Балтабаева Гауһар Саяділқызы,

ф.ғ.к., Қазақ мемлекеттік қыздар

                                                             педагогика  университеті,

қазақ  әдебиеті  кафедрасының

                                                                       доцент м.а.

 

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әңгімесінің көркемдік  көрінісі.

         1991 жылдан бергі жылдардағы қазақ прозасы толымды ізденістермен басталғаны белгілі. Кеңестік саясат тыйымынан ой-пікірі жарық көре алмаған қаламгерлердің бірқатары осы тұста сөз еркіндігін пайдаланды. Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттің дамуының бағдары, міндеттері жайында кең көлемде пікірлесу өріс алды. Ақын-жазушыларға өзі қалаған, жанына жақын  тақырыпқа шығармалар жазу мүмкіндігі туды. Елдің егемендігі мен ұлт мүддесін арқау еткен тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа әдебиет – бұрынғы социалистік реализмнің сыңаржақ шектеулілігінен арылып, дүниежүзілік көркемдік үрдістен тәжірибе жинап, ұлт әдебиетіне ортақ жаңа сапалар, өлшемдер кіргізді. Соның елеулісінің бірі қазіргі қазақ прозасының символикалық сипаты. Біздің басты назар аударатынымыз да бұрыннан бар тәсілдің қазіргі заманғы жаңа болмысты прозадағы өзгеше жаңғыруы мен түрленуі  болмақ.

       Жанат Ахмадидің «Кие» әңгімесінде авторлық ой :

 «Жұтсаң шекеңнен шығатын суық қайнардың ішіне үш бөлтірігін қамап жал-жотасы күдірейген, мойыны бір құшақ, құйрығы жарымынан жоқ, шолақ арлан мен ақшулан қаншық күзетте тұр... Қыс кездерінде қыстауларды торып жүретін шолақ арланды бұл маңның елі, аңшылары «Қызылшолақ» атандырған. Өйткені күдірейген қылшықты жалы, жон-жотасындағы қайратты шуда жүні қар бетінде алыстан көзге түскенде қызғылттанып, құбылып көрінетін. Әсіресе, жал-жотасы қызыл-көк, қалың, ұзын қылшықтарының ұш жағы көк-бөртеленіп, темірдей қарақызыл түске еніп шалынатын» [1.158 б] деп басталатын әңгімеде Қызылшолақты аңшы Адырқұлдың күрең тазысымен қолға тірідей түсіріп алуы суреттеледі. Автордың қасқырлар өміріне, өмірінің сырына қанық екендігі шығарманы оқу барысында қатты аңғарылады. Қасқырлардың тағылық өмірі, хайуанға тән іс әрекеттері кинопонорама тәрізді көз алдыңыздан дәлме-дәл, қанық бояулармен өте шығады. Оқырман көркем мәтін емес, кино көріп отырған тәрізді әсерде қалады. «Жаз бойы жақын маңдағы «көршілердің» малына тиіспей, ат жетпес алыстағы елдің қозы-лағын, Қызылшолақ пен ақшулан көбінесе бірлесіп тасыған. Наурыздың жарымынан көкке оралғанша апанда болған ақшулан іші қатып сабылған жүріске жарағанда арланға қабаттасқан. Жан баласы бармас елсіз, иесіз тау шатқалындағы үш бөлтірік пайда болған апанға екі айға дейін жас төлдердің сырбаз, өлі етін жегізіп тұрған болса одан соң да барынша тірі қозы-лақ тірнектеп әкеп қалың шалғынға бос қоя беретін. Өз аяқтарымен қуалап, өз ауыздарымен ұстап жеуге үйрете бастаған күннен бері үш бөлтірік қашаған қозыны алды-артынан шыға тыраңдап жабыла қуатын болған. Жете алмай бара жатса ана екеуі алдын тосып беретін. Қазақ «адам өлсе де, қойдың соры, туса да қойдың соры» десе, одан басқа жауы аз емес-ті. Бала жасынан көретіні осы еді».  [1.128 б]. Ауыл шетіндегі апанды қасқыр бөлтіріктерімен ұяласы, елдің көне көз қариялары оларға тиісуге, жақын баруға тиым салған. Өйткені бір бөлтірігін жазым етсе немесе алып кетсе қасқырдың арланы мен қаншығы ауыл малына маза бермейтін болған. Ал қасқырлар болса табиғаттың заңдылығы бойынша қанша аштан қалып бара жатса да жақын маңдағы елдің малына тиіспейтін болған. Өйткені қасқырлық, қорқау түйсікпен-ақ жақын ауылдың тышқақ лағын алса да оның өтеуінде бөлтіріктерінің қаны тұрғандығын түсінген. Шығармада Қызылшолақтың ұзақ сонар сөлкек желісіне ілесе алмай, межелі жаққа жетпей-ақ орта жолдағы елдің тобылғы түбінде ұйықтап адасып қалған бір қозысын бас салып өлтіріп қойған кезінде, Қызылшолақ секіріп келіп ашуланып, желкеден қапсыра қауып, анадай жерге бұраң еткізіп лақтырып тастаған. Сол күні өзі басқа жақтан бір қозыны мойнына салып әкеліп әлгі тобылғының маңына тастап кете барған. Қызыл қозы орнына сүйтіп қара қозы төленіп, шаруаның бір төлінің орнын басқанымен, оның енесінің бауыры бос қалғанын хайуандық түйсікпен әрине білген жоқ. Қасқырлар дүниені кезіп жүреді дегеніңізбен олардың өз нәсілінен тараған үйірлерінің белгілі шекаралық мекені болады. Мекен еткен таулары мен жем аулайтын қыстау үңгірлеріне шейін әр қайсы әулет көлем белгілеп алады. Бірінің аймағына бірі ешқашан аяқ басып бармайды. Жазатайым ауып келе қойса, жергілікті мекен иелері ана сырттан кезіп кеп қалған бөтен бөріні жабылып талайды. Тіпті бір жерінен қан көрінсе бітті, жеп те қоятын әдеттері болады екен. Бір кезде Қызылшолақ бекем-мекен етер жер шолып жүріп Көкшұңқырға тап келеді. Бірақ мұндағы кәртең көкжал бөріге апанын оп-оңай бере қоймаған еді. Сол жолы Қызылшолақ құйрығының жарымынан айырылса да, бір апанды жалғыз мекендеген кәрі арланды жылы ұясынан қуып шығып, қаңғыртып жіберген еді.

