Ақжолова Рабиға Өмірзаққызы

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Магистратура және PhD докторантура

институты

 

Күрделі зат есімдерді интерактивтік технология арқылы оқытудың педагогикалық негізі

 

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», - делінген [1, 16]. Қазіргі кезде үздіксіз білім беру үдерісінде білім беру технологияларын қолдану ең өзекті мәселеге айналды. Педагогикалық оқыту теориясы – білім берудің формалары мен әдістерін, оқытудың мазмұны қамтылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі дидактика теориясына сүйенеді. Дидактикада қазақ тілінен білім берудің ұстанымдары мен әдістерінің  теориясын, оқу үрдісінің заңдылықтары қарастырылады. Оқытудың мақсатын гумандық негізге құрып, ақылды, білікті, зиялы адам тәрбиелеу мәселесіне назар аудартылды. Оқыту ісіне қойылатын басты дидактикалық талаптар: оқытуға қолайлы уақытты таңдау, оқушыларды сабақ оқуға ынталандыру, материалды біртіндеп күрделендіру, анық пайда келтіретін нәрсені ғана оқыту, саналы меңгерту, сатылы оқыту, оқу көрнекілігі т.б. болып табылады.

      Қазақ тілін оқыту әдістемесін жүйе ретінде тану үшін оның әдіснамалық, теориялық, әдістемелік-технологиялық негізін құрайтын әрбір ілім негіздері басшылыққа алынады. Солардың ішінде ұлттық педагогиканың тұғырнамасын жасаған Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың еңбектері кейінгі әдістеме ғылымның дамуына мүмкіндік жасады.  Оқушылардың қазақ тілі пәні бойынша сапалы білім алуының сан алуан мәселелері әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде әр деңгейде сөз болып келді. Үйрету мен үйренуден тұратын оқу үрдісінің негізгі мәселелері Ы.Алтынсариннен басталып, күні бүгінге дейінгі аралықтағы зерттеушілердің назарын аударып келеді. Модульді-интерактивтік технология арқылы тілді оқыту мақсат-міндеттермен, онда жүргізілетін әр бағыттағы жұмыстармен байланысты шешілетіні сөзсіз. Сондықтан да Ы.Алтынсарин: «Тіл сезімін дамыту – оқушының мектеп қабырғасына келгендегі сөз қорын әрі қарай байыту, ол әбден ойланған системаны талап етеді», – деп тұжырымдайды [1, 79]. Бұл, әрине, оқытудың белгілі бір тиянақты жүйемен жүргізілуі тиісті екендігін көрсетеді.

       Қазақ мектебінде оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінде қазақ тіл білімінің ғылыми негізі туралы арнайы білім беру болса, екіншісі – осы  білім негізінде оқушылардың сөйлеу, қарым-қатынас жасау дағдысын дамытып жетілдіру. М.Жұмабаев қазақ тілі сабақтарында оқушылардың тек қана тіл заңдылықтарын біліп қоймай,  сонымен қатар сөз бен сөйлеудің, тіл мен ойлаудың байланыстарын да танып отырудың қажеттігіне тоқталған [2].

  Бұның өзі қазақ тілінің ғылыми негіздеріне сүйене отырып оқушыларға материалды жүйелі меңгертудің қажеттілігін дәлелдейді.

        Күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы меңгертудің педагогикалық негізінде  қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды   енгізу   мәселелерін зерттеген Ф.Оразбаева, Б.Қасым, К.Жақсылықова, З.Бейсенбаева, Н.Құрманова, Б.Жахина, Р.Рахметова, т.б. педагог-ғалымдардың пікірлері басшылыққа алынады. Бұл зерттеулерде оқушының жеке тұлғасын дамытуға негізделген жаңа оқыту технологияларын қазақстандық мектептерге енгізудің тиімді жолдары, жаңа технология бойынша жоспарлау мәселелері қарастырылады. Қазақстандық мектептерге енгізіліп     жатқан  жаңа технологиялардың ішінде сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуды зерттеу ісі қолға алынбай келеді. Күрделі зат есімдерді оқытуға байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесінде бірталай зерттеулер бар. Қазақ тіл білімінде алғаш тілдік қатынас теориясы ғылыми-әдістемелік мәселе ретінде ғалым-әдіскер Ф.Ш.Оразбаеваның зерттеу еңбектерінде толық қарастырылған [3]. Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі пәнінің салалары, оның ішінде күрделі зат есімдерді оқыту  жүйе ретінде тануды мақсат еткендіктен, оның теориялық, практикалық негіздерін құрайтын әрбір ілім негіздері де жүйе ретінде қарастырылады. Күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы  оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары мен тілін дамытудың дидактикалық   негіздері   жүйесін   құрайтын   төмендегі компоненттер   алынады:

