Жұмабаева Торғын.

                                                        Астана

 

Р. Нұрғалидың  Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеуі хақында

 

         М.Әуезов қазақ әдебиеті ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаламгер. Оның қаламынан  сол уақыттың, қоғамның өзекті мәселелерін көтерген мақалалар,  повесть, романнан  бастап академик Р.Нұрғали тілімен айтқанда «...қазақ халқының ары, намысы, арманы, мәңгілік ғұмыры көрінетін» /1,465/  әйгілі «Абай жолы» эпопеясына  дейін туған. Осы туындысымен қазақ өнерін, қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрі мен салтын, көзқарасын, философиясын, дүниетанымын әлемге танытқан. Қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің асыл мұрасы, жауһары болып танылды.

Бұған қоса отызға жуық пьеса, драмалары тағы бар. Ұлттық драматургия дегенде алдымен есімізге түсетіні  «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Түнгі сарын» сынды кесек туындылар. Оған қоса зерттеушілер мен сыншылардың оң бағасын алған «Тас түлек», «Намыс гвардиясы», «Шекарада» және тағы да басқа драмаларын қосыңыз.   «Қазақ драматургиясының атасы»,  «Әлемдік құбылыс»  деп бағалаған М.Әуезовтың шығармашылығы бүгінгі  күнге дейін жан- жақты зерттелді, оның негізінде  көптеген ғылыми еңбектер, монографиялар жазылды, диссертациялар қорғалды. Ал  Рымғали Нұрғали зерттеуіндегі Әуезов деген мәселеге келсек, алдымен мынаны айтуымыз керек: ғалымның қазақ әдебиеті саласындағы басы ашық, күрделі  мәселелерге арналған зерттеулері өте  көп.  Көптеген жазушылардың, ақындардың туындылары жайлы ғылыми тұжырымдарынан бөлек, ұлттық әдебиеттанудың теориялық мәселелері, поэзия, драматургияға қатысты еңбектері, көркем шығармалары, аудармалары мен сценарийлері де жетіп артылады.  Бірақ солардың ішінде өзі аса  қызығушылықпен қарастырып, көп жыл бойы ыждағаттылықпен зерттеп, тексергені – Әуезов шығармашылығы.  Кеңестік, маркстік-лениндік қағидаға, идеялогияға, ғалымдардың әбден қалыптасқан  пікіріне қайшы келетіндіктен, не басқа да объективтік, субъективтік жағдайларға сәйкес  көп зерттеушілер мен сыншылар   сөз етуге асықпаған  шығармаларды Рымғали Нұрғали алғышқы болып   теориялық тұрғыдан қарастырып, баға берді. Әрі ол пікірін  тек бір әдіснама шеңберінде емес, одан әлдеқайда кең ауқымда алады, еңбектерінде түрлі ағымдардың, тәсілдердің тоғысып барып ортақ жүйеге түсуі бар.

Р.Нұрғали М.Әуезовтың шығармашылығының барлық қырын тұтастай алып қарастырған. Публицистикасы, прозасы мен драматургиялық туындылары авторлық мұрат, кейіпкерлер галереясы,  композициялық құрылымы мен стиль ерекшелігі тұрғысынан пайымдалады. Сондай - ақ жазушының азаматтық, қаламгерлік жолының қалыптасуы мен өсуі, шығарманың айтар ойы мен көркемдік құндылығы да назардан тыс қалмаған. 1967 жылы осы үздіксіз ізденісі «М.Әуезовтың трагедиялары» деген тақырыптағы кандидаттық диссертация ұласты. Әуезов әлемі, Әуезов тақырыбына арналған ғылыми зерттеулері бірнеше көлемді кітаптар болып баспа бетінен жарық көрді. Солардың қатарында ерекше атап өтетініміз «Әуезов және Алаш», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Сырлы сөз.Әдеби сын, зерттеу» және тағы да басқа көптеген монографиялары мен іргелі еңбектер шоғыры бар.

Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орнында қызмет істеп, «М.Әуезовтың шығармашылық ұстаханасы», «Алаш ұранды әдебиет» сияқты арнаулы курстарды енгізді. Оларда мұхтартанудың ғылыми-теориялық негіздері жан-жақты қамтылып, жазушының шеберлігі мен жаңашылдығы, азаматтық, ғалымдық көзқарасы сияқты мәселелер қамтылған. Әрі ғалымның жетекшілігімен қорғалған сан алуан диссертациялық жұмыстардың ішінде Мұхтар Әуезовке, оның алаш  идеясымен қабысып жатқан еңбектері зерттелгендері де бар.

