«Ақерке» бала бақшасының психологы Бидасбаева С.Б.

Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе ауылы,Қазақстан

 

ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫНДА БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

                                     

         Қазақстандағы балабақшаларда тәрбие мен оқыту Қазақстан Республикасының 2007 жылғы «Білім туралы» Заңына сәйкес әзірленген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша жүзеге асырылады.

Стандартта мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда бүлдіршіндерді қазақстандық қоғамда қалыптасқан халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар үлгісінде қалыптастыру, өз Отанына, туған өлкесіне сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға тәрбиелеуді қамтамасыз ету міндеттері қойылған [1]. Бұл міндеттерді шешуде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын қамтитын  «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» білім беру салаларының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.

         Аталған білім салаларының мақсаттары, оқу қызметтері және құзіреттіліктері стандартта көрсетілген. Қосымша ретінде 1-5 (6) жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытуға арналған үлгілік оқу жоспары және 5 жастан 6 (7) жасқа дейінгі балаларды мектепалды даярлау сыныптары мен топтарына арналған үлгілік оқу жоспары берілген.

         Қазақ балабақшаларында стандартта қойылған міндеттерді шешу және жүзеге асыру үшін сол бес білім беру салаларына ұлттық мазмұн жасау керек. Сол мақсатта әр білім беру саласына қазақ халық педагогикасын, яғни халық ауыз әдебиетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, ұлттық өнер түрлерін, ұлттық ойындарын балалардың жеке дара және жас ерекшеліктерін ескеріп ендіру қажет. Мұнда «Балбөбек», «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламаларына халық педагогикасы қосымша материал ретінде ендіріледі. Сонда қазақ балабақшаларында бүлдіршіндерге тәрбие беру ұлттық мазмұнда жүзеге асырылады.

         Бұл күрделі үрдісте балабақша тәрбиешілері басты рөл атқарады. Бірақ оларды бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беруге әдістемелік жағынан даярлау мәселесі туындайды. Солардың негізгісі – тәрбиешілерге қажетті әдебиеттер, оларды пайдалана білу.

         Қазақ балалар бақшасында бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беру үшін тәрбиешілерге қажетті оқу құралдары біршама баршылық. Дегенмен, ол әдебиеттердің мазмұнын тәрбиешілер толық біле бермейтініне көзіміз жетіп, олардың мазмұндық талдауларын беруді жөн көрдік.

         Р.Жұмағожинаның «Ауыз әдебиетінің үлгілерін балалар бақшасында пайдалану» атты әдістемелік құралында қазақ ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәні, оны балабақшада пайдалануда балалардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру қажеттігі айтылып, ауыз әдебиетінің түрлі жанрларынан үзінділер көрсетіліп, олардың тәрбиелік мәні ашылып, көрсетілген [2].

         Қазақ балабақшаларында бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беруде Ф.Н.Жұмабекованың зерттеу еңбектерінің алатын орны мен рөлі ерекше. Мысалы, оның «Балбөбек» бағдарламасы мен «Балабақшадағы тұрмыстық талғам» атты әдістемелік құралында балабақшада тәрбие беруді және оның тұрмысын ұлттық сипатта және мазмұнда ұйымдастыру қажеттігі негізделсе [3], «Бейнелеу өнері бойынша дидактикалық ойындар» атты оқу-құралында дидактикалық ұлттық мазмұнды ойындарды балабақшада пайдалану әдістемесі жасалынған [4]. Ал автордың «Мектепке дейінгі педагогика» атты оқу құралын болашақ тәрбиешілерді бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориялық негіздері және әдістемесі жасалынған бірден-бір еңбек деуге болады [5].

Г.Дүкенбаеваның «Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу» атты әдістемелік құралында балабақша бүлдіршіндерін тәрбиелеудегі ойынның психологиялық-педагогикалық негіздері, оларды адамгершілікке тәрбиелеуде ойынның алатын орны ұлттық ойындарды пайдалану арқылы жүзеге асырылған [6].

Балабақша тәрбиешілерінің дүниетанымын қалыптастыру проблемасы Р.К.Керімбаеваның және А.Баделдің еңбектерінде қарастырылған. Мысалы, Р.Қ.Керімбаеваның «Мектепке дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастыру» атты оқу құралында бала дүниетанымын қалыптастырудың теориялық негіздері жасалынып, мектепке дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастырудың психологиялық ерекшеліктері және олардың дүниетанымын қалыптастырудың әдістемесі жыл мезгілдерінің өзгеруіне байланысты табиғи құбылыстарды танып-білу арқылы жүзеге асатыны ұлттық мазмұнда берілген [7]. Ал, А.Баделдің «Қазақ этнопедагогикасы – бала дүниетанымын қалыптастыру негізі» атты оқу-әдістемелік құралында мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын қазақ этнопедагогикасы арқылы қалыптастыру әдістемесі жасалынған тұңғыш ғылыми еңбек [8].