Қызылшолақтың бақытты шағы – ақшуланмен табысып, кіндігінен ұя өрбітіп, Көкшұңқырдың сай-саласын шулата, ауыл-аула, қарлы, қарағанды далада тайды-тайдай, қойды-қойдай жусататын айла-айбарға толы даңқты күндері-тін. Ж.Ахмади қасқырдың батпақ суды паналап, із жоғалтатын ғажап қулығын, мал атаулыны не шоңқитып, не домалатып түсіретін, ұйымдасып, қуғыншыны шатастыратын ептілік, кейде соңындағыларға қарсы шаба жаздайтын, қырындап төзімін тоздыратын қырқылжыңдығы мен өрлігін романтикалық әрі экзотикалық өрнектермен кестелейді.Сөйткен Қызылшолақ – табиғаттың аясында өз күшіктерін үйретіп жүрген кезінде қапыда қалып, қолға түседі. Қызылшолақ мекенінен, кең көсіліп  шапқан даласынан айырылды,  екі аяқты  пендеге тұтқын болды.

Мақтан үшін тірідей елге көрсетпек болған, Адырқұл оны ұрмай-соқпай атпен сүйреп, қылқындырып жыққаннан кейін аузын мықтап тұмылдырықтап, оның үстінен ноқта жасап ауылға тыртыстыра жетелеп әкелген. Осы бойда ашықтырып, итке талатып, тазыларды ауыздандырып «көзіне көк шыбын үймелетіп өлтірейін» деген Адырқұлдың жоспары арнайы бір себеппен өзгеріп сала берді. Қора алдындағы тіреуге байлап қойып жұртқа көрсеткенде, Қызылшолақтың үлкендігіне таңырқап, жаға ұстамаған адам қалған жоқ. Көзіне көрінген қасқыр атаулыны құтқарып көрмеген  кешегі күрең құмайға да шалдыртпай құтылғаны Жоңғар тауының біртуар арланы екендігінің айғағы болатын.

