М.Жұмабаев шығармаларындағы тәуелсіздік сарыны

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

Тәуелсіздік жалпы адамзатқа ең асыл, ең қасиетті сөз. Өз ұлтымыздың тарихының өткен ғасырларын алсақ, ел билеуші хан - сұлтандар, батырлар мен билер, жыраулар мен ақындар, шешендер алдымен елінің еркіндігін, тәуелсіздігін тілеген. Қай ұлт болмасын өз елінің, өз жерінің тәуелсіздігін қалайды. Туған Отанының бір уыс топырағы үшін күш-жігерін аямай, сол жолда жанын құрбандыққа да шалады. Өйткені тәуелсіздік киелі - еркіндік, азаттық, бостандық деген сөздермен байланысып, ұштасып жатады. қай елдің болмасын тарих қойнауына көз жіберсек, өз Отаны үшін күрескен ерлерінің ерлігін жыр етіп, оны мәңгі жадында ұстап, ғасырлар бойы мақтан етеді. Аштық шаруаларды күштеп ұжымға біріктіру, қуғын-сүргін, қашып-босқан ел тағдыры әдебиет үшін мол материал еді. Кеңес ақындарының осы олқылықтарын Мағжан Жұмабаев (1893-1938) қана толықтыра алды. Большевиктер билігін қабылдамаған ол демократтық әдебиет дәстүрін жалғастыра отырып, халық трагедиясын әрқилы көркем суреттер арқылы кең бейнеледі.                                                                        Қыран құстың қос қанаты қырқылды,                                                  Күндей күшті күркіреген ел тынды.                                                        Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,                                                         Батыр хандар, асқан жандар ұмтылды, - деген жолдармен бейнелейді үндейді[1, 72].Ол өмірдің мұңлы жағын көп суреттеді, өкініш пен куйінішке бой алдырды, бір мезгіл орыс декаденттеріне еліктеп өлеңдер жазды. Мағжанның мына өлеңдері надандықтың құшағынан арыла алмай келе жатқан елінің кертартпа мінездерін сынға ала отырып, өзге елдердің қатарынан қалмас үшін оқу-білім, өнерге талпыну керектігін айтып, айтып қана қоймай, отаршылдықтың зардаптарын көріп отырған халқына «көретін күнің осы» деп ескертеді. Ал, ақынның «Есімде тек таң атсын», «Бостандық», «Сағындым» өлеңдерінде романтикалық сарынмен жырлау басым болғанмен, азаттық таңы бәрібір ататыны, халқының аңсаған арманы түбі орындалатынын ұлы сеніммен жырлайды.                                            Қозғал, қазақ, білімге жүгір, кез келді,                                                        Қылыш алып «надандық» саған кезенді.                                                     Шетке лақтыр, тымақтай алып, тұра кеп,                                                         Ертеңді-кеш басыңа мініп езгенді!                                                 Кітап әпер, оқысын балаң, қолына,                                                        Малды аяма оқу-білім жолына.                                                                   Ақынның сонымен қатар «Мен жастарға сенемін», «...ҒА» өлеңдерін ақ патшаға қарсы жазылған шығармалар цикліне жатқызуға болады.                    Айбынды алаш елім дер,                                                                         Алтын арқа жерім дер,                                                                                          Мен жастарға сенемін! - [3, 35-38] деп ақын «Алаш атын аспанға» шығаратын, өзінің қайдан тарағанын танып­білетін ұрпаққа ой тастайды. «...ҒА» - өлеңінде ақын «мейрімсіз тағдыр құрған торға тусіп» жатқанда, сын­бәйгеге басын тігіп, елін келімсектерден құтқару үшін күрескен ер-азамат туралы жырлайды.                       Әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа деген қарсылық, ақынның жағымпаздық, келісімпаздық дертіне шалдықпаған жігерлі, қайратты ұят-иманды намысты толғауларындағы сарындар «Батыр Баян» поэмасында бұрқырай тасқындады. қолы ғана емес, жаны, рухы, қызыл тілі кісендеулі ақын сонда да, таптылып жаншылып қалмай, бас көтереді, қарсылық білдіреді, атой салады. Зорлық­ зомбылық, әділетсіздік басқанмен, бәрібір шындықты, ақынның асыл сөзін, келешекке деген үмітін үзе алмайды, түптеп келгенде, ақын мәңгілікке, өлместікке, бостандыққа, еркіндікке сенеді, сол рухты сезім, кісілікті ой алдында оқырманын имандай ұйытады.Ақын оқырманға жан сырын ашып салады, жүрек тереңінде жатқан құпиясын ақтарады. қоғамдық мұрат, әлеуметтік идеалды халқының өткен күндерінен, азаттық үшін күрескен ерлерінің тағдырынан табады. Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, нәзира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биік, асқақ көркемдік жүйелер жасады [2,48].Ең бастысы ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды: «қойлыбайдың қобызында» фантастикалық күйлер, бәйгеге қобыз қосу көрінісі ғажап шебер бейнеленеді; «қорқыт ата» өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке ап ар ар киелі қасиеті жыр етіледі; «Жүсіпханда» тұлға мен тобыр, мансап пен ұждан диалектикасы, «Өтірік ертекте» мысал, тұспал әдісімен берілген әлеуметтік тартыстар сыры бар; «Оқжетпестің қиясында», «Түркістан туындылары азаттық идеясын, түркі бірлігін жырлайтын шығармалар.Ақын өлеңдерінде жалпы түрік бірлігі, шығысты пір тұту, шығыс елдерінің келешегінен үміт күту сарыны мол байқалады. Бұл- ол кезде Еуропалық мәдениетке, жаңалыққа қарсы ұлтшылдық саналатын. Сондықтан оның Тұран тарихы, шығыс халықтарының батырлық дәстүрі жайлы өлеңдері ылғи сынға ұшырап отырды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1        Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. А., Қазақ университеті, 2002ж. 82б       

