791.45.072:37.011.331

 

Қазақстан Республикасы. Тараз қаласы.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

«Мәдениет және өнер» кафедрасы

Куненова П.С.

 

 

Шабыт пен шығармашылық- кәсіби шеберліктің  негізі

 

Адам тұлға болып тумайды, қалыптасады. Адамның дамуы – ішкі және сыртқы жағдайларының әсерлерімен қалыптасатын күрделі, ұзақ мерзімді, қарама-қайшылықты үрдіс. Тұлғаның қалыптасуы мен дамуы үш факторға - тегі, ортасы және тәрбиесіне тығыз байланысты. Өзін қоршаған ортамен қатынасы арқылы адамның табиғи мәні ашылып, жаңа қасиеттері қалыптасады. Тәрбиенің сапасы тәрбиешінің тәрбие жұмысын мақсатты, жүйелі, кәсіби шеберлікпен жүргізуіне байланысты. Адам әлеуметтік жүйеде тәрбиеленіп дамиды, қоғамда болып жатқан іс-әрекеттерге көзқарасы қалыптасады, нығаяды. Тұлға – біртұтас жүйе. Жүйенің басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып жалпы дамыту, еркіндігін қалыптастыру, өз бетінше ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру, жеке қасиеттерін ескеру, басшылыққа алу, әрі қарай ұштау, тұлғалыққа бағыттау.

Шығармашылық бағыттың дамуы адамның өзін тұлға сезінуі мен айналасына өзіндік көзқарасы болуына байланысты. Шығармашылық бағыттың дамуына денсаулығы, психикалық қызметінің дамуы, негізгі шарты – әлеуметтік даму жағдайы негіз болады.

Баланың шығармашылық қасиеті кішкентайынан көріне бастайды, себебі, шығармашылық – бала дамуының қалыпты жағдайы. Алайда шығармашылыққа бейімділік бірте-бірте жоғала бастайды, ол балаға да, қоғамға да кері әсер етеді. Шығармашылықпен тұрақты және саналы айналысатын және өз мүмкіндігін жүзеге асыра алатын адам өмір талабына, өзгермелі еңбек шартына, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге тез бейімделеді.

Болмыс пен өнер адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Сонымен шығармашыл тұлға болу дегеніміз – дүниені тану және жаңарту арқылы тұлғаның болмысқа көзқарасын айқындауы.

«Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығару», «ойлар табу» дегенге саяды. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Философиялық сөздікте «шығармашылық – қайталанбайтын, тарихи қоғамдық мәні бар, жоғары сатыдағы жаңалық ашатын іс-әрекет» деп түсіндіріледі. Көрнекті психолог Л.Выготский «шығармашылық» деп жаңадан ашатын әрекетті атаған.

Шығармашылықпен тұрақты және саналы айналысатын және өз мүмкіндігін жүзеге асыра алатын адам өмір талабына, өзгермелі еңбек шартына, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге тез бейімделеді.

Шығармашыл адам жаңашыл, ізденімпаз болады, өмірі қызық, мақсаттарын жүзеге асыру барысында өз жолын өзі ашып, кедергілерді жеңе алады, үздіксіз алға жылжып отырады. Тұлғаның іс-әрекетінің, мақсатының бағыты тікелей әлеуметтік жағдайға байланысты. Әрбір бөлік бірін-бірі дамытып отырады да, жан-жақты дамыған әлеуметтік тұлғаны қалыптастырады. Ал, шығармашылық бағыттағы адамның қажеттілігі, қызығуы, идеялары мақсаттарын жүйелейді, айқындайды. Шығармашыл тұлға шығармашылық іс-әрекетте болады, іс-әрекеттің барлық түрінде шығармашылықпен дамиды. Балалық кезеңде шығармашылық бағыт оқу-тәрбие үрдісінде тиімді дамиды. Нәтижесінде баланың білімі, белгілі бір қабілеттері артады. Ол әр алуан жолмен, әсіресе, эстетикалық үрдіс ретінде оқушының болмысқа және өнерге көзқарасын қалыптастырады.

Шығармашылық – бүкіл болмыстың, қозғалыстың, дамудың, бір сөзбен айтқанда, тіршіліктің көзі. Қоғам құбылыстарында, жеке адамның, ақыл-санасында, іс-әрекетінде, ішкі жан дүниесінде шығармашылықтың табиғи үрдістері үздіксіз жүріп, белгілі бір жүйемен дамиды.

