Нүптекеева Г.Б. – Абай андағы ҚазҰПУ,

аға оқытушы

 

Қазақ тілін оқытуда қолданылатын модульдік технологиялар

 

«Педагогикалық технология» терминінің  мағынасының қазіргі кезде дамып, кеңейіп отырғаны мына дәлелдер арқылы  көрінеді. Біріншіден, «педагогикалық технология» техникалық құралдарды оқыту процесінде қолдану мүмкіншіліктері айтылады. Екіншіден, «педагогикалық технология» оқыту процесінің өзін жүйе ретінде құру мен басқару, диагностикалық мақсаттар қойып, соған тиімділікпен жету жолдарын ғылыми негізде ұйымдастыру барысында танылады. «Технология» ұғымы педагогикаға өндіріс аясынан енді. Технология сөзінің алғашқы мағынасы өнімді өндіру барысында шикізаттың қалпын, күйін өзгерту, жаңарту әдістерінің жиынтығы деген мағынаны білдірген. Егер осы мағынадағы ұғымды оқу үдерісінде технология ұғымы (гректің techne – өнер, шеберлік, білііктілік, logos - оқу) сөздерінен шығып, маманның білім, біліктілігін айқындайтын, сабақ жүргізу барысында іскерлігін көрсететін кәсіптік шеберлігі деген мағынада қолданылып жүр.

Жаңа педагогикалық технологиялар білім алушының жеке тұлғасын дамытуды басты міндет етіп қояды, әрбір студенттің білім алу мүмкіндігіне байланысты өз бетімен білім алу жолын жаңа танымдық әдістер арқылы дағдыландырады. Білім алушыларды тілді оқытудың басты факторларының бірі болып табылатын ауызша сөйлеу, жазу мәдениетін қалыптастыру мәселелері саласын жетілдірудің қажеттілігін   негіздеп   арнайы   жазылған   еңбектер   бар.   Мысалы,   Ы.Мамановтар қазақ тілінен  білім берудің әдістемелік жүйесіндегі жаңа сатылар туралы, Ф.Оразбаева, Р.Рахметова тілдік қатынас жайлы, Б.Құлмағамбетова, Ж.Балтабаева қазақ   тілі   сабақтарында  тіл  дамыту, С.Дүйсенова техникалық  құралдарды  пайдалану,  М.Балақаев, Ж.Дәулетбековалардың т.б. еңбектерінде тіл мәдениеті жөнінде ғылыми тұжырымдары мен нақты әдістемелік ұстанымдар ұсынылған. Бұл ұстанымдар – қазақ тілін оқытуда қолданылатын модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуда негіз болатын ғылыми еңбектер. Сонымен  бірге А.Байтұрсынұлы, Ф.Оразбаева, Н.Оралбай, Ғ.Қалиев, Б.Қасым, К.Жақсылықова, З.Бейсенбаева, Ж.Балтабаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Шаханова, Н.Оразақынова, Р.Рахметова, т.б. ғалымдардың тіл салаларын оқытудың мәселелерін жан-жақты саралаған әдістемелік еңбектерінің қазақ тілін меңгерту жолдарын жетілдіруде, қазақ тілін оқыту әдістемесінде өзіндік үлестері мол. Күнделікті сабақтарда модульді-интерактивтік технология арқылы жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарында арнайы ұйымдастырылатын тіл ұстарту бағытындағы алуан түрлі тапсырмалар да оқушының тіл мәдениетін жетілдіруге үздіксіз көңіл бөлінгенде ғана орфографиялық, орфоэпиялық, стильдік қателерден арылуына қол жеткізеді.

