Магистр, Жапанова Риза Набиевна

4 курс студенті Карабаева Дилбар Ержанбайқызы

«Болашақ» Академиясы, Педагогика және психология кафедрасы, Қазахстан

Бала бойына азаматтық-патриоттық тәрбие қалыптастыруда мектеп пен отбасы қарым-қатынасының маңызы

 

ҚР Конституциясының 27-бабында: «Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» делінген. Сондықтан баланың өмір тану қадамы үйден, отбасынан басталатынын ескерсек, әр ата-ана өз баласының тұңғыш тәрбиешісі және оның әрбір іс-әрекеті балаға сабақ. Отбасының берекесі, жан жылуы, бір-бірімен сыйластығы балаға ерекше әсер етеді. Бірақ соңғы уақытта теледидардан көрсетілетін неше түрлі саны бар да, сапасыз фильмдер бала санасын тез улап, еліктіріп жүргені де жасырын емес. Қазіргі уақытта отбасы тәрбиесінен гөрі теледидар тәрбиесі басым болып кеткені шындық. Сондықтан баланы жан-жақты тұлға етіп қалыптастыруға мектеп, отбасы және қоғам боп бірігіп бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Ол үшін оқушылардың, педагогтар мен ата-аналардың қажеттілігіне бағытталған мектептің тәрбие жүйесін азаматтық-патриоттық тұрғыда ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттау арқылы дамыту керек деп есептейміз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан-2050” Стратегиялық бағдарламасында: “Жастарды қазақ­стан­дық патриотизмге шығарма­шы­лық жағынан дамыған жеке тұл­ға ретінде тәрбиелеу қажет. Бү­гіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек”, – деп ерекше тоқталып өтеді. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген са­налы көзқарастың болмауы сал­да­рынан әскер қатарында келеңсіздіктер жиі кездесіп қалуда. Сондықтан да мектепте азаматтық-патриоттық тәрбие беруді нықтап қолға алудың кезі жетті. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін, жерін  қорғауға, ұлттық әскер қатарында адал қызмет атқа­ру­ға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Ол үшін қазақ халқының ғасырлар бойы қалып­тасқан отансүйгіштік тәлім дәс­түрлерін, әдіс­тері мен құралдарын жинақтап, оны оқушы тұлғасын қалып­тастыруда ұтымды қолдану – бүгінгі күннің өзекті талабы.

Ж. Аймауытов 1918 жылы өзінің «Абай» журналына жарияланған «Тәрбие» атты мақаласында былай деген: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара әсерлер адамды замандас, жолдастың азғырып не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі. Тәрбиеге туған жұрттың тілі, мінезі, тұрмысы да әсер қылмақ. Қысымшылық көрген жасқыншақ болмақ, ашық көңілді, сауықшыл ел- жұрттың баласы да сондай болмақ».

«Адамның адамшылығы –ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, алдымыздағы жас ұрпақтың өмірдегі бар қиыншылықты жеңіп, адамгершілігі мол, тәрбиелі, білімді болып шығуы үшін, ұстаз бен ата-ана көп тер төгу қажет.

Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың сүтінен нәр алып өскен ортасына тікелей байланысты.
« Тәрбие басы – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақтың мағыналы сөздерінде үлкен астар бар сияқты.

Ұстаз ата-анамен тығыз байланыста болудың ең негізгі жолы мектепте өткізілетін әртүрлі мерекелер, іс-шаралар мен жиналыстар, сайыс, ашық есік күндерін ұйымдастырып, ата-аналарды шақырып отыру болып табылады. Сонымен қатар, ата-аналарды тек көрермен ретінде ғана қарастырып қоймай, балалармен бірге әртүрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, көңілді ойындарға қатыстырып отыру керек.
Ата-аналар бос уақытында ашық тәрбие сағаттарына, психологиялық тренингтерге сынып жетекшінің шақыртуымен келіп қатысу және құқық қорғау органдарынан инспекторлар, дәрігерлер, ақсақалдар алқасынан шақырылған қонақтардан мәні зор инабаттылыққа, имандылыққа баулитын ақыл-кеңестер алу жоғарыда айтылған қателіктерді жіберуге жол бермей, өз нәтижесін береді.

Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана сезім рухани байлықтан

көрініс табады. Патриотизм сезімінің оянуы мен қалыптасу үрдісін белгілі бір асқақ сезімдерден, мақтаныш-сүйініштен бөле-жара қарауға болмайды. Ол елінің өткен тарихын мақтаныш тұту, жерінің байлығына, әсем көркіне сүйсіну, атадан балаға жалғасып, жақсы үрдісін тапқан ұлттық тілді құрметтеу. Осы сезімдерден туатын, санада орнығып қалыптасатын асыл қасиеттер ұлттық патриотизм деңгейінде өркен жайып, азаматтық патриотизм биігіне ұласатын сыңайлы. Әрине, бұл өздігінен бола салатын нәрсе емес, ол нақты тәрбиенің жемісі. Бұл тәрбиенің жемісін егетін әрине, ұстаздар қауымы мен ата-аналар.

«Жапырақ тамырдан нәр алады» дейді халқымыз. Сол айтқандай оқушыларға тәрбие беру үшін бабаларымыздың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін, еңбексүйгіштік қасиеттерін өзі өскен отбасы мен мектеп табалдырығынан алатынын әсте естен шығармайық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Н.Ә. Назарбаев ”Қазақстанның болашағы қоғамның идеялық бірлігінде” Алматы, 2000 ж.

2. С.Ғ. Тәжібаева «Мектептің тәрбие үдерісінде оқушының ұлттық келбетін қалыптастыру ». Алматы, 2010 ж.

3. С.Ж. Құттыбаева «Қазақстандық патриотизм мен толеранттыққа тәбиелеу -мұғалімнің басты борышы». //Тарих Қазақстан мектебінде. №4, 2010 ж.

4. «Тәрбие құралы». Республикалық ғылыми педагогикалық журнал. №5, 2009 ж.