Философия/4.Философия культуры
Докторант
Мантаева Т.С.
Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті, Қазақстан
Асанәлі Әшімовтың көркем
шығармашылықтағы
тұлғалық бейнесі
Шығармашылықтың
идеялық-эстетикалық сипаты суреткердің әлеуметтік,
азаматтық ұстанымына, дүниетанымы мен эстетикалық
идеалына негізделеді. Өнердегі шығармашылық
мазмұндық, формалық тұрғыда көркемдік
шығармашылықтағы жаңашылдық болып табылады.
Біртұтас көркем образдан көркем шығармашылық
процесс туындайды, ол процесс суреткердің өмірлік ситуациялар мен
заңдылықтарды автор қалай түсінетінін көрсетеді.
Өнер өмірді қайталамайды, көркемдік шындық
жасайды. Көркемдік туындының қай деңгейде болатыны
суреткердің шеберлігі мен тереңдігіне байланысты.
Өнер тудырушы
тұлға өмір шындығын, өзін қоршаған
адамдар өмірінің шындығын көркем туындыға
айналдырады. Өмір шындығына идеализация процесі шындығын
нығайта түсетін идеал шындығын ендіреді.
Көркем
шығармада жасалған алуан құбылыстарды, көбіне
кейіпкерлер мен қаһарманды «образ» деп атаймыз. Суреткер өзі
жасаған образ арқылы, яғни кейіпкері арқылы өзі
айтқысы келген ойды, шындықты жеткізеді. Суреткер кейіпкерін
өзі өмір сүріп жатқан ортадан алады, болмаса,
қиялдан тудырады. Қиялдан туды деген кейіпкердің өзі
суреткермен бір қоғамда өмір сүріп жатуы мүмкін.
Суреткер бірнеше адамның мінезін өз кейіпкерінің бойына
жинақтап, «көшіргенін» өзі де білмеуі мүмкін. Образ –
шығармашылық қиялдың жемісі десек те, ол өзін
қоршаған кеңістік пен уақыттан, уақыт
шындығынан алшақ жасалмайды. Суреткер кейіпкері арқылы мәңгілік
сауалдарға жауап іздейді, оқырманға ақиқатты
танытқысы келеді. Әрбір кейіпкердің «болмысынан»
суреткердің ішкі арпалысын, өмірдің мәнін іздеп
аласұруын, өзі өмір сүріп отырған ортадан
шындық іздеп шарқ ұруын және өз
қоғамына берген бағасын бағамдауға болады.
Әйгілі
актер Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов театрының
сахнасында кесек, көркем бейнелер жасады, тұлғалар образын
толыққанды ашып, оларға «мәңгілік өмір»
сыйлады. «Еңлік-Кебекте» – Кебек, «Абайда» – Керім, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» –
Қодар, «Юлий Цезарьда» – Цезарь, «Қан мен терде» – Еламан сынды
күрделі һәм кесек, ішкі қуаты мықты
тұлғалардың образын сомдады. Актер сомдаған тұлғалар
намысыңды қайрап, рухтандырады, «Кімбіз? Қайдан келдік?
Қайда бара жатырмыз?» деген сұраққа жауап іздетеді.
Ал кинода актер
«Қыз Жібекте» – Бекежан, «Атаманның ақырында» – Шадияров,
«Транссібір экспресінде» – Қасымханов, «Жаушыда» – Қаражал, «Сіз
кімсіз, Ка мырза?» – Ка... бейнесін жасап, олардың болмысын,
дүниетанымын, жандүниесіндегі қайшылық пен тартысты
шынайы ашады. Ол кинода болсын, театрда болсын әрбір кейіпкерінің
тағдырымен өмір сүреді, солар болып күрсініп, солар
болып мұңаяды, армандайды. А.Әшімов әрбір
кейіпкерінің мінез-құлық ерекшелігін, мақсатын,
ойлау жүйесін, өмір сүру дағдысын жете зерттейді.
Кейіпкерлері қателікке жол берсе, айыптамайды: қателіктен
шығар жол іздейді, оның сәтсіздікке,
бақытсыздыққа ұшыраған кейіпкерлері жігерлі,
батыл, қайсар, мінезді. Актер мен кейіпкерлерінің арасында
ұқсастық, үйлесімділік бар, олар бірін-бірі
толықтырып тұрады.