Адамның шығармашылыққа деген құлшынысы оның өз даралығын, өз қабілеттерін іске асыруына жол ашады. Шығармашылықтың мәнін аша отырып, оның «әрекет» ұғымымен тығыз байланысты екенін анықтауға болады. Шығармашылық және әрекет диалектикалық біртұтастықты құрайды. Әрекет шығармашылықты тудырып, оны нақты болмысқа айналдырса, ал шығармашылық әрекетті реттейді, оның амалдарын, тиімділігін анықтайды. Шығармашылық әрекет арқылы шығармашылық қабілеттер қалыптасады, әрі қарай дамиды. Шығармашылық  іс-әрекетті, соны нәрселер ойлап шығаруда (өнер мен ғылым, жазушылық пен ақындық, өндірісте, ауыл шаруашылығында т.б) ең алдымен көзге түсетіні – адамның барлық қабілеттері, қуат-жігері бірдей шарықтап, самғап көтерілетін кездер болады. Мұны шабыт деп атайды. Бұл шығармашылық қызметтің ең маңызды, ең шешуші кезеңі – ойдың тууы, шығарманың идеясы пайда болуы, ғылыми проблеманың шешуін табу, жаңа ашатын нәрсенің принципін немесе оперативтік жоспардың идеясын белгілеу, көркемдік шығарманың орталық образдарын тауып, ондағы жүректі тербейтін әсерлі сәттермен байланысты болады.

Шығармашылық және әрекет диалектикалық біртұтастықты құрайды. Әрекет шығармашылықты тудырып, оны нақты болмысқа айналдырса, ал шығармашылық әрекетті реттейді, оның амалдарын, тиімділігін анықтайды. Шығармашылық әрекет арқылы шығармашылық қабілеттер қалыптасады, әрі қарай дамиды.

Шығармашылық қабілеттер шығармашылық елес, шығармашылық ойлау арқылы қалыптасады. Ал шығармашылық ойлауға ойдың жылдамдығы, ұшқырлығы, икемділігі, тапқырлығы, дәлдігі жатқызылады. Осылардың барлығы іс-әрекет үстінде туып, дамып отырады. Нәтижесінде, қиял актив, пассив болып шектеледі.

Шығармашылыққа шабыт қажет. Шабыт – мәселенің шешімін табуы, ойдың тууы, жанның эстетикалық ләззат алуы. Шабыт – қиял мен ойдың біріккен жұмысы. Шығармашылық – өте зор, тұрақты, жігерлі еңбек нәтижесі.

«Шабыт – тек іздеген адамға ғана кезігетін қонақ. Жалқау адамға жуымайды». (П.И.Чайковский).

«Өмірі мазмұнды кісінің шығармашылығы да мазмұнды». (Г.Ибсев).

«Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады». (Абай).

Шығармашылық қабілеттің дамуы, оны дамыту жолдары жайында ғалымдар Жүсіп Баласағұн, Әл-Фараби, Абай өз еңбектерінде адамның жеке  басын, қабілеттерін дамытудың жолдарын зерттеген. Оқушы шығармашылығына бағыт-бағдар беруді ең алғаш білім мазмұнына енгізген – Мағжан Жұмабаев.

Шабыт кезінде адамның зейіні шығармашылық іске тұрақтанып, басқа істерден аулақтанады. «Шабыт, - Пушкиннің айтуынша, жанымыздың түрлі әсерлерді белсенді қабылдауға түрлі ұғымдарды аңдауға, демек оларды түсіндіруге ыңғайласуы».

Адамның шабыты келген кезде оның ісінің өте нәтижелі болатын себебі де осы. Шабыт –шығармашылық іске зейін тоқтаумен қабат адамның сезімінің шырқап, тамылжыған кезі.

Шығармашылық заты оятқан сезімдер адамды билеп кетеді. Шабыт – үлкен эмоционалдық шалқудың жоғары көтерілуі. Мұнда да сананың айқын, түсінікті болуы сақталады. Шабыт кезінде айқын көрінетін нағыз өнімді творчестволық үрдістің психологиялық ерекшеліктерінің бірі – қиял мен ойдың біріккен жұмысы. Қиялсыз және қатаң сыншыл ойсыз творчество бола алмайды.

