Тулегенова Шынар Исланбекқызы

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНЕ – 100 ЖЫЛ.

Биылғы жыл халқымыздың  көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай салған ағартушылық, демократтық бағытты  ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын- аудармашы, ұлт көсемі, қазақтың дара тұлғасы, білім беру жүйесін қалыптастырушы, қазақ халқына «Қазақ әліпбиін» салып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы атамызға - 140 жыл толып отыр. Оның үстіне, әйгілі реформатордың 1912 жылы жазған «Оқу құралы» атты қазақтың тұңғыш әліппесіне биыл бір ғасыр толып отыр. Ахмет атамыздың мерекесі Республика деңгейінде дүркіреп өтіп жатқанын көре алмай отырмыз. Бұл дегеніміз ұят нәрсе сияқты.

Ахмет Бай­тұр­­сынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің заң­ды­лықтарына бейімдей отырып, тұңғыш әліп­биін жасады. Себебі, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Қазақ елін  сауаттандыруда  тарихи рөл атқарған. Араб графикасына бейімделіп, бар болғаны  28 әріптен тұратын  бұл әліпби әдістемелік оқулығымен бірге 1912-жылы елдің қолына тиіп, ауылда балалардың сауатын ашу үшін сол жылдан бастап қолданыла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен  бір жағынан оқытушыларғада жеңіл болды, екінші жағынан оқушы балалар бір жылда хат тану мүмкіндігіне ие болды. Бұл оқулық 1912-1925 жылдар аралығында жеті рет басылып, оқу-ағартушылық салада біраз уақыт қолданылады. Әліппеде дыбыс пен әріпті оқыту дидактиканың «жеңілден қиынға қарай» қағидасы бойынша жеке сөздерді оқытудан басталады да, кейін қысқа-қысқа мәтіндер алынады. Ал жеке сөздер алынғанда, екі дыбыстан тұратын қысқа, жеңіл сөздерден басталып, бірте-бірте күрделенеді. Мысалы, бал, бала, балалар, ас, аса, асар т.б. Бұл қағида оқушының оқуды, жазуды, сөйлеуді тез үйренуін қамтамасыз ету, оқыту үрдісін жеңілдету жолдарын іздеуден шыққан.

А.Байтұрсынұлының бұл оқулығы сол тұстағы жинақталған алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып, озық әдістемелік теорияларға негізделіп, жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін, тіпті ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып жазылған еңбек.  Оқулықта ойындар дыбыс әдісі жолымен сөздерді түрлендіру арқылы сөздер, сөйлемдер жасауға арналған. Мұнда балаларды оқуға қызықтыру, назарын оқуға аударту мақсаты көзделгені байқалады.

         Ахмет екі сөзден тұратын сөйлеммен жаттығулар беріп, оларды түрлендіріп, тіпті жаңылтпашқа айналдыру сияқты тапсырмалар арқылы бала тілін дамытудың түрлі әдістерін қолданған. Олар күрделене келе мәтіндерге айналған. Ол өте кіші мәтінен басталып, ары қарай күрделене береді. А.Байтұрсынұлы әдістемесінде аз дыбыстан тұратын сөзден бастау, жаттығуды аз сөйлемнен, мәтінді өте шағын түрінен бастау, оларды біртіндеп қана кеңейту, күрделендіру тәсілі айрықша орын алады.

         А.Байтұрсынұлы «Оқу құралының» алғашқы бетін балаларға арналған өлең жолдарынан бастайды.

                                      Балалар! Бұл жол басы даналықа.

                                      Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!

                                      Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,

                                      Соларды көре тұра қалалық па?

                                      Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,

                                      Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!

         Осы өлең жолдарын оқи отырып А.Байтұрсынұлы сауат ашуға шақыратындығы көрінеп тұр. Жасаған істерінің барлығы болашақ жас ұрпақтарға қалдырған үлкен ерең еңбегі десек қателеспейміз. Ол  сонымен бірге – қазақ тілі грамматикасын яғни, фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін  және терминологиясын жүйелі түрде ғылыми  түзеген. Қазақтың  дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін, терминологиясын  толық зерттеп, қазақ тілі грамматикасының негізін салды. Ахмет Байтұрсыновтың лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерін  кезінде Орта Азия, бүкіл түрік әлемі  мойындап, қолдап және Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетістіктерін өздерінің грамматикасында пайдаланды. Сондай-ақ қазақ тілінің шамын жағып, тіл заңдылықтары мен грамматикасының негізін қалап кеткен Ахметтің үш бөлімнен тұратын «Тіл құрал» атты үлкен оқулығында ал­ғаш рет фонетика, морфология, син­таксис ұғымдарына кеңінен талдаулар берілген.

Әліпби - тек сауат ашу ғана емес, ғылым-білім үйренудің баспалдағы. М.Әуезовше айтсақ, Ақаң  ашқан қазақ мектебінің ұстанымы - қазақ баласын ана тілінде сауатын аштырып қана қоймай, оның танымдық талғамын қазақша қалыптастыру болған. Өйткені, сол тұстағы оқыған, сауатты жандардың басым көпшілігінің  тілі не татарша, не орысша шыққаны және сол тілдермен өз тілін араластырып, «қойыртпақ тіл» жасағаны тарихтан  белгілі. Сондықтан да ағартушы қазақ ұлтының табиғи қалпын сақтау мақсатында, кемшіліктерді болдыртпау үшін өзінің білім беру жүйесінде ана тілмен оқыту тәсілін ұстанды.

Осы зерттеулерде ғалымның қазақ тіл білімі саласындағы категорияларын бүгінгі таныммен байланыстыра сараптаулар жасалды. Тілші-ғалымдар А.Байтұрсынұлы тұжырымдамаларын «қазақ тіл білімінің бастауы» деп танып, оны ғылыми тұрғыда жүйелеп берді.

Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы Ахаң әліпбиін «ұлттық мұрамыз» деп мақтан тұту - ұрпақ парызы екенін есте сақтай жүрейік!

Әдебиеттер тізімі:

1.Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.-Алматы,1991ж.

2.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы.- Алматы «Ана тілі» 1992ж.