Асанәлі
Әшімовтың өзі: «Менің стихиям – cахна, жасыл жайлауым,
қыс қыстауым да өнер. Осыған дейінгі өмірімді
өрнектеген өнер, ендігі тағдырымды да сол айқындайды,
ендігі өміріме де сол төреші, мен оның
құлақ кесті құлымын» деп ағынан
ақтарылады [1, 203 б.].
Ол
әлемнің қыры мен сыры, психологиялық болмысы,
мінез-құлқы түгелдей тексеріліп, суреткер санасында
белгілі бір сипат тауып, тұтастай кісілік келбетке, мағыналы
кескіндемеге айналмас па? Актер Әшімов осы жағын кеңінен
қарастырады. Олпы-солпы, шала-пұла сахнаға шыға салу
секілді үстірт ұғымдарға тұла бойымен
қарсы. Асығыстыққа жаны қас.
«...Асанәлінің
актер ретіндегі дарын тегеуріні көп қырлы. Ол – қазақ
театры мен киносында эпикалық романтикадан бастап эмпирикалық
реализмге дейін, драмалық трагедиядан бастап әлеуметтік сарказмге
дейін тұлғаланған кейіпкерлердің тұтас галереясын
жасаған актер. Сөз жоқ, актерлік әмбебаптық –
өмірдің әлеуметтік-психологиялық қыртыстарын
терең білу арқылы және сол білгеніне
тарихи-философиялық баға беру арқылы ғана бойға
бітетін қасиет. Бұл орайда Асанәлінің актерлік
қарым-қабілеті көп қырлы болғанымен, суреткерлік
кредосы дара. Суреткерлік даралық әдетте халықтың
тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани тағдырын терең танып,
нәзік сезінгенде, сол танып-сезінгеніңді әрекетшіл
мақсатпен ұштастыра білгенде ғана тұлға танытады»
деп жазады Ақселеу Сейдімбек [2]. Асанәлі Әшімов сомдаған
қаһармандық, трагедиялық, комедиялық
бейнелердің бәріне де ойлылық тән, себебі, бұл
актер табиғатымен тікелей байланысты. Актер қай кейіпкер бейнесін
сомдаса да, кейіпкерінің қоғаммен, адамдармен
қарым-қатынасына, дүниетанымын, кредосын саралап, өзінің
актерлік принципі тұрғысынан анализ жасайды.
«Классикалық
пьсаларда ойнау бақыттың бақыты. Классиканың
өлмейтіндігі сонда – «Гамлет» немесе «Қобыланды» спектаклінде ойнай
жүріп, бүгінгі күннің мәселесін де көтеруге
болады. Себебі, ол мәңгілік, уақыт тезіне сынбайтын,
қайта ширығып, жасарып, жаңғырып отыратын
классикаға ғой» деп тебіренеді актер [3, 111
б.].
Асанәлі
Әшімовтың Бекежанын театр сыншылары мен қарапайым халық
жоғары бағалады. Актердің Бекежан образын шынайы
сомдауының бірнеше себебі бар: біріншіден – Бекежанның
өмірін, мінез-құлқын, табиғатын, мақсатын
жете зерттеді, екіншіден – кейіпкерінің бейнесіне жан-тәнімен
ғашық болды, оның кісілігін таныды, серілігін,
қайсарлығын, батырлығын бағалады, үшіншіден –
Бекежан туралы қалыптасқан көзқараспен келіспеді,
кейіпкерін ақтап алғысы келді, төртіншіден – актерлік
жауапкершілігін терең сезінді, осы рөлі арқылы басқа да
күрделі, кесек образдарға жол ашылатынын түсінді, бесіншіден
– өзінің талантына, шеберлігіне өте сенімді болды, алтыншыдан
– түйсігі арқылы Бекежан өмір сүрген
дәуірдің, ортаның тынысын сезінді, жетіншіден – өзін ұмытып,
кейіпкерінің тағдырымен өмір сүрді, сегізіншіден – кейіпкерінің
іс-әрекеті мен мақсаты арқылы өзінің актерлік
арман-мақсатын орындады.
«Бір
күннің ішінде, яғни, түске дейін – Бекежан,
түстен кейін – Қасымхан болып ойнаған күндер болды. Екі
рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды.
Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан
«оңайлау беріледі». Ыстық қанды, от болып жанып
тұрған Бекежан мінезін дәл ұстаймын. Өйткені,
Қасымхан әр қадамын он ойланып, мың толғанып
шешер байыптың, ақылдың адамы. Әйтпесе, ол барлаушы
атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алмас еді. Керісінше,
Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі «жан сарайына кіру» тіптен
қиын. Оған Қасымхан сияқты ұзақ толанып
отырсаң, қателіксіз қадам жасамауға тырысып
отырсаң, аңғал батырдың бейнесінен мүлде
аулақтап кетер едің. Сондықтан біраз тер төгіп, алпыс
екі тамырындағы қаныңды қыздырып алуға тура
келеді. Ең үлкен пайдасы деп осы екі бейнені салғастыра
отырып, біріне бірін өлшем етіп алу тәсілінің өзін
айтар едім» деп жазады өзі [4, 71 б.].
Әр
актердің образ жасауда өзінің әдіс-тәсілі бар.
Асанәлі Әшімов әр кейіпкерін сомдауда өзіне эксперимент
жасап, өзінен емтихан алып, өзімен өзі бәсекелесіп
жүргендей көрінеді. Шын талантты адам ғана
өзімен-өзі бәсекелесіп, өзімен-өзі жарысады.
Асанәлі Әшімов жасаған Бекежан образы – аңғал
батырдың бейнесі ғана емес, өзін қоршаған
ортаның пікірі мен бағасына қарамастан, парасат биігіне
көтерілген батыр бейнесі.
«Сахна –
ұжымдық еңбек. Драмалық шығарма
қаншалықты озық туынды болса да, сахнаға
шыққанша қаншама сүзгіден өтеді, өзгеріске
түседі. Әлсіз пьеса құлашыңды кең
жазуға мүмкіндік бермейді. Кейде тыраш драматургтың өз
ойын көрерменге жеткізе алмай жататын тұстары да болады.
Маңызды түйіндерге келгенде кейде не бұлай деуге, не олай
деуге келмейтін дүбәра позиция ұстайтын «пысық»
драматургтер де бар ғой. Осындай автор үшін де жұмыс істеуге
тура келеді. нағыз актердің бір міндеті – авторлық ойға
әр беру» дейді ойлы актер [5].
Өнерге деген
құштарлық, одан мән іздеу, өнерді
ақиқат деп тану –
таланттың
болмысы. Мінезді адам ғана өнердің жалынан ұстай алады.
Өнер талантты адам үшін – жанның дерті. Өнердің
құдіретін терең сезінетін Асанәлі Әшімовтің
әрбір рөлі көрерменге ой салады, мәңгілік
сауалдарға жауап іздетеді.
«Өнер сахнасы
ядролық қаруды қайта-қайта сынақтан
өткізетін полигон емес. Ол – қас-қағым ішінде
мәңгілікке ләззат сыйлайтын құдірет, оны
қайталау мүмкін емес, бұл – сүйініш пен күйініш.
Мен не істесем де темірді қызған кезінде және бір-ақ
рет соққанды жақсы көремін» дейді бір сұхбатында
Асанәлі Әшімов [6, 14 б.].
Асанәлі
Әшімов – эрудициясы кең, түрлі амплуаны көрсете алатын,
ішкі жандүниесі кейіпкерінің жандүниесімен үйлесім
тапқан актер. Ол өзге түгілі, өзін де
қайталамайды.
Актерлік
шығармашылық процесс көрерменмен эмоционалдық
байланыста жүзеге асады, сахнада ойнап жүрген актер мен
көрерменнің қарым-қатынасы бір-біріне ықпал
етеді. Көрерменнің қабылдауы, құрметі актерге
шабыт берсе, актердің рухты кейіпкері көрерменді рухтандырып,
ойландырады.
Әдебиеттер:
1.
Асанәлі
Әшімо. «Парасат патетикасы немесе сахнаны сағынғандағы
сөз, түйін-толғау». (...Жан бөлек), 203 бет.
2.
Ақселеу
Сейдімбек. «Саңлақ», («Асанәлі Әшімұлы»),
көп томдық шығармалар жинағы, 3 том).
3.
Асанәлі
Әшімов. «Қойын дәптерден». (...Жан бөлек), 111 бет.
4.
Асанәлі
Әшімов. «Бекежан мен Қасымханға барар жол», («Майраның
әні»), 71 бет.
5.
Асанәлі
Әшімұлы. («Мен дұшпандарымды мақтан етемін»,
Өмірзақ Мұқаймен сұхбат), «Ақжол
Қазақстан» газеті, 11 маусым 2004 жыл.
6.
Асанәлі
Әшімұлы. («Өмірге өкпе жүрмейді», Серік
Әбдірайымұлымен сұхбатынан үзінді) Жеті томдық
шығармалар жинағы, 5 том, «ARNA» баспасы, 14 бет, 2014 ж.