Филологические науки
Рапишева Жанат Дабылвона, фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік
университетінің доценті
Нұрмағанбет
Жібек Серікқызы, Рысбаева Мейрамгүл Серікқановна,
Н.Әбдіров ат. №10 орта
мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімдері, Қазақстан
ТІЛДІК ТҰЛҒА МӘСЕЛЕСІНІҢ ТІЛ
БІЛІМІНДЕ ЗЕРТТЕЛУІ
Тіл біліміне
«тілдік тұлға» категориясының енгізілуі жалпы
«тұлға» ұғымының жаңа мазмұнмен
толығуына мүмкіндік жасап, тілді зерттеудің
құрылымдық-функционалдық аспектісі аясынан шығып,
адамның санасы, ойы мен рухани қызметімен тығыз
байланыстағы антропологиялық тіл біліміне айналуына мүмкіндік
жасалды. Соның әсерінен тіл ғылымында тілді тұтынушы
адамға, шығармашылық тұлғаға деген
қызығушылық күшейіп, қазіргі таңда
жаңаша зерттеулердің өзегіне айналған, ғалым
Ю.Н.Караулов еңбектерінде [1; 2]
жүйеленген «тілдік тұлға» теориясының
қалыптасуына негіз болды.
Қазіргі
орыс тіл білімі мен қазақ тіл білімінде төмендегідей
бағыттарда қарастырылып келеді деп шартты түрде белгілейміз:
1) нақты тұлғаның тілін
оның когнитивтік және прагматикалық интенцияларын
назарға ала отырып талдау;
2)
көптеген ғылыми еңбектерде тарихи тұлғалар тілін диахрониялық
тұрғыдан сараптау орын алған;
3) бөлек-бөлек мәтіндер
негізінде тілдік тұлғаны модельдеуге арналған зерттеулер
де пайда бола бастады;
4) шығармадағы кейіпкерлердің
тілдік тұлғасын ашу арқылы шығарма авторының
тілдік тұлғасына шығуды мақсат тұтқан
зерттеулер де кездеседі;
5) тілдік тұлға бойындағы
қасиеттерді оның ұлттық болмысына сай
қарастырған еңбектер.
Соңғы
кездері тілдік тұлғаны түсіндіруге бірнеше бағытта келу
үрдісі қалыптасқандығын байқауға болады:
1) тілдік
тұлға болып табылатын жеке адам қалыптасуының негізгі
жүйелерін анықтау (тегі, өмір сүрген ортасы,
әдеби және тілдік, ұлттық-мәдени ықпал
және т.б.);
2) жеке
адамның тілдік тұлғалық болмысын құрайтын
жеке қасиеттерін танытатын ерекшеліктерді көрсету, яғни оны өз бетінше білім алу,
өзін-өзі жетілдіру, тәрбиелеу, өз тілдік
тәжірибесін ұрпақтарына мұра етіп қалдыруда жеке
жауапкершілігін сезіну, білім дағдыларын игеру, шеберлік дағдыларын
меңгеру, игерген білімдері мен тәжірибесін болмысты өзгерту
үшін қолдану т.б. қасиеттерден тұратын күрделі,
көпсатылы зерттеу нысаны ретінде оның тілінің
ассоциативтік-вербалдық, лингвокогнитивтік, прагматикалық
деңгейлерін сипаттаудан тұратын деңгейлік талдау арқылы
қарастыру қажет екені
айқындалды.
Көрсетілген
деңгейлердегі жеке тұлғаның ұлттық болмысын
ашудың маңыздылығы туралы ғалым Ж.А.Манкееваның
пікірлеріне жүгінсек: «аталған деңгейлердің
дамуының белгілі бір тілдік тұлғада көрініс табуы
әртүрлі дәрежеде өрістеп, түрлі сипатта
көрінеді. Оның шығармашылық танымдық
мазмұны дүниетанымдық, мәдени
құндылықтар жүйесінен тұрады. Сондықтан
тілдік тұлғаны алдымен ұлттық тілдік тұлға
ретінде түсінеміз. Себебі тілдік тұлға табиғаты
тұлғаның ұлттық мәдени сатысымен тікелей
байланысты» [3, 281-284] болып шығады.
Сонымен бірге тұлғаның өмір
сүруінің негізін құрайтын, оның мақсаттары,
ниеттері мен ұстанымдарын белгілейтін шығармашылық
қажеттіліктері туралы да айтуға болады. Тұлғаның
қоршаған әлемге, айналадағы басқа
адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасы арқылы
анықталынатын құндылықтар жүйесі, яғни
адамның материалдық және рухани игіліктері мен
мұраттары, белгілі бір әлеуметтік, мәдени және адамгершілік
құндылықтарды таңдап алуының себептері оның
танымындағы ғалам бейнесін ашу арқылы анықталады. Ал танымы мен
мақсат-мүдделерінің прагматикалық әлеуеті
оның тілі арқылы көрініс табады.