Сонымен бір кезде  Жоңғар Алатауының сонау Көкшұңқыр қойнауында  иен таудағы апанда «өзі би, өзі қожа» болып, өмір сүрген Қызылшолақтың зоопарк тұтқыны болып тұрғанына жарты жылдай уақыт өткен. Автор зоопарктегі қамауға түскен Қызылшолақтың іс-әрекетінің өзін өзгеше суреттеп кесек бейнелейді. М.Мағауиннің «кейінгі қасқыр – бұрынғы бөрідей бола алмады...» дегеніндей Қызылшолақ өзінің бөрі қалпын сақтап қалған – кейінгі қасқыр. Оны мынадан көруге болады. Қызылшолақ өзінің тектілігін көрсетіп, хайуанаттарды бағып-күтетіндердің берген тамағын кісі көзінше жемейді. Еті бар кесек сүйектерді алдына тастағанда оған көз қиығын ғана салып қойып, мойнын қырыс бұрып жатып алады. Жаратылысынан сонша ашқарақ жыртқыш әшейінде өлгенше күресуге бар тамақ үшін басын да игісі келмейді. Автор Қызылшолақтың қайсар қиқарлығынан нағыз бөріге тән тектілікті көрсеткендей.

«...Желтоқсанның бас кезінде қолға түскеннен бергі алты ай уақыт ішінде жал-жотасындағы  күдірейген қайратты ұзын қылшықтарынан басқа жүндері үрпиіңкі; бүйір тұстары ұйпаланған, тіпті бөксе жағы өлі жүнін тастап, түлей алмай жабағыланған арланның көз жанары ғана әлі жасымағанын білдіріп бал-бұл жанады. Ішкі дүниесі тұтқында екенің мойындатпаған сияқты. Келген кісіге шоқтай жайнаған қызыл-сары көзін  жалғыз рет тастап қадала қалады да, «е, сен байқұс екенсің ғой» дегендей болып қайта назар аудармай қояды. Қырыс, қияс» деп қасқыр мінезін  портрет арқылы берген жазушы Көкшұңқырдай көк мұнар тауын аңсаған көкжал -тұтқынның қамауға көнгісі келмей, тамағы тоқ болса да ыстық қамау жеп қойған арып-аршыған жабағы түрі – табиғаттың өз таразы өлшемі бұзылғандықтан деп пайымдайды. Қызылшолақ бейнесі мен психологиялық параллелизм тұрғысынан осы зоопарктегі аңдар патшасы деп саналатын арыстан мен жолбарыстардың өзімен психологиялық паралеллизмен қатарластыра алады да бір-біріне антитеза формасымен қарсы қояды. Тіпті аң патшасының өзі еш нәрсемен ісі болмай,  «басқа  түссе  баспақшыл» деп бейғам бір алдында жатқан сүйегін еріне қажап қойып, енді бірі қаннен қаперсіз бейқам күн кешіп жатыр. Арыстан мен жолбарыстың осында туған бейқам маубас марғаулары ата-бабасынан бері осында өсіп, осында жасап келе жатқандай. Әкесінің асты-үстіне шығып-түсіп ойнап жүрсе, ал қасқыр атаулының зоопаркте ұйығып, бөлтірік ертіп күшіктегенін көрген кісі бар ма екен деп автор сұрақ қояды. Ұрпағын қасіретке бөлегісі келмегендіктен бе, әлде кекшіл, қайсарлығынан ойынды қойып, ұйығуға да қырыстана ма екен?

           Ал түлкі болса бұл арада аштан өлмесіне көз жеткен соң, тышқан аулап жортып әуре болмайтындығына разы, асығы алшы, есебі түгел немесе көзіңе күлімсіреп қарайтын сияқты деп автор осы үш түз тағысының тас қамауда өздерін қалай ұстайтындарына оқырман назарын салыстырмалы-салғастырмалы түрде өз ойын ортаға салады. Бір кезде тағы болып жүрген үш түз тағысының бейнесі адам өмірі мен табиғат арасындағы байланысты аңдатады. Әңгімеде табиғаттың бұлжымас заңдарын ескермей, оларды адамзаттың өз еркіне бағындырмақ ниетінің қандай ауыр зардаптар әкелетіні терең бейнеленген. Әңгіме астары қасқырдың айуандығы аштан өлмеудің қамынан туса, адамның тағылық әрекеті одан асып түседі дегенді аңғарамыз. Өзінің инстинкті бойынша өмір сүретін қасқырдың табиғатын бұзу мүмкін емес екен.