Әуезовтың туындыларын сөз еткенде Р.Нұрғали өзіне дейін айтылған пікірлерді, байламдарды ескере келіп, оны өз ойымен, ғылыми тұжырымымен одан әрі тереңдетіп толықтырған.  Әуезов шығармашылығын әлемдік әдебиет пен мәдениет деңгейінен сөз етеді. Ғалым шығармалардың тақырыбына, өмірлік фактісіне, мәтініне, сюжет желісіне, авторлық жаңашылдық пен оның осы шығарма арқылы жазушылық, ғалымдық келбетінің қаншалықты ашылғанына тоқталады. Оның кейіпкерлерінде халық өкілдерінің шыншыл образы, бейнесі  айқын суреттелгенін айтып берді. Өзге  шығармалармен ұқсастығы мен үндестігіне мән береді, шығарма жазылған кездегі  әлеуметтік-саяси қоғамдық жағдайға, идеологияға тоқталып, оның туындыға тигізген әсері де жайлы ой қозғайды. Ал бірнеше нұсқасы бар я болмаса автордың кейін қайтадан өңдеуінен өткен шығармаларды  зерттегенде оларды  қатар алып, әрбір  өзгерістерке мән береді, өзіндік қортынды жасайды. Шығарманың ұлттық әдебиеттегі орны мен  маңызы, көркемдік дәрежесі де академиктің еңбектерінде қамтылған.

«Трагедия табиғаты» кітабында   «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Түнгі сарын», «Абай»  сияқты шығармаларымен қоса қазақ халқының асыл мұрасы «Еңлік-Кебектің» барлық нұсқасына текстологиялық талдау жасалған. Алғашқыда «Дала уәлаяты» газетінде «Қазақтардың есінен кетпей жүрген біз сөз», «Қазақ тұрмысынан хикая»  деген атаулармен әр жылдары шыққан нұсқасынан бастап, «Еңлік-Кебек» және «Жолсыз жаза»  аталған поэма түріндегі нұсқасын алады. Олардың айырмашылықтары мен ұқсастықтарына тоқталып, М.Әуезовтың неліктен осы шығарма желісімен сахнаға лайықтап пьеса  жазғанын айтады. Осы орайда бұл туындының қазақ даласында театр өнерінің дамуына бастау  болғанын атап өткен дұрыс. Автор болса өзі режиссер, өзі көркемдік жетекші, өзі суфлер болып бірнеше адамның міндетін қатар атқарған.  Ғалым спектакльді қоюдағы  кейбір мәселелерден бастап, актерлер құрамы мен қаһармандар образының неғұрлым ашыла түсуіне ықпал еткен аса маңызды психологиялық сәттерді кешенді түрде қарастырады. Рымғали Нұрғали пьесадағы  билер сахнасына, диалогтарға және  жекелеген сөздердің қолданылуына  аса мән берген. Тіпті пьесаға жасалған рецензиялардан үзінді келтіре отырып, сол шақтағы театр сынының дәрежесі жайлы да бірталай пікірлерін білдірген.

 Кейін Мұхтар Әуезов осы шығармасына қайта оралып, бірқатар көріністерді алып тастаған.  Соңғы нұсқасында Абыз бейнесінің идеялық, эстетикалық салмағын арттырып, бояуын қоюландыра түскен. Алғашқыда Абыз бейнесі көріпкелдігімен ғана есте қалса, енді ол даналықтың, елге ақыл қосар, бәтуа айтар ақылшының кейпінде. Тіпті оған қос ғашықтан да артық   эстетикалық салмақ жүктелген.  Р.Нұрғали бұл өзгеріске мән беріп, оның монологтарындағы терең ой мен қуатты сөздерге тоқталады, үзінді келтіре отырып, өз пайымын нақтылайды. Соңында Мұхтар Әуезовтың драматургия саласындағы бірінші еңбегі «Еңлік-Кебектің» барлық нұсқаларының  жалпы бір бірінен асқан айырмашылығы жоқ,  сюжет өрбуі, басты кейіпкерлері ортақ, негізгі арна бір деп түйеді. Сондай- ақ ғалым кей зерттеушілердің  «Қарагөз» трагедиясында өткенді аңсаушылық, кертартпалық бар, сол қоғамның қатал қағидаларын шектеп тыс бейнелеушілік басым деген пікірін жоққа шығарып, қайта  ескілік, қазақылық сыналатынын айтады. «Драматургтың табан тірер идеясы қалың мал кеселін сынау, сезім азаттығын қуаттау, махаббат бостандығы, бас бостандығын дәріптеу. Бұл шығарманың рухы-сыншылдық» /2,79/  деп көрсетті.

