Рахманова Н.М.

Қазақстан Республикасы

Алматы қаласы, ҚазМемҚызПУ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ  АДАМДЫҚ  ҚАСИЕТТЕР

       Бір отбасының тыныс-тіршілігін суреттей отырып, қазақ қоғамының бетін бағамдатқан,  мәңгілік тақырып адам болып қалудың қиындығын қозғаған М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» трагедиясы жазылумен бірге қазақ драматургиясына жаңа бір леп келді. Пьеса «ананы іздеу, аңсау» сарынымен басталады.Анасының қадірін тіршілікте бағалай алмағанына мұңданған Дәмеш «Іс тапсырса, жүз айтқызбай істемеуші едік» десе, келіні Күләш «Неге отымен кіріп, күлімен шықпадым екен? Неге батасын ала бермедім?» деп өкінеді. Автор тірлікте ананың қадірін асқақтатуды аңсағандай. Жеңге мен қайынсіңілінің  екеуара әңгімесінен аналарының өліміне себепші адам аңғарылады.Дәмеш «Апамды осының қайғысы алып жеді ғой... Тоқалдың қулығын кісі сезе ме? Апамды, әсіресе күйдіргені - екі-үш жылдан бергі сатылған малдың бар ақшасы тоқалдың қолына жиылғандығы ғой. «Бәйбішенің балалары енші алғанда, малды көп алып кетеді. Осы күннен өз бетіме мал жиям» деп, базаршылар әкелген ақшаны ағамның қолынан жұлып алып сандығына салыпты ғой!»[1.52].

      Жазушы дүние үшін күрес адамды небір аярлыққа итермелейтінін Қайша бейнесі арқылы көрсетеді.Дүниеқоңыздығы оянып нәпсі билеген Қайшаның бәйбіше өлгеннен кейінгі жоспары «байды да, баланы да, дүниені де билеу». Осы мақсатта оның жаны да, тәні де бөлшектенбей дүниеге, ақшаға жұмыс істейді. Бұрын тоқал аты болса да күң есебінде ұсталып, талай есесі кеткен Қайша аласұрып жүріп, Есендік көңілін өзіне аударарып алғаннан кейін жағдайын жақсартып, маңайына сөзін өткізе бастайды. Бәйбіше өлгеннен кейінгі Қайша  қылығы мен мінезінің жаңа қырларын суреттеу арқылы автор дүние үшін кектенген адамның дүние жолында  ойы шатасатынын онан әрі жауыздыққа қалай барғанын өзі де білмей қалатынын аңғартады. Қайшаның құрған торына айналасы шырмала түседі, Есендік оның аяр айласының қалай құрбаны  болғанын сезбей де қалады. Бәйбішенің қырқы өтпей жатып, үй ішіндегі даулы сызат ұлғая түседі. Адами жолмен өлімнің артын сыйлау дәстүрін бір үйлі жан да, айналасы да ұмытқандай. Пьесадағы көңіл-күй суреттері адамдық қасиеттердің өмірдің қиын қыстау сәттерінде қалай өзгеретінін бағамдатады. Аналары қайтыс болып, әкенің қамқорлығы жетімсіз болған бәйбіше балалары торығушылық күйде. Отбасын ымыраға шақыру Есендіктің ойында да жоқ. Оның шешімді сөзін пьеса аяқталғанша көрермен естімейді.Ол мұрнының астындағыны көрмей, көзі байланып, пенделікке ұрынған жан. Екі әйелден тараған балаларының дүние үшін қырқысы Әбділдә мен Бейсембі текетірестеріне азық боларын сезсе де, аталы сөзді ұстанбай, жігерсіздік танытады. Сол жігерсіздікті дүние, мансап жолында айналасы ұтымды пайдаланады.