2        Мырзахметов М. Түсініктеме. ІІ Әуезов М. Әде6иет тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991 ж. 240 б.

3        Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989 ж. 448 б.  

                                                                                                              

С.Сейфуллиннің шығармаларындағы азаттықтың идеясы

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

ХХ ғасыр басындағы қазақтың азаттық жолындағы күресіне елеулі үлес қосқан талантты ақындарының бірі - Сәкен Сейфуллин (1894-1938) еді. Алғашқы шығармашылық еңбегін демократтық, ағартушылық бағытта бастаған ол төңкеріс тұсында отаршылдық езгі мен ұлттық қанауға қарсы батыл үн көтеріп, ақындық қызметін халықтық күреспен тікелей байланыстырды. Әлеуметтік төңкеріс тұсындағы жолайырықта большевиктер партиясы сапына қосылып, солардың қатарында күрестің азапты жолын басынан кешірді. Содан бастап ақын халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі мәселесін пролетарлық күрес идеясымен байланыстыра қарады. Езілгендер мен қаналғандарға теңдік әперіп, қатарға қосамыз, қоғамның қожасы етеміз деген ұранға сеніп қызмет етті. Сондықтан да өзінің саяси ­қоғамдық қызметімен де шығармашылық еңбегімен де қазақстандағы социалистік құрылыс ісіне берілгендік танытты және осы саясатты батыл жырлаушы болды. Төңкеріс алдында халықтың азаттығы мен бостандығы идеясын қолдаған Сәкен бостандық, теңдік осы жолмен келеді деп ұқты. Халық мұңы мен азаттыққа ұмтылу арманы оны бұл жылдары бұрынғыдан да гөрі көбірек ойландырады. 1915 жылы жазған «Көңіл» деген өлеңінде ол революция қарсаңындағы халық көңіліндегі толқуды суреттейді. Лирикалық кейіпкерде іздену, жан­жаққа шарқ ұрып, талпыну бар. Ақын көңіл талабына қосылады, оның мұратына жетуін қолдайды. «Мұң» деген өлеңде ескі өмірден шаттық таппай күйінеді. 1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерілісі кезінде жазған «Толқын» атты өлең көкіректі кернеген елдің қайғы-қасіреті толқынына толы. Ақын сұрапыл соққан көп толқыны да, дүңкіп жарылған жер толқыны да басылар, бірақ халық ашуының толқыны басылмайды деген оптимистік ой айтады.Сәкеннің табиғат жырлары өз елін оның табиғатын сүйген ақынның шын сезімін бейнелейді. Ол табиғатты ел өмірімен, олардың тіршілігімен, халықтың азаттық тілеген арман-қиялымен байланыстырады. «Май айында» (1917) атты өлеңдерінде ақын жаздың шығуы мен жаңа жылдың тууын символды түрде өмірдің жаңаруы, жаңа заманның келуі туралы ойларымен ұштастырады. Күз туралы өлеңін ол «Өткен күн» деп атаған. Ақын жазды жыл жастығы деп атаса күзді өтіп бара жатқан ұсқынсыз заман бейнесінде алады. 1922 жылы Орынборда басылған «Асау тұлпар» жинағына жазылған алғы сөзінде Сәкен оны қоғамның жас күштеріне арнай отырып:                                                                                                                            Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,                                                          Еркіндік, кеңдік іздеген, жастар!                                                                    Сендерге арналады бұл әндер!

