А.Қ.Рысбаева, оқытушы

Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы

Алматы, Қазақстан

 

Бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда

 үздіксіз білім беру жүйесінің маңызы

 

Қазіргі кезде үздіксіз білім беру/алу барлық елдерде өзекті мәселе болып отыр. Үздіксіз білім алу мәселесі осы заманғы ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың, саяси және әлеуметтік экономикалық өзгерістердің әсерінен туындаған мәселе. «Халықпен халықты, адаммен адамды теңестіретін нәрсе білім», - деп ұлы жазушымыз М.Әуезов айтқандай, республикамыздың басқа мемлекеттермен экономика, мәдениет саясат жағынантең дәрежеде тұрып, олармен бәсекеге түсе алуы адамдардың білімді де білікті болуын талап етеді.

 «XXI ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда, ол өз мазмұны жөнінен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады және солай болуға тиіс. Елдің даму деңгейі осы арқылы бағаланатын болады»,- деп, Елбасымыз өзінің жолдауында үздіксіз білім алуға ерекше мән беруі, оның даму үрдісін үнемі қадағалап отыруы, оның нақты дәлелі[1].

         «Үздіксіз білім» туралы ұғым өткен ғасырда-ақ атақты француз, поляк, ағылшын, орыс педагогтарының еңбектерінде айтылған болатын. А.Л.Смиттің айтуынша, «...ағарту ісін тек таңдаулыларға ғана арналған институт деп және тек адамның толысу кезеңіндегі қысқа уақытқа қатысты жұмыс деп санамай, білім алуды барлық жандарға арналған іс деп және ол өмір бойы атқарылатын шаруа деп қарастыру қажет»[2]- деген орамды пікірі білім алу өмір бойы екенін аңғартып түрғандай.

  Тұлға бойында іскерлік пен біліктіліктің қалыптасуы оның барлық өмірін қамтуы тиіс. Қалыптасуэкологиялық, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық, психологиялық, педагогикалық және т.с.с. факторлардың әсер етуі нәтижесінде әлеуметтік мәнге ие тұлғаның жетілу үдерісі. Қалыптасу түсінігіне келетін болсақ, ол жеке адам дамуының нәтижесі ретінде оның кемелденуі мен тұрақты сапалар мен қасиеттерді иемденуін білдіреді [3]. Адамның ақыл-ойын, қабілеттерін дамыту арқылы оны бақыт жолына жеткізу мәселесіне бірнеше еңбектер арнаған шығыстың әйгілі ойшылы Әл-Фараби, қабілеттер өзінен-өзі табиғат тудырған қалпында табысқа жеткізе алмайтындығына, оларды бағыттау, тәрбиелеу, дамыту керек екендігіне тоқталған [4].

Ғалымдардың «үздіксіз білім беру – ол адамның бүкіл ғұмыр жолында жеке тұлға ретінде дамып отыруы» деген қағидасы қазіргі кезде өз жалғасын табуда. Үздіксіз білім беру бұл үздіксіз оқыту мен тәрбиелеу емес немесе бекітілген оқу мерзімімен және оқу орнының қабырғасымен шектелмейді, ол – адамға білімнің белгілі бір көлемін беруге,  бағытталған білім түріне ауысу болып табылады. Тек жеке тұлғаға, субьектіге бағытталған білім ғана адамның жылдам өзгеріп жатқан қоғамдық және экономикалық өмір талаптарына сай жауап бере алуын қамтамасыз ете алады.

  Бүгіні таңда заман талабына сай ұлттық білім беру жүйелерінде көптеген өзгерістер болып жатыр, оқу тәсілдерімен құралдарының бүкіл әлемдегі білім жүйесіне ортақ жалпы элементтері қарастырылуда. Осыған орай үздіксіз білім беруде ақпараттық  технологияларды тиімді қолдану арқылы оқытудың маңызы зор. Бұрынғы дәстүрлі білім жүйесінде білім мазмұны, көбіне оқушының сұранысына және қоғамның қажеттілігіне керек емес фактологиялық материалдармен ақпараттардың басымдылығымен сипатталатын болса, үздіксіз білім беру жүйесінде білім мазмұны қоғамның даму мәселелерін алдын ала бейнелеуге және жеке адамның жан-жақты дамуына бағытталған.