Жеке тұлға, индивид туралы ғалымдар ізденісіне назар аударсақ, мына мәселелерге ерекше көңіл бөлуге болады. Қазіргі педагогика білім алушыны оқу-тәрбие ісінде субьект ретінде қарастырады. Ол өзін-өзі тануға, танытуға, дамытуға мақсатты түрде ұмтылуы керек. Ал жеке тұлға туралы ресейлік психолог ғалымдар Эльконин, Давыдов, Платоновтар әрбір жеке тұлғада шыққан тегіндегі касиеттердің болуымен қатар (жағымды, жағымсыз), жүре келе қалыптасқан қасиеттердің бар екенін дәлелдейді. Ғалымдар пікірлерінше дарынсыз, мүлде қабілетсіз бала болмайды. Сол қабілеттің көзін ашу оны ары қарай дамыту. Соңғы    жылдары    осы бағытта қазақстандық педагогикалық ізденістер тиімділікпен жүргізіліп, оқу үрдісіне енгізіліп келеді.   Жаңа   технологияларды   еңгізу   мәселелерін   зерттеген Ф.Ш.Оразбаева, Қ.Қадашева, К.Жақсылықова, К.Ж.Бұзаубақова, Н.Ж.Құрманова, З.Бейсенбаева,  Ж.Балтабаева т.б. еңбектері белгілі. Бұл зерттеулерде оқушының жеке тұлғасын дамытуға бет бұрып отырған жаңа оқыту технологияларын қазақстандық мектептерге енгізудің тиімді жолдары, жаңа технология бойынша жоспарлау мәселелері қарастырылады. Қазақстандық мектептерге енгізіліп     жатқан  жаңа технологиялардың ішінде сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технология арқылы оқытуды зерттеу ісі қолға алынбай келеді. Тек сөйлем мүшелеріне  байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесінде көптеген зерттеулер бар. Ғалымдардың зерттеулерінде оқушылардың ойлауын дамыту мәселелері      тақырыпқа қатысты беріліп жүр. Қазақ тілі сабақтарында модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту жүйесіне ену үшін және әрбір компонентті өзара байланыстыру үшін, байланыс және қатынас анықталуы керек екені белгілі. Ондай байланыс ретінде оқу-танымдық қызметті алынады. Ал қатынас ретінде дидактикалық қатынас алынады. Оқу-танымдық қызмет – дидактиканың жетекші категориясы, ол дидактиканың заңдарына бағынады. Оқу танымдық қызметті жақсы да нәтижелі ұйымдастыру үшін, ғылыми негіз болып отырған оқыту, оқу-танымдық қызмет,   оқытудың   мақсаттары,   білім   алу,   оқыту   әдістері сынды дидактиканың басты ұғымдары анықталады [1]. Осылардың ішіндегі  дидактиканың  басты  ұғымы – оқыту. Оқытудың мұндай сипаттары оқу-танымдық қызметке тән. Сондықтан оқыту дегенде, оқушыға дайын білімнің берілуі ғана емес, оқушынын танымдық, ізденімділік қызметін ұйымдастыру деп түсініледі [2].

Дидактикалық қатынастар – ерекше табиғаты бар, динамикалық күйде келетін, басқа әлеуметтік жүйелермен тығыз байланыста болатын құбылыс. Оның болмысын бір ғана модульді-интерактивтік технологиямен  байланысты шешу мүмкін еместігі белгілі. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлауларын дамыту дидактикалық қатынастардың ерекше түрін іздеуді емес, оның ішкі құрылымдық түрлерін тиімді қолдана отырып, қалыптастыруды қалайды [3]. Сондықтан да сабақ барысындағы екіжақты қызметтің түрлері анықталуы керек. Модульді-интерактивтік технология арқылы қазақ тілін оқыту мынадай ұстанымдарға негізделеді:

1) Жаңа тақырып бойынша анықтамалық материал белгілі бір дидактикалық мақсатқа лайықталып беріледі.

Бұл базалық білім беруге тиімді. Егер игерген білімді ары қарай жетілдіру, кәсіби шеберлігін қалыптастыру қажет болса, онда, жаңа тақырып бойынша анықтамалық материал осы мақсатқа негізделіп құрастырылады. Анықтамалық  материалдың мақсатына қарай модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың типі анықталады:

·                   мәтінді танымдық жағынан оқыту;

·                   мәтінге талдау тұрғысында меңгерту.

2) Басты мақсат, нақты мақсат, жеке мақсаттардың бір-бірімен сәйкестігі  ұстанымы. Мысалы, мәтінді танымдық тұрғыдан модульді-интерактивтік технологиясына тән басты мақсат – жеке сөздерді, сөз тіркестерін теориялық негіздерін  игерту. Соның негізінде дағды мен іскерлікті қалыптастыру. Басты мақсаттан нақты мақсат туындайды. Нақты мақсат сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технологиясы арқылы меңгертуге негіз болады. Жеке мақсаттарға жету арқылы нақты мақсат орындалады. модульді-интерактивтік оқытудың құрылымдық үлгісі.

Тақырыбы: Сөз тіркестері, байланысу түрлері

Мақсат блогы: 1. Жалпы мақсат – Сөз тіркестері, байланысу түрлері бойынша оқушылардың теориялық білімін, әдістемелік дайындығын қалыптастыру.