«Адамдық негізі-әйел» деген баспа бетінен шыққан тырнақалды мақаласында автордың жас болса да қоғамдық маңызы бар келелі мәселені көтеріп, оны құр жадағай әйел басындағы ауыр жағдай, бас бостандығы жоқтығы, барлығы қалың малдың кесірі деп үстірт өте шықпай, ананың болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын көрсетуі оның публицистикалық алғырлығы деп таниды. Ой-өрісінің аумағы тар, өйткені өзінің көргені, білгені тек әділетсіздік, өсек-ғайбат, бос тірлік кешкен ана ешқашан баласына адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді дарыта алмайтынын жақсы түсінген. Жас Мұхтардың мұндай  парасатты пікір айтып, елдік, ағартушылық бағытты нұсқайтын мақалалары бірталай.  Қазақ театр өнерін дамытуға және оқу ісіне, кітап басу мәселесіне арналған мақалалары да әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Семинарист Мұхтар, Қоңыр сияқты бүркеншік аттармен баспасөзде жарық көрген мақалаларын жинақтап, бір ізділікке түсірді. Осы тұрғыда Р.Нұрғали Мұхтар Әуезовтың жас шағында  жазған алғашқы  шығармаларының әлі күнге дейін жіті қарастырылып, өз бағасын алмай жатқанын туралы да ой тастайды. 

Сондай - ақ, М.Әуезов публицистикасында Абай ізінің, Абай әсерінің байқалатынын да айтты.  «Сөніп жанудың» бастапқы атауы «Заман еркесі» болғанын, ал «Кінәмшіл бойжеткен» әуелде «Қазақ қызы» деп аталғанын көрсеткен де академик Рымғали Нұрғали. Әуезов түрлі жанрларда өзінің өшпес ізін қалдырған. Тіпті қазақ әдебиетінде кенжелеу қалған, аса дамымаған фантастика жанрына да қалам тербеді. «Дос-Бедел дос», «50 жыл өткен соң» сынды туындылары бар. Дегенмен олар сыншылар тарапынан байыпты түрде зерттеліп, бағаланбай келді. Оның себебі бұл жанрды талдауда басшылыққа алар, негіз болар теориялық ғылыми  еңбектер жоқтың қасы. Демек, Р.Нұрғалидың аталған туындыларды талдаудағы қадамы  қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрын зерделеуде  бірден бір басшылыққа алар еңбек. Зерттеуші аса  көп мәселені айтпаса да, жанрды талдаудың алғышарттарын көрсеткен.

Ол  М.Әуезовтың жазушылық қабілетін, шеберлігінің бастауын былай жіктейді: Біріншіден, ол- ғасырлар бойы жинақталған қазақ халқының әдеби-мәдени қазыналарын жете игерді. Екіншіден халқына сөзімен, жазуымен қызмет етуді өмірлік мақсат етті. Үшіншіден, әлеуметтік аренаға революция заманында шықты. Төртіншіден, әлем әдебиеті, орыс әдебиеті классикасынын сабақ алды. /3,150/ Осы факторлардың барлығы жиылып келгенде сөз өнерінің аса шеберлікпен құйылған мүсініне айналған туындылардың жазылуына әкелді.

