Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбекке дайындық бағыты бойынша технологиялық мәдениетін қалыптастырудағы оқу жұмыстары

 

Алимбекова Сабира Шереханқызы, п.ғ.к., доцентм.а.

Темірбекова Салтанат Жарқынбекқызы, магистрант

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

 

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің мектептің басқа пән мұғалімдерінен ерекшелігі, оның адам іс-әрекетіне негізделген пәндерді де қатар жүргізуге даярлық көруі. Екінші жағынан алып қарағанда бұл мұғалімнің пәнаралық байланысты жүзеге асыруға дайындықты меңгеруін көрсетеді. Сондықтан да, болашақ бастауыш сынып мұғалімі технологиялық білім, іскерлік және сапалық қасиеттер негіздерін меңгеруі тиіс.

 Технологиялық білім – бұл технологиялық әлемді тану үдерісінің нәтижесі және соған сәйкес ұғымдардың, түсініктердің, талқылаулардың және ой қорытындыларының адамның санасында көрінуі. Оқушылар технологиялық үдеріс, іс-әрекеттің қайта түрлендіруші тәсілдері және т.б. технологиялық ұғымдарды білу қажет. Одан басқа олар материалдық және рухани өндірістің прогрессивті технологиялары және адамның өмірлік іс-әрекетінің негізгі формалары жөнінде түсінікті алуы тиіс.

Технологиялық іскерлік – адамның меңгерілген ғылыми білімдер негізінде қайта түрлендіруші іс-әрекетті игеруі. Оған өзінің іс-әрекетін жоспарлау, оның нәтижесін және тиімділігін, болжау және бағалау, өзбетінше қажетті білімдерді алу, графикалық жұмыстарды орындау, жұмыс орнында және тұрып жатқан ортада дизайн-талдауды жүзеге асыру, өзінің кәсіптік іс-әрекетке тән жарамдылығын анықтау іскерлігі жатады.

Технологиялық басты сапалар – бұл адамның түрлендіруші іс-әрекетін нәтижелі игеру үшін қажетті қасиеттер. Оған шығармашылық белсенділік, жоғары жауапкершілік және тәртіптілік, өзінің кәсіби-технологиялық білім мен іскерлігін ұдайы жетілдіруге деген қажетсінуі сияқты сапалар жатады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдері жоғары оқу орындарында 5В010200 – «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша әзірленген жоғары кәсіптік білім стандарты негізінде даярланады [1]. Аталған мамандықтың білім стандартына сәйкес болашақ мамандар «Бастауыш мектепте еңбекті оқыту теориясы мен технологиясы және практикумы» оқу пәнін зерделейді [2].

«Бастауыш мектепте еңбекті оқыту теориясы мен технологиясы және практикумы» пәнінің мақсаты - болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне «Еңбекке баулуды» оқытудың теориясы мен технологиясынан жүйелі білім беру, сабақ жүргізуге кәсіби даярлау. Осы мақсатты жүзеге асыруда технологиялық мәдениетке қатысты атқарылатын міндеттердің бірегейі: техникалық, тұрмыстық, қоғамға пайдалы еңбекке баулудың технологиялық негіздерін және әр түрлі материалдарды көркемдік өңдеудің технологиялары мен практикалық қолданылуын үйрету; дизайнды оқытудың теориялық негіздерін беру.

Пән бойынша еңбек дайындығы бойынша технологиялық мәдениетке студент дайындығына қойылатын талаптар: техникалық еңбек, көркем еңбек, тұрмыстық еңбек технологиясын; дизайн негіздері, еңбек құралдары мен жұмыста пайдаланатын материалдардың қасиеті, қауіпсіздік техникасы мен санитарлық-гигеналық талаптарды білуі тиіс. Сондай-ақ, түрлі материалдармен және еңбек құралдарымен жұмыс жасауды; сабақта қолданылатын көрнекіліктерді жасауды үйренуі тиіс.

