Махамбет шығармаларындағы көк бөрі бейнесі

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

 

Қасқыр – символикалық мәні зор, халық тынысын кең танытатын, фольклорлық туындылардың барлық жанрларында мейлінше жиі өрнектелген бейнелердің бірі. Батырлық жырларда ел басынан өткен ірі оқиғалар мен мың сан қолға бес қаруын бірдей сайлап, тайсалмай ұмтылған хас батырлардың ерен ерліктері өріледі. Шығыс халықтары да, түріктер де, маңғолдар да көк бөріні пір тұтқан, жарылқаушы, құтқарушы санаған. Тіпті «біздің арғы бабамыз» деп қадірлеген. Оның үстіне мақұлық, аң атаулының ішінде ойлана алатын тек қасқыр екен. Қасқыр әрі күшті, әрі азулы, әрі ақылды, әрі еркін. Сондықтан да батырды бөріге теңеу ықылым заманнан бері қайталанып келеді. VIII ғасыр туындысы Күлтегін жырынан мысал келтірейік:

Әкем қағанның әскері бөрідей бопты,Жаулары қойдай бопты [1,43].

Енді түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыздар негізінде жырлайтын IX-X ғасырларда дүниеге келген эпостық шығарма «Оғыз - намеден» мысал:

Көк жалды арлан қасқыр шыға келді де,

Оғыз қағанға тіл қатты:

«О, оғыз! Сен үрімге аттанып барасың.

О, оғыз, мен сені бастап жүрейін» деді [1,91]. «Оғыз-наме» дастанында батырдың қалың қолына көкжал бөрі ұдайы жол сілтеп, бастап жүреді. Ал, «Манас» эпосында болашақ батыр Манас жолына нұр төгілген, ал өзін көкжал бөрі қоршап, қорғап жүрген қаһарман болып келеді:

Манастың қырқ чоросу

Көсөө куйрук көк бөру

Көкжал эрдин жөөкөрү

Көкөр болсоң көк жалаң [2,.27-28].

Ежелгі түркілер көк түске ерекше мән беріп, Көк тәңірісіне табынғаны, көкжал бөріні төтем тұтқаны тарихтан жақсы мәлім.

«Ер Тарғын» эпосында (Алтын орданың ыдырауы кезінде шыққан):

Мінді батыр еріне,Іздеген жауға көріне,Келген қалмақ жолықты,Тарғын сынды бөріге.«Қасқыр» «бөрі» теңеулері бұл жанрда батырдың сұлбасын беруде, жауды қойша қырған сәтін бейнелеуде, туған жердің пейзатын суреттейтін тұстарда кең қолданылады. Әсіресе, көріктеу құралдарының бірі ауыстырулар түрінде жиі кездеседі. «Тама батыр» атты жыраудағы:«Мен ноғайлы деген ер едім, Асыл туған төре едім, Азулы туған бөрі едім, Ындыс пенен қалмақты. Талғандармын деп едім,» [3,284]– деген шумақта батыр өзін асыл төреге, азулы бөріге балайды. Бір кездері қараша халықпен қан араластырмай, асыл тұқымға баланған төрелердің бүгінгі ұрпақтарының өзі талай ғасыр өтсе де үш жүздің құрамына кірмей, өздерінің шығу тегін нұрмен, түндіктен енген жарық сәулемен байланыстырады.  Батырлар жырында бөрі едім, бөрі еді, бөрі екен, үш бөрі, нағыз бөрі т.б. түріндей метафоралар жиі кездеседі. «Бөрі» сөзінің ұнамды ұғым тудыруы бұл бейненің ұлттық санамыздағы төтемдік орнымен тікелей байланысты деген ойдамыз. Мұны Едіге батыр жырындағы мына үзінді де нақтылай түседі:

Қой секілді қалмаққа, Қойғасын бөрі қояр ма, Ашығып жүрген бөрі еді... Адамның қырды ірісін, Тастарды жаман сірісін... [3,95]. Батырлық жырлардағы көркемдік өрнектер мен олардың бейнелік күшін зерттеу барысында «қасқыр» сөзімен бірге «арлан», «бөрі», «көкжал», «тарлан» сөздерінің де жиі кездесетіндігін байқадық. Мәселен:

