Білім беру бағытындағы кәсіби бағдар берудің қажеттілігі

 

Батырова А.Т.  магистр-оқытушы

Орынбасарова Г.  АКБ–013 тобының студенті

 

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

 

Қоғамның әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресі қарқынды дамып отырған заманда адамның интеллектуалдық еңбек үлесі өсіп, білім деңгейіне және әрбір жеке тұлғаның шығармашылық даралығының дамуы мен кәсіби бағыттылығына қойылатын талаптар арта түсуде.

Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Осымен қатар кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы болып табылады.

Білім беру бағытындағы кәсіби бағыт беру саласы күрделі де алуан түрлі. Кәсіби бағдар беру ісін жүргізу кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты. Мектепте кәсіби бағдар беру оқу-тәрбие үрдісінің құрамды бөлігі ретінде қаралады.

   Кәсіби бағдар беру проблемасы әдістері жөнінен - педагогикалық, мазмұны жөнінен - әлеуметтік, қорытындысы жөнінен - экономикалық, масштабы (көлемі) жөнінен - мемлекеттік болып табылады.

Жалпы білім беретін мектептердегі кәсіби бағдар беру жүйесінде кәсіптік бағыттылықты қалыптастырудың адами алғышарттары жоғары сыныптарда туындайды. Олардың бойында танымдық қызығушылық дами отырып, жеке мәнді мақсат қою талабы, кәсіби мүддесі пайда бола бастайды. Алайда, көптеген мектеп түлектері өзін-өзі және таңдаған мамандығын өз деңгейінде біле бермейді. Соңғы кездерде жастар арасында ғылыми қызмет беделі төмендеп, педагогикалық, инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылықтары баяу өсуде. Мұндай құбылыстарды жою үшін ерекше педагогикалық тәсілдер, жұмыстың мазмұнды және құқықты формалары қажет болып отыр.

ҚР «Білім туралы» заңына және Заңнамалық актілерге сәйкес тәрбие жұмысының ортасына әрбір адам қоғам пайдасына адал қызмет етуге, терең түсінуге және дайындықты ой немесе дене еңбегін қалыптастыруды алға қояды. Демек, еңбек тәрбиесі адам дамуында шешуші рөл атқарады. Еңбек – қоғамның материалдық немесе рухани байлығының негізгі қайнар көзі, адамның әлеуметтік абыройының басты шарты, оның асыл міндеті, тұлға тәрбиесінің ірге тасы.

Білім беру жүйесі бұдан әрі де адал, жоғары өнімділік еңбектің абыройын асқақтатуға, жұмыстағы шығармашылық пен ой бөлісуді дамытуға, еңбекке деген жағымды қатынастардың бастамаларын нығайтуға басымдық береді. Аталған мәселенің өмірге тәжірибелік тұрғыдан енуі жастармен жүргізілетін кәсіби бағдар беретін жұмыста сапалы түрде алға жылжуды қажет етеді.

Соңғы кездерде кәсіби бағдар беру жұмыстары қажетті теориялық және тәжірибе деңгейде жүргізілмейді және де еңбектің іс-әрекет саласына аяқ басқан жастарға заманауи қоғам қоятын міндеттерге жауап бере алмайды. Атап айтар болсақ, осы кезге дейін орта мектепті бітіретін ұлдар мен қыздардың көпшілігінің таңдаған мамандықтары олардың мүмкіндіктері мен ынтасына сәйкес келмейді, олар еңбектің заманауи түрлері туралы толық түсіне бермейді. Мектеп бітірушілерінің өзіндік өмірлік жоспарлары, олардың кәсіби идеалдары өте сирек халық шаруашылығына қажетті кадрларға қарама-қайшы келеді. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің бөлінуінде үйлеспеушіліктер туады, мемлекеттің еңбек ресурстарын басқару қиындайды.

Жастардың кәсіби бағыттылығының қалыптасу процесі жалпы бағыттылықтың бір бөлшегі ретінде күрделі көп деңгейлі, көптеген әлеуметтік және жеке факторлар мен шарттарға бағынышты процесс. Зерттеуші П.А.Шавир бұл процесс субъектінің қызметі мен оны кәсіби бағдарлар факторларымен байланысын іске асыратынын дәлелдеді. Өз-өзін танудың психологиялық алғышарттары кәсіби бағыттылық компоненттері деп санайды.

Кәсіби бағыттылық дегеніміз – адам бағыттылығының бір бөлшегі, оның ерекше формасы. Кәсіби бағыттылық жалпы бағыттылық аясында қалыптасады және адамның дамуына қарай оның құрылымында мәнді, жетекші орын алады.

Жастардың кәсіби бағыттылығына түрткі болатын компоненті ретінде олардың танымдық қызығушылығы, кәсіпке қызығуы, белгілі бір іс-әрекет түріне бейімділігі, мамандықты таңдау мотиві, мақсаттық компоненті ретінде – кәсіби құштарлық, ол мақсат қою және соған сәйкес құрал, жеткіншек осылардың көмегімен кәсіби мақсатына жетеді.

