История”/. Отечественная История

т.ғ.к. Абишева Ж.Р.

КАТУ им. С.Сейфуллина. г. Астана, Республика Казахстан

ОТАНДЫҚ ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ЖАНҚОЖА БАТЫРДЫҢ ТҰЛҒАСЫ

Азаттық деген асыл сөз, бас билігінен айрылып, біреуге тәуелді болып жүрген әрбір жанның арманы, бірақ соған жету жолы қиын жол. Азат өмір сүруді көксемеген адам, халық, ел болмайды. Тарихи деректерге зер салсақ, еліміздің бас бостандығы үшін, туған жерінің оты мен суының тұнығын жат-жұртқа шайқалтпау үшін 300-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ етіп, алапат қан төгілген шайқастар мен арпалыстар өткен. Солардың қатарына Сыр өңірінде Хиуа басқыншыларының, орыс отаршыларының озбырлық саясатына қарсы шығып, елінің елдігін сақтау үшін күрескен, есімі ел жадынан өшпеген батырдың бірі Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс еді. Бұл көтеріліске көпке дейін көңіл бөлінбей келгені белгілі. Тек тәуелсіздікті алған жылдардан кейін ғана Жанқожа батыр бастаған көтерілісті зерттеу жұмыстары қолға алына бастады. Сонымен қатар баспадан З.Шүкіровтың «Сыр өңірі», Ә.Оспановтың «Жанқожа батыр», М.Қапаздың «Жанқожа» және т.б. Жанқожа батырдың өмір жолы, ерлік дастандарына қатысты жекелеген кітаптары жарыққа шықты. Әсіресе тарихшы-ғалым Ө.Қожақұлының «Қазақ-Қоқан қарым-қатынастары (ХVІІІ-ХІХ ғғ.)» атты монографиясында Хиуа және Қоқан билеушілерінің Сыр өңіріндегі өктемдік саясаты және оған қарсы Жанқожа батыр бастаған азаттық күрес мәселесі мұрағат материалдары негізінде баяндалды.

