ӘОЖ 578. 67

 

ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ӨСІРІЛЕТІН ГҮЛДЕРГЕ АРНАП ТОПЫРАҚ ҚОСПАЛАРЫН ДАЙЫНДАУ

 

Бапаева И.И., Мұсабеков Қ.Қ., Сарбасова Г.А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қаласы

 

Бөлмеде өсірілетін гүлдердің даму тарихы адамзат баласы әдемі, пайдалы, сәнді өсімдіктердің тұқымын ашық топыраққа тастап, одан ыдысқа көшіріп үйренгеннен бастау алып жатыр. Біздің бөлмелеріміздің тек сәнін келістіріп қана қоймай, сонымен қатар әр қайсысы тиісінше өз пайдасын тигізіп отыратын жасыл патшалық өкілдерінің қазіргі таңда 390 тұқымдасы мен 250 мыңнан астам түрлері белгілі болғанымен, осы көрсеткіштің тек аз ғана бөлігі қалыпты жағдайда сұранысқа ие. Бұл топқа енген өсімдіктер адамзат баласының қызығушылығы мен сүйіспеншілігіне ие болып іріктелген, әрі жүздеген жылдар бойы мәденилендірілу сатысынан өткен өсімдіктер. Дегенмен де өсімдіктерге қажетті жағдайлар жасалмағандықтан, ерекшеліктерін ескермегендіктен олардың көпшілігі өз саяхаттарын тиісті жерлеріне жетпей жатып аяқтап жатты. Әйтсе де гүлге деген сүйіспеншілік пен оған табиғи ортаны қамтамасыз ету мақсатындағы ғалымдардың ізденісі нәтижесінде өсімдіктерді тасымалдау, дұрыс баптау жүйесі кеңінен дамыды.

Біздің еліміздегі бөлме гүлдерін өсіру мәдениеті енді ғана кең құлаш жайып, дұрыс жолға қойылып, қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналып отыр. Ал бұл өз кезегінде бөлме гүлдеріне арнап топырақ қоспаларын дайындау жұмыстарын ретімен орындайтын жүйенің қалыптасуына әкелді.

Негізінен, үй жағдайларында өсетін өсімдіктерге арнап топырақ дайындау әр гүлдің түріне, тұқымдасына, тамыр жүйесіне, биологиялық ерекшеліктері мен суды қажетсінуіне, ауа режиміне қойатын талаптарына сай орындалады. Бөлме гүлдеріне арналған топырақ қоспаларының негізін шымтезек, компост, ірі қараның көңі, саз, саздақ, қарашірік, құм және мүктің түрлі пропорциялары құрайды. Әр өсімдікке сәйкесінше дұрыс дайындалған топырақ қоспасы сол өсімдіктің дұрыс дамуын, ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ететін факторлардың ең маңыздысы болып табылады. Жақсы топырақ қоспасы ең біріншіден өсімдік тамырына ауа еркін өтетіндей борпылдақ болуы, кіншіден, ылғал мен қоректік заттарды уақытылы өсімдік тамырына беріп тұра алатындай болуы үшін оны бойында жинай алуы керек. Сонымен қатар топырақ қоспасының құм және саз теңгермесі сақталып, қышқылдығы (рН) 5-6,5 аралығында болуы және ауру қоздырғыштарынан, зиянкестердің дернәсілдерінен, ұрықтарынан және арам шөптердің тұқымдарынан таза болуы керек.

Бөлме гүлдеріне арналған топырақ қоспасының кеуктілігін қамтамасыз ету үшін оған шымтезектің ірі түрін қосады. Бөлме гүлдерінің топырағын жас ерекшеліктеріне байланысты ауыстырғанда, жас гүлдерге жеңіл топырақ қоспасы дайындалса, өсімдіктің жасы өскен сайын ол ауырлай береді, ал кейбір топырағы аз ауыстырылатын түрлердің ыдысына ішін-ара көң мен күлді араластырып беткі қабатына салып отырады. Өсімдіктің тамыр жүйесіне байланысты, жуан, жақсы жетілген тамырлыларға ауырлау, ал нәзік тамырлыларға жеңіл топырақ қоспасын дайындайды.

