Коммуникативтік сала және қолданбалы стильдер

М. Қ.Қанабекова

Қазақстан Республикасы,

                                                                                               ҚазМемҚызПУ

         Сонау ХХ ғасырда тіл білімі дамуындағы ғылыми бетбұрыс – стилистика ғылымының да қарқынды дамуына әсер етіп, әсіресе тілдің коммуникативтік-функционалдық аспектісі жан-жақты зерттеуге алынып, оның функционалды стилистика деген дәстүрлі бағыты пайда болды. Оған әлемдік тіл біліміндегі, орыс тілі ғылымындағы зерттеулер, ғылыми таным-тұжырымдар негіз болған деген болжамдар айтылуда.  В.Матезиус бастаған чех ғалымдары әдеби тілдің функционалдық сипатын зерттеуге ерекше көңіл аударды. Орыс стилистика ғылымында В.В.Виноградов жаңа бір кезеңнің тарихи бастамасы болды деп айтуға негіз болған пікірлер бар. В.В.Виноградовтың еңбектерінде тілдік-функционалдық концепция басым бағыт болса, оның теориялық базасы тілдің қатысымдық(коммуникативтік) жағдайдағы қызмет ету ерекшеліктерін зерттеуге негізделеді [1]. Қазақ стилистикасын зерттеушілер тіл білімінің бұл саласына қатысты өз ой-пікірлерін айтып, бірқатар теориялық ізденістерге барып, жаңаша тұрғыдан зерттеулер жүргізуде.

         Әрбір қоғамдағы әлеуметтік құрылымдардың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес тілдік қатынастың мақсаты мен бағытында айырмашылықтары бар әр түрлі коммуникативтік сала қызмет етеді. Қазіргі заманға сәйкес коммуникативтік салалардың санын әр ғалым әр түрлі көрсетеді. Қазір қолданбалы стильдер коммуникативтік саланың тілдік корреляты ретінде танылып жүр. Әдеби тілдің дамуы мен мен нормалануы оның стильдерінің қалыптасуымен бірдей жүреді.

         Жалпы, тілдің стильдік жағынан тармақталуы – тілдік құрылымның ішіндегі дамуы жағынан қоғаммен ең тығыз байланысты сатысы. Стильдік құрылымы басқа тілдік құрылымдарға қарағанда тілдің қоғамдағы қызметінің, қоғамдық сана түрлерінің дамуымен әрқашан бірлікте болады. Ал қоғамдық сана дегеніміз – обьективті дүниені танып білудің формалары. Қоғамдық сананың түрлеріне: ғылым, дін, өнер, саясат, құқықтық қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет,т.б. жатады. Сөйлеуші қоғамдық сананың қай саласында тілдік амал-тәсілдердің қай түрін қолдану керектігін біледі. Қатысым мақсатының өзгеруі қажетті тілдік құралдарды қолдануда да өзіндік ерекшеліктер қалыптастырады. Яғни сөйлеушінің қатысымдық мақсатына қарай тілдік бірліктерді дұрыс таңдап, тиімді пайдалана білуі стилистика,сөз мәдениетінің қатысымдық(коммуникативтік) аспектісі болып табылады. Мысалы, қарапайым әңгімелесуде ауызекі сөйлеу стилі, ақпарат беруде ғылыми, ресми стиль, әсер ету үшін публицистикалық стиль мен көркем әдебиет стилі т.б. қолданылады. Коммуникативтік сала және бұл салаларға сәйкес стиль түрлерінің болуы белгілі әлеуметтік-мәдени құрылыммен тығыз байланысты. Қолданбалы стильдер мен коммуникативтік салалар арасында өзара сәйкестік жоқ. Стильдің бір түрі адам әрекетінің әр түрлі салаларында қолданыла береді. Теориялық жақтан әр коммуникативтік сала арнаулы қолданбалы тілдік бірліктердің жасалып, қалыптасуына ықпал етуі керек, ал іс жүзінде барлық тілдерде мұндай сәйкестік жоқ.

         Әлеуметтік және тілдік элементтердің толық сәйкестігі болмайтындығы үнемі есте болуы керек, өйткені стильдің бір түрі әр түрлі коммуникативтік салаларда қолданыла береді немесе, керісінше, бір ғана салада әр түрлі қолданбалы тілдік бірліктер көрініс табуы мүмкін. Мысалы, кез-келген қоғамда коммуникативтік саланың бірі ретінде саналатын баспасөз тілінде әр түрлі стиль элементтерінің қатар қолданылу мәнін профессор С.Исаев былайша түсіндіреді: «Мерзімді баспасөз тілі ... ресми стильге тән элементтер жүйесінің қолданылуы негізінде, ғылыми әдебиеттер, ресми іс-қағаздар тіліне жақындап, көркем әдебиет тілінен ерекшеленіп отырса, екінші жағынан, яғни көркем стильге тән тілдік элементтер жүйесінің қолданылуы негізінде, керісінше, ғылыми әдебиеттер, ресми іс-қағаздар тілінен оқшауланып, көркем әдебиет тіліне жақындай түседі. Міне, осыдан келіп мерзімді баспасөз тілінің атқаратын қызметіне қарай тілдік элементтерді сұрыптап қолданылуына белгілі бірлік пен қарама-қайшылықты, содан туындайтын күрделі тілдік процесті байқаймыз»[2].

