П.ғ.к. Албытова Н.П.

Л.Н.Гумилев ат.ЕҰУ, Қазақстан Республикасы

СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

         Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап республикамыздың өзіне тән ұлттық  ерекшеліктерін ескере отырып, сол ерекшеліктерге сай нарықтық қатынастар құруға деген өз жолымызды іздестіріп келе жатқанымыз белгілі. Жаһандану кезеңінде аса күрделі мәселе тәрбиеге қатысты болып отыр. Аса маңызды проблема  – жастар тәрбиесінде ұлттық  дүниетанымға деген көзқарасымыздың оң өзгерістерге бет бұруы. Осы жауапкешілігі мықты саланы тереңірек ойластырып, орынды, әділ шешім таба білуде, халықтың төл мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін қайта жаңғыртуда, дамытуда дұрыс мақсат қоя білу негізгі мәселе.

         Психологиялық еңбектерде кез-келген іс-әрекеттің оң шешімінің табылуы оған деген дұрыс қатынастың болуынан, дұрыс мотивтің тууынан болатындығын айтады [1]. Олай болса, қоғамдағы ұлттық дүниетанымға, тәрбиеге деген көзқарас жастардың бойында ұлттық таным-түсінікке деген қызығушылық пен ынтасын оятады дей аламыз.

         Педагогиканың бірінде «тəрбиенiң негiзгi мақсаты жеке адамды қалыптастыру жəне оның жан-жақты толыққанды дамуын қамтамасыз ету» [2] десе, енді бірінде «жастарды өмір сүруге дайындау» [3] - деп көрсетеді.  Сонда, тәрбиедегі мақсат жан-жақты толыққанды өмір сүре алатын адамды тәрбиелеу деп түйіндеуге боларлық. Ал жаһандану кезінде толыққанды өмір сүру әрбір ұлттық өз даралығын сақтап, нығайта білуінде. Бұл турасында тарихшы, этнолог, пассионарлық этногенез теориясының негізін салушы Л.Н.Гумилев «Өркениеттің ортақ арнасы, дамудың ортақ желісі жоқ. Әркімнің өз жолы, өз бағыты бар» [4,Б.26]. -деп тұжырымдайды. Ал жаңа ұрпаққа жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным бағдарларын анықтауда ғалым «Бұл жағдайда жазу мәдениеті мен кітап басу ісі игілікті рөл атқарады. Адамдар осылар арқылы жетілуге тиіс. Оқып, біліп алғанда ғана бір кезде өздері құлап түскен деңгейге қайта көтеріле алады. Бұлай етпесе, сол түсіп кеткен ордан шыға алмай отыра береді» (28б)-дейді. Бұл турасында Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім тұжырымдамасында: «Өз мәдениеті арқылы өзге мәдениеттерге бағыт ұстанған адам жан-жақты мәдениетті тұлға деп ұғынылады. Төл мәдениетті терең білу ол үшін – басқа мәдениеттерге қызығушылықтың іргетасын қаласа, көп мәдениетпен танысу – рухани баю мен дамудың негізі болады[5]  деп белгіленген. Осыған орай жастар тәрбиесінде С.Қондыбай шығармаларының алатын өзіндік ауқымды орны бар деуде болады. 

         ХХ ғасырдың 80 жылдарында АҚШ-та қолданыла бастаған жаһандану ұғымы елдің ол туралы түсінігін әр түрлі бағытта қалыптастыруда. Посткеңестік мемлекеттердегі экономикалық, саяси реформалар әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың дегуманизациялануына әкеліп соқтырды. Адамдарда құндылық вакуумының қалаптасуынан, дүниетанымның деформациялануынан,  халықтың үлкен топтарында өмірлік бағдарларының рационалистік позициядан тайып кеткенінен көруге болады. Мәселен, «аяғым қайда болса, Отаным сонда» [6, б. 21] дейтін қазақтар  соның айғағы. Сондай-ақ, «космополиттік мемлекет», «космополиттік ұлт», «ғалам азаматы», «дүниежүзі – бір ел» деген түсініктер кең өріс алып келеді.  Әрине, барлық әлем халықтары өзара араласып, ықпалдасып, ортақ мәселелерді шешуге ықылас танытуы бүгінгі күннің қажеттілігінен туындайды. Сондай-ақ оның саяси, экономикалық т.б. жақтары болатындығы белгілі.  Дегенмен  олардың астарын ажыратып, келешегін нақтылау ел егемендігін нығайтудың ажырамас бөлігі.