Оқу құралының бірінші тарауында қазақ этнопедагогикасы балалардың дүниетанымын қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері, екінші тарауда мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастырудың психологиялық ерекшеліктері айқындалған. Үшінші тарау «Қазақ этнопедагогикасын тәжірибеге пайдалануға арналған нұсқау» деп аталып, онда қазақ балалар фольклоры арқылы мектепке дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастыру, салт-дәстүрлер, ұлттық өнер, ұлттық ойындар мен өлке табиғаты арқылы олардың дүниетанымын қалыптастыру баяндалған. «Қазақ этнопедагогикасының материалдарын пайдалануға арналған күнтізбелік материалдар» атты төртінші тарауда бірінші, екінші топтағы сәбилер, естиярлар, ересектер мен мектепке даярлық топтарында қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалануға арналған күнтізбелік жоспарлар жасалынған. Бесінші, «Қазақ этнопедагогикасы материалдары арқылы балалардың дүниетанымын қалыптастыруға арналған хрестоматия» атты тарауда қазақ балалар фольлоры, ойындық фольлор, салт-дәстүр, өнер, қолөнер, сөз өнері, ұлттық ойындар және өлке табиғаты бойынша хрестоматиялық материалдар құрастырылған.

Ә.Әмірованың «Дәстүрлі тәрбие» атты әдістемелік құралында мектепке дейінгі бала тәрбиесінде халықтық салт-дәстүрлерді – ұлттық тәрбие берудің негізі екендігін жүзеге асыру бойынша көптеген балабақшалардың озық іс-тәжірибелерін жинақтап мазмұндаған тәжірибешілерге өте қажетті әдістемелік құрал [9].

Құралдың кіріспесінде халықтық салт-дәстүрлердің қоғамның рухани, мәдени және тәрбиелік қарым-қатынасындағы ең қымбат қазына екені, салт-дәстүрлерді қазақ ғалымдарының зерттеу жайы, салт-дәстүрлер – халықтық педагогиканың басты құралы, салт-дәстүрлерді мектепке дейінгі балалар мекемесінде балаларға адамгершілік, эстетикалық, дене, ақыл-ой, еңбек тәрбиелерін беруде жүргізілген зерттеушілердің жұмысында талдау жасалынған.

«Салт-дәстүр арқылы тәрбиелеу жайы» атты бөлімде салт-дәстүрлерді балабақшаларда пайдалану жайы, жаңа жасалған «Балбөбек» бағдарламасына халықтық салт-дәстүрлерді ендіру жолдары анықталған. «Тәрбие үрдісінде салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні» бөлімінде республиканың көптеген балабақшаларында қазақтың тұрмыстық, бала тәрбиесіне және мәдени салт-дәстүрлерін пайдалану бойынша ұйымдастырылып, өткізілген ұлттық сипаттағы іс-шаралардың мазмұны тәрбиешілерге дайын сабақ ретінде ұсынылған. Мысалы, «Шілдехана», «Тұсау кесер», «Айтыс», «Қонақ күту», «Қол өнері», «Ертегі», «Ұлттық ойындар», «Үлкенді сыйлау», «Бата мен алғыс», «Тыйым сөздер», «Сабан той» сабақтардың мазмұны толық берілген.

Сонымен, қазақ балабақшаларының тәрбиешілеріне жоғарыда талданған әдістемелік құралды пайдаланып, бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беру ізденушілікті, әдістемелік жетілдіруді және ұлттық тәрбие беруге арнайы даярлықты қажет етеді. Сонда ұлттық тәрбие беруге даярланған тәрбиеші бүлдіршіндердің ұлттық дүниетанымын жүйелі қалыптастырғанда ғана, олардың ұлтжанды азамат болуына негіз қаланады.

 

Әдебиеттер

1.       Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Негізгі ережелер. Ресми басылым. –Астана, 2012.

2.       Жұмағожина Р. Ауыз әдебиетінің үлгілерін балалар бақшасында пайдалану. Әдістемелік құрал.- Алматы: Мектеп, 1981.

3.       Жұмабекова Ф.Н. «Балбөбек» бағдарламасы.-Алматы: РБК, 1996; Балабақшадағы тұрмыстық талғам. Әдістемелік құрал.- Алматы: Рауан, 1994.

4.       Жұмабекова Ф.Н. Бейнелеу өнері бойынша дидактикалық ойындар. Әдістемелік құрал.- Алматы: Рауан, 1994.

5.       Жұмабекова Ф.Н. Мектепке дейінгі педагогика. Оқу құралы.-Астана: Фолиант, 2008.

6.       Дүкенбаева Г. Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу. Әдістемелік құрал.- Алматы: Рауан, 1992.

7.       Керімбаева Р.Қ. Мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын қалыптастыру. Оқу құралы.-Тараз: Сенім, 2007.

8.       Бадел А. Қазақ этнопедагогикасы – бала дүниетанымын қалыптастыру негізі. Оқу-әдістемелік құрал.-Алматы, 2010.

9.       Әмірова Ә. Дәстүрлі тәрбие. Әдістемелік құрал.- Алматы: Арда, 2006.