Тіл үйренушінің жеке тұлға ретіндегі келбеті
оның тілдік тұлға келбетімен толыға
түседі. Адам тілдің
табиғатын таныған сайын, тілдік таңба арқылы санасына
жинақтай береді, сөйтіп, санасы да, ойлауы да, тілі де дамиды. «Адамдар екінші тілді
үйренгенде, жаңаша ойлап, сезініп, өзі әрекет жасап
үйренеді және сол тілді меңгеру арқылы екінші
тұлға болып қалыптасады. Жаңа тілдік «Мен» екінші
тілімен араласып, жақындасып, тілге қызығушылығы
артады, мәселелерді шешуге белсенді болады және өзін еркін,
жеңіл сезінеді» [4]. Соның негізінде оның миы өзі өмір сүріп
отырған ортамен, қоғаммен байланысқа енеді. Сөйтіп, үйренетін тілдің
әлеуметтік-табиғи-қоғамдық ерекшелігі тілдік
тұлғаның санасын қалыптастыра бастайды.
«Толық адам» проблемасын көтерген ұлы Абай
өзінің қарасөздерінде «Әлдебіреудің тілін,
өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді» деп жазады
[5]. Атақты ақын М.Жұмабаев та «...адамның толық
мағынасымен адам аталуы тіл арқасында» деп, толық
адамның дара тұлғасын
қалыптастырудағы тілдің маңызын баса көрсетеді [6]. Р.Сыздық «Тіл –
адамды тұлға ретінде тәрбиелейтін күш, ана тілі –
адамды белгілі бір ұлттың, халықтың өкілі етіп
шығаратын құрал” деп жазады [7].
Екінші тілдік тұлға мәселесі соңғы жылдары
қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту
мәселесіне қатысты зерттеулерде көтеріле бастады.
Ересектерге, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік
тілді үйретудегі тілдік тұлға мәселесіне қатысты
ғалым Б.Хасановтың «Мемлекеттік қызметшінің тілдік
тұлғасы және тілдік орта» атты еңбегін атауға
болады. Ғалым «Мемлекеттік қызметшінің тілдік
тұлғасы – нақты білім мен түсінік жиынтығын
меңгерген, мемлекеттік қызметте өзін сөйлеу
іс-әрекетімен танытатын тұлға» деп атап көрсетеді [8].
Тілдік тұлға дегеніміз – мәтіндерді
тудыру және қабылдай алу қабілетін иеленген адам. Ол
қабілеті құрылымдық-тілдік күрделілік
деңгейімен, шындықты бейнелеудің тереңдігі және
дәлдігімен, нақты мақсатқа
бағытталушылығымен ерекшеленеді. Тілдік тұлға
ұғымына кең ғылыми мағына берген
Ю.Н.Карауловтың пікірінше, «Тілдік тұлға – тілді
зерттеудің барлық аспектілерін қамти отырып, адамды
оның тілінен тыс қарастыратын пәндер арасындағы
шекараны бұзып өтетін, ауыспайтын, алмаспайтын идея» [1, 15].
Тілдік
тұлғаның анализі түрлі деңгейлерде жасалуы
мүмкін: қарапайым тілді меңгеру деңгейін
көрсететін құрылымдық-тілдік деңгей және
оның дамуын, мінез-құлығын басқаратын
уәждемелер мен мақсаттарды айқындайтын, оның
мәтін тудырушылығын басқаратын және әлемнің
тілдік моделіндегі мәндер мен құндылықтар йерархиясын
анықтайтын лингво-когнитивтік деңгей. Тілдік тұлға
дегеніміз – тілде (мәтіндерде), тіл арқылы көрініс
табатын және өзінің
негізгі белгілері тілдік құралдар базасында қайта
құрылған тұлға. «Тілдік тұлға»
ұғымы – адамның сапалық айқындылығын
құрайтын физикалық және рухани ерекшеліктері
философиялық, әлеуметтанымдық және психологиялық
көзқарастар тұрғысынан айқындалатын
қоғамдық мәні бар тұтастық ретіндегі
пәнаралық термин.
