Ерманова Сания Буленбаевна, магистр, аға оқытушы

                                           Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы, ҚМПИ, Қостанай, Қазақстан

                                            Erzhan_saniya@list.ru тел:87754111501

 

 

Қазақ ханы – Алаша хан

 

Алаша хан  – кең тараған көп нұсқалы генеологиялық миф бойынша, Алаша хан бір жағынан, алты Алаштың ортақ ата-тегі, екінші жағынан, исі қазақтың ата-бабасының персонификацияланған атауы. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын көне аңыздар мен ортағасырлық тарихи хроникаларда кездеседі. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш Алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Алаша хан есімі кейін тілі, мәдениеті, шаруашылық типі ұқсас тайпалық бірлестіктердің бірыңғай этностену үрдісінің нәтижесінде  этнонимдік мәнге ие болды. Алаша ханның нақты қай кезеңде өмір сүргендігі жөнінде мәліметтер жоқтың қасы. Қазіргі зерттеулерде Алаша хан туралы мифтендірілген образдар да жетерлік.  Әсіресе, әлеуметтік және мәдени антропология, тарихи социология, этнология саласындағы қалыптасқан методологиялық жетістіктің қалпымен зерделеуде болып отыр. Ұлытау өңірі Қаракеңгір өзенінің бойында ХV-ХVІ ғасырларға жататын «Алаша хан күмбезі» ғимараты қазірге дейін сақталып отыр. Осы Алаша хан күмбезіндегі моланы антрополог О.Смағұлов 1998 жылы қазды. Одан табылған бас сүйекті Москва қаласындағы М.М.Герасимов атындағы пластикалық антропология лабораториясының мамандары жан-жақты зерттеп, сол арқылы жерленген адамның бет-әлпетін қалпына келтірді. Біздің ойымызша аталмыш мазарда жатқан Алаша хан ХV ғ.-дың екінші жартысында қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі, әрі алғашқы ханы Керей болуы ықтимал. Аты аңызға айналған ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жеткізген аңыз-әпсаналардың біріндегі Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғысханға ұқсайды дейді.

Әрбір ұлт пен қауым үшін өзінің шығу тегі мен атауын анықтап алу аса маңызды. Өйткені, біз кімбіз, қайдан келдік, қандай ортада өмір сүріп жатырмыз? - деген сауалдарға төл шежіремізге нақты жауап бере аламыз ба? Тарих ғылымында шешімін таппай жүрген осындай түйткілдердің бірі «Алаш» атауының қандай мән-мағынасы бар деген мәселе екендігі ғылым көшіне ерген ағайынға аян. Ендеше, бүгін біз «Алаш» атауы жөніндегі аңыз-әпсаналар мен тарихи деректерге талдасақ, адамзат баласының жаратылысын баян ететін сонау ерте замандағы шежірелік дереккөздерден бастап, мифтік аңыз-ертегілер, Орта ғасырларға тән аңыз-әпсаналар мен қолжазбалар, Батыс ориенталистерінің пайымдаулары және қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдарын түгелдей сүзіп шығуымызға тура келеді. «Алаш» атауы хақындағы деректер мен талдауларды салыстырмалы түрде бағытына қарай былайша жіктеуге болады.

Даңқты Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» барша жұртшылыққа, әсіресе түркі қауымына ортақ тарихи шежіре саналады. Осы шежірелерде «Алаш» атауына қатысты деректер де ұшырасады. Мысалы, Рашид ад-Диннің «Жылнамасында» Нұһ пайғамбардың немересі ретінде Абулджа хан атты кісі есімі аталады. [1.51 бет ]. Ал, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» де Нұһ пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан туралы дерек келтіріледі  (2. 13-14 беттер). Осы Алынша ханды Қазақ тарихы үшін құнды деректерді мұра етіп қалдырған Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих Хамса» атты белгілі шығармасында «Алаш» атауына қатысты үшінші уәж ретінде көрсетіп өтеді (3. 56-57 беттер). Белгілі этнограф Ж.Артықбаев бұл шежірелік деректерді талдай келе, Алынша ханға қатысты оқиғалар б.э.б ІІІ-ІІ мыңжылдықта болған деп болжайды (4, 63).

Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша хан көп жылдар бойы патшалық қылды. Нұһ пайғамбар заманынан Алынша ханға шейін барша Иафес әулеті мұсылман еді. Алынша хан заманында жұрт байып, дәулеті тасыды. «Ит семірсе, иесін қабар» деген өзбек мақалы бар еді. Әр кісі өзінің ең қимас адамы не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе, соған ұқсатып, қуыршақ жасатып қоятын болды. «Бұл пәленшенің суреті» деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, оның жүзін өбіп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана-қайталана пұтқа табынуға әкелді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп баяндайды. Сондай-ақ, дәл осы деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде келтіріп өтеді (4, 8 б)

Шынында да Алынша ханның дәуірінде адамдар хақиқи сенімнен ажырап, пұтқа табына бастаған болса, ата-бабаларымыз:

Алаш, Алаш болғанда,

Алынша хан болғанда.

Қазақ, қалмақ, ноғайлар,

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Жайқұн көлдей бір болған.

- деп (5, 55 б) Алынша ханды мақтап, дәріптеп жырламас еді. Яғни, Құрбанғали Халидтің Алынша хан мен «Алаш» атауын жымдастырғысы келген бұл уәжін дүлдәмалдау тұжырым, тарихи шындыққа  жанаспайтын байлам деп қабылдаймыз. Жалпы, Қазақ халқы «Алаш» деп ұрандағанда, арқасы қозып, рухтанып, айбарлана түседі. Олай болса, дүйім елді кәуірлікке ұрынған дәуірдегі Алынша хан қалайша арда халықтың «Алаш» ұранына  айнала алады? Демек, алтын ұрық, текті халықтың ұрпағы екенін паш еткіміз келсе, «Алаш» атауының шығу төркінін басқаша тарқатумыз қажет-ақ.

Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі Татар, бірі Моңғол. Алынша хан қартайған соң, елін екі ұлына бөліп берді. Бұл екеуі бір біріне жамандық ойламай, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді» (Әбілғазы. «Түрік шежіресі». Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп, Алынша ханнан Моңғол ұлысының тарайтынын жеткізеді. Осы тұста айта кететін бір жайт; зерттеуші Тілеуберді Әбенайұлы түркі мен моңғолдың шежіресін тарататын «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» «Алан-Қауа» есімін Алаш, Алшын, Ашина атауларымен байланыстырады. Ол «қауа» көне түрік тілінде қайнар-көз, ең бастапқы» мағынасын береді дей келе, «Алан-Қауадан» Алаш ұлысын таратады.

Алынша ханның кіндігінен Моңғол ұлысының таралуын мақұл көрсек те, «Алан-Қауа» есімінен Алаш, Алшын, Ашина атаулары шығады дегенге келісу қиын-ақ. Себебі, осы шаққа дейін тарихта «Алшын», «Ашина» атауларын, «Алаш» терминін ұштастыратын сенімді дереккөз табылған емес. Яғни, Т.Әбенайұлының «Алан-Қауа» есімін «Алашпен» байланыстыруын, зерттеушінің субективті болжамы деп ұғамыз. Дегенмен, Тілеуберді Әбенайұлының «Алаш» терминін Шыңғысханмен шендестіруінде тарихи шындық бар болуы ықтимал. Өйткені, осыған ұқсас өзгеде дерек-көздер баршылық.Аты аңызға айналған ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жеткізген аңыз-әпсаналардың біріндегі Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғысханға ұқсап келеді. Бұл аңыз-әпсананың сюжеті тарихтағы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның қаза табу оқиғасымен ұқсас. Оған мәтіннен нақты мысал беретін болсақ:«Алаша ханның Жошыхан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгімесіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді,

