Экономические науки/9. Экономика промышленности

 

Шайнуров А.С., э.ғ.к., Смагулова Ж.Б., экономика магистрі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік іниверситеті, Қазақстан

Қазақстан Республикасында кластерлік саясатты  дамытудың заңнамалық негіздері

 

Президент  Н.Ә.  Назарбаевтың  2012  жылғы  14 желтоқсанда  жасаған  «Қазақстан-2050»  стратегиясы  атты халыққа  жолдауы:  қалыптасқан  мемлекеттің  жаңа  саяси бағыты»  республика  алдына  2050  жылға  қарай  әлемнің отыз дамыған елі қатарынан табылуды мақсат етіп қойды.

«Қазақстан-2050»  стратегиясын  іске  асырудың  басты құралы  кластер  болуға  тиіс  екенін  баса  айтамыз,  өйткені сонда  ғана  бизнес,  ғылым  және  мемлекеттің  өзара әрекеттесуі жолымен синергетикалық нәтиже пайда болып, «үш  шиыршық»  моделі  жұмыс  істей  бастайды.  Осыны ескерген  мемлекет  басшысы  мынадай  міндеттер  қойды: кластерлік  даму  модельдерін  белгілеу;  перспективалы ұлттық  кластер  қалыптастыру  бойынша  «жол  картасын» жасау;  перспективалы  ұлттық  кластер  қалыптастыру Концепциясын жасау.Жаһандану  заманында  Қазақстанда  перспективалы ұлттық  кластер  қалыптастырып,  дамыту  бәсекеге қабілеттілікті  арттыруда,  тікелей  шетелдік  инвестиция тартуда  және  сыртқы  экономикалық  интеграцияны жандандыруда  тиімді  механизм  қызметін  атқарады. Отандық  кластерлердің  қосымша  құн  жасау  жаһандық тізбегіне  қосылуы  кәсіпорындарың  халықаралық  бәсекеге қабілеттілігінің  биіктеуі  арқылы  ұлттық  технологиялық базаның  айтарлықтай  деңгейге  көтерілуіне,  экономикалық өсу  қарқыны  мен  сапасының  жоғарылауына  жол  ашады. Елімізде кластерлік даму болса, ол экономиканың бәсекеге қабілеттілігін  көтерудің  және  мемлекеттік  -  жеке  серік-тестік  механизмдеріне  қарқын  берудің  бір  шарты  болып табылады.Кластерлік  дамудың  мақсаты –  перспективалы ұлттық  кластерді  құрайтын  отандық  кәсіпорындардың бәсекеге  қабілеттілігін  арттыру,  ғылым  мен  бизнестің, жеткізушінің,  жабдықтаушының,  арнаулы  өндірістік  және сервистік  қызметтің,  ғылыми-зерттеушілік  және  білім беру  ұйымдарының  бірлесуі  есебінен  жоғары  қарқынды экономикалық  өсуін,  ұлттық  экономиканың  әртараптануын және жетілуін қамтамасыз ету.

Кластерлік  саясат –  кластер  мен  кластерлік  бастамаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-қимыл  мен  тетіктер  жүйесі,  ол  аймақтардың,  кластерге жататын кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттігін арттыруға, кластер қалыптастыруға ынталандыратын және де инновация  енгізуді  қамтамасыз  ететін  институттардың  дамуына септеседі.  Нормативті-құқықтық  қамтамасыз  ету  шарала-рынан,  инвестиция  тарту  бағдарламаларынан,  қолдаудың қаржы-бюджеттік  механизмдер  тетіктерінен,  ақпараттық қызметтерден  және  кластер  жұмысын  бұқаралық  ақпарат құралдарында жариялаудан тұрады [1].

Әлемдік  тәжірибеде  кластерді  қалыптастырудың негізгі  екі  бағыты  айқындалған.  Оның  ең  басымы ХХ  ғасырдың  80-жылдарында  М.  Портер  ұсынған либералдық  классикалық  түрі,  ол  «еркін  нарық»  аясында  экономикалық  агенттердің  өзін-өзі  ұйымдастыра  алуын  білдіреді.  Қазақстандық  бағыт    ғылым  мен  биліктің, бизнестің  әріптестігін  нығайта  отырып,  инновациялық кластерлерді құру негізінде, әсіресе аймақтардағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету. Осы мақсатта 2012 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Индустриалды-инновациялық  іс-әрекеттерді  мемлекеттік  қолдау  туралы» Заңы қабылданды (Ары қарай - Заң).

Осы  Заңның  аясында:  ұлттық  экономиканың индустриалды-инновациялық  қарқынды  дамуына  қолайлы  құқықтық  және  экономикалық  жағдай  жасау; индустриялдық  іс-шаралардың  кеңінен  қанат  жаюын  ын-таландыру,  жоғары  технологиялы,  ғылыми  негізделген, экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті өндірісті өркендету; республиканың  барлық  аймақтарында  индустриалды-инновациялық дамуды кешенді және оңтайлы жүргізу және еңбек  өнімділігін  арттыру;  индустриалды-инновациялық іс-шараларды  қолдаудың  мақсаты  мен  міндеттерін айқындау  және  нақтылау,  сондай-ақ  оған  көрсетілетін мемлекеттік  қолдаудың  шекарасын  анық  белгілеуі қарастырылады.

