Бейсенбекова Гулназ Турлыбаевна

доцент КазНПУ имени Абая,

 кандидат педагогических наук

 

Қазақ тілін мамандыққа сай оқытуда халықтық педагогиканың атқаратын рөлі

 

           Тәрбиенің сан-салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы оқушының жан дүниесіне әсер ететін, қиялын дамытатын білім мен тәрбиенің негізі тілді үйретумен қатар жүргізу тиімді. Ғалымдар Ж.Қоянбаев пен Р.Қоянбаев: «Кейбір авторлар халық педагогикасының зерттеу саласын тәрбие деп қарастырады. Әрине, тәрбие жастарды әлеуметтік өмірге, еңбекке даярлау және қоғамдық-тарихи тәжірибені үйрету процесі. Сонымен бірге халық педагогикасында оқыту процесінің де маңызы өте зор. Өйткені халық жастарды оқытады, оларды мамандық алуға, зергерлікке, ұлттық спорт ойындарына үйретеді. Демек, халық педагогикасында тәрбие мен оқытуды екі жақты бір текті, яғни тұтас педагогикалық процесс деп қарастыру керек», -  дей келе, [318-б.], халықтың даналық ойлары халық педагогикасының шамшырағы екендігін, халық даналығы – мақал-мәтел, ертегі, өлең-жыр түрінде, ақын-жыраулардың, шешендердің сөздері, толғау өсиет өлеңдері арқылы баяндалып отырғандығына назар аударады.  Халық педагогикасының кең өрісі, қайнар көзі – ауыз әдебиеті дей келе, оның тәрбиелілік мәнінің зор екендігін  айтады.

          Ұстаз – студенттің ішкі жан дүниесіне әсер ететін негізгі тәрбиелеуші күш, сондықтан оның кәсіби шеберлігі, яғни тілді үйретуді тілмен тәрбиемен ұштастыру іскерлігі дамып отыруы қажет. Жалпы педагогикалық үдерісте тәрбие үдерісі қатар дамып отыруы қажет. Тәрбие үдерісінің дамып отыруына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар болғандықтан, оны педагогикада арнайы тәрбиелеу теориясы деп атайтындығы мәлім. Егер оқыту үдерісіне мұғалім мен оқытушы қатысса, тәрбиелеу үдерісіне тәрбиеші мен тәрбиеленуші қатысады. М.Жұмабаев: «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандай да болса, бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтқанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі. Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұратындықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан,адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жанға деген беретіндігінен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине адам баласының, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек»[3-б.]   М.Жұмабаев айтқандай, болашақ маманды «азық» беру арқылы, яғни рухани азық беру арқылы тәрбиелеу әр оқытушының,  ұстаздың міндеті екендігі даусыз.

          Мәдени мұралардың тәрбиелік мәні әрқашанда адамзат баласына нәр беріп байытып отыратын қуатымен бүгінгі білім беру саласының алтын желісі болып отыр. Көшпелі елдің барлық тіршілік болмысы табиғатта және табиғатпен бітене қайнасып отырады. Ұлы далада көшпелі өмір сүруге бейімделген олар өзі мекен еткен кеңістіктің барша қадір-қасиетін танып, біліп сол кеңістіктегі құрбыластарды уақыты мен зерделеуге, теңдестіруге, пайымдауға машықтанды. Ертедегі қазақ халқы қоршаған ортаның бір-бірімен оқшау тұрған заттар мен құрбыластардың ретсіз жиынтығы емес, тұтастай байланысты бірліктегі дүние деп таныды.

       Табиғат заттар мен ондағы жүретін құбылыстардан тұратынын пайымдады. Табиғат туралы қазақ халқында оның кеңістік уақыттық мөлшері жағынан біркелкі және жалпы заңдылықтары бар екенін, ондағы заттар мен құбылыстардың (реакция) мәңгі әрі шексіз екендігі бойынша дүниетаным қалыптасты.

