Насиева Назым Қажымұратқызы

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Қазақстан

С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасындағы

қаһармандық мінез мәселесі

Әдеби характер мәселесі – адамзат қауымын әрдайым ойландырған және ойландыра беретін күрделі мәселелердің бірі. Ол қоғамның, өнердің және әдебиеттің тарихи дамуының әр кезеңіне әр түрлі жағдайда көрінеді, қилы-қилы өзгерістерге ұшырайды.

Мінез мәселесі XX ғасырдың аса көкейтесті мәселелерінің бірі болғанының сыры тереңде. Талай ғасырлар бойы ол ымыраға келмейтін екі түрлі көзқарастағы қоғамның идеологиялық күресінің негізгі қозғаушы күші болып табылды. Осы орайда әр түрлі бағыттағы күштер қаһармандық табиғатын өз тұрғысынан түсіндіруге тырысқаны белгілі. XX ғасырдың басында әдебиеттануда қаһармандық мәселесі жеке категория ретінде қарастырыла бастады, өйткені сол кезеңдегі өтпелі дәуір әдебиетінде қаһармандықтың негізін айқындауға көп нәрсе тәуелді болған жасырын емес. Алғашқы сәтте қазақ әдебиеттануында қаһармандық мінез мәселесі көбінесе эпикалық шығармалар негізінде игерілді. Оның өзіндік себептері бар болатын. Социалистік реализм бағытын ұстаған авторлар қаһармандықтың таптық, әлеуметтік қырларына баса назар аударды, бұл поэзия мен прозада басты нысанаға айналғаны мәлім. Ал драматургиядағы қаһармандықтың өзіне тән дәстүрлі мазмұны мен бейнесіне көңіл аз бөлінді. Бұл жөнінде сол кезен шығармалары туралы жарық көрген Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, С.Ордалиев еңбектерінде қаһармандық мінездің табиғатына қатысты жүйелі пікірлер айтылып, орнықты талдаулар жасалған. Аталмыш зерттеулердің негізінде мынаны баса көрсетуге болады: қазақ драматургиясы қаһармандық мінез жасауда ұлттық ерекшеліктерге және қоғамдық-әлеуметтік негіздерге сүйенген, оған қоса өнімді дәстүрлі тәсілдері пайдаланған. Эпостар мен аңыздардың қаһарман кейіпкелері көбінесе драмалық шығармаларға көп өзгермеген күйінде келді; жас қазақ драмасы қаһармандықты суреттеуде көбіне өз халқының бай ауыз әдебиеті мұрасынан үйренді. Әр кезеңдегі сөз өнеріндегі қаһармандық мінездің табиғатын зерттеу әдеби үрдістің жалпы заңдылықтарын тереңірек ашуға, жекеленген суреткерлердің идеялық-көркемдік бағыт-бағдар білуге үлкен мүмкіншіліктер беретіні даусыз.

Қоғамдық-әлеуметтік, тарихи-саяси маңызы сан алуан тап тартысы, оның кезеңдік мәні Сәбит Мұқанов шығармашылығында да негізгі тақырыптардың бірі болып табылады, сонымен бірге оның ұлттық драматургиямызда қаһармандық мінезді суреттеуде өнімді түрде пайдаланылғанын атап өту орынды. Ұлы Отан соғысы оқиғалары мінез жасауда жемісті материал болып табылатынын Сәбит қаламынан туындаған «Алтын астық», «Біз жеңеміз», «Гвардия алға», «Жеңіске» атты пьесалары дәлелдей түсетіндей. Бұл шығармаларда совет жауынгерлерінің қаһармандық мінезі әр қырынан танылды.

