Әскери саладағы терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесі

филология ғылымдарының кандидаты

Мамаева Гүлжан Бүркітбайқызы

(Қазақстан, Алматы)

 

Аударма – халықтың рухани қызметінің, мәдени өмірінің бір саласы, халықтар арасындағы үзілмейтін үрдістердің, байланыстардың бірі.  Аударма адамзаттың өзара мәдениет ауысуы барысында маңызды роль атқарудан басқа ұлттық тілдердің дамуына түрткі болды. Әсіресе аударманың әсерімен қазақ тілі сөздік қорына араб-парсы сөздерін, әлемде кең қолданыста болатын жалпыхалықтық терминдерді, неологизмдерді енгізіп, тіл әр кезеңде даму сатысынан өтті.

           Қай кезеңде де, қай тұста да аударманың қоғам дамуындағы рухани-мәдени жетістіктермен көркеюіндегі орны үлкен. Себебі әр халықтың рухани мәдениеті, ғылымы, қоғамдық-әлеуметтік қызметі бір бұрышта тұйықталып қалмай, аударма жұмысы арқылы басқа халықтарға танылуда, дамуда. Әлем халықтары арасындағы рухани, мәдени, қоғамдық-саяси байланыс аударма жұмысы арқылы іске асуда.

Еліміз тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі көтерілген кезеңінде аударма жұмысымен айналысу үлкен белсенділік танытып отыр. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін алған елімізде бәсекелес халықтардың қатарында тұруы үшін шет елдермен ғылыми, мәдени, саяси-экономикалық, әскери байланыстар жүргізіп, дипломатиялық қарым-қатынасты қазақ тілінде  орнату қажеттілігі туындады. Сонымен қатар, талай жылдар бойы орыс тілінің жетегінде келген қазақ тілін ғылымның, іс құжаттарының, мәдениеттің, өркениеттің тіліне аудару керек болды.

Тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма жылдан асса да бұл күрделі процесс әлі өз жалғасын табуда. Елімізде бір ғасырға жуық негізгі тіл орыс тілі болғандықтан, барлық саладағы ой-өрісіміз, санамыз, сөз саптауымыз орыс тілінде дамып, тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдық-саяси және мәдени тілді қазақ тілінде сөйлетуде тығырыққа тірелдік. Өйткені талай жылдар бойы орыс тіліне жаттығып, үйреніп қалғанымыз соншалықты, терминдеріміз және кәсіби сөздеріміз тек орыс тілінде сайрап жатты. Олардың қазақша баламасын тауып, бір жүйеге келтіру қиын іс болды. Әсіресе әскери саладағы ғылым тілін, әскери әмірлер мен іс-құжаттарын қазақ тіліне аудару барысында тілші және әскери қызметші мамандардың алдында дау-дамайлы мәселелер тұрды.

         Әскери қазақ тілін бір жүйеге келтіру үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде бірталай іс-шалар ұйымдастырылды: командалық басшылық тарапынан тілдің мәртебесін көтеретін бұйрықтар жарық көріп, барлық әскери қызметшілердің міндетті түрде лауазымдық міндеттерін атқаруда қазақ тілін жетік білуіне қатаң талаптар қойылды;  әскери терминдер аударылып, соның негізінде іс-құжаттарды, әскери-ғылыми әдебиеттерді аудару жұмысы басталды; әскери оқу орындарында болашақ түлектердің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері жасалып, болашақ әскери қызметшілерге тіл тұрғысынан жоғары талаптар қойылды; тілге қатысты әскери бөлімдер арасында бірталай шаралар (ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, тілдер күні мерекесі, т.б.)  ұйымдастырылды. Осындай шаралардың арқасында әскери салада мемлекеттік тілдің мәртебесі біршама көтерілді.  

         Дегенмен, әскери қазақ тілінде іс-құжаттарын аудару барысында кейбір кемшіліктер мен қиындық тудыратын, өзінің шешімін таппай келе жатқан  мәселелерді жиі кездестіруге болады. Ондай мәселелерді тек жеке жауапты тұлға ресімдейтін іс-құжаттарында ғана емес, әскери құрылымдарда жарық көретін бұқаралық ақпарат құралдарында (газет-журналдарда), әскери ғылыми әдебиеттерден де кездестіруге болады. Себебі, кейбір қазақ тіліне аударылған құжаттарды оқысаңыз, мәнін түсінбей қаласыз да, оны нақты ұғыну үшін алдымен орысша үлгісін оқуыңызға тура келеді. Мұның барлығы әскери құрылымдарда кейбір терминдердің әлі де болса бір ізге келмей, аудармашыларымыздың аударма жұмысын жүргізудің әдіс-тәсілдерін толық меңгере алмай отырғандығын көрсетеді.