Білім беру бағытындағы кәсіби бағдар беру мынадай талапқа жауап беруі тиіс: біріншіден, оқушыларды мектептер мен оқу-өндірістік комбинаттарының, кәсіптік-техникалық училищелердің мамандықты саналы таңдауға даярлаудағы тәрбие жұмыстарының мақсаттары мен міндеттері және мазмұны органикалық байланыста болуын және бұл жұмыстарды іске асырудың құралдары және әдістерімен қамтамасыз етуі керек; екіншіден, ол жүйе бір класта жүргізілетін кейбір тәрбие істері мен оқушылардың жеке қызметін ғана байланыстырмай, ондай байланысты бүкіл мектеп бойынша қамтамасыз етуге тиіс; үшіншіден, ол мектептер мен  оқу-өндірістік комбинаттарының, кәсіптік-техникалық училищелердің бүкіл кәсіптік бағдар беру жұмыстарын нақты ұйымдастыруға міндетті; төртіншіден, кәсіптік бағдар беру жүйесі оқушылардың мамандықты саналы таңдауға дайындығын қалыптастыруы керек.

 Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі жоғары білімді талап ететін мамандықтарды алуға талпынып жатады. Соңғы кездерде Республикамызда жоғары оқу орын жүйесі даралана түсіп, мамандық иелері сұрыпталуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына түсушілер қатары көбейе түсуде.

Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы бағыттай білу.

Адамның белгілі бір әрекетке бейімделуіне негіз болатын факторлар бөлігіне мыналар кіреді:

-  азаматтық қасиеті;

-  еңбекке деген қарым-қатынасы, мамандыққа қызығуы;

-  тұлғаның кәсіби еңбек бағыттылығы;

-  дене және ақыл-ой өрісінің жарамдылығы;

-  арнайы қабілеттері (белгілі бір іс-әрекетіне қажетті сапалар);

-  білім, дағды, тәжірибе.

Әрбір оқушының сана-сезімі, мінез-құлқы, мәдениеті, өмірге көзқарасы, әртүрлі мамандықтардың ерекшелік сипаттарына қабілеттері бірдей бола бермейді. Олардың өзіндік ерекшелігі - тәрбиесіне, шыққан ортасына да байланысты. Белгілі педагог-ғалым А.Құсайынов алдыңғы қатарлы дамыған елдердің (Америка, Германия, Жапония, Франция, Нидерландия, Англия, Канада) жалпы білім беру жүйесіне талдау жасай келіп, «бұл елдерде 7-сыныптан бастап саралап білім беру іске асырылып, оқушылардың өздеріне таңдау мүмкіндігі беріледі. Әрбір оқушы өз қабілеті мен қызығушылығына қарай өзінің білімін дамыту жобасын жасайды. 10-сыныптан бастап міндетті пәндер көлемі азайып, профильдік және оқушылардың өздері таңдаған пәндер көлемі көбейеді» - дейді. Демек, ол елдерде жоғары дамуға негіз болып отырған, бір-біріне соншалықты жақын әрі қатаң бірыңғай кәсіби бағдарлы білім беру жүзеге асырылады.

Қазіргі кезеңдегі оқытудың негізгі мақсаты – болашақ мамандығына байланысты әрбір балаға тереңірек білім беру, білімді өзгермелі өмір жағдайларына пайдалана білу дағдысын қалыптастыру. Сондықтан қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі - әлеуметтік-экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік, кәсіби сауаттылық.

  Осы орайда жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың тұжырымдамасының негізгі бағыты баланы жан-жақты дамытуымен бірге жеке және жас ерекшелігіне қарай қоғамдағы өзгерістерге бейім даму мүмкіндігін айқындауды қарастырады.

Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Өз кәсібін дұрыс таңдай білген оқушы оған әр уақытта шығармашылықпен, жауапкершілікпен қарап, қабілеті мен бейімділігі белгілі бір кәсіп саласына сай қалыптасқанда ғана сапалы маман болатыны белгілі жайт.

Қорыта айтқанда, жастардың қоғамдық сұраныстарға жауап беретін мамандықтарды таңдауына бағыт беру – қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі. Ол үшін мынадай нәрселер қажет:

-  оқушылардың бойында ішкі психологиялық-әлеуметтік мәнділікті реттейтін қызмет түрлерін тәрбиелеу;

-  түрлі еңбек қызметтері мен сыйластық қатынастарын тәрбиелеу;

-  кәсіпті өз бетінше, саналы түрде таңдай білу.

Сонымен, ХХІ ғасырды білімділер ғасыры десек, ғылым мен білім саласында еңбек ететін жастарымыздың алдында үлкен жауапкершіліктер тұр. Демек, сол жастарға кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына бағдар беру – басты мақсатымызға айналуы тиіс. 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.                     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы. Алматы 2001ж.

2.                     Ә.Мүсілімов, А.Сиымова. Кәсіптік бағдар берудегі мектептен тыс жұмыстардың түрлері. // Жоғары мектеп, №2, 91-б.

3.                     З.Әділшынова. Кәсіби құндылық бағдарды қалыптастыру. // Қазақстан мектебі. №10, 12-б.

4.                     Баширова Ж.О. Оқушылардың өнімді еңбегі және кәсіптік бағдар. Алматы, 1986. 34-б.

5.                     Сазонов А.Д., Симоненко В.Д., Аванесов В.Д., Бухалов В.И. Профессиональная ориентация учащихся. М., 1988.

1986. 78-б.