Әуезовтың фольклор, эстетика, тарих саласындағы еңбектері Р.Нұрғалидың зерттеуінде одан әрі көркемдік қырлары ашыла түсті. Олардың мәтініне ғылыми теориялық сараптау жасай отырып, жазушы принципін анықтайды. Академик Р.Нұрғали Алаш ұранды әдебиеттің асқақ идеясын танытатын шығармалар деп «Әдебиет тарихы», «Хан Кене» және бірі «Қилы заманды» ерекше атап көрсетеді.  Алғашқыда  зиянды шығарма деп жұртқа таратылмай қойған  1916 жылғы дүрбелеңді реалистік тұрғыдан суреттейтін тарихи туынды «Қилы заманды»  ғылыми дәлдікпен анализ жасап, оқырманға қайта оралтуы  ұлтжандылығын, ғалымның азаматтық келбетін ашатын бірден бір жағдай.  Себебі, бұл зерттеушілер мен  әдебиеттанушылардың ешқайсысы сөз етпеген тың мәселе әрі асқан батылдықты қажет ететін қадам еді. Ғалымның өзінің айтуынша кітапхана, архивтерден әлдеқашан аластатылған бұл кітапты Сапарғали Бегалин көзінің қарашығындай сақтап келген.  Кітапты  сол үйде отырып оқып, ақыры «Қазақ әдебиеті» газетіне    «Қилы заман қандай туынды?» (1967ж) деген мақала жазады. Бұл уақытында Әуезовтанудағы ілгерілеушілік ғана емес, қалыптасқан концепцияны, ғылыми қасаңдықты бұзған, туындыны талдаудың жаңа бір сапалы деңгейге көтерілудің  айқын бастамасы болды. «Қилы заманның ешбір жерінде саяси жаңсақтық, жат сарын жоқ, бұл-патша отаршылығын, қазақ байларының күйкі тірлігін шенеген сыншыл рухтағы шығарма. Әлеуметтік теңсіздікті, көтерілістің объективті себептерін дәл басып көре алмау сияқты автор дүние танымындағы олқылықтар бүкіл шығарманы жоққа шығармайтыны хақ» /4, 69/ деп  жазды.  Роман Жетісу жеріндегі әйгілі Қарқара жәрмеңкесінен басталады. Бірақ қыр қазағы үшін  жыл бойы тосатын осы бір той-думанды суреттеуді  жазушы қысқа қайырған. Негізгі оқиға арнасы солдатқа жігіт бермейміз деп дүрліккен  халыққа ауысып, елге бас болып ақыл айтатын көпті көрген дана қария Жәмеңке  мен Ұзақ батырға келеді. Р.Нұрғали олардың айтқан сөздеріне назар аударып, қазақтың ежелгі шешендік өнеріне тән қасиеттердің мол екенін айтады. Қолында еш қаруы жоқ жігіттер босқа опат болып, қалғаны бас сауғалап түн ортасында қашып кетуі, жәрмеңкеге от қойылуы, ал бай-болыстардың пара беріп бұдан құтылудың  жолын іздеуі сияқты психологиялық сәттерді бейнелеудегі, өлім мен өмір, батырлық, аңғалдық пен қарсы жақтағы озбырлық пен екіжүзділікті реалистікпен көрсетудегі жазушының шеберлігінің жоғары деңгейде екенін көрсетіп береді. Жазушының табиғаттың мың құлпырған көркем сәтін суреттеуінде, кейіпкерлерді сомдаудағы ерекшелігіне, тіл байлығына тоқталады, соңында бұл шығарманың «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің ең көркем туындыларының бірі, Әуезовтің қаламгерлік биікке көтерілуі жолындағы шарқ ұрған ізденістерінің жақсы табысы-көп уақыт жұрт назарынан қақас қалған «Қилы заманды» қалың оқушысының қолына қайта беретін уақыт жеткен секілді» /4,70/ деп қортындылайды. Осы тұста ерекше тоқталар жайт, жоғарыда аталған мақала жарық көрген соң, повесть Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен алдымен орыс тілінде, кейіннен «Жұлдыз» журналында (1974.№8)  қайта жарық көрген. Одан кейін  Н.Ғабдуллин, А.Пантиелев сиқты ғалымдар мақала жазып, ұзақ жылдар бойы саясаттың салдарынан оқырман қолына тимей келген «Қилы заман» туралы пікірлерін білдірді.

Р.Нұрғали Мұхтар Әуезовті А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сынды алаш қайраткерлерінің ізбасары деп біліп, олармен рухани жақын деп біліп, жазушының шығармаларына ғылыми тұжырым жасауда алаш әдебиетімен тұтастықта алып қарастырады. Іргелі еңбегінің бірі «Әуезов және Алаш» кітабында да алдымен алашұранды әдебиет өкілдерінің еңбектерін саралап барып, екінші бөлімі толығымен Әуезовке арналған. Бұл да ғалымның өзгелерден айырмашылығының, алашшыл, ұлтжанды азамат екенінің айқын дәлелі. Қандай да болмасын сөз ететін мәселесінің негізгі арнасы осыған ауысады.

