Педагогические науки/2. Проблемы подготовки специалистов.

Абильдинова С.М.

«Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі, Қазақстан

ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ҰҒЫМЫНА ТҮСІНІК

Бүгінгі күні адамзат қоғамы әртекті субъектілерден құралған күрделі организм болып табылады. Адамдар негізінен үлкен үш нәсілге (негроид, монголоид және европеоид) кіретін көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері болып табылады. Мұның сыртында олардың діни, саяси және әлеуметтік ерекшеліктерімен дараланады.

Тарихи даму барысында Қазақстан қоғамы күрделі конглемерат ретінде қалыптасты. Қазіргі уақытта оның құрамына 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар кіреді, олар бірнеше діни-конфессионалдық бірлестіктерге біріккен. Осындай әртектілік жағдайында әлемді алаңдатып отырған ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға ұшырамай, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретін күш қандай? Ғылымда «толеранттылық» атауымен белгілі ұғым, міне, осы жерде маңыздылыққа ие болады. Қоғамның дамуы оның мүшелерінен тікелей тәуелді. Қоғамның дамуы оның мүшелерінің жан-жақты, үйлесімді дамуымен, яғни тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына байланысты, ал тұлғаның қалыптасуы бірнеше фактордың әсері арқылы жүреді. Тұлға дамуы, процесс ретінде, индивидтің психофизиологиялық ерекшеліктерімен, оның өзінің белсенділігімен, ішкі қарама-қайшылықтарымен және сыртқы әлеуметтік жағдайлармен шартталады. Оны Л.И. Божович «ішкі даму процестері мен сыртқы жағдайлардың өзінше үйлесімі» деп атап көрсетеді.

Б.Г. Ананьевтің тұжырымдауынша адам даму көптеген факторлардың өзара әрекетімен шартталады: тұқымқуалаушылық, қоршаған орта (әлеуметтік, табиғи), тәрбие және оның өзінің іс-әрекеті. 

 Оның ішінде тәрбие – басты фактор болып саналатыны педагогика ғылымындағы аксиома. Сондықтан, қазіргі жаһандану жағдайында өзінің ерекшеліктерін сезіне отырып, басқалармен тең дәрежеде, сыйластықта өмір сүре алатын тұлға тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі. Бұл істе жетістікке жету үшін ең алдымен педагогикалық процестің жетекші субъектісі – педагог-тәрбиеші даярлауға жаңа көзқараспен қарау, оның толеранттылығын қалыптастыру қажет.

Жалпы толеранттылықтың мәні неде? Оның шекаралары қандай және шегі бар ма? Міне, осы сұрақтарға философия, педагогика, психология, әлеуметтану, т.б. гуманитарлық ғылымдар өкілдері жауап іздеп келеді.

«Толеранттылық» (лат. «tolerantia» - шыдам, төзім) терминіне шет тілдері сөздігінде екі мағынада түсініктеме беріледі: 1) бір нәрсеге, біреуге төзімділік, төзу, шыдау; 2) биологиялық, медициналық тұрғыда – иммундық реакцияның жартылай немесе толықтай болмауы, яғни ағзаның ауруға қарсы тұратын антиденелер шығару қабілетінің төмендеуі. Ал педагогикалық сөздіктерде бұл ұғымға «қайсыбір жағымсыз факторға жауап әрекеттің болмауы не бәсеңсуі; оның әсеріне сезгіштіктің төмендеуінің нәтижесі» деген анықтама беріледі.

Жалпы алғанда, толеранттылықтың негізі - өзінің «басқаға, бөтенге» қатынасын бақылау болып табылады. Бұл күнделікті кездесетін, тұрмыстық деңгейден бастап кәсіби қарым-қатынас жасауға дейінгі аралықты қамтитын мәселе болып саналады. «Толеранттылық» терминін саралау барысында ғалымдар арасында елеулі қайшылықтар туындайды. Біраз жағдайда оны тікелей «төзімділік» сөзімен байланыстырады. Қазақ тілінде «төзім» сөзі «шыдам», «сабыр», «тағат» мағынасында да қолданылады. Яғни, «төзімді болу» - басқаға, оның ісіне, құбылыстарға шексіз төзу, шыдауды білдіреді.