Жазушының шығармашылдық өмірбаянына зер салсақ, С.Мұқанов алғашқы шығармасын жазуға біраз тәжірибемен, яғни поэзия, проза жанрында күрделі туындылар беріп, қаламгер ретінде толысқан шағында келді. Сондықтан драматургтың «Күрес күндерінде» (1938 жыл) атты пьесасы тұңғыш пьесасы республикалық бәйге алып, жазушының драмалық қабілеті барын айқындады . Кезінде пьеса жайындаа жағымды пікірлермен қатар, сындар да айтылды. Пьеса алғаш рет 1939 жылдың ақпанында Қазақ академиялық драма театрының сахнасында қойылды. Қоюшы режиссер- Носонов . Қойылымнын көркемдік- сахналық мәні мен маңызының молдығы «Қазақ театырының тарихы» атты басылымның 1-томында кеңінен сөз болған. Онда назар аудараты мынадай пікір бар: «1939 жылы театр осы тақырыпқа арналған тағы да екі спектакльді сахнаға шығарды. Олар С.Мұқановтың «Күрес күндері» мен М.Әуезов пен Ә.Тәжібаев екеуі бірігіп жазған «Ақ қайың» пьесалары еді.

М.Әуезов «Реалистік драма жолында » баяндамасында қарастырылып отырған шығармада адам мінездерінің, тартыстың шындықтан оқшау, шалғай кетпегендігін атап өтті. «Сәбит – тегінде реалист жазушы.Ол анық өмірге жақын етіп алған адамдарына аса қонымды, нанымды тіл де, сөз де, сезім мен іс- әрекет те бере біледі» - деп, көрсетсе, С.Ордалиев : «С.Мұқанов «Күрес күндерінде»атты пьесасындареволюция дүбірімен оянған халық өкілдерін, еңбек адамдарын, шиеленіскен тартыс, қат-қабат күрес үстінде көрсетіп, өзінің прозалық ірі шығармаларыдағы басты геройлардың күрес жолдарын елестетті» - деп, әділ бағасын берген болатын.

С.Мұқанов төңкеріс тақырыбы арнаған пьесасында төңкеріс жылдарының қиын-қыстау кезеңін суреттейді. Қазақ халқының аяулы ұлы, халық арасында өмірімен де, өнерімен де аты аңызға айналған Сәкеннің әдебиетте тұлға ретінде сомдалуына күш-жігерін аямай салып, Сәкеннің әдебиетте тұлға ретінде сомдалуына күш-жігерін аямай салып, Сәкентанудың басын бастап берді. Сәкен - Сәбиттің күрес жолында тізе қосып, иық тірескен жолдасы, төңкеріс идеяларының ұрығын себуші ұстазы. Сол себептен Сәбиттің алғашқылардың бірі болып Сәкен тақырыбына қалам тартуы заңды дүние. Жалынды- күрескер ақын өмірінің бір белесін шығармасына арқау ете отыра, қаһармандық мінездің даму жолын, қаһармандыққа итермеленген себептерді қарастырады.