         Бұл оқу жүйесі оқытушы рөлінің өзгеруіне себепші болып отыр. Дәстүрлі білім жүйесінде оқытушының міндеті білім алушыға ақпаратты түсінікті түрде жеткізіп, ақпараттық-репродуктивті оқыту тәсілін пайдалану болса, ал үздіксіз білім беруде барлық топ үшін ендігі оқытушы жұмысы -  білім алушылармен  бірігіп әрекет ету тәсілімен оқыту үрдісін ұйымдастыру, кеңес беру, білім алу ісін тікелей басқаруға көмектесу болып табылады. Ал, білім алушы өзінің өмірлік жоспарларымен мақсаттарын іске асыру үшін қандай ақпарат қажет екенін және сол ақпаратты қайдан, қалай алу керектігін өзі шешеді де, оқытушы оған тек көмек көрсетіп, бағыт - бағдар беріп отырады. Мектеп қабырғасындағы оқушылардың алған білімдері жоғарғы оқу орындарындағы кәсіптік дайындық – маманның өз жұмысына деген шеберлігін қалыптастыруға үлкен ықпалын тигізеді. Жоғарғы оқу орындарында студенттердің өзіндік ізденістері үздіксіз білімнің бір бөлігі. Кәсіптік білім – әрбір жанның қызмет саласында өз шеберлігін жетілдіруі, білімін шыңдап отыруы, сондықтан ол өмір бойы үздіксіз жүргізілуі тиіс.

         Егер білім жүйесін жобалау барысында, адамзаттың мәдени байлықтарына әрбір жеке тұлға өзінің субьективті қажеттілігі ретінде қарайтын болса, сонда ғана білімнің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Ендеше үздіксіз білім жеке адамның қабілетіне, бұрынғы алған мамандығына, білім деңгейіне қарамай-ақ жеке ерекшеліктерін ескере отырып, жан-жақты толық дамуына ұмтылуы деп бағаласақ, онда жеке тұлға үшін білім алу процесі тоқталуы мүмкін емес.

Үздіксіз білім алу нәтижесінде білім алушы бірқатар мүмкіндіктерге ие бола алады:

педагогикалық:

-                     өз бетімен білім алу мүмкіндігі;

-                     сапалы білімге қол жеткізуі;

-                     білім алушының танымдық ой-өрісінің дамуы;

-                     қызмет саласында әрбір жанның өз шеберлігін жетілдіруі,

-                     өз мамандықтарын қайта өзгерте алатындай жағдай жасауы;

психологиялық:

-                     жеке адамның қабілет ерекшеліктерін ескере отырып, жан-жақты толық дамуына;

-                     психологиялық кедергілер мен проблемаларды ашу;

-                     ауызша сөйлеу кемшіліктерін жою;

экономикалық:

-                     уақытты тиімді пайдалану;

-                     шығыс көздерін азайту(оқу материалдарына кететін шығын, көлік шығындары, қағаздармен жұмыс жүргізу т.с.с);

Үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі құралы -  виртуалды білім кеңістігін құруға мүмкіндік беріп отырған Интернет жүйесі. Қазіргі кезде көптеген аналитиктердің айтуынша Интернет – ең арзан оқыту құралы болып табылады. Мектептерде, жоғарғы оқу орындарында оқушылар, студенттер телекоммуникациялық жүйені қолдана отырып, электронды пошта арқылы түрлі конференцияларға қатыса алады. Тыңдаушылар мен білім алушылар үздіксіз білім алуда білім беру прцесінің негізін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында өз бетінше Интернет желісінің көмегімен ала алады. Сонымен бірге сапалы білім алу үшін жаңа ақпараттық технологияның құралдарымен жұмыс істей білуі тиіс.

Қоғамды ақпараттандыру жағдайында, қоғамның әрбір мүшесінің ақпараттық мәдениетін қалыптастыруда, үздіксіз білім беру жүйесінің маңызы зор. Үздіксіз білім алу нәтижесінде әр салада әмбебап қызмет ете алатын, білікті, білімді, рухани бай, өз мүмкіндігін жан-жақты көрсете алатын тұлға қалыптасады.

ӘДЕБИЕТТЕР:

1.      Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы орта білім жүйесін ақпараттандыру жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасы.  –Алматы, 22 қыркүйек 1997ж. 3645 Өкім.

2.      Писарев Д.И. Избранные педагогические сочинения. М., 1984.с.290.

3.      Әбиев Ж.Ә., Бабаев С.Б., Құдиярова А.М. Педагогика.  – Алматы: Дарын,2004. –448 б.

4.      Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар.– Алматы: Ғылым, 1975. – 419 б.