Мырзахмет Гүлнур, КО-41 тобы

Е.А.Букетов атындағы КарМУ

            

               АБАЙ – ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ ТIЛДIҢ НЕГIЗIН ҚАЛАУШЫ

Ғылыми жетекшi: ф.ғ.д., профессор Мажитаева Ш.

  

   Әдеби тіл белгілі бір халықтың, қоғамдағы адамдардың бәріне түсінікті, ортақ қатынас құралы болғандықтан, оның туып, қалыптасуы, дамуы сол халықтың шығуы мен тарихына тығыз байланысты. Қазақ әдеби тілі алғашқы кезеңдерінде  ХV-ХVІІІғасырлардағы ақын-жыраулар шығармашылығымен тікелей  байланысты болды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілінің жай-күйін, оның негізгі нормаларын, қазақтың көркем сөзінің құдіретін қарастырғандардың бірі Абай Құнанбаев. Абай қазақ әдебиеті тарихында ғана емес, әдеби тіл дамуының тарихында да ерекше шоқтығы биік тұлғасына айналған.

Абайға дейінгі қазақтың мәдениет көгінде және бір тіл өмір сүріп келді. Ол ортағасырлық және Еділ бойы мен Кавказды мекендеген бірсыпыра түркі халықтарының да жазба дүниесіне қызмет етіп келген «түркі» деп аталған дәстүрлі жазба тіл еді. Абай қазақтың байырғы әдеби тілін ұлттық жазба тілге айналдырып, соның іргетасын қалады, оның даму бағыттары мен принциптерін ұсынды. Абайдың қазақ әдеби тілі тарихындағы орны мен қызметі М.Әуезов, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов еңбектерінде жақсы көрсетіледі.

    Абайдың тіл көркемдігін тұңғыш рет кеңінен және арнайы монографиялық еңбек жазып зерттеген адам – ірі әдебиеттанушы ғалым Қажым Жұмалиев. Ол 1960 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» атты кітабында алдымен Абай өлеңдеріндегі өзінің тура мағынасында қолданылатын сөздерді бөліп қарап, содан соң көнерген, жергілікті сөздер, кірме сөздер, Абайдың өзі енгізген жаңа сөздер деп көрсетіп талдайды[1,15-17].  

    Абай тілін зерттеу – бүгінгі қазақ филологиясы ғылымының ауқымды саласы болып қалыптасып отырған абайтанудың өз алдына маңызды зор бір тармағы.

   Абайдың көркем сөз дүниесінде, тіл ұстартуда теңдесі жоқ заңғар биікке шығып, ұлы тұлға болуының басты себебі – ақынның, әдебиеттің, әсіресе қазақ поэзиясының қоғамдық мәнін, әдеби тілдің әлеуметтік қызметін барынша толық түсініп, жан-тәнімен сезінуіне байланысты екені ешбір күмәнсіз. Абайдың өлеңді құдірет тұтып: «Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің, Сонда сенің отыңды басатұғын Осы өлең – оқитұғын дұғам менің», - деп бағалайды [2, 206].

    Абай қазақтың бай дәстүрлі (тұрақты) эпитеттерін еркін пайдаланған және оларды әрдайым дерлік образдық элемент ретінде жұмсаған. Бізге дейінгі  зерттеушілер атап көрсеткендей, Абай бір ғана жүрек сөзін  әр алуан эпитетпен жұмсайды, олардың ішінде  жылы жүрек, ет жүрек дегент бірен-саран ғана тұрақты эпитетпен келгендері болса, қалғандары Абайдың өзі ұсынған эпитеттерімен айтылған образдар: сорлы жүрек, асау жүрек, жалын жүрек, үрпейген жүрек, кірлеген жүрек, ынталы жүрек, жаралы болған жүрек, асыл жүрек, мұз жүрек, сұм жүрек, ызалы жүрек [1,29].  

