Баланың ойлау қабілетін логикалық есептер арқылы дамыту

 

Сайндолда К.

Астана қаласы

№51 мектеп-гимназиясы

 

 

            Қазіргі уақыттың  негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру.

Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі  мақсаттары – баланың білімді игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Ал, осы дағдыларды меңгеру үшін, болашақта танымдық және тәжірибелік іс-әрекетке оқушыларды дайындау қажетті шарт болып табылады.Ойын баланың даму құралы, таным көзі, тәрбиелік дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады». Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады.

Ойын арқылы оқушы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып, тұлғалы дамуын қалыптастыруға болады. Жалпы, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі. Математика сабағында қазақтың ұлттық ойындары қолданылады. Мысалы: «Арқан тартыс», «Ақсүйек» ойыны белгісіз санды табуға арналған ойын. Ойынға толық сынып қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына «ақсүйек» тығылып жатыр. Кім дұрыс шығарса, сол табады. Кім ақсүйекті көп тапса, сол ұтады. В. Давыдовтың «Бастауыш сынып оқушысының психологиялық даму» еңбегінде: «Оқыту үрдісіндегі оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі» делінген.

«Ойлау логикалық заңдылықтары мен формаларына бағынады. Көптеген адамдар логикалық ойлайды, бірақ өздерінің ойлауы логика заңдылықтары мен формалары арқылы болып жатқанын білмейді» – дейді В. Кириллова.

Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаев былай деген:«Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау – жанның өте бір қиын,терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр.Сондықтан тәрбиеші баланың ойлауын өркендеткенде ,сақтықпен басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек». Мен бұл ойлармен толықтай келісемін. Себебі, әр бала өз алдына жеке тұлға. Өз сабақтарымда оқушы қызметін активтендіру негізінде педагогикалық технологиялардың бірі дамыта оқыту технологиясының элементін қолданамын. Дамыта оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгергенін қамтамасыз етеді. Ал қызығушылық туғызудың тәсілдері өте көп.Олар:

• Математикалық сайыстар;

• Эстафеталар;

• Жарыстар;

• Олимпиадалар, тіпті жақсы дайындықпен өткізген күнделікті сабақтар. Дұрыс құрастырылған сабақ оқушының ой-өрісін кеңейтеді, өзіне деген сенімін күшейтеді.

Математика пәнін оқытуда дидактикалық принциптерді қатаң сақтап, әр оқушының жеке ерекшелігіне қарай әр түрлі формадағы оқыту, тәрбиелеу жұмыстарын тиімді жүргізу керек. Оқушылардың логикалық ой-өрісін арттыруда, оларды математикаға қызықтыруда, логикалық есептер шығарудың ерекше маңызы бар. 3 сыныпта аптасына бір рет өтетін «Логикалық есептер шығару» факультатив сабағында оқушылармен логикалық есептер шығарамыз. Атап айтсақ, үшбұрыштарды есептеу, ыдыстардың сыйымдылығына байланысты логикалық есептер шығарып, сиқырлы шырпылар интерактивті есептер жинағымен жұмыс істейміз.

Математикада логикалық есептерді жүйелі жүргізіп отыру, оқушылардың тыңдау қабілеттерін дамытып, ойлау дағдыларын қалыптастырады және математикалық сауаттылықтарын жетілдіреді. Оқып үйренуге арналған жұмыстар сыныпта орындайтын оқулықтағы тақырыптық жаттығуларды толықтыруға арналады. Оқушыларға шығармашылық тапсырмалар беру арқылы оқушының ойлау қабілетін тереңдетуге болады.

Жалпы логикалық ойлауды дамыту дегеніміз барлық логикалық ойлау операцияларынын арнайы жүйелі түрде қалыптастыру.

Ғылым мен техниканың тез қарқынмен дамуы оқушылардың мәдени дәрежесінің өсуі халық ағарту ісіне күн сайын жаңа білімі беру жүйесінде математиканың атқаратын ролі аз емес. Сондықтан оқушылардың математикаға дайындығын жан-жақты жетілдіру орта мектептің аса маңызды міндеттерінің бірі. Бұл міндетті шешуде мектептегі математика курсының күнделікті практикалық өмір талабына сай жаңа мазмұнда оқытылуы жеткіліксіз. Ол үшін оқыту үрдісінде сабақ берудің барынша тиімді әдістерін жинақтап, оқушылардың өз бетіндік және шығармашылық қабілетін арттырумен біргесыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарды сапалы жүргізу қажет.

Оқушылардың логикалық ой-өрісін арттыруда, оларды математикаға қызықтыруда математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың маңызы бар. Атап айтсақ, « Математикалық пойыз», «Логика әлеміне саяхат», «Математикалық пирамида» сияқты логикалық есептер сайысы.

Қабілетті оқушылардың математикалық даму дәрежесі есеп шығарудан анық байқалады. Кез келген есепті шығару оқушыдан үлкен еңбекті, ерен күшін, табандылығын, төзімділігін, сенімділігін талап етеді. Оқушыны шығармашылық іс-әрекетке бейімдейтін, ақыл ойын дамытатын құрал – логикалық қызықты есептер, қиындығы мол олимпиадалық есептер, әр түрлі сайыстар. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің дамуына «республикалық Зерде» сайысының қосар үлесі зор. Оқушылар жоба жазу барысында ізденіп, есептерді талдап, өздері бір қорытындыға келуге тырысады. Логикалық жаттығуларды орындау біздің ақылымыз, қиялымыз, ой ұшқырлығымызды дамытады. Математика оқулықтарында логикалық есептер жоқтың қасы, олар тек шығармашылық есептер деген айдармен бірен-саран кездеседі. Сынып оқушылары бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, біріңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан белгілі бір ережені меңгертетін жаттығуларды орындағанда оларға қиынырақ тапсырмалар беремін. Міне, осындай тапсырмаларға логикалық есептер жатады. Себебі логикалық есептер арқылы әр оқушының ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады.

Оқу процесіндегі осындай іс-әрекеттердің арқасында қоғам талап етіп отырған шығармашылық, логикалық ойлау қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі түрде ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын шығармашыл жеке тұлға қалыптасады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Логикалық ойлау қабілетін дамыту №11, 2008, 53-54 бет

2.В.Давыдов «Бастауыш сынып оқушысының психологиялық дамуы»

3. Мектептегі психология №1 2009 жыл

4.Д. Рахымбек. Оқушылардың логика методологиялық білімдерін жетілдіру. Алматы. РКБ, 1998ж.

5.Б. Байжұманов. Оқушылардың психикалық даму ерекшеліктері. Бастаукыш мектеп, №12, 1998ж.