Экономические науки/Инвестиционная деятельность

 

Қазақбай Алила Қанатқызы

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Қазақстан

Қазақстан Республикасы экономикасына шетел инвестициясын тартудың болашағы және мәселесі

 

Қазақстан Республикасы экономикасына шетел инвестициясын тартудың өзекті мәселелері. Қазіргі таңда, стратегиялық аспектте, инвестиция - елдің дамуындағы барлық жинақ мәселені шешуді анықтаушы және ең алдымен экономиканы жаңғырту, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, ішкі және әлемдік нарықта отандық өндірістің, бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың маңызды түйіні болып табылады.

Шетелдік инвестицияларын тарту саясаты 1991 жылдан басталып, бүгінде Қазақстан Республикасы шетел инвестицияларын тарту бойынша алдыңғы қатарда. Инвестицияның құйылуы өндірістің кеңеюіне және сонымен қатар экономиканың әлеуметтік экономикалық дамуының сапалы, жаңа деңгейге шығуын қамтамасыз етеді. Қазір шетел инвестицияларын тартудың басты бағыттарына тіршілікті қамтамасыз ету салалары мен экспорт бағдарындағы өндірістер – мұнай-газ және мұнай – химия салалары, электр энергетикасы, металлургия, коммуникация және де Қазақстан дәнді дақылдар, жүн, мақта т.б. ірі өндіруші болу себепті, агроөнеркәсіп кешені жатады. Еліміздің экономикасының дамуы отандық және шетелдік инвестициялаудың тартылуымен тығыз байланысты болып келеді.

Шетел инвестицияларын экономикаға тарту мәселесі әлі де өзекті. Бұған себепші келесі факторлар: біріншіден, экономикалық жүйені реформалау кезеңінде ішкі қаржылық ресурстар азайып кетіп, экономика салалары өзінің өндірістік аппаратын жаңарта алмады. Екіншіден, өңдеуші саладағы инвестиция көлемі әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жеткіліксіз. Инвесторлардың көзқарастары экономиканың нақты қажеттеріне сай еместігінен инвестициялардың жеткіліксіздігі орын алуда. Өнеркәсіптің еркін қаржылары күнделікті қажеттіліктерге жұмсалып, сонымен қатар, коммерциялық банктер әлі де экономиканың нақты секторын қаржыландыру көзі болмай отыр.

Сол себепті шетел инвесторларының пікірі бойынша, Қазақстан инвестициялық салымдар жасау үшін тартымды нарық болып табылады. Біздің еліміз пайдалы қазбалар, ауыл-шаруашылығы жерлерінің қорларына және квалификациясы жоғары жұмыс күшіне бай, сондай ақ үлкен потенциалға ие, бірақ оларды тиімді қолдану үшін инвестициялық салымдар жасалуы қажет. Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту еліміздің өндірістік тиімділігін арттыруға және жұмыс орындарын құруға қажет.

Шетелдік инвестицияларды тарту жаңа технологияларды ендіруге, сонымен қатар менеджмент пен маркетингтің қазіргі кездегі әдістерін ендіруге, инвестициялық салаға жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті мамандарды үздіксіз оқытуға және де рынок жағдайына байланысты олардың біліктіліктерін көтеруге жағдай жасайды. Нәтижесінде, алынған техникалар мен технологиялар отандық тауар өндірушілердің өндірісін қолдауға және ынталандыруға алып келеді. Сондықтан да, Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиялық және тактикалық мәселелерді шешуге бағытталған объективтік қажет процесс болып таылады.

Қазақстан Республикасындағы шетел инвестицияларының қазіргі кездегі жағдайы. Қазақстан ұзақ мерзімге бағытталған «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына» сәйкес өзінің динамикалық дамуын жалғастыруда, сонымен қатар біздің алдымызда – Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына енгізуіміз қажет деген стратегиялық мәселеміз тұр. Бүгінде Қазақстанның экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвесторлардың жалпы түсімінің өсулері 60-65 пайыз көлемін құрайды. Егер 2006 жылы Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімдері 10,6 млрд.долларды құраса, ал 2008 жылы Қазақстандағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімдері 17, 5 млрд.долларды құрады. Ал биыл Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы электровоз заводының ашылу салтанатында 2012 жылы 18 млрд., ал тәуелсіздік алғалы бері жалпы елімізге 170 млрд. тікелей шетелдік инвестиция тартқанымызды айтып өтті.