- Сен қасымда қой болсаң, Мен бір арлан бөрі едім. Қасымдағы  тоқты-торымды, Ауызға салып жер едім, [3,55]– деп батыр өзін бөріге балайды.Қазіргі ауызекі қолданыста «қасқыр», «көкжал», «арлан», «бөрі» деген сөздер бір-бірінің синонимі ретінде қолданылады. Қазақ поэтикалық туындыларындағы түтастай бір шумақтардың бір жыраудың шығармаларынан екінші жыраудың шығармаларына көшіп отыратын сәттері фольклорлық шығармаларға тән жалпы ерекшелік болып табылатындығы, жеке шумақтар ғана емес, мотивтер, әрқилы деталь, эпизодтар, баяндаулар, поэтикалық құралдар тағы басқа бір шығармаларын екінші шығармаға ауысып отыратындығы айқындалып, фольклор  тануда мұны «ұқсас жерлер» деп атақ қабылданған. Көне үнді эпосында кездесетін осы құбылысты ғалым П.А.Гринцер: «Ибо только также закрепленные традицией повторы обеспечивают певцу возможность непрерывной и длительной импровизации» – деп қорытады [4,36].

Шындығында да, көлемді жырларды таңнан таңға толассыз жатқа соғатын жыраулардың көңіліне қонған өрнектерді бірнеше жырда қатар пайдаланылатын сәттері жиі кездесіп жатады. Мұндай дайын эпизодтарды пайдалану дәстүрінің түп себебі фольклорлық туындылардың ауызша түзілуіне, яғни суырып салмалық қасиетіне келіп тіреледі. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі үзіндіні келтірейік. «Ер Тарғын» жырында:

-         Ай бетінен кіреді

     Күн бетінен шығады,

     Қойға тиді бір бөрі

     Бөріктіріп қырады

     Қолындағы зұлфұқар

     Сексен екі бас кесті

Қазандай қара тас кесті, [3,93]- деп батырдың жауға шапқан әрекетін аша түседі.Жоғарыдағы үзіндіге қайта оралсақ, жырау «арлан бөрі» түрінде екі метафораны қатар қолдану арқылы шығарманың көркемдік құндылығын арттыра түседі. Соңғы шумақ кейінгі ақын-жыраулардың шығармаларында дәстүрлі жалғасын тауып, дауылпаз ақын М.Өтемісұлының жырларында:

- Исатайдың барында Екі тарлан бөрі едім, Қасарысқан дұшпанның Екіталай болғанда Азыққа етін жеп едім, - түрінде өріледі. Мұндай ұқсастық, жыраулардың бір-бірінен дайын ой оралымдары мен стереотипті айналымдарды алуы, трафареттік бейнелеу құралдарын қолдануы ауыз әдебиеті туындыларының өзіндік ерекшеліктерінің бірі болып табылатындығына ғалым Б.Абылқасымов та жан-жақты тоқталып өтеді[5,84].

Барлық түркі халықтары сияқты көк бөріні киелі санап, оны төтем тұтыну қазақ қауымы арасында да бар екені белгілі. Бұл әдеби құбылыс Махамбеттің батырлық жырларында да айқын көрініс тапқан:


Мен, мен едім, мен едім,

Мен Нарында жүргенде

Еңіреп жүрген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім, -

Біз ер едік, ер едік,

Ен нарында жүргенде

Талма талтүс шағында

Тай жеген тарлан бөрі едік, - дейді.


Алайда бертін келе көк түске байланысты теңеулердің мән-мағынасы тереңдей түседі. Енді «Кок tuzk» сөзі «үстем топ», «аристократия» мағынасында қолдана бастайды. Бұл туралы А.Н.Бернштам: «Будучи этнонимом, термин tuzk чаще всего был связан с понятием господствующей прослойки тюркского общество, почему и вступал, как правило, с высоким эпитетом «голубой» и «небесный» - деп жазады. (Бернштам А.Н. Социально-экономических стран орхоно-енисейских тюрок VI VIII веков. Москва: Наука, 1946, 207 с 85 бетте). Сөйтіп, бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын «Оғыз қаған» дастаны мен қазақтың батырлық жырлары, Махамбеттің жырлары арасында образдық, сюжеттік ұқсастықтар мол болып келеді.

 

                Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Келімбетов М. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Алматы: 1986.213 б.

2. Қыдырбаева Р.З. Генезис эпоса «Манас». Фрунзе: Илим. 1980. 278 стр.

3. Батырлар жыры. 3-5т., Құрастырған О.Нұрмағамбетова, Қ.Сыдықов .                                      

    Алматы: Жазушы .1989.384б.

4.Гринцер П.А. Древншндийский эпос: Генезис и типология, - Москва:

      Наука:1974.-422с.

5. Абилкасимов Б.Ш. Жанр толғау в казахской устной поэзии.  Алматы:

      Наука.1984.120.