Негізінен алғанда көшпелі қазақтар оңтүстікте ортаазиялық үш хандықпен – Бұқара, Хиуа және Қоқан хандықтарымен шектесті. Бұлардың ішіндегі анағұрлым азулысы ХІХ ғасырдың 20-30 жж. Қоқан мен Хиуа хандықтары болды. Осы кезде Ұлы жүздің бір бөлігін Қоқан хандығы жаулап алды, ал Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізіне шектескен жерлерді Хиуа хандығы басып алды. Хиуа хандарының ХІХ ғасырдың басындағы жаулап алу жорықтары олар үшін баюдың, өз дәулетін арттырудың көзі болды. Сондықтан да Хиуа хандарының әскери жорықтары феодалдық тонау шапқыншылығы түрінде жүргізілді. Хиуа хандарының шапқыншылық езгісінен әбден қалжырап, қайыршы күйге түскен Сыр қазақтары амалсыздан патша үкіметін іс жүзінде танып, хиуалық бектерге қарсы күресте олардан жәрдем күтті. Жанқожа батыр орыс әскерлерінің келуін алғашында үлкен үміт, достық сезіммен қарсы алды. 1847 жылдың тамыз айында біріккен орыс-қазақ жасақтары Сырдың сол жағасында салынған Хиуа қамалы Жанақаланы қиратады [1]. Осы соғыста жауды өкшелей қуып, ерлік көрсеткен Жанқожа сарбаздары жалпы саны 3 мың түйе, 500 жылқы, 2 мың ірі қара, 50 мың қойды қайтарып, тұтқындарды босатады. Бұл соғыста қазақтар мен орыс әскерлерінің арасында «достықтың» алғашқы көрінісі байқалғандай болды. Сондықтан да қазақтар Сыр бойына келген орыс әскерлері мен қоныс аударушыларды шын достық пейілмен қарсы алды. Бірақ та бұл «достық пейіл» ұзаққа созылмады. Патша өкіметі Сыр өңірінде реакциялық ішкі саясат жүргізіп, отарлық езгіні күшейте түсті. Қазақтардың саяси тәуелсіздігін жоюмен бір уақытта жақсы құнарлы жерлерін тартып алып, оған Орынбор әскерінің казактарын орналастыру жоспарлы әрі тиянақты түрде жүргізілді. Оның үстіне 1837 жылы Ресей өкіметі тарапынан бағынышты ел ретінде қазақтардан әр шаңырақтан 1 сом 50 тиындық жаңа салық енгізілді [2].  Алайда кейініректе салық мөлшері екі есе көбейтілді. Бұл салық тарихта «түтін салығы», «шаңырақ салығы» деген атаулармен белгілі.  Салық тең дәрежеде, халықтың әлеуметтік жағдайына қарамастан, яғни қатардағы жеркепе, лашық иелерінен де және ауқатты отбасыларынан да бірдей көлемде жылына бір рет жиналды. Салыққа ақша бере алмағандардың малы тартып алынды. Сонымен қатар Сырдария шекаралық өкімет ұйымдары қазақтарды Райымның  және №1 форттың (Қазалы) әскери бекіністерін салуға мәжбүрлеу тәртібімен жұмылдырды. Бұл форпостарды салу үшін мыңдаған кедейлер айдап әкелінді. Мәжбүрлеу жұмыстарының салдарынан малшылар, егіншілер, балықшылар өздерінің жеке шаруашылықтарымен айналыса алмады. Суландыру жүйелері дер кезінде тазартылмады, сөйтіп егіншілер су тапшылығына ұшырады, адам қолы жетіспегендіктен аз егіннің өзін уақытылы жинай алмады. Ал 1849 жылы Райым бекінісіне Орынбор казак – орыстарының алғашқы жиырма алты отбасы қоныстандырылды. Олар бірте – бірте қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырып шығарып, Сырдария жағасындағы шұрайлы және жақсы суландырылатын жерлерге орналастырылды. Соның салдарынан Сырдарияның егінші қазақтары пайдаланылмай жатқан құнарсыз жерлерді игеруге мәжбүр болды, ал кейбіреулеріне қоныс аударушылар мен шенеуніктердің қожалықтарында жалданып жұмыс істеуге тура келді.