         Қазіргі қоғамымыздың барлық салаларында әр түрлі  стильдер араласып, бір-біріне әсер етіп және қатар өмір сүріп жатуы сапалық тұрғыдан жаңа қолданбалы тілдік бірлік тіл білімінде конвергентті стиль деп аталып жүр.

         Көркем әдебиет тіліндегі конвергентті стиль деп дәл атамаса да, проза тілін зерттеген ғалым Е. Жанпейісов «Көркем әдебиет тілінде басқа да функционалдық стильдердің элементтері қоса пайдаланылады. Өйткені, саяси, ғылыми және осы сияқты өзге де әдебиет түрлеріне қарғанда көркем әдебиетте қамтылатын өмірлік құбылыстар әлдеқайда жан-жақты болып келеді. Міне, көркем шығарманың осы ерекшелігіне байланысты оның тілінде барлық фунуционалдық стильдердің элементі, ғылыми-техникалық терминдермен, кәсіби лексика элементтерімен қоса, түрлі  экспрессивті және эстетикалық мәндегі образды сөздер, мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер, архаизмдер мен неологизмдер, қарапайым сөйлеу тілі элементтері, ауызекі тілдегі жергілікті ерекшеліктер, ретіне қарай тіпті варваризмдер де қолданылады, аралас жүреді» [3.17] деп көрсетеді.

         Конвергентті стильде қазақ әдеби тілінің барлық стильдеріне тән тілдік қолданыстарды көруге болады. Бұл, әсіресе, сырт қарағанда бір-бірінен  алшақ көрінетін стиль түрлерінде бірдей тілдік элементтерінің қолданыс табуынан байқалады. Қазіргі таңда әдеби тілдің стильдік тармақтары сараланып, орнығуына байланысты барлық жанрларда стилизация құбылысы көріне бастады. Оның ішінде тарихи стилизация құбылысы  стильдің барлық түрлерінде кездеседі. Мысалы, қазір пубицистикалық, іс-қағаздар, көркем әдебиет стилінде кейбір көнерген сөздердің жаңа мағыналық реңкпен көркемдік-эстетикалық қызметте жұмсалып отырғандығы байқалады. Терминдік мағынаға ие болып, ғылым тілінде, арнаулы салаларда қолданылып жүрген жарғы (устав), кіреуке (эмаль), қандауыр (скальпель), сарбаз (солдат), жасақ (отряд), айдауыл (конвойный) сияқты көнерген бірліктер де баршылық.

         Қазіргі тіл білімінің лингвостилистика саласының қарастыратын мәселелерінің бірі әр түрлі стиль түрлеріне жататын жазбалар тіліндегі тарихи стилизацияның әлеуметтік, ғылыми, эстетикалық тұрғыдан ең тиімді және неғұрлым мақсатты жолдарын айқындау болып табылады. Көнерген сөздерді жаңа мағынада қолдану әдеби тіл нормасының қалыптасуы, оның жаңа мағыналық-стилистикалық реңктермен толығуына жол ашады және олар (көнерген сөздер) әдеби тіл нормасына сай белгілі стиль түрінің қолданбалы тілдік құралына айналады.

         Көнерген сөздер тек номинатив мағынасында ғана емес, контекстік мағынада да, өзге сөздермен тіркесіп, жаңаша, прагматикалық құрал ретінде де қолданылады. Тарихи стилизацияның, әсіресе, публицистикалық және көркем әдебиет стилінде қолданылуы – ақпарат қабылдаушыға әсер етудің күшті құралдарының бірі ретінде қазіргі тілімізде жиі пайдаланылатын әдістердің тиімді түрі.

       Қысқасы, коммуникативтік сала түрлерінің сипатына байланысты қарым-қатынастың құқықтық, ғылыми және эстетикалық, бұқаралық ақпарат және тұрмыстық салаларына қарай тілді пайдаланушы функционалдық-стильдік белгісі бар амал-тәсілдерді таңдап қолданады.Тілдік құралдардың мағыналық-стильдік реңктеріне қарай адресат (тыңдаушы) тұлға-бірліктердің қай стиль түріне жататынын айқын аңғарады.

                                  Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Виноградов В.В. О теории художественной речи. – Москва, 1971.

2.     Исаев С. Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы. – Алматы: Қазақстан, 1983.

3.     Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. – Алматы: Ғылым, 1968.

                               Резюме

Статья посвящена общим вопросам конвергентного стиля в современном казахском языке и о роли использования архаизмов и историзмов как приемов исторической стилизации.

                                         Gummary

         The article in devolet to general of ismes of the comergent slyge in modern Kazakh language and  the Herole of mising arhaims and hilosimy as historical alylgalion denzes.