Басты мақсат – Сөз тіркестері, байланысу түрлері сөйлемдік сипатын ашу.

Нақты мақсат үш түрлі.

·                   Сөз тіркестері, байланысу түрлері қолданылуы мен бір-бірінен ерекшеліктеріне тоқталу.

·                   Әр сөз тіркестері, байланысу түрлерінің өзіне тән белгілерін, құрамын айқындау.

·                   Әр сөз тіркестері, байланысу түрлерінің жасалу жолына тоқталу.

Жеке мақсаттар. Әрбір нақты мақсаттан бірнеше жеке мақсаттар туындайды:

·                   қазақ тілі біліміндегі сөз тіркестері, байланысу түрлерінің құрамы, олардың жасалуы, негізгі белгілері.

·   қазақ тілі оқулығындағы сөз тіркестері, байланысу түрлері туралы анықтама – ережелерді еске түсіру.

Мақсат блогы айқындалғаннан кейін, оқушылардың бұрын игерген білімдерін жаңғырту, зейінін жаңа материалға аудару мақсатында қайта оралу блогы беріледі.

Танымдық - әрекет блогы. Ол екі компоненттен тұрады:

·                   теориялық блок,

·                   практикалық дағды блогы.

Модульді-интерактивті технологияны қабылдау. Ол екі бөлімнен тұрады:

·                   бақылау сұрақтарына жауап беру;

·                   тест тапсырмаларын орындау.

         Оқу материалының толық, жеткілікті болу ұстанымы. Әр тақырып модульді-интерактивтік технология арқылы аяқталған блок ретінде берілуі тиіс.

Білім алушының таным деңгейі оның сөйлеу тіліне, сөздерді орынды қолданып, сөйлемді жүйелі, дұрыс құрастыру, ойын жеткізе білу іскерлігіне тікелей тәуелді. Сондықтан модульді-интерактивтік технология арқылы оқыту процесінде оқушының білімін кеңейтумен қоса олардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыратын әлеуметтік, танымдық мотивтердің қалыптасуына жол аша отырып, теориялық білімдерін практикада қолдана білу көзделеді.

Жаңа технология бойынша оқытудың түрлері: проблемалап оқыту, бағдарлап оқыту, саралап, жекелеп, тереңдетіп оқыту, дамыта оқыту, ұжымдық оқыту, деңгейлеп оқыту, қашықтықтан оқыту,  модульдік оқыту т.б. Қандай технология болмасын, оны оқытушы сөзжасам, морфология сабақтарының жоспары арқылы іске асырады. Сондықтан технологиялық карта әмбебап жоспар, оны барлық пәндерге бейімдеп қолдануға болады. Технологиялық карта арқылы оқытуды келесі үш бағытта жүргізген тиімді: білім мазмұны, құрылымы, қандай әдіс-тәсіл арқылы. Нені және қандай бірлікте оқыту мәселелерінің мазмұны пән бағдарламасында, мемлекеттік стандартта көрсетіледі. Педагогика ілімінде технологиялық карта ұғымы білімді қолданысқа, меңгеруге ыңғайлы етіп жүйелеу, шоғырландыру, жинақтау болып табылады [4]. Жалпы технология ұғымына мынандай анықтама беруге болады: «оқытудың арнайы формаларын, әдістері мен тәсілдерін айқындайтын педагогика-психологиялық нұсқаулардың жиынтығы, педагогикалық процесті ұйымдастырудың әдістемелік аспабы, оқуды іске асырудың мазмұндық техникасы, практика жүзінде іске асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы», «оқыту процесінде жоcпарлы нәтижеге жетудің сипаттамасы» , «белгілі бір қалыпты өзгертудің, өңдеудің әдістерінің жиынтығы, өнер, шеберлік, іскерлік», «студент пен оқытушыға қолайлы жағдай жасау мақсатында оқу процесін жоспарлаудың, ұйымдастырудың, өткізудің ойластырылған моделі, үлгісі», «педагогикалық жүйе»,  т.б.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. Оқулық. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 272 б.

2.     Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.

3 Балтабаева Ж. Студенттер тілін дамыту әдістемесі. – Алматы, 2008. – 190 б.

4 Қасым Б. Қазіргі қазақ тілінің теориялық және қолданбалы аспектісі. – Алматы: ЖК Волкова А.В., 2010. – 371 б.