Пәнді оқытуда теориялық, практикалық әдіс, түрлі материалдармен жұмыс, бақылау, салыстыру, көрнекілік әдіс, үлгі көрсету, түсіндіру т.б. әдіс-тәсілдер пайдалану ұсынылады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбекке дайындық бағыты бойынша технологиялық мәдениетін, оның ішінде технологиялық білімдер қалыптастыру үшін төмендегідей тақырыптар бойынша оқу жұмыстарын, оның ішінде лекция оқу өз нәтижесін береді.

1. Материалдар мен еңбек әрекетіне сипаттама беру, бұйымдар жасау технологиясы.

2. Халықтық сәнді-қолданбалы өнер (көркем еңбек).

3. Тұрмыстық еңбек.

Аталған тақырыптарды зерделеу студенттерге технологиялық білім негіздерін ұғындыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұнда проблемалы баяндау лекциясын оқу студенттің белсенділігін қамтамасыз етеді.

Пән бойынша оқылатын лекциялар болашақ мамандарға пән бойынша «нені білуі тиіс» талаптарын қанағаттандыруға бағытталады.

Еңбекке баулуда технологиялық іс-әрекеттерді қалыптастыруда төмендегідей тақырыптарды атап көрсетуге болады. Практикалық (семинарлық) сабақтың күнтізбелік-тақырыптық жоспары бойынша:

1. Қағаз және қатырмақағазбен жұмыс түрлері.

2. Тоқыма материалдармен жұмыс жасау.

3. Техникалық үлгілеу.

4. Папье-маше жасау техникасы.

5. Сабаннан жасалынған ойыншықтар

6. Ермексаз және сазбалшықпен жүргізілетін сабақтардың ерекшеліктері.

7. Фольга мен қаңылтырдан бұйымдар дайындау.

8. Сәнді-қолданбалы өнер түрлері.

9. Тұрмыстық еңбекті ұйымдастыру.

10. Қоғамға пайдалы еңбек түрлері.

Бұл тақырыптар бойынша практикалық жұмыстарды орындауда студенттер жалпы мәдениетке тән төмендегідей белгілерді орындайды немесе өз басынан өткереді: іс-әрекетті ұйымдастыру түрлерін; өзінің практикалық іс-әрекет жасай алу үдерісін; өзінің шығармашылық күші мен қабілетін; материалдық - рухани игіліктер жасау үдерісін, т.б.

Әрбір материалдан бұйым немесе бөлшек жасауда төмендегідей еңбек мәдениетін бастан өткереді және жүзеге асырады:

- жұмыс орнын дұрыс ұйымдастырады және оны тазалықта ұстайды;

- жұмыстағы технологиялық тәртіпті сақтайды;

- жұмысты жоспарлайды;

- жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігі ережелерін және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтайды;

- меншікке (сипатына байланыссыз) ұқыпты қатынас жасайды;

- өзінің жұмыс уақытын, материалдарды, электр энергиясын үнемді жұмсайды және пайдаланады;

- еңбек тәртібін, шеберханадағы ішкі ережені сақтайды.

Бұл аталған еңбек мәдениеті көрсеткіштері студенттен «нені орындауы тиіс» талап тұрғысынан қадағаланады.

Пән бойынша студенттер жасайтын бұйымдар еңбекке баулу жүйесіне сәйкес орындалады. Олар төмендегідей болады.

1. Операциялық-заттық жүйе. Болашақ студенттер бұл жағдайда алдымен бұйым (бөлшек) дайындау үшін технологиялық операцияларды дұрыс орындауды терең меңгереді. Екінші кезекте толықтай бұйым дайындауға көшеді. Бұл негізінен практикалық тұрғыдан еңбек іскерліктері жоқ немесе жаңа еңбек операциясын үйрену жағдайында орын алады.

2. Конструкторлық-технологиялық жүйе. Студенттерге өздері жасайтын бұйымның технологиялық картасы ұсынылады және оны болашақ маман танып білу негізінде ұғынады. Осыдан кейін барып практикалық тұрғыдан технологиялық операцияларды орындай отырып, толықтай жұмысты аяқтайды.