Әуезов жайлы сөз қозғағанда оны тек ғана ұлттық әдебиет теориясы мен тарихы тұрғысынан ғана емес, басқа халықтардың, әлемдік әдебиеттегі озық үлгілермен қатар алып, салыстыра отырып сөз қозғауы оның жан жақтылығының, шетел әдебиетімен жіті таныстығы мен таным,  көкжиегінің кеңдігін көрсетеді.  Мәселен, «Көксеректі» сөз еткенде Э.Сетон-Томпсонның «Венипег қасқыры», «Лобо» әңгімелерімен, Джек Лондонның «Ақазу» романымен  сабақтастырып,  жазушылардың тағылар ортасын, әрекетін  суреттеуіндегі ұқсастықтарын көрсетеді. Бұл  Әуезовтың Э.Томпсон шығармашылығымен таныстығының белгісі деп түсінеді. Ұяластары өлтіріліп, аман қалған жалғыз   күшік көксерек адам қолында өскенімен әуелден ақ еріксіздікте, мойнына шынжыр байланып, ауыл иттерінің қорлығын көріп өседі. Бұдан әрі ол есейіп, біртіндеп жыртқыштықтығы, түз тағысына лайық әрекеттері көрініп, ақырында қойға шапқан қасқырларға қосылып, өзін кішкентайынан бағып-қаққан  Құрмашқа шабуы бәрі -бәрі аса нанымды, жанды  суреттелген. Зерттеуші  осылайша оқиға желісін қысқаша шолып өтіп, ең есте қалар  көрініс –қасқырдың баланың үстіне төніп келе жатқан қорқынышты сәтін бейнелеудегі қаламгердің  көркемдік тәсілін сөз етеді. Оқиға шарықтап барып осы жерде тұйықталатындай болғанымен мұнымен бітпейді, соңғы көрініс кейуана  көксеректі басқа теуіп,   еңіреп жылауы. «жазушының гуманистік идеясын осы орайдан іздеуіміз керек» /1,286/ деген ой айтады. Еңіреп жылаған ананың үкімі осы. «Көксеректе» бір де бір болуы мүмкін емес көрініс не нанымсыз әрекет жоқ. Шығарманың өне бойында тағыға тән қатігездік пен жыртқыштық тұнып тұр, ол әзірге аса байқалмағанымен тек уақытын, сәтін ғана тосып тұрғандай. Кез келген көріністі алсаңыз да нағыз қасқырлардың бойынан ғана табылатын қасиетті көресіз. Ғалым өз зерттеуінде оларға да көңіл аударып, жазушының түрлі бояулар, сан алуан штрихтар арқылы оларды оқырманның көз алдына әкеле білгенін айтады.  Кейбір сәттерді жазушы келте қайыра салуы немесе ықшам сөйлемдер арқылы психологиялық жағдайды ширықтыра түсетініне тоқталады.

Біздің ойымызша, Мұхтар Әуезовтың шығармашылық ұстаханасына үңіліп, ондағы жазушылық шеберліктің тамаша үлгілерін танып-білуде, қаламгердің күрделі сценаларды реалистік тұрғыда жасайтынын дәлелдеуі үлкен еңбектің, қажырлы ізденістің жемісі. Оны ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғали терең теориялық біліммен, түрлі ағымдардың ара жігін дәл ажыратып, әлемдік әдеби дәстүрмен сабақтастыра отырып қараған. «Әуезов әлемі - Шығыстың ежелгі өнері мен Батыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М.Әуезов өнері-қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер» / 1,246/  деп түйді.

Академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ғалым  Рымғали Нұрғали халқымыздың ардақты ұлдарының бірі М.О.Әуезовтың шағын мақалаларынан бастап, роман, эпопеясына дейін қамтып, оларды жүйелі зерттеуде ғылыми мектептің негізін қалады. Ғалымның еңбектерінен М.Әуезовтың әдебиеттану, эстетика, философия, драматургияға қатысты жазған дүниелері  жаңаша қырынан танылып, бұрынғы зерттеушілер айтқан ой тұжырымдар едәуір байытылғаны, арнасының кеңейгені анық.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. –Астана, 2002.

2.     Нұрғали Р. Трагедия табиғаты. Мұхтар Әуезов –драматург.Алматы,1968.

3. Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. –Астана,2005.

4. Нұрғали Р. Сырлы сөз. –Алматы,2000.