Л.Н.Толстойдың «жазушы бір мезгілдің ішінде әрі ойшыл, әрі суретші және сыншы болуы керек» деуі де осыдан. Нағыз шабыт пайда болып адамды оятатын шақты көп сипаттап айтушының бірі – Чайковский. «Ұдайы жұмыс істеу – деп жазады ол, - нағыз адал ниетті артист көңілі соқпауына салынып, қол қусырып отыра беруіне болмайды. Шабыт жалқау адамның  уысына түспейтін нәрсе. Шабыт тек іздеген адамға ғана кез болатын қонақ. Істің бар тетігі – мен күн сайын таңертеңгі уақытта қандай жағдай болса да нені істеймін деп ойласам,  сол жұмысқа қолайлы жағдай  туғыза аламын»...

 Шабыт – шығармашылық жұмысқа өте қолайлы жағдай. Бірақ ол осы ерен жұмыстың нәтижесінде туады. Шығармашылық – ең алдымен өте зор, тұрақты және қатты жігермен істелетін еңбек.

Шығармашылық әрекеттің өнімді  болуының шарты – еңбекте тұрақтылық және жүйелі түрде үзбей жұмыс істеу болып табылады. Шабыт болмаған кезде де адам өзін билеп, жұмысқа мойымайтын болуы шарт, сөйткенде ғана адамның іске шабыты жиі пайда болуын күтуге болады...

Шабыттың өзі де - адамның жүйелі түрде, үзбей жұмыс істеп үйренудің  нәтижесі. Түптеп келгенде, шабыт - сезімнің арқауы. Ал сезім кірпияз, үркек. «Шабыт шақыру» біздің  сахна өнерімізде көнерген, теріс ұғым. «Іштей ойнау», «шабыттану», «дарын» дейтін сиқыр сөздер К.С.Станиславскийдің зерделеуінше көне заманның таптаурын мектеп үлгісі. Ал, «шабыт шақыру» үрдісі бүтіндей творчестволық мақсат пен әрекеттің бірлескен жемісі. Шығарма идеясынан бастап, орындаушының көңіл – күйіне дейін қамтиды. Әрекет арқауы үлкен мақсаттардың ұзын легінен туындайды. Алайда әрекет арқауы өз бетінше туа салмайды. Оның творчестволық құлшыныс қуаты түпкі мақсаттың  еліктіргіш мүмкіншілігі мен мүддесіне тәуелді. Яғни, әрекет арқауы үлкен мақсаттар легінен азықтанса, күллі процеске түпкі мақсат басшылық етеді. Сайып келгенде, студенттер шығармашылығының шынайы табиғатын оятып, әрекетке қазықтайтын қуатты күш әрекет арқауы мен түпкі мақсат. Негізгі проблема сахна өнерінің алаңында осы  екі үлкен үрдістің тізбегіне ие болған жағдайда ғана шешілетіні ешқандай талас тудырмайды. Сонда ғана көркемдік - сахналық шығарма өзінің толыққанды  табиғи дәрежесіне шынайы шыншылдығына, көркемдік сипатына жауап бере алады. Ең бастысы сахналық шығарма мен білімгер шығармашылығын таптаурындылық, саяздық, құрғақ, жалаң  «плагиаттық өнер» т.б кінәраттардан арашалайды.

Театр өнерінің зертеушісі К.С.Станиславский: «Менің сіздерге беретін кеңесім, негізгі мақсатты жол сілтейтін жұлдыз сияқты пайдалана білуден жалықпаңыздар»-дейді.

Өнер заңы – табиғат заңы. Олай болса, шығармащылықтың қайнар көзі – табиғат. «Табиғаттың  қосып жаратқан дүниесін бөлшектеуге болмайды. Творчество табиғатының бұзуға болмайтын өз заңы, өз шарты, өз талабы бар, біз соларды зерттеп,  түсініп, сақтауға тиіспіз» - дейді К.С.Станиславский.

Ғылым мен өнердің  ұлы қайраткерлері өздерінің шығармашылық ойын көп жылдар ойлап, «пісіріп», осының нәтижесінде құнды шығарма жасай алған. Көркемөнер шығармашылығы, оның ішінде сахна өнері - органикалық творчество саласына жататын күрделі дүние.

Идеалистік эстетика тұжырымына табан тіресек: олардың ұсынған идеясы шығармашылық үрдістің қайнар көзі – рухани өмірдің дербестігі мен тәуелсіздігі еді. Олай болса, сахналық творчество саласында рухани тіршілік пен қимыл-іс тіршілік заңдылықтары категориясы қатар өмір сүреді.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін танып білу, дамыту үшін: 1) балалардың қабілет деңгейі, құрылымы әр алуан болатынын ескеру керек. Оны анықтауға психологиялық тестілер, зерттеу, бақылау, дамыту жұмыстары көмектеседі; 2) әр адамда қабілеттің бірнеше түрі болатынын ескере отырып, баланың жетекші қабілетін анықтап, арнаулы жаттығу жұмыстарын жүргізе білген жөн. Психологтер қабілеттің екі түрлі деңгейін анықтады: а) репродуктивті-іс-әрекетті, білімді берілген үлгіде қабылдауы; б) шығармашылық – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі.