1853 жылы орыс әскерлері Ақмешітті басып алды, сөйтіп Сырдарияның төменгі ағысында Сырдария шебі құрылып, оған Райымнан Ақмешітке дейінгі жерлер кірді. Бұл жерде патша өкіметінің  әкімшілігі өте қатты отарлық тәртіп орнатты. Осының нәтижесінде 1857 жылға дейін үш мың қазақ отбасылары өздерінің бұрынғы тұрған құнарлы егістік жерлерінен айырылды. Олар егін салуға жарамайтын, егінді суаруы үшін ағын суы жоқ  жерлерге қуылды. Бұған қоса олардың мойнына көптеген міндеттер жүктелді. Олар жолдарды дұрыстап ұстау, көпірлер салу, су жүретін арықтарды тазалау сияқты істер болатын. Ал мұндай жұмыстарды орындау  көп жағдайда науқанды істермен қабаттаса келіп, егіншілерге өте ауыр болып тиетін.Қазақтар жергілікті әкімшілік мүшелерін асырауға, пошта жолымен жүріп бара жатқан шенеуніктерге жол жүргені үшін қаражат беруге, далаға іссапарға жіберілген патша әкім – қызметкерлеріне үй беруге, оларға отын жеткізіп тұруға міндетті болды. Міне, осындай қысымдар бұқара халықтың және Жанқожа батырдың ашу-ызасын туғызды. Ұлт-азаттық көтерілістің шығуына алғышарттар жасады. Жалпы алғанда қашанда және қандай жерде болмасын ұлт-азаттық көтерілісі отарлаушы елдің саяси, экономикалық, идеологиялық, мәдени-рухани әділетсіздігіне, зорлығына қарсы бағытталды. Кез-келген көтерілістерде көтеріліс жетекшісі, басшысы ерекше роль атқарды. Себебі көтерілістің кең қанат жаюы да, ұйымдасқан сипат алуы да, ұзақ мерзімге созылуы да көтеріліс басшысына байланысты. Егер де басшы немесе тұлға халықтың арасында беделді болса, онда халық сол тұлғаға сенім артып, соңынан ілеседі. Жанқожа батыр халықтың сенімін арқалаған, халықтың жоғын жоқтаған, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қойған күрделі тұлға болды. Соған қарамастан осы кезге дейін Отандық тарихымызда Жанқожа батырдың тұлғасы өзінің лайықты бағасын ала алмай отыр. Халқымыздың санасында ерекше, дара бейне болып қалыптасуы оның біраз жасқа келсе де аттан түспей, отаршылдық саясатқа қарсы елді біріктіре білуіне байланысты болатын. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын Арал өңірі қазақтарының тәуелсіздігіне арнады [3]. Жанқожаға мінездеме беру үшін кейбір жағдайларды қайталауға тура келеді. Біріншіден, Жанқожа өжет, ер жүрек, ешнәрседен сескенбейтін, тайсалмайтын түлға болған. Мұны дәлелдейтін көптеген тарихи деректер бар. Оның ерлігі халықтың есінде де сақталған. Екіншіден, Жанқожа сабырлы, шыдамды батыр болған. Алдына қойған мақсатына жету үшін ол қандайда болмасын қиыншылыққа, ауыртпашылыққа төзіп, күте білген. Үшіншіден, Жанқожа діншіл,  мұсылманның шарттарын берік ұстап, орыстарды жек көріп, олардың  берген сый-сияпатын еш уақытта алмаған. Жанқожа орыс әскеріне Жаңақаланы басып алу кезінде көмектессе де олардың Сыр бойында қоныстануын қаламады. Жанқожаның әрекеттері азаттыққа, тәуелсіз өмір сүруге бағытталды. Елдің тәуелсіздігін сақтау үшін қолына найза алып, атқа қонудың қажет екендігін Жанқожа терең түсіне білді. Оның қолбасшылық қасиеті – жауынгерлік қабілеті бар 3-5 мыңға жуық күш жинап, оларды басқара білуінде.  1856 жылы Сыр өңірі қазақтарының арасында толқу басталды. Сол жылы 18 желтоқсанда Жанқожаның сарбаздары шөп шауып жатқан үш казак-орыстың қол-аяғын байлап әкетті. Кейіннен анықталған деректер бойынша олардың үшеуі де өлтірілген. 24 желтоқсанда Жанқожа Қазалы фортына қайтадан шабуыл жасады. Шөп шабуға жіберілген шалғыншыларды қорғайтын жаяу әскер Жанқожа қолы қарсы шапқанда, қазақ сарбаздарына оқ жаудырды. Шайқас қызып жатқан кезде форттан көмекке әскер жетіп, көтерілісшілер кері шегінді. Олар шегініп бара жатып, Сырдың төменгі жағында шабылып қойылған қазына мен жеке казак-орыстардың пішенін өртеп кетеді. Көтерілісті басу үшін 1857 жылдың 3 қаңтарында генерал-майор Фитингоф үлкен отрядты бастап Перовск фортынан Қазалы фортына келді. 10 қаңтарда екі жақтың да әскері Арықбалық деген жерде кездесіп, шайқасады [4].  Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Әскери техника мен қару-жарақпен жасақталған жазалаушы отряд көтерілісшілерді ығыстырып, олардың ауылдарын тонайды. Жанқожа бастаған көтерілісшілер Сырдарияның оң жағалауына, ондағы Хиуа хандығының жеріне өтуге мәжбүр болды. Жанқожамен бірге 20 шақты қазақ ауылдары көшіп кетті. Жанқожа мұнда Хиуа, Бұқара немесе Қоқан хандары тарапынан өзіне одақтастар табуға әрекеттенді. Бірақ бұл саясатынан ештеме шықпады. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхамедұлы қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқталды.          Көтерілістің жеңілуінің басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде күшті қаруланған патша әскерлеріне ешқандай зеңбірегі, ататын мылтығы да жоқ қазақ жасақтарының қарсы тұруы мүмкін емес еді. Көтеріліс Сыр бойы шеңберінен аспады. Соғыс қимылдары барысында ескі мешеу әскери тактика қолдану, ортағасырлық тәртіптерге сүйену көтерілістің жеңілуіне әкелді. Бұдан басқа қазақ феодалдарының сатқындығы да өз әсерін тигізді.