«Әңгімемізді қасқырға ғана тән тағы бір қасиетпен тәмамдамақпыз. Цирк әртістерінің айтуынша, цирк өнеріне қасқырдан басқа жыртқыш біткеннің бәрін де, тіпті аң патшысы арыстанды да, сонан кейінгі «атаман» жолбарысты да баулуға болады екен. Тек қасқыр ғана адам баласының айтқанына көніп, айдауына жүрмей қойыпты. Расында да, қасқырды көзін ашып, бауырын көтеріп жарытпаған бөлтірік кезінен асырап, қолға үйретуге ниеттенгендер қазақ арасында да ұшырасқан. Алайда ондай жайттардың барлығы дерлік қайғылы жағдай, қанды оқиғамен аяқталып отыр. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Көксерегіне» әлгіндей оқиға өзек болған. Сірә, атам қазақ «Қасқырды қанша асырасаң да, түзге қарап ұлиды» деп тектен-тек айтпаса керек. Иә, қасқырдың аты – қасқыр ...» [2. 25 б].

Мұнан былай қасқыр «қарғыс атқан», «қанқұйлы айуан» болса да өзінің  бөрілік  қалпын  сақтап қалғанын не сақтап қалуға тырысқанын  байқаймыз.. Бөрі-ана түркі аңызында ешбір нәрсеге мойынсұнбай, еркімен ешкімге көнбейді. Сондықтан адам тарапынан жасалатын гуманизмді қабылдамайды, демек адам өзінің дегенін оған істете алмайды. Қолға түскенмен, үйкүшікке ешқашан айналмайтын қасқыр өзінің еркіндігіне, еркіне шек қойғызбайды.

«Оның бұндағы күні күн емес еді. Алды аяңдап, арты желе, тау жебелеп жортатын ежелгі бүлкегіне салып ұзақ-сонар мүсәпір арпалысқа аттанады. Байырғы еркін, азат, абат күнін аңсап іш-өзегі өртеніп кететін тәрізді. Киесі барын ешкім ойламайды». [1. 25 б]. 

Автордың айтып отырған киесі қандай кие? Қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімінде, әдет-ғұрпында киелі жануарлар – жақсылықтың жыршысы, берекенің бастауы, бақыт әкелуші, ырыс-құттың нышаны. Ш.Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде: «Қазақтар киеге үлкен мән береді. ...кейбір жануарлар мен құстар, көшпелі тұрмысқа қажет заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым жорасын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі деп түсінеді. Ал осы кәделерді ұстамау, киелерді құрметтемеу – жоқшылыққа душар етеді. Сондай құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары кесір деп аталады» [3. 302 б] – деп түсініктеме берген. Киелі жануарлар – наным-сенімнің, табиғат туындыларына деген табынудың, оны құрметтеудің, қорғаудың бір көрінісі. Қазақ халқында «киіктің де киесі бар», «иттің иесі болса, қасқырдың тәңірі бар» деген мақал-мәтел – соның айғағы. Киелі жануарларды аулауға, атуға рұқсат етілмейді, оның киесі ұрады, кесіріне жолығасың деп қастерлейді. Киелі жануарлардың кейбірін адам баласы өзінің шыққан тегі деп есептейді. Мысалы, көне түркі халқы көк бөріден шыққанбыз деп, сол жануарға табынады, құрмет тұтады. Ертедегі қазақ қауымы көк бөріні соғыс жорықтарын жеңіске бастайтын жебеуші киесі деп түсінген. Туларына Көк бөрінің басын сызған, көк бөріні ұран ғып шақырған. Төтемдік Көк бөрі әдеттегі қасқыр емес, ол көк аспаннан көк сағым бейнесінде келіп, Көк бөрі бейнесінде көрінетін керемет кие, көк аспанның бөрісі. Көктен келген бөрі деген түсініктен туған. Киелі жануарларды ұрмайды, теппейді, киесі ұрады деп қорыққан.

«Қазақ ертегілерінде алуан түрлі тыйымдар бар, олардың көбісі ежелгі тотемизммен байланысты. Ал, тыйымдардың біразы кейбір жануарларды киелі деп ұғынуға, табиғаттың сұрапыл күштерінен қорқуға байланысты туған болуы керек. Бұл қатарда ақ жылан мен үкіні өлтіруге тыйым салынатынын, ал тыйым бұзылған жағдайда бақытсыздық болатынын айтуға болады. Сол сияқты қасқырдың атын тура атауға болмайды, әйтпесе, ол малға шабады; сондай-ақ, түнде тырнақ алуға, қыздарға таранған уақытында түскен шашатарын кез келген жерге тастай салуға тыйым салу да бар» [4.  б 320-86].