«Ең
алдымен «тілдік тұлға» ретінде сөйлесім әрекетіне
қабілеттілігі тұрғысынан тілді қолданушы адам
қарастырылады» [9]. Жеке тұлғаға сөйлесім
туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік
беретін тұлғаның психофизиологиялық
ерекшеліктерінің кешені сөйлесім тұлғасы болып
табылады. «Тілді қарым-қатынас құралы ретінде
қолданушы – қатысымдық тұлғаның вербалды
мінез-құлығы ерекшеліктерінің жиынтығы да «тілдік
тұлға» ретінде танылады» [10].
Тілдік тұлға – тұлғаның тілі, дискурсы
арқылы анықталатын психикалық, әлеуметтік,
этикалық және т.б. құрамдас бөліктерін
толық қамтитын толыққанды көрінісінің бір
түрі.
Адамды тілден тысқары зерттеу мүмкін болмайды, тілді жасаушы,
қолданушы, пайдаланушы – адамға назар аудармай, тілдің
шегінен аспай, тілдің өзін тану мүмкін емес. Себебі
адамның бір ауыз сөзін естімейінше, оның қандай адам
екені жайлы мәлімет алу мүмкін емес. Сондай-ақ, тілді адамнан
тысқары да қарастыру мүмкін емес, себебі, сол тілде
сөйлейтін тұлғасыз тіл жай таңбалар жүйесі болып
қана қалады. Сондықтан «Тұлғаның
тілдік тұлға ретінде қалыптасуы тек тіл арқылы
ғана жүзеге асады» [1].
Ю.Н.Караулов
көркем мәтінге сүйене отырып, тілдік
тұлғаның деңгейлік моделін жасап, оның үш
құрылымдық деңгейін анықтап көрсетеді:
1.Вербалдық-семантикалық
деңгей (немесе құрылымдық-жүйелік);
2.Когнитивтік
деңгей (немесе тезаурустық);
3.Прагматикалық
деңгей (уәждемелік) [2].
Тілдік тұлғаны тануда Ю.Н.Караулов жеке дара
зияткерлік қасиетін қарастыруды ұсынады да, тілдік
тұлғаның бірінші деңгейіне сәйкес тілдік
нормадағы білігін «нөлдік деңгей» деп атайды.
Сөйлеушінің
тілдік білімі санада Ю.Н.Карауловтың
теориясы бойынша вербалды-семантикалық, лингво-когнитивтік және
мотивациялық немесе іс-әрекеттік-коммуникативтік қажеттілік
деңгейлерінде бейнеленеді. Зерттеушінің пікірінше «тілдік тұлға
тілі арқылы көрінетін психологиялық, этикалық,
әлеуметтік және т.б. компоненттерінің жиынтығынан
тұратын адам» [2, 47]. Ұлттық тілді тұтынушы тілдік
тұлғаның құзыреті мен жадының
қалыптасуы жөнінде А.Байтұрсынұлы «Адам ана тілін
жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Содан соң тіл
танытқыш кітаптардан таниды. Одан кейін үлгілі жазушылардың
сөзін оқып, өзі іс жүзінде иә ауызша айтып,
иә жазып қолданумен біледі» деген болатын [12, 69].
Әрбір
адамның тілдік тұлға ретінде қалыптасуын
интертекстуалдық негізінде қарастырған А.С.Әділова: «Әрбір
адамның тілдік тұлға ретінде жеке когнитивтік кеңістігі
болады, ал ол өз кезегінде түрлі ұжымдық
(отбасылық, кәсіптік, діни, әлеуметтік) когнитивтік
кеңістік жиынтығынан тұрады да, өзі өмір сүріп
отырған қоғамның
ұлттық-тілдік-мәдени-танымдық базасына сүйенеді. Алайда бір ғана ұлттық
когнитивтік кеңістікке жатса да, әр уақытта өмір
сүруіне, қоғамдағы саяси-идеологиялық
ұстанымдардың насихатталуы, ақпарат көздерінің
жетімсіздігі, жабықтығы, ұлттық әдебиет,
мәдениет деректерінің кейінгі орынға ығыстырылуы сияқты экстралингвистикалық
себептердің әсерінен тілдік тұлғалардың – автор
мен оқырманның когнитивтік базасының өзі түрліше
қалыптасатыны кездеседі. Ол, әрине, адамның әлеуметтену
үдерісіне байланысты болады» дейді [13, 39]. Ол тілдік
тұлғаның тұрақты интертекстуалды ядросына
ұлттық білім энциклопедиясына жататын ағарту стандарттарынан
белгілі әдеби шығармалар, тарих, қоғам, мәдениет
қайраткерлерінің есімдері мен сөздері, аса маңызды
саяси-әлеуметтік оқиғалар, мәдени, тарихи, діни
жәдігер-ескерткіштер жатқызып, тілдік тұлғаның
динамикалық интертекстуалды қабатына уақыт және
әлеуметтік жағдайларға қарай өзгеріп, үнемі
маңыздылығы, қажеттілігі белгілі бір иерархиямен қайта
ауысып отыратын күшті әдеби мәтіндерді кіргізеді.
