарын түсіну; қоршаған ортаны түйсінудің әртүрлі стильдерін танып-білу; қоршаған ортамен өзара жасанды әрекет ету; үндестік пен күшті сезіну.

Балалар ертегіге ене отырып, нақты жағдайда шығармашылық конструктивті өзгерістің жаңа мүмкіндіктерін ашады және өзіне күш жинап, өздеріне жаңа ресурс аша отырып, өз өміріндегі оқиғаларға ауысады, басқаша ойлай бастайды, басқа қырынан қарай бастайды және оның конструктивті әлеуметтік моделіне  кіріседі.

Балалар ертегі терапиясының когнитивті және шығармашылық аспектілер ерекше маңызды. Ертегіге талдау жасау (когнитивті талдау) рухани құндылықтарға жанасуды, күнделікті жағдайларға қатысты  көзқарасты өзгертеді немесе едәуір байытады. Қиялдың шығармашылық энергиясын – шығарма, сурет салу, қуыршақтар дайындау, ертегіні драматизациялау (шығармашылық аспектілер) арқылы шығаруға мүмкіндік береді. Барлық осы күштер өз өмірін конструктивті өзгертуге көмегін тигізеді.

Ертегі терапиясымен әсер ету ертегінің бес түрінің көмегімен жүзеге асады, олар: көркемдік, дидактикалық, психокоррекциялық, психотерапиялық және медитативті ертегілер. Психологиялық қызмет көрсету барысында қатысушы адамның жеке дара ерекшелігі мен проблемасына сәйкес келетін ертегілер таңдалып алынады немесе арнайы құрастырылады. Әртүрлі образдағы ертегілер клиентке әртүрде ұсынылады: ертегіні талдау, ертегіні айтып беру, шығарма, қуыршақ дайындау, драматизация, сурет салу, ойындар, медитация және т.б.

Психологиялық қызмет көрсету барысында «Ертегілерді кез-келген адамға қолдануға болады ма?» деген сұраққа біздің екі түрлі жауабымыз бар, яғни жалпы және психологтарға арналған. Олар:

1. Ертегіні бәрі де жақсы көреді. Ертегіні мойындағысы келмейтін адамдардың өзі де жақсы көреді. Ертегіде бәрі де ғажайып болады. Ертегіде мен туралы емес, әсіресе мен туралы, сіз туралы және ол туралы, біздің балаларымыз туралы деген сияқты жағдайлар кездеседі. Өз проблемаларымызды ертегі формасында көруіміз бен қабылдауымыз жеңіл, әрі адамға ауыр тимейді, көңіліміз де қалмайды. Ертегі кейіпкерлеріне әрбір жағдайдан шығып кету оңай, өйткені, ертегілерде бәрі де мүмкін болады. Кейіннен ойланып қарасақ, бұл шешімді өміріңдегі өзіңнің жағдайларыңа да қолдануға болатындығын көруге болады, өйткені, ертегінің соңы әрқашан жақсы болып аяқталатыны барлығымызға мәлім.

2. Ертегі терапиясын жүргізу – психотерапияның адамға жарақат салмайтын, ауырсыну сезімін тудырмайтын бір әдісі. Ертегінің көмегімен немесе оның әсер етуімен өмірлік қойылымдар құрылады және осы сәтсіз құрылған қойылымдардан адамды арашалап шығарып алу мүмкіндігі берілген.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Абеуова И.А., Дусманбетов Г.А., Махаманова М.Н., Шерьязданова Х.Т. Психологическая служба в вузе. Алматы, 2004. Абрамова Г.С. Практическая психология. М., 2001.

2.   Ишанов П.З. Бейсенбекова Г.Б. Психологиялық – педагогикалық диагностика негіздері.  Оқу құралы. Қарағанды: ЖШС «САНАТ-Полиграфия,   2006. - 209 б.

3.                             Индивидуальные варианты развития младщих школьников/Под ред. Л.В.Занкова –Москва.:Педагогика, 1973 г.

4.   Ковалев С.Э. Психологическая служба в образовании.  Усть-Каменогорск, 2002.