Педагогические науки/Современные методы преподавания

Асетова Ж.Б.-п.ғ.м., аға оқытушы

Шаманбетова Л.Б. М-201 тобының студенті

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

Модульдік оқыту технологиясы-жаһандануға апарар жол

Елімізде білім берудің қазіргі заманға сай жаңа жүйесі жасалып, оқыту мазмұнының түбегейлі өзгеруі, оның дүниежүзілік білім кеңістігіне енуі бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге, мұғалімдер алдына жаңа талаптар қойып отыр. Жаңа оқыту технологияларын шығарудың негізгі мақсаты баланың тұлғалық дамуын қалыптастыруына бағытталады. Сондықтан да білім берудегі озық, жаңа технологияларды меңгермейінше маман болу мүмкін емес. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологиялар таңдауда көп нұсқаулық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарының өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез-келген үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді. Егеменді еліміздің болашағы дарынды, білімді де білікті, ізденімпаз жастарға байланысты. Осыған орай бүгінгі күнгі мектеп алдында тұрған басты міндет - өзіндік айтар ой-пікірі бар, бәсекеге қабілетті тұлға, белсенді азамат тәрбиелеу. Педагогикалық процестің тиімділігінің артуына мүмкіндік беретін білім беру мен тәрбие бірлігін сақтай отырып, оқушыға берілетін білімнің үйлесімділігімен қатар, әрбір жеке тұлғаның ерекшелігін ескере отырып, білімділігіне сәйкес бағдар беру, танымдық ізденімпаздығын дамытудағы оқытудың прогрессивтік қадамының бірі – модульдік оқыту технологиясы.

Модульдік оқыту технологиясы – бұл білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етуі. Модульдік технология дамыта оқыту идеясына негізделген. Модульдік технология бойынша оқытудың негізгі мақсаты оқушының өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту, оқу материалдарын өңдеудің жекеленген тәсілдері арқылы жұмыс істеуге үйрету  болып табылады. Модульдік оқытудың өзегі – оқу модулі. Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклі ретінде кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады. Кіріспе бөлімінде мұғалім балаларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Содан кейін мұғалім осы модульдің барлық уақытында есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде) сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді. Мұндай шығармашылық сипаттағы тапсырмалар әр балаға оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, тілін дамытуға септігін тигізеді. Сөйлесу бөлімінде танымдық процесс балаларды 2-6 адамнан шағын топтарға бөлу арқылы, яғни олардың өзара әрекет етуінен құрылған. Балалардың танымдық қызметі әрбір баланың әр сабақта үш күрделілік деңгейде берілген оқу материалын таңдау, көру және айту мүмкіндігі болатындай етіп құрылған. Оқытудың ойын түрінде ұйымдастырылуы және әр түрлі белсенді формаларды қолдануы оқу материалын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыруда өте маңызды рөл атқарады. Ал қорытынды бөлім - тарауды немесе тақырыпты оқытудың тұтас циклін анықтайтын, соңғы бөлімі. Ол балалардың сөйлесу бөліміндегі танымдық қызметі барысында қалыптасқан білім, білік, дағдыларын бақылауға, тексеруге және бағалауға арналған. Осы бөлімде балалар өз қызметін талдайды, яғни, баға алады, бұл соңында әр баланың танымдық қызметінің жалпы оқу нәтижесін анықтайды. Оқу модулінің ерекшелігі – жалпы сағат санына қарамастан 1-2 сағат теория бөліміне беріледі, қалған уақыттары практикалық жұмыстарға беріледі. Оқу модулі ақпараттардың аяқталған блогынан, бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін берілген оқытушының нұсқауларынан және оқушы іс-әрекетінің мақсатты бағдарламасынан тұрады. Модульде 3 деңгейлік тапсырмалар: тест сұрағы, сынақ тапсырмасы, шығармашылық жұмыс бойынша жұмыс жүргізіледі. 3-деңгей – мемлекеттік стандарт деңгейі, бұны барлық оқушылар орындауы, білуі міндетті. 2-деңгей – бұған қарағанда күрделірек, ал 1-деңгейді – өзіндік пікірін жеткізе алатын, өз ойын шығармашылықпен дәлелдей алатын қабілетті, озат оқушылар ғана орындай алады. Бағалау: 3 - деңгей – «3», 2 - деңгей – «4», 1 - деңгей – «5» деген бағаның тапсырмасы. Модульдік оқуда өзіндік жұмыстарға аса көп уақыт бөлінеді. Оқушылардың  тапсырманы өз бетімен орындауы – шығармашылық жұмыстың бастамасы. Модульдiк оқыту технологиясы арқылы оқушылардың шығармашылығын дамытудың жүйесi болып табылады. Мұны 1-кестеден көруге болады.

             

                                                                                                                                 1кесте

Модульдік оқу дəстүрлі білім игеру жүйесімен байланыста пайдаланылуы мүмкін. Модульдер оқу жүйесінің қалаған ұйымдастырылу формасында орын тауып, оның сапасын жақсартуға жəне тиімділігін арттыруға қолданылады.

П.А.Юцявиченің модульдiк оқыту идеясын жасаудағы келесі дидактикалық қағидаларды ұсынады: модульдiк; оқыту мазмұнын оқшау элементтерге құрылымдау; әрекетшiлдiк; икемдiлiк және шапшаңдық; болашағын түйсiну; тепе-теңдiк. Оқу модулін құрудың тағы бір ерекшелігі - мұғалімнің даярлық жүйесі. Мұғалім  бір оқу модуліне бөлінетін сағат санын анықтап алғаннан соң, оның мақсатын, мазмұның және нәтижелерін, сондай-ақ осы модуль сабақтарын ұйымдастырудың формасын ойластырып, оқу модулін құрайды. Аталмыш технология  баланың тұлғасының танымдық қабілеттерін дамытуға; танымдық поцестерін дамытуға;  жағымды қызығушылық қалыптастыруға; белсенді сөздік қорын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға; тұлғаны қиындықтарға даяр болу және білу, қарым-қатынас, ойын, танымдық, қауіпсіздік,сыйласу,  шығармашылық, өзін-өзі өзектілендіру, өзін-өзі бекіту қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.

Қазіргі кезеңде мұғалімге білімді, білікті, шығармашыл болған жарасымды. Ал, ұстаздың әр сабағы – оның ізденісінің, еңбегінің айнасы. Уақыт талабын ескерсек, оқытудың жаңа технологиялары түрлерін меңгеру және оны ендіруге әрбір мұғалім жауапты. Өйткені, қолданылып жүрген қай технологияны алсақ та, дүниежүзілік білім деңгейінде қалыптасқан азамат, тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Модульдік оқыту технологиясы – баланың белсенді оқу қызметін ұйымдастырады, бала өз әрекетін жоспарлай, талдай, өзі бақылай білуге үйренеді.

Бүгінгі күн талабына сай нақты, терең білім беруде жаңа технологиялар, яғни модульдік оқыту технологиясы бірден-бір ұстаз сүйенер тұтқа.

Пайдаланылған әдебиеттер                                                         

1.     Жанпейісова М.М. «Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы      ретінде». Алматы 2006 жыл.

2.     Қамзина М. «Модульдік оқыту технологиясы».//Тәрбие құралы. 2005 жыл, 4.

3.     Педагогтың кәсіби деңгейін өсіруде әдістемелік жұмысты ұйымдастыру жолдары.//Ғылыми-практикалық жинақ. Алматы, 2008 жыл.

4.     «Принципы модульного обучения» - методичка разработка для перподавателей, Красноярск, - 2006 ж