 3. Шығармашылық конструкторлық-технологиялық жүйе. Бұл жағдайда студенттерге шығармашылықпен жұмыс жасау мүмкіндігі беріледі. Алдымен студенттер болашақ бұйым үлгісін әзірлеп, оның технологиялық картасын дайындайды және соған сәйкес толықтай бұйым (бөлшек) дайындауды жүзеге асырады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін еңбек іс-әрекетіне баулу жоғары оқу орындары оқытушыларына байланысты жүзеге асырылады. Алғашқы тақырыптар бойынша еңбек обьектілерін даярлауда операциялық-затты жүйе қолданылса, студенттердің еңбек іскерліктерін игеруге сәйкес кейінгі тақырыптарда конструкторлық-технологиялық жүйе қолданылуы орынды болу мүмкін. Ал, кейбір студенттер үшін шығармашылық конструкторлық-шығармашылық жүйе негізінде практикалық жұмыстар ұйымдастыру орынды болады.

Оқытушының басшылығымен орындайтын студенттің өзіндік жұмыстары барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдері технологиялық мәдениетке тән төмендегідей тақырыптар бойынша практикалық іс-әрекеттерді орындайды:

1. Түрлі материалдармен жұмыс жасау технологиясы (студент пен оқытушының қарастыруына сәйкес).

2. Қазақтың сәнді қолөнері сабақтарының ерекшеліктері.

3. Табиғи материалдармен жүргізілетін сабақ.

Аталған пән мазмұнындағы «практикум» сөз тіркесі «жаттықтыру сабағы» деген түсінік беретіндіктен, болашақ бастауыш сынып мұғалімдері сабақ барысында оқушылар жасайтын бұйым немесе бөлшекті өздері жасап көреді [3]. Бұл біріншіден сабақ барысында оқушылардың қателіктер жасауы мүмкін сәттерді анықтауға, екіншіден оқушы уақытын дұрыс мөлшерлеуді анықтауға мүмкіндік береді.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдері студенттің өзіндік жұмысы бойынша технологиялық мәдениетке тән төмендегідей тақырыптар бойынша практикалық жұмыстар орындайды:

1. Матамен жұмыс. Тігістің түрлері.

2. Оқушыларды политехникалық еңбекке даярлау.

3. Тоқыма материалдармен жұмыс.

4. Табиғи материалдармен жұмыс істеу ерекшеліктері.

5. Қауіпсіздік техникасының ережелері.

6. Еңбекке баулу сабақтарындағы шығармашылық жұмыс түрлері.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің технологиялық мәдениетін еңбекке баулу пәні мазмұнындағы «Қағазбен және картонмен жұмыс істеу» тақырыбына сәйкес төмендегі етіп оқу материалдарына сәйкес көрсетуге болады:

- материалтану оқу материалдары;

- графикалық (бейнелеу) мәдениеті;

- техника, құрал-жабдықтар, біріктіретін материалдар;

- технологиялық іс-әрекеттер;

- ұйымдастыру іс-әрекеттері;

- экономикалық білім элементтері;

- экологиялық білім элементтері бойынша.

Әрбір еңбек обьектісін даярлауда болашақ бастауыш сынып мұғалімдері технологиялық білім, іскерліктерді игерумен қатар, технологиялық сапаға тән жеке тұлғалық қасиеттерді жинақтайды. Олардың қатарынан: қол координациясы, ұқыптылық, шыдамдылық, көру есі, т.б. қасиеттерді көруге болады.

Бұл аталған қасиеттер болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің технологиялық мәдениетін құраушы сапаларды құрайды. Сонымен, жоғарыда аталған пән мазұнын зерделеудегі оқу жұмыстары (лекция, практикалық сабақтар, ОБСӨЖ, СӨЖ) болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінде еңбекке дайындық бағыты бойынша (тақырыптарға сәйкес) технологиялық мәдениетті қалыптастыруға толықтай негіз қалайды деп білеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1 5В010200 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы ҚР МЖМБС  (ҚР МЖМБС 6.08.012-2009). Астана, 2009. 24 б.

2 «Бастауыш мектепте еңбекті оқыту теориясы мен технологиясы және практикумы» пәнінің типтік оқу бағдарламасы. Алматы: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті. 2006. -6 б.

3 Күнпейіс Ж. «Еңбекке баулу» пәнін оқыту әдістемесі (1-4 сынып). -Алматы  «Дарын» 2005. – 256 б.