Осы өлеңде ақынның сол тұста ұстаған жолы, шығармаларының идеялық ­эстетикалық мұраты айқын көрінеді. Оның күрескер жырлары «әділдік, теңдік іздеуге» арналады. Ол халықтың азаттығы жолындағы күреске ақын болып қана емес, солдат болып та қатысты. 1917 жылдың наурызында жазған Сәкеннің «Асығып тез аттандық», «Кел, жігіттер» деген өлеңдері күрес дәуірі тудырған қазақ әдебиетінің алғашқы сөзі, азаматтық, саяси лириканың басы. Бұл өлеңдерде ақын патшаның құлауына қуаныш білдіре отырып, «атқан таңды қарсы алуға» асығыс жолға шыққан ерлердің ісін паш етеді.                             Таңды қарсы алмаққа                                                                             Тұлпарларды таптық біз.                                                                        Айдарына қызыл шоқ                                                                                     Үкілеп, сүзіп тақтық біз ...                                                                        Азаттық өзінен өзі келмейтінін түсінген халықтың езілген, қан алған бөлігінен «топ» құрып, оларды күреске үндеуі де осыдан. Бұл жырлардың бұған дейін жазылып келген жалпы халықтық, бостандық, азаттық деген ұғымдардан елеулі айырмашылықтары бар еді. Сәкен халықты жалпы алмайды, оның езілген, қаналған, кедей тобына іші бұра қарайды. Азаттық солар үшін деп түсінеді. Отаршылдықтан азат бола отырып, бұқара халықты ұлттық езгіден босатуды қалайды. Ақын өлеңдерінің кейіпкері де осы бағыттағы күрескер. Бұл - Сәкеннің қоғамдық шындыққа тап тартысы тұрғысынан қарай бастағанының белгісі болатын. Осы дәуірден басталған Сәкеннің революцияшыл жырлары ұлттық әдебиетімізге азаттық жолындағы күрес рухын кіргізді.Оның «жүген-құрық тимеген, алты жасар асуды» революцияның бейнесінде алып, «кең даланы күңірентіп, қатты айғайлап ән салуы» да жаңа дәуірдің үнін танытады. Ол оқырман алдына үлкен талап - заман талабын қоя сөйлейді. «Талай ерлер қасірет, жапа шегіп, жалпы әлемге бақыт іздеп құрбан болған» тәуекел, күрес жолына үндейді[3, 112].                               Осы өлеңдерден Сәкеннің өз басынан өткен күрес жолының шындығын да тануға әбден болады. Патшаның құлауы мен азаттық жолындағы күреске ол жоғарыдағы өлеңдерімен үн қосса, «Адасқандарға», «Қамаудан», «Тұлпарым», «Сағындым» тәрізді өлеңдерін контрреволюция күштерінің қолында тұтқын болып жүргенде жазған. «Түрмеден қашып шыққанда», «қамыққан көңілге», «Бабаларыма», т.б. өлеңдерінде ақын тұтқыннан қашып шыққан күрескер азаматтың көңіл-күйін бейнелейді. Ал «Жас қазақ марсельезасы», «Шөлде», «қашқынның ауылы» - жауынгер ақынның күрес жолына аттанған кездегі үні.     Бұл өлеңдерінде халықтың азаттығы ісіне басын тіккен, шын күрескердің жалынды бейнесі жасалады. Лирикалық қаҺарманның бостандық сүйгіш көңілі жау қолында да жасымайды, қайта күрес қиындығы оны ширатып, жігерлендіре түседі. Күрескерлер бейнесі Сәкеннің тек азаттық үшін арпалыстың от-жалынында туған өлеңдерінде ғана емес, кейін жазылған шығармаларында да кең орын алады. Оның «Біз», «қызыл ерлер» атты өлеңдері де күрес адамының характерін нақты іс-әрекет үстінде бейнелеуге құрылған. Жаңа заман адамының өсу жолын ақын «Біздің ұлан да» қара баланың бейнесі арқылы ашады. Әбілқайыр Досовтың өмірін негізге алып жазған бұл өлеңнің қаҺарманы «жалба-жұлба қойшы» - қара бала «құстай түлеп ұшып», «Жер күңірентіп ұран салады», революция жеңісін қорғауға қатысады[1, 56].                     Жаңа туған қоғамды, заманды Сәкен әділет пен теңдік заманы деп ұқты. Ескі тәртіпті қиратып, жаңа социалистік принциптерді қалыптастыру жолындағы өкімет шараларын да ол қолдады[2,35] . Сондықтан оның кеңес тұсындағы жырларында жаңа тәртіпті, қоғамның даму беталысын бұрынғы қазақ өмірінің мешеу көріністеріне қарсы қоя суреттеу анық байқалады. Жаңа өмірдің қарқынды өзгерістерін, нақты образдар арқылы бейнелеуге ұмтылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1        Мырзахметов М. Түсініктеме. ІІ Әуезов М. Әде6иет тарихы. Алматы: Ана тілі, 1991 ж. 240 б.

2        Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. А., Қазақ университеті, 2002ж. 82б

3        Қозы6аев М. Ақтандақтар ақиқаты. Алматы: қазақ университеті, 1992ж. 272 б.