Талантты ғалым С.Қондыбай (1968-2004): «Уа, Тәңірім! Қазақтың табысынан бұрын намысын қайтарып бере гөр! Тәңірім, қазақты және Қазақстанды жарылқа!» деп, ұлттықты сақтап, тәуелсіздікті баянды ететін  жол – қазақ санасының өлмес архетиптегін ояту, заманында арыстан бабаларымызға қанат бітіріп, ерлікке бастаған «басқа» («мәңгілік қазақ») – «ішкі қазақты» немесе «арғықазақты» тірілту, бүгінде демі үзілуге шақ қалып тұрған, әйтсе де қанымызда өлмей сақталған биік қасиеттерді ояту» [7, б. 7]  екендігін айқындайтын еңбектер жазып қалдырды. Автор бір кітабында қазіргімізді, өздеріміздің кім екендігімізді (яғни мұсылмандағымызды) естен шығармай, өткен заманның ұмыт болған қабаттарының бетін аршып алуға, естен шыққан рухты, киені, ділді, танымды еске түсіруге мүмкіндік беретін мифологияға оралуды ұсынады.

Қазақстан Республикасының рәміздері  еліміздің егемендігін айғақтайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша 2007 жылдың 4-маусымы рәміздер күні болып белгіленді және олардың сипаттамасы, ресми пайдаланылуы,  әркімнің оларды құрметтеуге  міндеттілігі конституциялық заңмен белгіленді. Осындай жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде өзіндік орны бар міндетті шараларды Серікбол Қондыбай мұраларында берілген  ұлттың салт-дәстүрімен, дүниетанымымен сәйкестендіру өте орынды.

С.Қондыбайдың «Жауынгерлік рух кітабы» 4 бөлімнен тұрады. Мұнда бұрын қазақтың беймәлім болған жауынгерлік әскери қару-жарақтары, әскери атақ-атаулары, шен-дәрежелері, ежелгі әскери музыкалық аспаптары, соғыс өнері, әскери айла, ту, елтаңба және олардың түп негізі сөз болады. Ғалым Қазақстан тәуелсіз ел, өз армиясы бар, оның рухани патриоттық ахуалына селқос қарауға болмайтындығын ескертеді. Сондай-ақ бүгінгі әскери киімнің қатардағы жауынгерден бастап, офицерлік құрам мүшелерінің рухани патриоттық ғұрып-рәсімдік комплексінің жұтаңдығы, оның ұлттық дәстүрлерден нәр алмай жатуы, тәуелсіз халықтың күштерінде орыстық-кеңестік әскери терминдердің өзгеріссіз қолдануын сынға алды. Шынайы патриот  С.Қондыбай сынмен шектелмейді, «Бес қаруға қатысты жауынгерлік атаулар», «Қазақтың жауынгерлік Кодексі», «Ту магиясы» турасында терең зерттеулер жасап, оларды арнайы бөлімдерге бөліп жазып қалдырды.

Мысалы, ту турасындағы түсінік ұғымдарға тоқталсақ, «Қазақта «ту қандау» деген әскери ғұрып бар. Жер тағдыры, ел тағдыры сынға түскен шешуші шайқастардың алдында ақ боз атты құрбандыққа шалып, ақ туға оның қанын жаққан » [7, б. 183].  Немесе, «Қазақта туды сүймейді, бұл ғұрып – орыстық-европалық әскери дәстүрден ауып келген. Қазақтікі – туға маңдайын тигізеді... Қазақтар әулиенің басына барып, түнеп, зират еткенде сол әулиенің басындағы ағашқа (бағанға, сырыққа) маңдайын тигізеді.

Туды таңдаулы жауынгер, қолбасшы не арнайы тағайындалған адам ұстаған. Оның арнайы атауы бар, ол  - туғашы. Шайқаста бас қолбасшының туын (бүкіл әскердің туы) ұстауға атақты батырлар тағайындалған. Өйткені туды жауға алдырмай, құлатпай ұстап жүру асқан ерлікті қажет етеді. Қолына жебе тисе де туды ұстап тұрған Байғозы батырдың, өзі өлсе де туды құлатпай ұстап қалған Қазымбет батырдың ерліктері елге аңыз болып қалды. Әскербасыларының байрақтарын ұстап жүрген адамдарды «байрақдар» деп атайды [7, б. 184 ]. 