      Пьесадағы негізгі оқиға жүйесіне арамдығы мен іштарлығы арқау болған Қайшаның өзімшілдігі мен меншік құмар қулық-сұмдығы барған сайын ушығып, бәйбіше балалары мен тоқал жақтастарының қақтығысы күшейе түседі. Қайшаның есі-дерті - кек алу.              Пьесада психологиялық иірімдер көп. Қайшаның арандатуымен балаларын ұрған Есендіктің қолындағы шоқпардың ұшы өзінің басына тиіп, енді «бәйбіше балалары әкеге қол көтерді» деген жаман атқа қалады.  Жаны жаралы бәйбіше балалары Қайша қаныпезерлігінің алдында шарасыз.  Қалауы қанбайтын нәпсі түйсігі пьеса кейіпкерлерін бәсеке мен текетіреске бастайды.  Қылмысқа түрткі болатын психология да осы нәпсінің, дүниеқоңыздықтың шырмауынан шыға алмаудан туындайды.     Өз бастарына төнген зауалдан құтылу жолында әкемен бет жыртысқан бәйбіше балалары да, ол ойранның басында тұрған Қайша да, сырттың қуыршағы болып жүргендерін арғы түйсіктерімен сезсе де тоғышарлықтың құрбандары болады. Бейсембі мен Әбділдә осы отбасының бір-біріне деген өшпенділігінің қайрағы,  олар Есендіктің ездігін де, Қайшаның бетпақтығын  да өз пайдаларына икемдейді. Бейсенбі Қайшадан  «Бәріміздің шөкемізге сен отырып жүрсің ғой осы... Өзің осынша пәлені қайдан үйрендің, соны айтшы?» деп сұрағанда «Пәлені үйреткен - күндестік» деген жауап алады.Автор бұл жерде Қайшаны ақтау жағында емес, оның трагедиясымен оқушыны ойлантпақшы. Драматург күндестік тудыратын  қасірет адам бойына кекшіл табиғат дарытатынын, сыздауыт өмірдің ызғарының салдары  зұлымдық  көзі болатынын пьесадағы кейіпкерлердің қылығы арқылы бағамдатады. Автор айыптау үкімін заманға, қоғамға арнайтындай қалып танытады.   

       Аманбайдың Дәмешті алып қашуына құлшынып кіріскен Қайша мақсаты орындалмай Төлеш, Ғазиздердің қарсылығына тап болады. Бәйбіше балаларының өзіне қол көтергеніне кектенген Қайшаның «Сенің қара сорпаңды ұрттамасам көрерсің енді!» деп Төлешке кіжінуінен оның қандай қиянатқа қолы қалтырамай баратынын автор алдын ала ескертеді.

      Есендік пен Бейсембінің тоқалға жығып бергеніне наразы бәйбіше балалары  әке шаңырағынан түңіліп, Әбділдәнің  жанына көшеді. Енді олар Әбділдә талабын екі етпей орындауға даяр. Әбділдә да бұл мүмкіндікті қолдан жіберетін жан емес. Төлешті «есеңді кетірме» деген түйсікпен қасына он кісі қосып беріп, Есендіктің жылқысын алып келуге жібереді. Дігірлей келген қуғыншылардың  басы, тоқалдың баласы Қуатжанның оғы Төлешке тиіп, пьеса соңы трагедиялық сарынға ұласады. Пьеса соңындағы Дәмештің Есендікке «Аға, түбіме өзің жеттің бе?» деген репликасында тағдыр тәлкегіне іліккен бір үйлі жанның  запыран зары бар. Пьесадағы Қайша бейнесі әйел қасіреті,әлсіздігі кекке айналса оның шегі шиырлап кететінін пайымдатады.

      Зат, ақша, дүние  адам сезімін торға шырмалта түсетінін, жақсы мен жаманды таразыға тартуда, болмыстың тегін тектеуде сиқыр мұраттарға қайырлап қалмауды пьеса көрерменіне ұлағаттайды. Әуезов дүние жолында арбасқан, соңында бірін-бірі мерт қылған бір отбасының тірлігін адамзаттың басына төнген қауіпке жақындатады. Автор қазақ салтында жоқ әрекет әйелдің еркекке айбат шегуін, балаларының әкеге қарсы шығып, басқа ауылға үдере көшуін суреттей отырып, ұлттық әдептен, оның ұяты мен арынан аттамауды мансұқтайды. Ұлттық сипаты сембеген шығарма өзегінде дүние боқтың айналасындағы тірлік тауқыметінен жоғары тұруды аңсаған бекзаттықты  ту ету бар.

     Зат, мал, ақша моральдық өлшемде алдыға шығып, адамдардың өмір сүру еркіне әсер еткенін мойындай жазатын модернизм әдебиетінің тәсілдерін Әуезов бұл шығармасында жатсынбайды.

                                

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 9т — Алматы: Жазушы. 1997. –362.

Резюме

 В данной статье рассматриваются сущность пьесы М.Ауэзова « Байбише -тоқал ».

Summary

In given article the essence of the play of M. Auezova “Baibishe tokal” is considered.