       Адамзат баласының даму эволюциясына байланысты дүниетаным деңгейі де өсіп күрделене түседі. Өйткені адамның дүниені тануы табиғат туралы білімдердің жиынтығының сол кездегі өмір сүрген қоғам арасындағы байланысты негізінде өрбиді. Адамның ой-өрісі өзін қоршаған табиғат, ондағы құбылыстар туралы білімдерді неғұрлым толыққан сайын, дүниетанымы да соғұрлым байып тұрақтанады. Тарихи зерттеулер тас дәуірден бері өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының арғы ұрпақтарының малмен, егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі өмір сүргенін дәлелдейді. Тіршілік ету барысында осы аталған кәсіптің барлығында да еңбек құралдары қажет болды, әрі олардың сапалы болуына да мән берілді. Көшпелі өмір салтын үнемі көшіп жүруге ыңғайлы тұрмыс бұйымдарының формасына әсер етті, яғни бұйымдар көбіне дөңгелек шар тектес не түбі жалпақ болуы керек болды. Мұндай пішіндер дала көшпенділері үшін қолайлы болды.

       Өзін қоршаған табиғаттағы заттар мен ондағы жүріп жатқан құбылыстар (реакциялар) туралы ата-бабамыздың мынадай реттегі (алгоритм) түйсінуі қалыптасты.

       Құбылыс – қоршаған дүниеде, айналада болып тұратын әр түрлі (химиялық, биологиялық, физикалық) өзгерістер. Жалпы құбылыс – сезімдік мүшелердің қабылдау түйсігі. Металдарға байланысты құбылысты ата-бабаларымыз темірден жасалынған бұйымдардың далада көп уақыт тұрса, тат басып бүлініп кететіні бойынша байқаған. Темірді көрікте қыздырып балқытқан кезде балқымадан түрлі бұйымдар жасауға болатынын білді. Қатты қызған пышақ, қанжар тәрізді заттарды мұздай сумен суғарғанда қасиетінің жақсаратынын білді.

       Ата-бабаларымыздың өзін коршаған заттар және құбылыстар туралы ой-пікір, түсінігі, пайымы осы тәрізді бағытта қалыптасқаны анық.

       Шәкәрім бабамыз айтуынша дүние тірегі 5 зат бір–біріне айналып, әрекеттесіп (реакцияға түсіп) отырған. Мысалы, ағаш жанғанда от туады, оттан – күл топырақ туады, күлден – темір, темірден су туады деген пікірдің қалыптасуы табиғатта жүретін құбылыстың (реакция) сырын сезгендіктің белгісі. Ертедегі ата-бабаларымыз табиғатпен біте қайнаса тіршілік етіп, табиғатта жүретін реакцияларды сезінді, әлі келгенінше пайдаланды. Ол реакциялар:

• Заттың жануы

• Темірдің тот босуы

• Ашу

• Тері өңдеген кездегі процестер болды.

      Қазіргі замандағыдай химиялық түсінігі болмаса да ертедегі қазақтар реакциялар туралы ой қорытып оның негізін сезінді. Жаңғыш заттардың (ағаш, шүберек, шөп, көмір) жанатынын ол кезде жылу, жарық және түтін бөлетінін білді.  Оттың түтінін де пайдаланады. Жанумен бірге ұзақ уақытқа созылатын баяу тотығу, шіру процесі де жүретінін білді. Қазақтар қоршаған ортада «даму», «өзгеру», «қозғалу», «басқа заттарға айналу», процесі жүріп жатқанда оның өзіне тән заңдылықтары бар екенін адамдар ертеден-ақ сезінгендігі анық. Мысалы, ағаш жанып күлге айналса, оның біраз бөлігі ұшып кетеді, осы кезде жарық пен жылу бөлінеді. Сүт ашып қышқыл айранға айналады. Қайнап тұрған суға түскен тағамдық зат түрін де, дәмін де өзгертеді. Шын мәнінде бұлардың бәрі химиялық құбылыстар екенін ата-бабаларымыз ерте кезден-ақ сезген. Ертедегі қазақтар отты еркше қадірледі, оның көптеген қасиетін білді. Оттың «өмір» екенін оның әрі жарық, әрі жылу бөлетінін ескеріп, отты қорлауға болмайды деп ә түрлі тыйымдар салады. Мысалы: «отқа түкіруге болмайды», «оттан аттауға», «отты кесуге» болмайды.