Көтерілісті басқаннан кейін патша әскерлері бұқара халықты тонауға кірісті. Тек бір ғана Кузьминский басқарған әскери топ қазақ ауылдарын талқандап, ондағы малдардың барлығын айдап әкетті. Көптеген адамдар қырғынға ұшырады, жазалаушылар қарттарды да, әйелдерді де, балаларды да аямады.

Жазалау барысында қарапайым халық зардап шекті. Көтерілістен кейін Жанқожаның өзі халықтан бөлініп, тек бидің қызметін атқарды, кейін оны жаулары опасыздықпен өлтірді. Бірақ осыған қарамастан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарған 1856 – 1857 жылдары болған Сырдария қазақтары көтерілісінің тарихи маңызы өте зор. Өйткені ол патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы халық – азаттық қозғалыс еді.

Айтулы батырдың атына тәнті болған ресейлік тарихшы, зерттеуші И.В.Аничков Сыр бойына келіп, Жанқожа батыр туралы деректер жинап, 1894 жылы Қазан қаласында «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты очерк жариялады. Бұл шағын кітапшада ол Жанқожаның ішкі дүниетанымы мен психологиялық жақтарын толық ашпаса да, оны көрген адамдармен жүздесіп, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерді, қызықты деректерді өңін бұзбай жазып алған. Автор орыс әскерінің Райымды жаулап алған кезінде Жанқожа батырдың ел арасында беделі қандай болғаны жайында, орыс басшыларының оны өз мақсаттарына қалай ептілікпен пайдалана білгендігіне тоқталып өтеді. Орыс әкімдерінің оған аса сақтықпен қарағаны, батырға жасауыл шені берілгенде, батыр заң бойынша ант беруге тиісті болатын. Алайда комендант батырды фортқа шақырып, артық мазалаудан қашып, діни сезіміне нұсқан келтіруден қорқып, ант беру салтанатын өткізе алмайды.  Генерал В.А.Перовскийдің өзі батырмен санасып, оның кейбір әрекеттеріне көз жұма қараған.

Түптеп келгенде, халық наразылығын бір арнаға бағыштауда Жанқожаның сіңірген еңбегі зор. Сексеннен асқан қарт батыр бодандыққа айналар елінің ертеңі үшін жасы келсе де, қайратына мініп, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілісті басқарды. Жанқожа батырдың барлық мақсаты мен арманы елінің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын сақтап, бабалардан қалған байтақ даланың барша байлығын келер ұрпаққа аманаттау болатын. Демек, батырлар заманасында «қиядан қиқу төгілсе, аттың басын тартпаған, қисапсыз жау көрінсе, түршігіп беті қайтпаған» - деп Бұхар жырау жырлағандай, Сырым, Исатай, Жанқожа секілді батырлар легі ұлтымыздың төл болмысын, жеріміздің тұтастығын сақтап қалды. Ал қазіргі еркін елдің жастары осы батыр бабаларымыздың ұлтжандылық, отансүйгіштік, әділеттілік, толеранттық, мәмілегершілік, патриоттық қасиеттерін үлгі тұтып, жасампаздық пен бейбітшілік ұстанымдары негізінде ірге тасын қалаған еліміздің өсіп-өркендеуіне және кемелденуіне  өздерінің интеллектуалды әлеуеті, ақыл-парасаты мен қыран құстың қанатындай күш-қуатын аянбай жұмсауы тиіс.

                       

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.И.В.Аничков. Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. А.,1991.7-б.

2.Х.Маданов. Ұлы дала тарихы. А.,1993.136-б.

3.Қазақстан тарихы. А.,2002.390-б.

4. И.В.Аничков. Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. А.,1991.18-б.