Тілдік
тұлғаның интертекстуалды перифериясы оның когнитивті деңгейінің
ең қозғалғыш, ең өзгергіш бөлігі
болып саналатынын айтып, оған
ән, жарнама, БАҚ материалдары сияқты
бұқаралық мәдениет мәтіндерін жатқызады.
Тілдік тұлғаның интертекстуалды перифериясы белгілі бір жағдайларға орай
әлеуметтің мәдени талғамдарының өзгеруіне
байланысты тез әрі жиі ауысып отырады.
Ана
тілді игеру арқылы адам бірте-бірте қарапайым заттардан
бастап, ғаламның заңдылықтарына дейінгі өзін
қоршаған ортаның болмысымен танысады, мәдениетке
араласып, тілдің әлеуметтік қызметі мен дамуына қатысу
арқылы тұлға болып қалыптасады. Демек, тіл арқылы
бекітіліп, қоғамдық санада, сонымен қатар жеке
тұлғаның санасында сақталатын
ұлттық-мәдени тәжірибе сол жеке
тұлғаның тілдік әрекетіне де өз таңбасын
түсіреді.
Жалпы
ғалымдардың кейбірі когнитивтік талдауда ақиқат пен
бейақиқат мәселелеріне қатысты көзқарасты
қайта қарау қажеттігін, өйткені оның нақты
ғылымдарда алынатын тәжірибелік деңгейдегі нанымды
нәтижелер алуға, жеке адамдар мен әлеуметтік топтардан
үздіксіз алынып жататын жаңа мәліметтер арқылы
үнемі өзгеріп отыратын «ішкі әлемнің» үлгісін
жасауға мүмкіндік беретінін, оның адамдар арасындағы
қарым-қатынастарындағы келісімдер мен
қайшылықтарды, саяси және идеологиялық жүйелер
негізін анықтауда таптырмайтын әдіс екенін ерекше атап өтеді.
Яғни тілді мәлімет беру мен мәлімет қабылдаудың
когнитивтік жүйесі ретінде бағалайды.
Жалпы, тілдік
тұлға дегеніміздің өзі ұлттық тіл
ортасында, ұлттық құндылықтар арасында
тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді
толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты
бойына жинақтаған индивид. Тілдік тұлға
мәселесіне қатысты ресей ғалымдарымен қатар,
қазақтың тілші ғалымдары да нәтижелі
жұмыстар атқарып келеді.
Әдебиеттер тізімі:
1 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – М.: Едиториал УРСС,
2004. – 264 с.
2 Караулов Ю.Н. Русская языковая личность и задачи ее изучения // Язык и
личность. – М., 1989. – Б. 129-140.
3 Манкеева Ж.А. «Тілдік
тұлға» мәселелерін зерттеу // Қазақ
филологиясы: егіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы). – Алматы:
Арыс, 2010. – Б. 280-290.
4 Маслоу А. Психология бытия. Пер. с англ. О.О.Чистякова. –
М., 1997.
5 Абай. Қара сөз. Книга слов. – Семей, 2001. – 98
б.
6 Жұмабаев М. Педагогика.
– Алматы, 1992. – 125 б.
7 Сыздық Р.
Қазақ сөзінің әсемдік құдіретін
жоғалтпалық // Мемлекеттік тіл және рухани мәдениет
(Профессор Ш.Сарыбаевтың 75 жылдығына арн. ғылыми-теор. конф.
матер.). – Алматы, 2001. – Б. 256-264.
8 Хасанов Б. Мемлекеттік
қызметшінің тілдік тұлғасы және тілдік орта. –
Астана, 2008. – 264 б.
9 Оразбаева Ф.Ш. Тілдік
қатынас: Теориясы және әдістемесі. – Алматы, 2000. – 257 б.
10 Богин Г.И. Модель
языковой личности в её отношении к разновидностям текстов: АДД. – Л., 1984. –
26 с.
11 Сухих С.А.,
Зеленская В.В. Репрезентативная сущность личности в коммуникативном аспекте
реализаций. – Краснодар, 1997. – 132 б.
12 Байтұрсынов А.
Таңдамалы шығармалары. – Алматы, 1999. – 359 б.
13 Әділова А.С. Қазіргі
қазақ көркем шығармаларындағы
интертекстуалдылықтың репрезентациясы, семантикасы,
құрылымы. Фил... автореф. – Алматы, 2009. – 53 б.