       Қазақ халқында өте ерте кезден отқа байланысты салт-дәстүрлер қалыптасқан. Олар: жас нәрестені бесікке саларда бесікті отпен аластау, жас келін үйге алғаш енгенде табалдырықтан отқа май құю, ел жайлауға көшкенде, көшті жанған екі от ортасынан өткізу. Ескі қоқыс жарамсыз заттарды өртеп орыру, т.т. бұның бәрі оттың тазартқыштық қасиетін ертедегі ата-бабаларымыздың айқын аңғарғандығы. Отқа қатысты тағы бір ерекшелік: егер отты үрлес, оның жақсы жанатынын білген. Ошақтағы от бықсып жақсы жанбай жатса оны үрлеуі, бір жағынан, отқа табыну болса, екіншіден отты үрлегенде ауадағы оттектің мол келуіне мүмкіндік жасап, оттың жақсы жануына жағдай тудырған. Осыдан келіп ертедегі қазақ ұсталары, теміршілер, зергерлер ұстаханада көрікті кеңінен пайдаланған. Ата-бабаларымыз кен өңдеуде, металл өндіруде, бұйым жасағанда да жану процесіне ерекше мән берген. Ертедегі халық «тот басу» процесі үзбей жүретініне көз жеткізді. Ылғалды жерде қалған темір бұйымның аздан соң сыртқы қызыл-қоңыр түске боялып, мүжіле беретінін байқау қиын емес еді. Темірден жасалынған бұйым ауадағы оттектің әсерінен ылғалды жерге түссе тотығу процесі жүреді.

       Түзілген қызыл-қоңыр түсті «тат» металл бетінен бөлшектеніп түсе беретіндіктен араса ұсақ қуысшылар пайда болды. Сондықтан ол темір бұйым әрі қарай желіне береді. Бұндай тот басқан темірді ата-бабаларымыз пайдаланған. Табиғатта ашу процесі жүреді. Ашу – органикалық заттардың (қантты заттар) тотығу-тотықсыздану процесі. Оның нәтижесінде организмдерге өмір сүруге қажетті энергия бөлінеді. Ашитын заттың құрамына және оның метаболизміне байланысты ашыту нәтижесіне байланысты ертедегі қазақтар ішімдік заттарын (қымыз, шұбат, боза) органикалық қышқылдар (сүт қышқылы) туындылар айран, қатық, ірімшік алған. Ертедегі ата-бабаларымыз сақ заманынан бері қымыз ашытып, айран ұйытқан. Қазақ халқы ашыту процесінің екі түрін игерген. Ол ерте заманнан осы таңға дейін жалғасын тауып келеді. Спирттік ашу. Бұл астық тұқымдастықтар не картоп құрамындағы қантты заттардың ашыту бактериялары нәтижесінде ашу процесінің жүруі. Бұл өте көп реакциялардан тұрады.

       Глюкоза спирт немесе дәндегі крахмал – амилаза ферменті – мальтоза қанты – мальтоза ферменті – глюкоза – глюкоза қанты – зимаза ферменті – этил спирті + СО2 түзіледі. Ертедегі ата-бабаларымыз осы реакцияларды пайдалана отырып қымыз, шұбат, боза ашытқан бұл процесс осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ашу процесін Еуропа халқы Х ғасырда ғана білсе, біздің ата-бабаларымыз сақ, ғұн тайпалары біздің заманымызға дейінгі ғасырдан бастап пайдаланғандығын көшпелілерге саяхат жасаған Г.Рубрук, М.Поло Платини жазып кеткен. Осы тәрізді көшпелі ата- бабаларымыз тұрмысында сүт қышқылдық ашуды да пайдаланып айран, қатық, сүзбе алған. Бұл кезде де химиялық реакия жүреді.

       Қазақ халқының ерте кезден пайда болып келе жатқан кәсіптік ісінің бірі тері өңдеу. Көшпелі тіршілікте өмір сүруіне байланысты үй жануарлардың (жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі) және жабайы аңдардың терісін пайдалана білді. Теріні өңдеп тұрмысына қажетті аяқ киім, тон, ішік, саба, мес, көнек, ер тұрман бұйымдарын жасаған.

     Міне, бұл айтылғандардың барлығы қазақ халқының тіршілік барысында табиғаттың объективті заңдарын, құбылыстарын сезініп, пайымдап, оның негізін түсініп, оны қажетіне байланысты игере білгендігін көрсетеді. Химия мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер химиялық реакциялардың түзілу үдерісі мен олардың жүзеге асу ерекшеліктерін  оқып  тануда қазақ халқының ұлттық дүниетанымын білуі қажет.