- дейтұғын сөз сонан қалған.Сонда хан жалғыз баласы өлген соң, төрт аяқты хайуан малды баласын анасынан айырып;- Мен де зарлап қалдым. Хайуан мал да менімен қосылып, аза тұтсын! - деп, бір-біріне жамыраттырмай, сегіз күн, сегіз түн ас-cу ішпей, теріс қарап жатып алды...» дей келе,Алаша ханның ханымы Ханбибі басалқа айтып, ханды жұбатқанын баяндайды.Ханбибінің орынды уәжіне Алаша хан мойынсұнып, малдарды көгеннен босатқанымен, «...бір бозінген жеріп ботасын алмайды. Сонда хан:- Осы бота енесін еме алмай, аштан өліп кетсе, обалына мен қалдым-ау! - деп, - осы інгенге ботасын алғызған кісіге қалыңсыз қыз берер едім! - дегенде, бір домбырашы шал қолына сірі тігіп, саусақтарын сауыттап алып, домбыра тартып, күй шертіп, інгенді мас қылып, есінен жаңылтып, ботасын алғызған екен. «Боз інгеннің күйі» деп қазақ домбырашылары күй тартушы еді» (6, 130-131 беттер) деген аңыздың желісі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның өлімін баяндайтын «Ақсақ құлан» аңызына қатты ұқсас екенін аңғарамыз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дәл осыған ұқсас келесі бір аңызды келтіріп өтеді. Тек бұл аңызда домбырашы шалдың аты Кетбұға екендігі, сондай-ақ, Алаша ханның «Енді мұның өшін құланнан аламын - деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырады» Осы оқиғадан кейін «Құлан өтпес», «Бес құлан», «Еңкей аталған», «Қабақ», «Құланжалақ» жер атауларының қалғандығын жеткізеді.Көпейдің құйма құлақ ұлының Алаша хан туралы келесі бір келтірген аңызында «Алаша ханның жетпіс жасқа келіп, бала сүймей, содан кіші қатынынан Жошы ханды көргенін, Жошы хан жеті жасқа келгенде Алаша ханның Домбауыл атты мергенімен құлан атуға шығып, қаза табатынын, Алаша ханға Кетбұғаның күймен ұлының қапияда мерт болғанын жеткізіп, Алаша ханның домбыраның шанағына қорғасын құйғанын баян қылады. Ұлытау өңірінде Алаша ханның ұлы Жошы ханның өлімі туралы мұндай аңыз-әпсананың бар екенін этнограф Ақселеу Сейдімбек ағамыз да растайды. Ол мұндай деректің 1888-1894 жылдары шыққан «Дала уәлаяты» газетінде басылғанын айтқантарихшы Т. Әбенайұлы «Құпия шежірерің» құпиясы» атты өзінің іргелі еңбегінде «Дала уәлаяты газетінде» басылған «Предания об Алаша хане и об его сыне Джучи хане» атты мақалада келтірілген аңызды негізге ала отырып, Алаша хан мен Шыңғысханды бір адам деп тұжырымдайды.

Алаша хан мен Жошыхан күмбездерінің Қаракеңгір өзенінің сағасында орналасқанын, сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың келтірген аңыздарының біріндегі Алаша ханның бас мергені Домбауылдың да мазарының осы маңда екенін ескерсек, Т.Әбенайұлының бұл тұжырымының қисыны бар. Дегенмен, бұл болжамды тарихи шындыққа айналдыру үшін әлі де іздене түскен абзал. Әсіресе, осы мәселеге қатысты антропологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізу қажет деп білеміз.