Бөлме гүлдеріне арналған жерді шымдық , жапырақты, қылқан жапырақты, қарашірікті, шіріген көңді топырақтардан және құмнан дайындайды. Шымдық топырақтар түгелдей дерлік бөлме гүлдеріне арналған топырақ қоспаларында кездеседі. Ол кеуекті, әрі қоректік заттарға бай болғанымен нығыздалып қалуға бейім тұрады. Саздақ жерлерден алынған шымдық топырақ ауыр болып келсе, құмдақ жерлерден алынғаны жеңіл болады.

 Топырақ қоспасының физика-химиялық қасиеттерін жақсартатын шіріген көңді топырақ әсіресе жаңа көңді көтере алмайтын гүлдерге жақсы. Көңді жинап, бастырып қою арқылы алынатын бұл топырақ қоспасын қолданар алдында електен өткізіп алған жөн.

Топырақ қоспаларының тағы бір түрі қылқан  жапырақты топырақ сәйкесінше қылқан жапырақты  шіріту арқылы алынады.Бұл қоспаны дайындау үшін аршаның, қарағайдың, шыршаның жапырақтарынан құралған үйіндіні 2-3 жыл шірітеді.

          Ағаштық топырақ шіріген бөренелерден, діңдерден жалпы ағаштардың шірінділерінен тұратды. Қасиеттері жағынан жапырақтық жерге ұқсас болғанымен оған қарағанда жиі қолданылады.

         Жоғарыда келтірілген компоненттерге қоса топырақ қоспасын дайындағанда оны борпылдақ қылу мақсатында құм, жеңілдету мақсатында мүк қосып жатады. Тағы бір айта кететін жәт, гүлге арнап топырақ қоспасын дайындағанда ыдыс ішінде сүзгіш (дренаждық) қабаттың бар болуы міндетті екенін назардан таса қылмаған жөн.

         Бөлме гүлдерін өсіру саласында топырақ қоспасының  негізгі үш түрі қолданылады. Олар: жеңіл, орташа , ауыр. Жеңіл топырақ қоспасының 1 бөлігі  жапырақты жерден, 3 бөлігі  шымтезекті жерден және  1,5 бөлігі құмнан  тұрады, ал орташа ауырлықтағы топырақ қоспасының 2 бөлігі шымды жерден, 1 бөлігі шіріген көңді жерднен, 1,5 бөлігі құмнан тұрады. Ауыр топырақ қоспаларына келер болсақ 3 бөлігі жапырақты жерден, 2 бөлігі шіріген көңді жерден, 2 бөлігі құмнан тұрады.

Топырақ қоспасының жеңіл түрінде аглонема, алоказия, врезия, гибискус (қытай раушаны), капсикум (сәндік бұрыш), пеларгония, хедера және т.б. Осы гүлдердің ішінде қоректік ортаға, ауаға, суға және температураға көп талап қоймайтын, қалемшелері арқылы оңай көбейетін, көп күтім тілемейтін, жыл бойында түгелдей дерлік гүлдеп тұратын «пеларгонияның» өзге бөлме гүлдерінің арасынан алар орны ерекше. Пеларгонияға арнап дайындалған топырақтың қышқылдығы бейтарап немесе әлсіз болып, келесідей компонеттерден тұруы қажет: кәдімгі бақшалық жер, жапырақты жер және құм.Дайын қоспа ауа мен суды жақсы өткізе алатындай борпылдақ болуы қажет. Жеңіл қоспада өсірілетін, көп таралған гүлдердің тағы бірі «гибискус». Халық арасында «қытай раушаны» деген атпен танымал болған бұл гүлге арналған топырақ қоспасының 2 бөлігі сазды-шымды топырақтан, 2 бөлігі жапырақты топырақтан,  1 бөлігі құмнан  және 1 бөлігі шымтезектен тұруы қажет.