         Қазақстан экономикасы саясатының алғашқы даму кезеңдерінде тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мұнай өнеркәсібіне және оның инфрақұрылымына ірі жобаларды жасауға негізделінді. Жоғарыдағы көрсетілген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімдерінің негізін мұнай газ саласы құрады. 2008 жылдың бірінші кварталында жалпы инвестициялық түсімдердің көлемінің 68 пайызы мұнай жобаларына бағытталған. Жалпы елімізде тікелей инвестициялар негізінен мұнай өндіру және өңдеу өндірісіне, түсті және қара металлургия кәсіпорындарына, газ өнеркәсібіне және байланыстарға құюлуда. Инвестицияның көлемі бойынша ірі инвестор АҚШ  елі болып табылады. Соңғы кездері Қытай мен Ресей елдері де біздің елімізге өз инвестицияларын салуда. Яғни, мұндай жағдайда әлемдік қаржы нарығындағы болып жатқан жағдайларға қарамастан тікелей шетелдік инвестициялардың түсімдерінің тұрақтылығын көруге болады. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар Нидерланды, Ұлыбритания, Франция, Италия, және Швейцария елдерінен белсенді құйылуда.

Қазақстанда инвестицияларды тартудағы қиыншылықтар және оларды шешу жолдары. Әлемдік экономикадағы Қазақстанның интеграциялық қозғалысы жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2001 жылы шетелдік инвесторлармен 16 келісім – шарт жасалып, 817 млн. Ақш доллары көлеміндегі капитал ел экономикасына араласты. Бұл – 2000 жылға қарағанда 7.6 есе , 1999 жылға қарағанда 1.4 есе көп. Шетел алпауыттарының Қазақстан бюджетінің жыртығын жамауға себін тигізуі ел экономикасына шетелдік инвестицияны тартудың халықаралық нормаларына сәйкестендіруге, яғни жетілген ұлттық заңнаманың жемісін көруге болатынына үміт ұялатады. Айталық, ел өнеркәсібінің өркен жаюына бағытталып жатқан шетелдік инвестицияның жалпы көрсеткіші капиталдың 31 пайызын құрап отыр.

Алайда, шетелдік инвестицияны тарту барысында да көп кедергілер бар көрінеді. Олар мыналар : Қазақстан нарығының іскерлік белсенділігінің төменділігі; реттеуші шаралар шалағайлығы; өтімді қаржы құралдарының азаюы, төлем күшінің, әлсіздік, дағдарыстың орын алуы; шынайы ақпараттың жеткіліксіз болуы.

Инвестициялық саясаттың ұтымды жүйесін қалыптастыру үшін мемлекет Даму бюджеті, Ұлттық мұнай – газ қоры, мемлекеттік несие ұйымы сияқты қаржылық институттар мен механизмдерге мән беруі шарт. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасына шетел инвестициясын тартудың тиімді формаларының бірі – әлемдік нарықта қазақстандық кәсіпорындар мен салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде біріккен кәсіпорындарды құру. Бұл мәселені толығымен қарастыру үшін, қазақстандық инвестициялық ақуалын ғана талдап қоймай, сонымен қатар серіктестердің іс-қимылдарын да қарау керек. Біріккен кәсіпорын формасында тікелей шетел инвестициясын тарту формасын таңдау, яғни біріккен кәсіпорындар құру туралы нақты шешімді қабылдау кезінде бірнеше факторлардың әсер етуін есепке алу керек. Оларға: өндірістік-технологиялық потенциал көлемін, ресурстарды пайдалануға берілетін рұқсат, нарықтық тартымдылығына кәсіпорынның салыстырмалы позициясының бағасы, нарық сыйымдылығы, істің салыстырмалы пайдалылығы, нарыққа ену кезіндегі шектеулер, нарықтың көлемі, оның даму тенденциясының бағасы (бәсекелестердің саны ма, өзінің артықшылықтары, өткізуді ұйымдастыру) жатады.