Егеменді еліміздің туы аспан түстес көк және ол бейбіт ашық аспанды бейнелейді.  Осы көк  түске қатысты көптеген тың деректерді Қондыбай еңбектерінен кездестіреміз. ««Көз», «көк», «көр» және басқа да біраз ұғымдар шығу тегі ортақ болып келеді. ... Ал мен «көк» сөзінің «тек, тамыр, түп, түбір, негіз» деген де мағынаға ие болатындығы жөнінде айтып өттім («көктем», «көктеу» сөздерінің мағынасына да назар аудар); «көк» сөзінің де «көң/көнг» праформасынан бастау алғанын еске түсірсек, осы праформаның да «ұрық», «жеміс тұқымы», «тумақ» деген мағыналарға ие болғандығын, ал праформаның ғалам кіндігі, тоғысу нүктесінің атауы болғандығын  ескерсек, келтірілген мысалдардың «мәңгі» деген сөздің жалғанатындығын көрсетуге болады» - деп, көптеген мысалдар арқылы түсініктеме береді. Бұлар егеменді еліміздің байрағына көк түсті таңдап алуымыз оның мәңгілігіне сенім тудыратындығын білдіретін Қондыбай еңбектерінен табылатын өшпес мұра дей аламыз. Бұл туралы ғалымның өзі «Біздер, қазақтар, өз тәуелсіздігімізді 21 ғасырда да, 22 ғасырда да, одан кейінгі белгісіз келешекте де сақтаймыз деп үміттенеміз» (7,Т.8 Б. 14б)- деген позитивті ой қалдырады.

С.Қондыбай сондай-ақ, қазақтар Алтын орданың юридикалық тұрғыда заңды мұрагері болып табылатындығын  тарихи сабақтастықтар арқылы дәлелдеп, елтаңба туралы геральдикалық түсініктеме береді. Ғалым «Қазақ бүгінде екі емес, үш мәдени кеңістіктің ортасында (қытай-шығыс, орыс-европа, ислам-оңтүстік) қалып отыр, сондықтан қазақ самұрықты елтаңба етер болса, оның басын екеу түгілі үшеу деп те бейнелей алар еді» [7, б. 229] -деп елтаңбадағы символдың бүкіл түркілік өркениетке тән екендігін тарихи деректермен айқындайды. 

Халық санасында ғасырлар бойы сіңген тарихи сана, дәстүр, ойлау жүйесі сыртқы әсерден түгел жойыла қоймайды. Жаһандану заманында таным түсініктеріндегі ұлттық дүниетанымымызды  сақтай отырып, өзгелердің қағидаларын қабылдауға тура келеді. Ал ұлттық санамыз бен ойлау дәстүрімізге орай ұғымдар үлгісін оқып-білу, ой елегінен өткізу, пайдалану  ұлттық қайталанбас рух, намыс, сенім, ерлік т.б. қасиеттерін танып,  жалпы азаматтық түсініктердің дұрыс та нық қалыптасуына өз үлесін қосады. 

Өйткені «кез-келген ұлттың өзіндік ойлау жүйесі, дүниені бейнелеу тәсілдері бар. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің, философияның негізін құрайды. Ойлау жүйесінде сол ұлттың рухани ішкі ерекшелігі, тыныс-тіршілігі, сезім әлемі, адамдардың өзара қарым-қатынасы, құндылықтарды қабылдау мен түсіну формасы өрнектеледі» [8]. С.Қондыбай шығармаларына сүйене отырып, кез-келген обьектінің ішкі заңдылығына мән беру оның мазмұнын ұғынуға, санасы мен сезіміне жетуге жол тауып,  тәрбиеленушінің мінез-құлқында, іс-әрекетінде көрініс табады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Немов Р.С. Психология. М.:ВЛАДОС, 2007.-687с.

2.Əбиев Ж. Ə., Бабаев С. Б., Құдиярова А. М. Педагогика.- Алматы, 2006.

3. Кукушин В.С. Теория и методика воспитательной работы. Ростов н/Д.: МарТ.-2002.

4. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. 1974.

5.Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы. 1996

6. Айталы А. Қазақты намысы қамшыласын.Алматы.-Арыс, 2009.-б.248.

7. Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. Алпамыс ғаламы.Алматы.-Арыс, 2008.-Б.416.

8. Бурбаев Т.Қ. Қазақ менталитетінің қазіргі кездегі даму ерекшеліктері: әлеуметтік-философиялық талдау. Докт.дисс. Астана, 2004.