·                   модульді-интерактивтік технологияның дидактикалық ұстанымдары;

·                   күрделі зат есімдерді оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары және тілін дамыту әдістері мен тәсілдерінің дидактикалық табиғаты;

·                   күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту сабақтары және түрлері мен ерекшеліктері;

·                   оқыту мазмұны мен мақсаты.

        Модульді-интерактивтік технология арқылы  сөйлем мүшелерін оқытуда оқушыларға алдымен синтаксистік талдауға берілген сөйлемнің мағынасын меңгертіп, сөйлемдегі әр сөздің жеке мағынасына түсінік береміз. Ғалым Б.Қасым: «...күрделі сөз саласында, ең көкейкесті міндет боп саналатын күрделі сөздің семантикасы мен олардың компоненттерінің арақатынасындағы мағыналарды, структуралық құрамындағы жеке компоненттердің байланыстылығын табу мәселесін құрылымдық тұтастықта ерекшеліктер мен белгілер секілді жаңа теориялық тұжырымдармен толықтырылады. Мағына – сөзді лексема ретінде танытатын негізгі көрсеткіш» [4,45] деп тұжырымдайды. Ойдың айқындылығы деген сөзді қолданудан, ойлау қабілеті дамытудан тұрады. Сөз қолданыстағы дәлдік сөйлеушінің тақырыпты қаншалықты меңгергендігімен, ойлау жүйесінің тереңдігімен, қазақ әдеби тілінің байлығы мен нормасын жетік білуімен өлшенеді. Қазақ тілі сабақтарында модульді-интерактивтік технология  арқылы сөйлем мүшелерін меңгерту жоғарыда аталған ғалымдар еңбектеріндегі грамматиканың ғылыми теориялық негізіне, тіл фактілеріне сүйене отырып жүргізіледі.  Сөйлем мүшелерін оқытуда көркем әдебиеттерден үзінді ретінде алынған, тәрбиелік мәні бар мәтіндерді  бірте-бірте күрделендіре «жеңілден-ауырға», «оңайдан-қиынға» ұстанымымен жүйелі ұйымдастыру оқушылардың тілін ұстарта отырып, қазақша  ойлау қабілетін де шыңдайды. Сабақта қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері туралы қосымша мағлұмат көзі ретінде дидактикалық тапсырмалар топтамасында арнайы іріктелген танымдық мәтіндермен қатар, тілші-ғалымдардың өмір жолынан, шығармашылығынан хабардар ететін мәтіндер де ұсынылады.

 Дәстүрлі оқыту жүйесінде жазбаша тілдік қатынас оқушы үшін басым түрде қолданылып, ауызша тілдік қатынас көбіне мұғалімнің іс-әрекеті ғана болып келсе, модульді-интерактивтік технологияда оқушы белсенді субъектіге айналып, ауызша тілдік қатынас та, жазбаша тілдік қатынас та қатар жүзеге асады. Әрі бұл белсенді оқытудың дамытушылық серпіні, бағдарламалық  материалды меңгерту барысында күрделі зат есімдерден берілген материалдарды сөзжасамдық  талдауларды  жүйелі жүргізу үшін қажет.

Күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы  оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары мен тілін дамытудың дидактикалық   негіздері   жүйесін   құрайтын   төмендегі компоненттер   алынады:

Øмодульді-интерактивтік технологияның дидактикалық ұстанымдары;

Øкүрделі зат есімдерді оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлаулары, тілін дамыту әдістері мен тәсілдерінің дидактикалық табиғаты;

Øкүрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың  сабақ  түрлері мен ерекшеліктері;

Øоқыту мазмұны мен мақсаты.