Баса  айтқанда,  Заң  бойынша  тікелей  мемлекеттік қолдау  көрсетудің  түрлі  үлгілері:  индустриалды-инновациялық  жобаларды  қосымша,  әрі  толықтай қаржыландыру,  лизингтік  қаржыландыру;  қарыз  алуға кепілдік  қызметтерді  ұсыну,  қаржы  институттары  арқылы несие  алуға  мүмкіндіктер  жасау;  несиелердің  үстемақы мөлшерін  субсидиялау;  жарғылық  капиталдарға  инвести-ция  салу,  сонымен  қатар  индустриалды-инновациялық  іс-шараларды дамытуға жанама түрде де ықпал жасау жолдары қарастырылған.

Инновациялық кластерлер: қолда бар мүмкіндіктерді бірлесе пайдалану әрі өзара ықпалдасу арқылы, білім мен тәжірибе  алмасудың,  технологияны  тиімді  тапсырудың, тұрақты  серіктестік  байланыстарды  және  ақпаратты  тарату  жолдарын  қалыптастырудың  арқасында,  қатысушы-субьекттердің  индустриалды-инновациялық  қызметтерін жандандыратынын айту ләзім.

Осы  тұрғыда,  Назарбаев  Университеті  мен  Санаткерлік мектептері  үшін  ұйымдастырушы-құқықтық  қалыптағы бейкоммерциялық  ерекше  ұйымдар  құруды  қарастыратын, «Назарбаев  университетінің»  мәртебесі  туралы»,  «Назарбаев  Санаткерлік  мектептері»,  «Назарбаев  Қоры»  туралы  Қазақстан  Республикасының  Заңы  2011  жылдың  қаңтарынан күшіне енді.

Университетті,  Санаткерлік  мектептерді  және  Қорды басқарушы  орган  ретінде  ұдайы  жұмыс  істеп  отыратын қамқоршылар кеңесі болып табылады, оларға басқару ісінде толыққанды  билік  беріледі.  Олардың  құзырына  жылдық және  ортамерзімді  бюджетті  бекіту,  мүлікті  пайдалану ережелері  және  келісім-шарттарды  жасау,  тауарлар  мен  қызмет  түрлерін  сатып  алудың  тәртібі,  өзіндік  атқару органдарының  мүшелігіне  сайлау,  оның  мөлшерін анықтау  және  т.б.  істер  кіреді.  Гарвард  университеті, Пенсильванияның, Дьюк, Джонс Хопкинс университеттері сияқты  әлемдегі  алдыңғы  қатарлы  академиялық орталықтардың  жұмысы  осындай  ұстанымдарға  негізделген.  Бұл  -  Қазақстан  үшін,  жоғары  білім  беру  жүйесін мүлдем жаңа, әлемдік деңгейге көтеретін тосын қадам.

Әсіресе,  2011  жылы  18  ақпанда  қабылданған Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңын баса айтуымыз қажет. Осы Заңның аясында ғылыми зерттеулерді қалыптастыру  мен  қаржыландыруды  шешетін  отандық және  шетелдік  ғалымдардан  ұлттық  ғылыми  кеңес  құру, ғылыми жобаларды байқау арқылы іріктеу қарастырылады.Бұл  ғалымдардың  мәртебесі  мен  маңызын  көтеріп, осы  мәселеге  қатысты  шыншылдық  пен  айқындықты күшейтеді.  Базалық  қаржыландыру,  гранттық  және мақсатты-бағдарламалық  үш  құрамнан  тұратын,  ғылымды мемлекеттік  қаржыландыру  жүйесі  жетілдіріледі.   Осы орайда,  ғалымның  қоғамдағы  мәртебесі  мен  беделін  арттыру  мақсатында  ғылыми  жұмыстың  еңбекақы  жүйесі заңмен  реттеліп,  гранттық  қаржыландыру  шеңберінде қосымша еңбекақы алуға мүмкіндік туады, сонымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарды қаржыландырудың қосымша көздері  пайда  болады.  Ғылыми  жаңалықтарды  іс  жүзінде тәжірибеден  өткізу,  сондай-ақ  жоғары  оқу  орындарында  ғылыми,  ғылыми-техникалық  және  инновациялық жұмыстарды  жүргізудің  тетіктерін  табуға  айрықша  көңіл бөлінуде.

Литература:

 

1. Еспаев С.С., Киреева А.А. Ұлттық кластерлерді қалыптастыру  және дамыту тұжырымдамасы. - Алматы, 2013 жыл, 234 бет

2. "Назарбаев Университетi", "Назарбаев Зияткерлiк мектептерi" және "Назарбаев Қоры" мәртебесi туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 394-IV Заңы

3.«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы № 407-IV Заңы