         Аударма жұмысы барысында аудармашыға екі талап қойылады:

1.     Қостілділік

2.     Сауаттылық

Екі тілді еркін меңгерген адамға орыс тіліндегі құжаттарды қазақ тіліне аудару көп қиындық тудырмайды. Жауапты тұлға екі тілдің де ішкі заңдылықтарын, сөйлемнің терең мәнін түсініп, сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібін игеріп, стильдік тұрғыдан сөйлемді дұрыс құрай алғаны жөн. Сонымен қатар, тек екі тілді еркін меңгеріп қана қоймай, аудармашы сол кәсіпке тікелей қатысты тұлға болғаны дұрыс: егер ол қаржы-финанс жағынан іс-құжаттарын аударатын болса, сол мамандықтың иесі; әскери тақырыптағы құжаттарды ресімдейтін жауапты тұлға болса, әскери қызметші болғаны жөн. Өз мамандығының мәнін терең түсінген тұлға ғана аударылатын құжатқа терең мән беріп, ондағы әрбір сөздің мазмұнына, сөздердің стильдік тұрғыда өз орнын тауып сөйлем құрып, мәтін түзіп, сауатты аударма жұмысын жүргізе алады.

Әскери қызметшілермен аударма жұмысын  ұйымдастыру барысында және әскери құрылымдарда жарық көретін газет-журналдарды парақтағанда аударма жұмысына қатысты түрлі мәселелерді байқауға болады. Оның ең біріншісі – әскери қызметтің әр саласында көптеген терминдердің әлі де болса бір ізге келмей жатқаны, екіншісі – соның салдарынан бір термин әр құжатта вариантты болып кездесіп, құжат мәтінін түсіну, ұғыну қиындық тудыруда. Осы мәселелерді шешу үшін аударма жұмысын жүргізу барысында ескерілуі қажет бірнеше ұсыныстарды алға тартпақпыз.

1. Аударма барысында ең бастапқы міндет – сөйлемді оқып, түсініксіз болса, бірнеше рет оқып, мәнін түсініп алған жөн. Аударылатын дүниенің орысша баламасын түсінбей қазақ тіліне аудару мүмкін емес. Кейбір аудармашыларымыз сөйлемді түсінбесе де сөздердің орын тәртібін сақтамай, аудара салады да, ол сапасыз аударма болып шығады. Сондықтан, сөйлемдегі негізгі ұғымды түсініп барып қана аударма жүргізген жөн.

Сөйлемнің мәнін түсіну үшін ондағы әрбір сөздің аудрмасын білу керек. Ол үшін аудармашының қолында орысша-қазақша сөздік болғаны дұрыс. Кейбір аудармашылар сөздіктен сөздің қазақша баламасын қарауға ерініп, шамалас мағынадағы сөзді қоя салады да, аудармадағы сөйлемнің мәні бұзылады. Мәселен, «охрана страны» деген сөзді көп жағдайда «елімізді қорғау» деп аударып жүр. Дұрысы - «охрана страны» - «елімізді күзету», «защита страны» - «елімізді қорғау». Осыған ұқсас «вооруженное вторжение» сөз тіркесінің де екі аудармасы қолданыста жүр: «қарулы шабуыл», «қарулы басып кіру». Дұрыс үлгісі - «вооруженное вторжение» - «қарулы басып кіру», «вооруженное нападение» - «қарулы шабуыл жасау». 

Аудармада қолданылатын негізгі сөздік - әскери терминдердің орысша-қазақша сөздігі. Терминдер сөздігінде терминнің қазақша баламасы табылмаса ғана орысша-қазақша сөздікке жүгінуге болады. Сонымен қатар, сөздікке көп сүйене бермей, әрбір сөздің аудармасын ең алдымен сөйлемдегі мәніне қарай жүгініп аударған жөн. Мәселен, «огонь» сөзі орысша-қазақша сөздіктерде «от» деп аударылып жүр. Бірақ әскери саладағы негізгі қолданылу мәні – «ату». Сондықтан «огонь» сөзі сөйлем барысында әскери терминдермен, қару-жарақпен байланыста айтылса, оның мәні «ату» болғаны.

2.  Іс-құжаттарындағы сөз, сөз тіркесі тұрғысындағы терминдердің қазақша баламасының бірнеше варианттылығы кездеседі. Ол варианттылық сөздіктерде сол терминнің әр түрлі аударылуының әсерінен болады. Мұндай жағдайда  әскери қызметте актив жүретін аударма сөздерді қолдану керек. Мәселен, «служебно-боевые действия» сөз тіркесінің әскери құжаттарда бірнеше варианты кездеседі: «қызметтік-жауынгерлік іс-шаралар», «қызметтік-жауынгерлік әрекеттер», «қызметтік-жауынгерлік қимылдар», «қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдар» т.б. Немесе «региональное управление»  сөз тіркесінің екі варианты бар: «аймақтық басқарма», «өңірлік басқарма». Осы варианттылықтардың ішінде актив қолданылатын, нормаланған, барлығына түсінікті сөз тіркестері – «қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдар», «өңірлік басқарма».