Толеранттылық ұғымына педагогика ғылымы тұрғысынан түсініктеме беруге әсіресе соңғы онжылдықта Г.Д. Дмитриев, А.В. Логинов, А.С. Меньшиков, В.В. Самсонов, М.Б. Хомяков, Дж. Грей, Б. Берри, М. Мараверс, М. Уолцер, т.б. тарапынан үлкен қадамдар жасалды. Дегенмен, философиялық, психологиялық жағынан бұл құбылысты зерттеудің ертеректе басталғанын атап өтпей болмайды. Оның үстіне бұл термин қазіргі мағынасында батыста ертерек қолданыла бастады, оның себебін демократиялық үрдістердің онда бұрын жүргенінен көруге болады. Мәселен, толеранттылықтың шығу тегі жөнінде қалыптасқан дәстүрлі теория оның алғаш пайдаланылуын Дж.Локктың «Діни төзімділік туралы жолдау», Дж. Ст. Миллдің «Бостандық туралы» трактаттары арқылы Дж. Ролстың «Әділдік теориясы», «Саяси либерализм» еңбектеріне [64] телінеді.

Толеранттылық түсінігінің бостандық, сәйкестік, теңдік феномендерімен тығыз байланысы өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ осы салада зерттеу жүргізген шетелдік ғалымдардың еңбектерінде оны үнемі назарда ұстауға мәжбүрледі. Дегенмен, алғашқы кезде оның діни аспектісіне ғана көңіл бөлінді. Тек кейінгі уақытта ғана оның саяси, гендерлік, жастық, этникалық аспектілері жан-жақты қарастырыла бастады.

Мысалы, М. Уолцер «О терпимости» еңбегінде толеранттылықтың бес құрамдас мағынасын көрсетеді [52]:

Біріншісі – «бейбітшілікті сақтау үшін айырмашылықтарға шеттетілген-мойынсұну қатынас»;

Екіншісі – «айырмашылықтарға бейжай қарау, пассивтілік позиция»;

Үшіншісі – «өзіндік моральдық стоицизм, «басқалардың» да құқықтары бар екендігін принципті түрде мойындау»;

Төртіншісі – «басқаларға ашық көңіл, қызығушылық, тіпті құрметтеу, басқаны тыңдау және одан үйрену»;

Бесіншісі – «айырмашылықтарды барынша құптау». Философиялық тұрғыда Уолцердің көзқарасын қабылдауға болатын болса, ол педагогикалық құбылыс ретінде толеранттылықтың мәні үшін тым ауқымды, кең болуы мүмкін. Негізінен алғанда бұл бес анықтаманы толеранттылықтың даму деңгейлеріне сәйкестендірген жөн.

«Толеранттылық» терминінің мағынасын терең талдап, құрылымын білу үшін ресми құжаттарға да назар аударайық. 1995 жылғы 16 қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 5.61 қаулысымен бекітілген «Толеранттылық принциптері декларациясында» келесі анықтама ұсынылады: «Толеранттылық – біздің әлемнің өте бай мәдени көптектілігін, біздің өзіндік анықталу формаларымыз бен даралығымызды көрсету тәсілдерін құрметтеу, қабылдау және түсіну. Оған ашықтық, білімділік, қарым-қатынас, ой, ар-ұят еркіндігі әсер етеді. Толеранттылық – бұл біреуге орын беру, мойынсұну емес». Бұл анықтаманың құндылығы – түсініктің құрылымын жіктеп беруінде.

Казіргі жаһандасу кезеңінде түрлі қоғамдар арасындағы толеранттылықтың белең алып келе жатқанын көріп отырмыз. Дегенменде, бұл ұмтылыстың әліде толық жоғарыда айтылған анықтымаға сай толеранттылыққа айналуына біраз еңбек сіңіруіміз керек.

Толеранттылық мәселесін елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауында ерекше атап өтті: «Біз әркімнің ар-ұжданы, абыройы мен беделі қадірленетін, мәртебелі мораль, этикалық негіздер мен рухани құндылықтар ірге тепкен қоғам құруымыз»,-деді. Және осы бағытта Қазақстан халықтарының ассамблеясыда біршама игі істер атқару үстінде. Бұл істердің негізінде елбасымыздың ұлтаралық мәселелер жөніндегі ішкі және сыртқы саяси бағдарламалары негіз болып отыр. Бұл бағдарламалар біздің болашақ ғылыми зерттеулерімізде негізгі ұстанымы болмақ.

Әдебиеттер тізімі:

1 Гершунский Б.С. Толерантность в системе ценнотно-целевых приоритетов образования // Педагогика. – 2002. – №   7. – С.3-10.

2  Медведев Н.П. Толерантность и образование: грани соприкосновения // Качество образования как социальная проблема: Материалы научной конференции. – Ставрополь, 2002. – С.307.