Ғалымдардың айтуынша, әрбір адамның шығармашылық іскерлігінің шыңы әр алуан. Адам, ең алдымен, мамандық таңдайды, кәсіби іс-әрекетке көшеді, кәсіби шеберлікті меңгереді. Сонымен әр адам жеке мүмкіндігіне қарай кәсіби шеберлігінің шыңына жетеді.

Әрбір іскер мұғалім оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға тырысады. Шығармашылық қабілет өзіне деген сенімділігін арттырады. Педагогикалық шеберліктің құрамына мыналар жатады:

-         мәдениетті адам ретінде мұғалімнің жеке қасиеттерінің жоғары деңгейде дамуы;

-         кәсіби-педагогикалық іскерлік;

-         ынтымақтасу педагогикасын, қазіргі оқыту мен тәрбиелеу технологиясын меңгеру;

-         педагогикалық шығармашылық, өзін-өзі дамыту, жүзеге асыру;

-         жоғары педагогикалық нәтижелерге жету.

Шығармашылық пен өнер – егіз ұғымдар. Сондықтан, шығармашылықтың қозғаушы күші – әр алуан өнердің түрі болып табылады.

К.Ушинский «Адамды жан-жақты дамыту эстетикалық тәрбие арқылы жүзеге асырады. Өнер адамды өмірді жете білуге, тануға көмектеседі, әсер етеді» десе, Л.Н.Толстой: «Талант деп аталатын ерекше қасиет басқалар көре, аңғара алмайтын құбылыстарды көре алады» дейді.

Шығармашылықтың түрі әр алуан, мәні біреу – ол жаңа мазмұн жасау. Адам өнер арқылы сұлулықты сезінуге, өмірде де, өнерде де сұлулықты жасауға үйренеді.

Озық педагогика: әрбір бала өзінше талантты, әрқайсысы шығармашыл бола алады. Шығармашыл бала өзінің қабілетін, күш-қуатын, бейімділігін сезіне алады.

Таным үрдісі бір нәрсеге қызығудан басталады, ал қызығу мақсатқа жету қажеттілігіне айналғанда белсенділік оянады. «Көркемөнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» - дейді М.Әуезов. Сондықтан, баланың бойындағы шығармашылық қабілетті ашып, толық қанды тұлға қалыптастыруда өнердің, оның ішінде поэзия, драматургияның орны ерекше. Жастарды шығармашылық өнерге баулу арнаулы курсын жүргізу, студенттерді өзнің ауылы, өз ауданы, өз облысы жайында, өз аймағының шығармашыл адамдарының, ақындары мен жазушыларының өмірін зерттеп, ізденіс жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін үйірме отырыстарында талқылап, баяндап, баспасөз бетінде жариялап отыруға тарту игі жемісін береді. Өзі оқитын топта, ұжымда белсенділік таныту, қала, ауыл, ел өміріне етене араласу, өз пікірін қалыптастыру әсерін әңгімелей жаза білу шығармашылыққа баулудың жаңа технологиясын қалыптастырады. Көркемөнер арқылы шығармашылыққа баулу мақсатын орындау барысында өнер туындыларының эстетикалық қасиеттерін бағалай алу үшін белгілі бір білім жүйесін қалыптастыру керек. Бала, жасөспірім, жеткіншек, студент өнер арқылы әлемді, ортаны, өзін тереңірек сезінеді:

1)     Тәжірибеге қамтылған оқушылардың шығармашылық қабілетін қызығу бағыты мен деңгейін анықтау. Мысалы, оқушы өлең жазатын болса, талап та жоғарырақ болады;

2)     Жеке қабілеттері мен бейімділігін ескере отырып, ұжымдық жұмыста бөлінбеуін қадағалап, сабаққа дайындық барысында әр деңгейдегі жеке тапсырмалар беруді жоспарлау керек. Әр баланың шығармашылық белсенділігін арттыру үшін жүргізілетін жұмыстарды баланы дамыту мақсатында бірін-бірі үздіксіз толықтыратындай етіп жоспарлау қажет;

3)     Қалыптастыру. Бұл кезеңде педагог алдында жинақталған топтардың басын қосып, жоғарғы деңгейде ұйымдастырады. Мысалы, сурет көрмесі, поэзия апталығы, тіл мерекесі т.б.