Халықаралық экономикалық бірлестіктің дамуы үшін шетелден қосымша қаражат тартып, пайдаланудың тиімді формаларын таңдауымыз қажет. Қазақстан Республикасының территориясында шетелдік инвестицияның қызмет етуін заңмен қамтамасыз етуіміз керек.

Қазіргі кезде халықаралық инвестицияларды импорттау бір жағынан, республикадағы экономиканы жандандырудың ең тиімді әрі жедел жолдарының бірі, екінші жағынан, біздің мемлекетіміздің мүддесіне жиі қысым жасайтын инвесторларды тартуда белгілі бір бақылау мен шектеулерді талап ететіні өте айқын. Инвестициялық саясатта тиімді нұсқаны таңдап алу – ең көкейкесті мәселе.

Осындай қарым-қатынастың негізгі бағыттардың бірі шетелдік инвестицияны өте қайшы бағалауға қарамастан, ел экономикасына тарту болып табылады.

Қорытынды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық өсу шетел капиталының әсерінен болады. Бірақ, шетел инвесторлары үшін шикізат өндіруші салалар, әсіресе, мұнай-газ салалары басымды болып отыр. Осындай жағдайда экономиканың қалыпты және қарқынды дамуы қолайлы инвестициялық саясатқа тәуелді. Экономикалық дамудың, құрылымдық қайта құруды ұтымды жүзеге асырудың, әлемдік нарықта бәсекелестік позицияларды бекітудің қажетті шарты болып инвестициялық ресурстар табылады. Оңтүстік-Шығыс Азияның “жаңа индустриалды елдері” экономикалық феноменінің пайда болуы, қазіргі заманғы ғылыми негіздегі салалардың кең бағытта дамуға көшуі бұл елдер экономикасындағы инвестицияның қарқындап өсуінің арқасында мүмкін болды. Сондықтан мемлекет шетел инвестицияларын тартудың бағыттарының басымдылығын белгілеуі керек. Шетел инвестициялары Қазақстан экономикасының бәсеке қабілеттілігін жоғарылататын факторға айналуы қажет. Шетелдік инвестицияларды мемлекеттік реттеу күшейген сайын Қазақстан шын мәнінде әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына кіреді. Оған дәлел 2008 жылдың 6-ақпандағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Онда еліміздің 1990- жылдардың басындағы экономикалық ахуалынан неден басталғаны туралы айтылады. Қазақстанның ішкі өнімінің екі есе ұлғаюына, нарықтық экономиканың құрылуына инвестицияның тигізген әсері мол болды. Жолдауда «Экономикаға 30 миллиард АҚШ долларындай тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл бүгінгі Қазақстанның тұрақты, тиімді әрі сенімді әріптес екенін барша инвесторларға көрсетеді» деп айтылуы инвесторлармен қатар еліміздің экономикасының даму жолына түскендігін, әлем Қазақстанға өз қаржысын салғысы келетінін көрсетеді. Өйткені инвестиция дегеніміз табыс табу және капиталды ұлғайту мақсатымен өндірістік және басқа да қызметтерге қаржы жұмсау болып табылады, яғни қаржы үнемі жұмыс істеуге, басқаша айтқанда, қандай да бір табыс түсетін жұмысты немесе іске жұмсалынуы тиіс.

Қолданылған әдебиеттер

1.     Байбосынова Г.Ж. Абдрахманов Б.М.

Қазақстандағы шетел инвестициясының рөлі.

Экономика// Қазақстан ғылыми әлемі 2011 – № 1 – 223/226 б.

2.     Пралиева С.Ж.

Қазақстан Республикасының экономикасының дамуына шетелдік және отандық инвестициялардың ықпалы.

Тұран университетінің хабаршысы.

Ғылыми журнал 2010 - № 1- 32/36 б.

3.     Еспаев С.

Қазақстан экономикасы: нәтижелер, басымдықтар және міндеттер.

Егемен Қазақстан 2006 – 31 қаңтар – 2 б.

4.     Курсив газеті

Желтоқсан, 04, 2012 ж.