Қызылшолақты құрықпен ұстаған Адырқұлды қасқырдың киесі атады. Осы қасқырды ұстатып сатып жібергелі, оның отбасына жақсылық кірген жоқ. Қызылшолақты хайуанаттар бағына сатқанына бір ай өтпей жатып, өзіндей аңшы болуды армандап жүрген 14 жастағы үлкен ұлы аттан  жығылып, мерт болады. Ал 17 жастағы қызы Зүбәйраны қызыл сиыр сүзіп, майып қылады. «Үйге енгізілгеннен кейін сәл ғана уақытқа есі кірген Зүбән ағыл-тегіл жылап отырған шешесіне көз тастап: -Тәте! ..Саған обал б...бол...ды ғой! Қас...қыр-р! – деді. Он төрт жастағы інісі өлгенде шешесінің «қу, қасқырдың қырсығынан болды... Киесі атты!» дегені есіне келген болса керек». [1. 142 б].

«Қу қасқырдың, киесі атты» – деп секем алған ырымшыл Адырқұлдың түсіне тісін ақситып, ырылдап тұрған көкжал арлан жиі кіретін болды. Енді қолдағы кенже ұлдары 7 жасар Еркеғалиларының амандығын жатпай-тұрмай тілеген Адырқұл Қызылшолақты зоопарктан босатып алады. Автор Қызылшолақтың бейнесін ашу үшін зоопарктың басшысыларына Адырқұлдың әңгімесін айтқызады. Қыста қайтыс болған баласы, былтыр жазда бір жауынды күні жеке қойларын бағып кетеді. Бір кезде бір қойды құйрығы шолақ «овчарка» басып алған екен. Анадайдан көрген бала «кет, кет» деп айқайға басып, жақындап жетіп барады. Сонда ғана ит екен деп таяқпен ұрмақшы болып тұрғанда басын көтеріп, тісін ақсита ырылдап, айбат шегеді. Бала сол кезде ғана оның қасқыр екенін біліп, бақырып қаша жөнеледі. Бірақ қасқыр баланы бас салмайды. Қасқырдың балаға шаппайтындығын көрсете отырып, автордың айтпағы баласына тимеген сол қасқырдың обалына қалып, киесі атты дейді». Жанат Ахмадидің Қызылшолағы – жоғарыда атап өткен Мұхтар Мағауиннің қасқыр бөріге айналғанын, кешегі тектілікті бойына жиған бөрілердің символын береді. «Алғысы ма, қарғысы ма белгісіз,  Адырқұл бір пәледен құтылғандай болып, иығын басқан батпан жүкті Қызылшолақ өзімен бірге ала кеткендей сезінді». [1.  146 б].

Автор шығармасын күз түскен кезде Қызылшолақтың Көкшұңқырдағы апаны қаңырап бос қалды. Апаны көз көрмес бір жаққа ауып кетті деп аяқтайды. Бір кезде кәрі қасқырды қуып шығып иеленген Көкшұңқырдағы апан бұған да опа берген жоқ. Оны жылы орнынан қуалаған бұл болса, бұны ығыстырған өз тағдыры еді деп ой түйдіреді.

Тегінде  адам тағдыры мінез бен әрекеттен жаралады. Өйткені дана қазақ «Адамнан ағат өтпей, Алладан азап жетпейді» дегендей, кей нәрсенің киесіне ұшырап қалмаңыз. Сыртқы дүние сенің пиғыл-әрекетіңе қарай жол ашып береді. Рахатың да, азабың да  өзіңнен табасың. «Жаман қателессе, жолдасынан, жақсы қателессе, өз басынан іздейді» дейді  авторлық таным.

«Ал мен көрген сияқтымын. Бөрінің қасқырға айналғанын емес. Қасқыр атанған бөрінің қайтадан әуелгі – бөрі кейпін тапқанын...» деп жоғарыда айтқан М.Мағауиннің БӨРІСІ өз бейнесін Жанат Ахмадидың Қызылшолағынан тапқандай.

 

                                       Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

1. Ахмади Ж. Зар-заруқа. – Алматы. Өлке. 2001. -158 бет. 8.

2. Ғұбайдуллин Б. Қасқырдың аты қасқыр. // Айқын. №197., 22.10.2009. - 25 б.

3.     Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары // Алтын шаһарға сапар. –Алматы: Атамұра, 2006. -302-б.

4.     Қасқабасов С. Әдебиет пен фольклордың байланысы туралы. //Қазіргі әдебиет және фольклор//. Алматы, 2009.