Алаша ханның Шыңғысханға қатыстылығы турасындағы бұл деректерден өзге Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағында» да Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының «Алаш мыңы» атты қосынының болғандығы айтылады. Мәтінде: «Қатаған қауымы болды, екі сан еді. Майсара - Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған қауымының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал, Алаш мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (ұлықтық) Тебре бекке тиді. Одан Шайх - Софы бекке тиді., одан Итбаға бекке тиді, одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының ағасы болып келген осылар еді. Ал, «Алаш мыңы» атауының Жошы ұлысына тән (яғни, қазақ қауымына) екендігін тарихшы Ж.Мырзахан да былайша жеткізеді: «...Шыңғысхан тұсында «Алты сан Алаш» (қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек) аталып, Жошы ұлысына берілгеннен кейін Ақ орда хандығы құрылғанда ұйытқы болады да, оның қарулы күші екі қанатқа бөлінгенде Алаш мыңы деп аталады». «Алаш мыңының» Жошы ұлысы, яғни, Ақ орданы, сондай-ақ, Алты сан алаш: қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек тайпаларының Қазақ ұлтын құрап отырғанын ескерсек, «Алаш мыңы» атты бұл деректер тарихи-методологиялық тұрғыдан кешенді талдауды қажет етеді. «Шежірелер жинағындағы» «Алаш мыңы» атауы да Шыңғысханның қолы немесе оның кіндігінен тараған бір билеушінің әскері деген мағынада ма, әлде белгілі бір ұлыстан шыққан қосын мағынасында айтылып отыр ма, бұл жағы бізге беймәлім.Себебі, бұл дереккөзде «Алаш мыңымен» қатар айтылған «Қатағандар» (екі сан Қатаған) жеке бір тұлғаның жасағы емес, белгілі бір қауым ретінде көрсетілген. Осы себептен де «Алаш мыңы» атауы да әлі де ізденісті талап етеді деп ойлаймыз.Үш жүздің басын құраған Алаша хан туралы аңыз «Алаш» немесе «Алаша» атауының пайда болуы туралы ел ішінде ең көп айтылатын мәшһүр аңыздың бірі төмендегіше баяндалады: «Бұқара хандарының бірі Қызыларыстан ханның бәйбішесі сауысқанның аласындай ала бала туады. Алапес баланың дүниеге келуін жаман ырымға балаған Қызыларыстан хан қырық жігітіне баланы өзінің үкімі жүрмейтін жерге апарып тастауды бұйырады. Қырық жігіт Сырдариядан өтіп, Алатау мен Қаратаудың арасын жайлап, осындағы жұрттың ортасына келіп, баланы өсіреді. Алапес бала он екі жасқа келгенде, Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп оған кезігеді. Кешке үйіне барғанда Үйсін Майқы биге даладан көрген баланы баяндайды. Ертесіне Майқы бидің өзі балаға жолығуға барғанда, алапес бала: «Ассалаумағалейеум, тамам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы!» деп сәлемдеседі. Сонда Майқы би: «Уағалейкумсалама, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің! Кел балам, артыма мін!» деп, баланы ауылына алып келіп, асықты жілік ұстатады. Майқы би балаға Үйсінді қосып, жүз жігіт ертіп, Қаратаудан әрмен асып, Шу,  Сарысу, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра өңірін жайлауды ұсынады. Майқы би соңынан тағы да Ақжол бастаған жүз жігітті  аттандырады. Оның артынан жүз жігітке бас қылып Алшынды жібереді. Бәрі жиналып, «Кел, енді ортамыздан хан сайлайық!» деп, алашаға салып, алапес баланы хан көтеріп, «Алаша хан» деп ат қояды. Үйсін бастаған жүз жігіт Ұлы жүзді, Ақжол бастаған жүз жігіт Орта жүзді, Алшын бастаған жүз жігіт Кіші жүзді құрап, «Таңбалы Нұраға» әрбір ру өзінің таңбасын басып, бұл ел Қазақ атанады . Мәшһүр бабамыздың «Алаша ханға» қатысты келесі бір жеткізген аңызында жоғарыдағы оқиғаны айта келіп, Арқаға ауып кеткен Алаша ханды қайтаруға Қызыларыстан хан Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге адам жіберіп, олардың Алаша ханды еліне алып келуге кезек-кезегімен үш жүз жігітті аттандырғанын айтып өтеді. Барған жүздіктердің Алаша ханның қасында қалып қойып, үлкен елге айналғанын, Алаша ханнан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс, олардан Ақсақалкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шуан деген ру-аталықтар тарап, Үш жүздіңортаға шыққанын баяндайды. «Алаша хан» туралы аңыздарды этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек те жазып қалдырған. «Алаша хан» туралы аңыздың бірінде Майқы бидің орнына Қотан бидің аты өтсе, бірінде Қызыларыстан хан алапес баланы жаман ырымға балап, суға ағызып жібереді. Сырдарияның суынан балық аулаған бір балықшы асырап алады деседі. (7. 215-216 беттер).

Тарихшы Құрбанғали Халид та дәл осы желідегі сюжетті аңызды жеткізеді. Бірақ, Алаша ханның соңынан барған жүздіктердің кері қайтпай қоюына байланысты, оларды «қашақ» деп атап, кейін «ш» дыбысының орнына «з» дыбысы қолданылып, олардың «қашақ» емес, «қазақ» аталғанын айтады. Әсілі, «қазақ» терминінің шығу тегі өз алдына бөлек әңгіме. Рас, тарихи еңбектерде «қазақ» атауы «қашақ» сөзінен шықты» дейтін болжам айтылады. Бірақ, қашып жүрген «қашақтардың» өз алдына хан сайлап, «Алаш» атты айбарлы мемлекетке айналды деу де қисынға, тарихи шындыққа келіңкіремейді. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Алаша хан» аңызындағы кейбір атауларға қатысты былай дейді: «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» делінеді.Қазақтың эпос жырында оғыз бен қыпшақтың бір қосылған дәуірін «Көндігер-Құбан жұрты» дейді. Құбан - европа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты... Қазақтың шежіресі бойынша «Көндігер - Сырдариядан күнбатысқа не оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілетін ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана аңызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін болған».Әлкей Марғұланның пайымдауынан аңғаратынымыз Алаша ханнан түркінің оғыз және қыпшақ бұтағы тараған. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеткізуінде «Алаша ханнан» Қазақтың үш жүзі ғана тараған болса, ал, Әлкей ағамыз мәтіндегі атауларды талдай келе, бұл аңызда тұтас түркі жұртының рухы мен тарихы қамтылғанын түйіндейді.Әйтсе де, Қазақ тарихшыларының бір сыпырасы «Алаш» атауын қазақ ұлтына ғана телиді. Айталық, тарихшы Нығмет Мыңжан Қызыларыстан ханның ұлы Алаша ханның соңынан ерген жүздіктерден былайша Қазақтың үш жүзін тарқатады: «Жоғарыдғы тарихи аңызда Қотанбайдың балалары деп баяндалатын Үйсін - қазақтың ұлы жүзіне ұйытқы болған белді тайпа; Болат - Қарлұқтардың үш тайпасының бірі, .... Ал, Алшын -  кіші жүз одағын қалыптастырған тайпа. «Алаш» аты ертеде жалпы қазақ қауымының ұраны болған; қазақтың байырғы шежірелерінде «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған. Ел аузына таралған:

Алаш алаш болғанда,

Ала тай ат болғанда.

Таңбасыз тай,

Енсіз қой болғанда.

Алаша хан болғанда...» - дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүліктің қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады».«Алаш» атауын тек қазаққа жақын тартушылық төл тарихымыздағы дербес ел атанған кезең үшін саяси-идеологиялық тұрғыда тиімдірек болсада, тарих ғылымындағы уақыт пен кеңістік қағидасы бұлай тұжыруға мұрша бере қоймайды. Академик Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаштан түркінің қос бұтағы оғыздар мен қыпшақтар тарады» деп, «Алаш» атуын тарих қойнауына тереңдетіп, терминнің қолданылу аясын кеңейте түсуі, әсте, негізсіз емес. «Алаша хан» Оғыз қаған болуы мүмкін бе? Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» деген пікіріне дереккөз іздейтін болсақ, мұндай нақты дерек түркінің көне жыры «Оғызнамада» айтылады.Оғыз қағанның ғұмырын баяндайтын жырдың соңғы жолдарында оның бәйбішесінен туған Күн, Ай, Жұлдыз атты үлкен ұлдарын Шығыс жаққа, тоқалынан туған Көк, Тау, Теңіз атты кіші ұлдарын Батыс жаққа аң-құс аулап келуге жұмсайды. Аңнан олжалы оралған Күн, Ай, Жұлдыз әкесіне алтын жақ әкеп береді. Көк, Тау, Теңіз де қанжығылары майланып, әкесіне үш күміс оқ әкеп береді.Оғыз қаған ұлдарына разы болып, оларға: «Оқтай болыңдар» деп әкелген сыйлықтарын өздеріне береді. Ұлдары үшін ұлан-асыр той жасап, сол кезде «оң жақта бозоқтар, яғни, Күн, Ай, Жұлдыз, сол жақта үшоқтар, яғни, Көк, Тау, Теңіз отырды».Көріп отырғанымыздай, «Оғызнама» жырын негізге алсақ, Әлкей Марғұланның айтуындағы Алаша ханымыз Оғыз қағанның нақ өзі болып шығады.

Ал, енді қара қазақ шақыратын “Алаш” ұраны “алаш — алаш болғанда, Алаша хан болғанда, бұл қалмаққа не қылмадық” деген сөздер кейінгі Алаша есімімен байланысты деу қисынға келеді. Бұл орайда Саққұлақ би шежіресін, Ә.Диваевтың, Г.Н. Потаниннің, Ш.Уәлихановтың, А.Янушкевичтің, Ш.Құдайбердиевтің, М.Тынышбаевтың ел арасынан жинаған аңыз-әңгімелерін, күнделік жазбалары мен ғыл. мақалаларын атаған жөн.

Олардың бірінде-алапес болып туған бала, екіншісінде — алашаға отырғызып көтерген хан, үшіншісінде — Ұлытаудан асырып тастаған баланың әскербасы болғаны, төртіншісінде — қалмақты қорқыту үшін “Алаш” сөзін ұран еткені айтылады.

 

      Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Рашид ад-дин.. Сборник летописей, Москва-Ленинград,1952. 81б

2.      Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13-14 беттер

3.      Құрбанғали Х. «Тауарих Хамса». Алматы. 1992. 51-57 беттер

4.      Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» 1991, 84 бет

5.      Мәшһүр Ж. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 130-131 беттер

6.      Сейдімбек А.Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215-216 беттер

7.      Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары.      Алматы. 1985 . 201 б)