3. Аударма жұмысында пассив қолданылатын терминдер кездесуі мүмкін. Олардың қазақша баламасы терминдер сөздігінде болмаса да орысша-қазақша сөздікте кездесуі мүмкін. Бірақ аудармашы ол термин сөздің түпкі мәнін түсінгенмен, аудармас бұрын ең алдымен оның қандай термин екеніне көз жеткізуі тиіс. Қазақ тілінің сөздік қорында жалпыхалықтық терминдер де болуы мүмкін. Жалпыхалықтық терминдер – белгілі бір ғылым саласында барлық халықтар қолданатын латын, француз, т.б. сөздер. Ол сөздің этимологиясын анықтау үшін С.И.Ожеговтың «Толковый словарь русского языка» атты сөздігін қарап, ондағы сөздің шығу төркініне мән берген дұрыс. Егер кез-келген сөз латын, француз, грек тілдерінен алынып, жалпыхалықтық қолданыста жүрген термин болса, оны аударудың ешқандай қажеттілігі туындамайды, термин сөзді аудармасыз сол күйінде қалдырған дұрыс. Мәселен, әскери қызметте жиі қолданылатын ондай сөздер тобы:  взвод, батальон, запасқа шығу,  отставкаға шығу, десант, эшелон, дефиле,т.б.

         4. Кейбір әскери терминдер сөз тіркесі құрамында түрлі мағына беріп, өзгеріп аударылуы мүмкін. Мәселен,

Боевая подготовка – жауынгерлік дайындық

Боевая позиция – ұрыс позициясы

Боевая пружина – соққы серіппесі

Боевая техника – әскери техника

Боевое донесение – жауынгерлік хабарлама

         Мұндағы «боевая» сөзі тіркескен сөздерінің ықпалына қарай мағынасын өзгертіп отыр. «Подготовка» сөзімен тіркескенде дайындық жауынгерлермен өткізілетін болғандықтан, «жауынгерлік» мағынасын беріп тұр. «Позиция» сөзі ұрыс кезінде қолданылатын термин болғандықтан, бұл жерде «ұрыс» мәнін береді. «Боевая пружина» термині қару бөлшегінің құрылысы ретінде соғу функциясын атқаратындықтан «соққы» мәнін береді. Техника жалпы әскерде қолданылатындықтан «боевая техника» сөз тіркесінде «әскери техника» болып аударылады. Хабарлама жауынгерлерге жеткізілетіндіктен «боевое донесение» «жауынгерлік хабарлама» болып аударылып тұр. Яғни, аудармашы әрбір терминнің сөз тіркесі құрамына  және тіркесіп тұрған басыңқы сөздің мәніне қарай мағынасының өзгеретінін білгені жөн.

         6. Сөйлемнің орысша баламасының мәнін түсініп, терминдердің жеке тұрғандағы және сөз тіркесі құрамындағы аудармасын анықтап алған соң барып қана сөйлем тұрғысынан аудару қажет болады. Мәселен, тәжірибе жүзінде  «Военная служба – особый вид государственной службы, исполняемый гражданами в Вооруженных Силах, направленный на защиту Отечества от внешней агрессии» сөйлемін аударғанда кейбір аудармашылар орыс тілінің заңдылығы бойынша сөздер мен сөз тіркестерінің сөйлемдегі орын тәртібіне қарай сөз тіркестерін келесі тәртіппен орналастырғанын байқауға болады: «Әскери қызмет –мемлекеттік қызметтің бір түрі, Қарулы Күштерінің азаматтары орындайтын, Отанды сыртқы агрессиядан қорғауға бағытталған». Орыс тіліндегі күрделі сөйлемдерді аударғанда көптеген әскери қызметшілер орыс тілінің күрделі сөйлемдерінің екінші жартысы болып табылатын причастиесі қазақ тіліне аударылғанда алдына шығып кететінін ескере бермей, сөйлемнің орыс тіліндегі құрылысын бұзбай сол күйінде аударып, ойдың ішкі мәнін бұзады. Мұндай жағдайда қазақ тіліндегі сөздердің сөйлемдегі орын тәртібіне қарай орналасуын және қазақ тіліндегі мәнін ескеріп аударғаны дұрыс. Яғни бұл сөйлемнің дұрыс аудармасы -   «Әскери қызмет – Отанды сыртқы агрессиядан қорғауға бағытталған Қарулы Күштерінің азаматтары орындайтын мемлекеттік қызметтің бір түрі».

         Жоғарыда көрсетілген ұсыныстар ескерілсе, аударма жұмысы сауатты жүргізіліп, аударманың қазақша нұсқасы оқырмандарға түсінікті болар еді.

Сондай-ақ, әскери қызметтегі қазақ тіліндегі жүргізілетін іс-қағаздарында тек сауаттылық орнап, алмасып отыратын қазақ тіліндегі құжаттарды оқығанда әскери қызметші ең алдымен орысша үлгісіне жүгінбей, бірден қазақша үлгісін оқып, түсінер еді. Сонда ғана әскери қызметтегі іс-құжаттарын қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшіру шарасы өз нәтижесін берері сөзсіз. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Әскери іс. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанндағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы бекіткен. Алматы, «Рауан» баспасы, 2000 жыл. 

2.     Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жалпыәскери жарғысы.

   

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются приемы и способы перевода на казахский язык терминов, применяемых в военной науке.

 

In this article the methods and techniquis of terms translation used in the military scence into kazakh language are cosidered.