4)     Қорытынды, нәтижелі кезең. Бұл кезеңде тәрбиеленушілер ұжымдық, шығармашылық жұмыстарын өткізеді. Мысалы, ертеңгі кейіпкерлендіру, тақырыптық шығармашылық кештер ұйымдастыру. Бұл жұмыстарға ең кішкентай балалардан бастап жоғары сынып оқушылары мен студенттер де қатысады. Әр алуан өнердің түріне қабілетті балалар да қатысады, яғни, өнердің жиынтығы күрделі жұмысы орындалады.

Сонымен тәжірибе жұмысы – педагогикалық үрдіс, шығармашылық үрдіс, шығармашылық деңгейлерден тұрады. Шығармашылықтың бірінші деңгейі – педагогтар мен балалардың қарапайым, жайлы, ынтымақтаса қарым-қатынас жасауы арқылы балаларды шығармашылыққа бейімдейді.

Екінші деңгей – жұмыс барысында жоспарлаудан бастап іс-әрекетті тиімді ұйымдастырады. Бұл деңгейде оқу-тәрбие жұмыстарының мазмұны, әдістері мен түрлері таңдалып, іріктеледі.

Үшінші деңгей – эвристикалық. Педагог тәрбиеленушімен таза шығармашылық қарым-қатынаста болады. Педагог шығармашылығының жоғары деңгейі дербестігінен, өзін-өзі жетілдіруден көрінеді.

Төртінші деңгей – айқындау. Педагог пен тәрбиеленушілер өнердің белгілі бір жетекші түрін айқындап, кәсіби күрделі жұмыстармен айналысады.

Өнер арқылы шығармашыл тұлға қалыптастыруда халықтық, көркемдік ұстанымдарды негізгі алу керек, өнер туралы ғылыми білім негізгі мақсатты жүзеге асыратын құрал болуы керек, тәрбиелеуге ерекше мән беру қажет. Шығармашылыққа бағыттау барысында баланың шығармашылық деңгейін анықтап, дамыта жүргізу керек.

Баланың шығармашылық деңгейін қабілетін ашып, баптап, өнердің белгілі бір түріне бейімдек қажет.

Шығармашыл тұлға тәрбиелеуде интерактивті әдістерді қолдану педагогикалық ортаның қалыптасуына әсер етеді.

Тәжірибе барысында шығармашылық бағытта тәрбиеленген баланың қалыптағыдай тәрбиеленген балалардан ерекше болатыны айқындалады.

Себебі, шығармашылық бағытта тәрбиеленген баланың мақсаты айқын, өмірдің әрбір көрінісін сезінуге, сезіндіруге ұмытылады. 

Шығармашыл тұлға үздіксіз жұмыс үстінде. Ол – белсенді, аңғарымды, зерек, білімқұмар, тартымды, қызық жан.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

1.     1. Мәдени-шұғылданымпаздылық педагогикасы: Оқу құралы.-Шымкент.2000.-86 бет.

2.     Камалова Н.К. Той-мерекелік, салт-дәстүрлік әрекеттер: Оқу құралы.- Шымкент, 2002.- 63 бет

3.     Қабдолов З. Сөз өнері: Оқулық. – Алматы:Санат, 2002. – 360 бет.

4.     Камалова Н.К. Той-мерекелік, салт-дәстүрлік әрекеттер: Оқу құралы.- Шымкент, 2002.- 63 бет

5.  «Эстетикалық мәдениет негіздері» С. Әбенбаев  Алматы «Дарын» 2005

6. «Қазақ топырағындағы қалыптасқан ғақылиятты ой кешу үрдістері» Қ. Бейсенов Алматы «Ғылым» 1994

7.           Байсеркенов М. Сахна жэне актер: Оку куралы.- Ана тип, 1993.-336 бет

8.           Мәдени-танымпаздылық педагогикасы.Оку құралы.-Шымкен,2000.-86бет

9.           Станиславский К.С. Моя жизнь в искусстве.-М.:Искусство,1983 .-423с

10.    Жарықбаев. Әдеп және жантану  Атамұра Алматы, 1996

11.    Л.И.Рувинский., С.И.Хохлов Ерік пен мінезді қалай тәрбиелеу керек. Алматы «Мектеп» 1989

12.    С.Әбенбаев Эстетикалық мәдениет негіздері Алматы 2005