Қазақ тілі сабақтарында күрделі зат есімдерді модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту жүйесіне еніп, әрбір компонентті өзара байланыстыру үшін, байланыс және қатынас анықталуы керек екені белгілі. Ондай байланыс ретінде біз оқу-танымдық қызметті алып отырмыз. Ал қатынас ретінде дидактикалық қатынас алынады. Оқу-танымдық қызмет – дидактиканың жетекші категориясы, ол дидактиканың заңдарына бағынады. Оқу-танымдық қызметті жақсы да нәтижелі ұйымдастыру үшін, ғылыми негіз болып отырған оқыту, оқу-танымдық қызмет,   оқытудың   мақсаттары,   білім   алу,   оқыту-тәрбиелеу  әдістері сынды дидактиканың басты ұғымдары анықталады. Оқытудың белгілері ретінде мыналар көрсетіледі:

Øбелгілі бір мақсатқа бағытталу;

Øжүйелілік;

Øағымдылық (процессуалдық) т.б.;

        Оқытудың мұндай сипаттары оқу-танымдық қызметке тән. Сондықтан оқыту дегенде оқушыға дайын білімнің берілуі ғана емес, оқушынын танымдық, ізденімділік қызметін ұйымдастыру деп түсініледі.

        Қазақ мектептерінде оқитын оқушыларға қойылатын талаптардың деңгейі биіктеп, ойлау дәрежесінде осыған сай  шеберліктер болуы – оқу  мен  білім дамуының нәтижесі және оқу мен білімнің одан әрі қарай дамуының жолын қалауы делінеді.

Дидактикалық ілім  оқытудың шынайы түрде жүзеге асуына негіз болады. Күрделі зат есімдерді оқыту әдістемесі сабақтың өн бойында танымдық әрекеттердің небір күрделі   түрлері   өтіліп,   түрлі   логикалық   тұжырымдар   жасалып,   соның негізінде оқушының рухани әлемі қалыптасып жатады. Оқу үдерісінің танымдық әрекет ретіндегі сыртқа қарапайым, ал ішкі мазмұны жеке тұлғаны   қалыптастыратын   потенциалы   айқындала   түседі.   Мұндай үлкен іске психология ғылымы, ақпараттар теориясы, танымдық қызметті басқару теориясы негіз болып, ізденіс бағыттарын  айқындауға жаңа серпіндер берді.  Осы бағыттағы ізденістер туындауының өзі дидактикалық үрдістерде туындаған қайшылықтардың шешімін табу қажеттілігінен іздеу керек. Әрбір пәннің тереңдетіле оқытылуы әдістемесінің әртүрлі сипатына тығыз байланысты болып келеді. Мұғалімнің міндеті оқулықтағы материалды өтумен шектелмейді. Керісінше соны қай түрде қалайша меңгерту жолын алдын ала ойластырудың әртүрлі әдістемесіне негізделеді. Оқытудағы шеберлік мәселесі осыдан туындайды. Теориялық тұжырымдарды пайдалану арқылы оқыту сапасы жақсарады. Оқушылардың    танымдық    белсенділігін    жетілдіру, оқушылардың ойлауы мен тілін дамыту, оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуын басты міндет етіп қоюға мүмкіндік береді. Осындай көптеген маңызды міндеттерді  шешудің тиімді  жолы – оқытудың жаңа формаларын  енгізу болып табылады. Жаңа педагогикалық технология жүйесі мектепте оқыту жүйесінің барлық құраушы бөлшектерін анықтап, олардың іске қосылуы мен нәтижелі  болуына барлық  компоненттер  бірдей  ат салысуы   міндетті  деп саналады. Ол компоненттер:   мақсат,   оқу   мазмұны,   әдістер,   құралдар, танымдылық қызметті ұйымдастыру түрлері, оқыту нәтижелері, гуманистік бағыттағы және тұлға тәрбиесі болып келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары. –Алматы: Рауан, 1991.  -110 б.

 2. Жұмабаев М. Педагогика. –Алматы: Рауан, 1993. -180 б.

 3. Оразбаева Ф.Тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері. Пед. ғыл. докт.диссертациясы. –Алматы: 1996. -417 б.

4. Қасым Б.Қ. Күрделі аталым жасалымы: когнититі-дискурстық ұстаным.(Зерттеулер). –Алматы: ЖК Волкова А.В., 2010. -383 б.