   Абай көне түркі, шығыс орыс тілдері материалдарын ретті жерінде пайдаланып отырған. Әңгіме тек лексика, жеке сөздер шеңберінде ғана емес. Сөздерді тіркестіріп тізбек жасауда, жаңа жарасымды байланыстар құрап, өрнекті сөйлем құрауда сөзге ұсталығы, ой құрауға шеберлігі көрініп отырады.

    Абайдың публицистикалық шығармаларында тақырыбына қарай араб, парсы тілдеріне жататын діни де, діни емес жеке сөздер мен тіркестер де еркін қолданылған. Мұнда халық тіліне бұрыннан еніп, кірме сөз дәрежесіне ие болғандарымен қатар, қарапайым оқушыға бейтаныс, көбі бір-екі реттен артық кездеспейтін араб, парсы сөздері  бар. Әсіресе ислам дініне қатысты ой-пікірін айтқанда, Абай араб тілінде қалыптасқан терминдер мен жеке сөздерді, кейде тіпті сөз тіркестерін пайдаланды. Мысалы, саны (бір нәрсені істеуші, жасаушы), салахиат (жарамдылық), самы` (тыңдаушы), табы`(ізбасар), тақриб (жуықтау, жақындау), ғурур (тәкаппарлық) т.б.осылар сияқты ондаған сөздерді атауға болады[3,208]. Абай тіпті халық мақал-мәтелдерін де қажет деген жерде орынды жұмсап отырады: «Бұлт ала, жер шола», «Сап-сап көңлім, сап көңілім! Сабыр түбі – сары алтын», «Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ», «Ит маржанды не қылсан деген сөз бар», «Адамдықтан жамандық көрмей қалмас», «Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек», т.б.  Халықтың рухани қазынасы болып табылатын мақал-мәтелдерге Абайдың үлкен мән бергендігін қара сөздерінен (мысалы, 5,29,37-сөздер) де байқаймыз [2, 212-213].

      Абай фразеология саласында түбірлі өзгеріс жасады деуге болады.  Ол өзгеріс үш түрлі сипаттағы іс-әрекеттен тұрады: бірі – перифрастикалық тіркестерді мол қолдану, екінші – жаңа тіркестер жасау, үшінші – бұрынғы тіркестерді өзгертіп қолдану.

    Перифраз дегеніміз бір нәрсені немесе құбылысты соның өзінің бір белгісін көрсетіп атау болса, бұл – қай тілде де бар әдіс. Перифраздар қазақ поэзиясы тілінде Абайға дейін де қолданып келген болатын, бірақ ең басты тәсіл емес еді. Ал  Абайда бұл – жүйеге айналған, өнімді құралдың бірі. Абай бұрыннан қалыптасқан перифраздарды  да пайдаланады. Мысалы, әлем, дүние дегенді он сегіз мың ғалам, шартарап деп атауы, қызды қызыл гүл, қалам қас, піскен алма деп ауыстырып атауы бұрыннан келе жатқан үлгілер.

    Қазақтың байырғы әдеби тілінде  өмір мен өлімді перифраздап атау жиірек кездесетін. Өмірді Абай да сұм жалған, сұм дүние, қайран дәурен, кемді күн, бұлдыр заман деп суреттеп атаса, бұл перифраздардың көбін өзіне дейінгі әдеби тілден алды.  Фразеология саласында Абай істеген өзгеріс-жаңалықтардың екінші түріне жаңа тіркестер жасауы жатады. Фразеологизмдер – жылдар, ғасырлар жемісі. [3,256]. Абай өлеңдерінде халық қазынасына жататын тұрақты тіркестерді еркін қолданған.  Мысалы, оның өлеңдеріндегі қас сағыну, қас сағынбау  із жоғалту, көзге үру, қырымғка қарау, титығы құру, табанынан тозу, намысқа шашу, тілін безеу, басқа шауып, төске өрлеу, араны тоймау, шылбыр беру, шаужайынан қағу, табанынан таусылу сияқты қимыл, іс-әрекетке қатысты өте образды тұрақты тіркестер қазақтың жалпы халықтық тілінің ертеден келе жатқан мүлкі.  Бұрынғы тіркестердің мағынасын қуалап, соның ізімен жаңасын жасау да Абайдың активтендірген тәсілдерінің бірі. Бұрынғы  аттың майы, көліктің майы дегендердің үлгісімен көздің майын ағызу, сөздің майын аямау деген тіркестер құрады. Абай да өз шығармашылығында қазақтың ауызша тарап келген байырғы әдеби тілін негіз етті, оның барын дамытып, жоғын толдырды, жаңа сатыға көтерді. Әрине, Абай қазақ әдеби тілін жаңа сатыға көтергенде бұрынғы   принцип-бағыттардың күллісін жоққа шығарған жоқ, керісінше, ең басты өмірлік белгілерін сақтап, оларды әрі қарай ұстады.

    Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай екені қазіргі кезде аксиомаға айналған шындық. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақ әдебиетінің тарихында жазба әдебиетінің дәуірі басталды деп көрсетеді де, бұл туралы: «Жазба әдебиетінің негізін  салушы есімі Мәшһүр деген  атпен белгілі болған Жүсіп Көпеев, соңыра Абай Құнанбаев болды», - деп жазады.

     Революцияға дейін Абай поэзиясының тілі көркемдігін аса жоғары бағалап, дұрыс пікірді орыс тілділер ішінде он тоғыз жастағы С.Сәдуақасов айтты.   Ол қазақтың әдеби тілінің негізін қалаушы Абай поэзиясының шын мәнісіндегі  классиктерге тән ерекшелігін де көре білген. Өйткені бұдан бұрын да Абай халық тілінің байлығын ашып, қарапайым сөзбен философиялық ойды дәл жеткізе білетініне назар аударған пікірді ұшыратамыз. Ол осы мақаласында да Абай поэзиясының тіліне ерекше тоқталып, Абайдың «тіл көркемдіктің ең жоғарғы  дәрежесінде және осы тұрғыдан алып қарағанда, онымен қатар тұруға қазақ ақын-жазушыларының бірі де тең келмейді», - деп бағалауы қазақтың әдеби тілін дамытып жетілдірудегі Абайдың тарихи рөлін дұрыс танытқан алғашқы құнды пікір[4,37].

   Абайдың жаңа жазба әдеби тіл этапын бастауда ұстанған бағыт-принциптерінің ішінде және бір көңіл аударатын жайт бар. Ол – тілдің қоғамдық қызметін Абайдың дұрыс түсінуі. Абай дәуірі – қазақ  қоғамының әр алуан саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық жаңа қатынастарға түскен дәуірі. Абай – әдеби тілдің даму жолындағы жаңа дәуірін бастаушысы, сапалық жаңа типінің іргетасын қалаушы адам. Абай тілінің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымын талдау арқылы қазіргі жазба әдеби тіліміздің белгілі бір кезеңдегі сипатын тануға болады[5,48].

     Қорыта келгенде, Абай – қазақтың сапалық жаңа типтегі жазба әдеби тілінің негізін салушы. Бұл тіл – қазіргі жазба әдеби тіліміздің бастамасы. Демек, дәлірек тұжырымдасақ, Абай тілі – қазақтың қазіргі ұлттық жазба әдеби тілінің басы. Абай – жаңа жазба әдеби тілдің негізін қалдаушы ғана емес, дамытушы, тұрақтандырушы және сол дамыту, нормаландыру ісінде үлгі көрсетіп бағыт беруші.  Абай тілін сөз еткенде, негізгі тұжырым – Абай – қазақтың қазіргі жазба әдеби тілінің іргетасын қалаушы деген қағида.

                                         Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі.     Алматы: Арыс, 2004

2. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1996

3. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Арыс, 2004

4. Мырзахметұлы М. Абайтану. – Астана, 2014.

5. Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы: Арыс, 2004.