Орташа ауырлықтағы топырақ қоспасында маранта, молочай, пассифлора сияқты гүлдер жақсы өседі. Біздің бөлмелеріміздің сәнін келтіріп қоймай, оның құрғақ ауасын жақсы көтеретін молочайлардың  2 жүзден астам түрі белгілі болғанымен бізде «Молочай Милия» деген түрі көп өсіріледі. Молочай Милияға арнап дайындалған топырақ қоспасы  қоректік заттарға айтарлықтай бай болып, құрамында міндетті түрде құм мен аз ғана мөлшерде ағаш көмірі болғаны жақсы.

Топырақтың ауыр қоспасында жақсы дамып жетілетін гүлдерге колеусты, пахираны, пеперомияны, традесканцияны және т.б. гүлдерді жатқызса болады. Аты аталғандардың ішінде көп күтім қажет етпейтін қасиетімен атақты болған традесканцияны алып қарайтын болсақ, оның есімі ХVІІ ғасырда өмір сүрген әкелі-балалы  бағбандар, Традескантовтардың құрметіне берілген. Көбінесе шырмалып өсірілетін традесканцияның ондаған түрі бар. Осы гүлдерге арнап дайындалған топырақ қоспысының  3 бөлігі жапырақты жерден, 2 бөлігі шіріген көңді жерден, 2 бөлігі құмнан тұрады.

Келесі маңыздылығы алдыңғылардан кем емес жапырақты топырақ күздігүні түскен жапырақты шіріту әдісімен дайындалады. Жеңіл әрі кеуекті жапырақты топырақ шымды топырақпен қосылып көптеген бөлме өсімдіктерінің топыраққа деген қажеттіліктерін қанағаттандыра алады, мұнымен қоса жапырақты топырақ шіріген көңді көтере алмайтын өсімдіктеріне өте пайдалы органикалық тыңайтқыш болып табылады.

Өзінің кеуектілігі мен жеңілділігі арқасында басқа топырақ қоспаларының қасиеттерін жақсарту үшін қолданылатын тағы бір компоненті-шымтезекті топырақ.Жиналған шымтезекті екі-үш жылдың көлемінде  шіріту арқылы дайындалған топырақ шымдық және жапырақтық топыраққа қарағанда аз қышқылданады.

 Минералдық және органикалық қосылыстарды 1-2 жыл ішінде шіріту арқылы алынған топырақ қоспасының құрамындағы компост  қоректік заттарға өте бай болады, дегенмен жақсы дайындалмаған компост гүлдерге зиянын тигізуі де мүмкін екенін де ескерген жөн. Кейбір жекелеген жағдайларда компос арқылы өсімдікке аурулар жұғуы да мүмкін, сондықтан да компостпен жұмыс жасағанда өте мұқият болу керек.

Бөлме  гүлдерінің тұрақты өсіп дамуында жетекші орынды оған арнап дайындалған топырақ қоспасы алғанымен, өзге де оның өсуіне ықпал жасайтын шарттар мен талап-тілектерді қамтамасыз етіп отырғанымыз  жөн. Әр бір өсімдіктің түрінде оның жай-күйі жазылып тұрады, мысалға жарық шамадан тыс көбейіп кетсе жасыл жапырақтар сарғаяды, ауа тым ыстық әрі құрғақ болып кетсе жапырақтардың ұштары үйе бастайды. Сол сияқты топырақ қоспасының құрамындағы қоректік заттар таусылғанда, оған ауа жетпегенде, бойында су шамадан тыс мөлшерде қалып қойғанда, өсімдіктің тамыры қысылғанда және топырақты ауыстыратын кез келгенде гүл оны өзінің түр-әлпетімен бізге білдіріп тұрады. Ал біздің тарапымыздан тек оларды түсініп, қажетті жағдаймен қамтамасыз етуіміз ғана талап етіледі.

 

Әдебиеттер

1. Ван дер Неер. Все о ста самых популярных комнатных растениях. – СПб: ООО «СЗКЭО», 2008. - 208 с., ил.

2.   Мир цветов. Истории, загадки, факты. – Изд. Фитон: 2008.-226 с., ил.

3. Бердникова Т.С., Борисова Н.П. Иллюстрированная энциклопедия комнатных  растений.- Изд. ЭКСМО: 2009.-240 с., ил.