Аталмыш шығарманың дүниеге келуі халқымыздың  тарихындағы ақтаңдақтардың жойылып, нақақтан жала жабылған  аяулы ұлдарымыздың  ақталатын кезеңімен  тұспа-тұс келеді. 1956 жылы Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиндердің мұралары қайта жаңғырып,  көпшілікпен қайта қауышты. Баспасөз беттерінде олардың шығармалары  жариялана бастады. Осы кезеңде әдебиетте саңлақтарымыздың өмірін зерттеген туындылар дүниеге келе бастады. Сәбит те ұстазы, қамқоршысы болған Сәкеннің алдындағы  парызын өтеу үшін «Сәкен Сейфуллин» атты драмасын жазды. Сәкен тақырыбы Сәбит үшін кездейсоқ тақырып емес. Егер де жазушының  шығармашылық лабораториясында жинақталған материалдарға, фактілерге үңілсек, Сәбиттің Сәкен жайлы үлкен туынды беруді жоспарлағанын көруімізге болады. Бұл дүниелер жылдар бойы жазушыны толғандырған, бірақ кеңестік саясаттың ығына жығылып, еліміздің  тарихындағы  ауыр кезеңге байланысты Сәкен жайында шығарма тудырмақ түгілі ашық айтуға  жазушының мүмкіндігі болмаған. ҚР Орталық Мемлекеттік  мұрағатындағы Сәбиттің жеке қорында сақтаулы тұрған Сәкенге, оның абақтыға жабылуына  байланысты деректер көп нәрседен хабар бергендей. Жалынды күрескер өміріне байланысты азды-көпті деректердің мұқият қатталып, жүйеленіп отыруы жазушының алдағы күнге сеніммен қарап, Сәкеннің туған халқымен қайта қауышқан жағдайда  шығарма беруді жоспарлағанын көрсетеді. Сәкен жайында ашық түрде жазбаса да, Сәбит оны «Жұмбақ жалау» (Ботакөз) романының бас кейіпкері  - Асқардың түп негізі қылып алған. Сейфуллиннің есімі қайта жаңғырып,  ол жайында шындықты айтар кез келгенде  ғана Сәбит Асқар образының  тууына Сәкен өмірі негіз болғандығын айтады.

Асқар бейнесіне Сәкеннің негіз болғандығы жөнінде Сәбит Серік Мақпыровпен жеке әңгімесінде былай дейді: «Қазақ интеллегенциясынан шыққан революционер-большевик бейнесін жасауда Сәбит маған басқалардан анағұрлым жоғары көрінді, өйткені, Сәкен менің санамда  бірталай орныққан, толыққан адам. Мен Сәкен жайлы алғаш 1919 жылдың басында  Омбыда оқып жүрген кезде Жұмабай Нұркиннің аузынан есіттім. Ол маған: «Сәкен Сейфуллин деген ақын бар, қазір абақтыда, нағыз халық ақыны да, халық үшін күресуші де, міне сол», - деді. Кейін Сәкенмен кездестім, қызметті бірге істедім де. Асқар бейнесін жазу керек болғанда елесін ұстаған адамым – Сәкен».

         Міне, Сәбит Мұқанов азаматтығы осында. «Дала дауылпазы» атты алғашқы нұсқада Сәбит Сәкенге деген көңілінің түкпірінен шыққан есімдерін былайша жеткізеді.

                   «Аса сүйікті Сәкен аға!

Өзің ірге тасын қаласқан  социалистік совет өкіметі  50 жасқа  толды. Ол және  оның жемісті  бір бұтағы Советтік Қазақстан саяси жақтан да, мәдениеттік жақтан да дүние жүзіндегі ең күшті мемлекеттердің қатарына қосылды. Осы жетістіктердің  50 жылдық ұлан-асыр тойы жасалып жатқанда, сен ақ сақалыңмен, ақ шашыңмен мәжілістің  төрінде отырсаң, қандай жарасымды болар еді.

Бірақ сен өлгенмен, қасиетті есімің өлген жоқ...

Сенің күреске толы  ғажап өмірің  социалистік қоғамға, оның болашағына өлшеусіз зор үлгі. Біз бүгін сол бай өміріңнің бір ғана бөлшегін  театр сахнасынан халқыңа көрсеткелі отырмыз. Егер спектакльдің кем-кетігі болса, саған деген шексіз сүйіспеншілігіміз үшін кешірім ет.

Ардақты аруағыңнын алдында зор құрметпен бас ием. Пьесаның авторы».

         Ұстазы, қамқоршысы болған Сәкенге деген шынайы сезімін Сәбит осылай жеткізді.

         Бұл деректер қазіргі кезде айтылып жүрген Сәкен мен Сәбит арасындағы  қатынас турасындағы  әңгіменің  көпшілігіне тоқтау салатындай. Пьесада кейіпкерлердің көпшілігі - өмірде болған  белгілі адамдар. Сондықтан да шығарманың фактілік дәлдігі күшейген. Сәкен жөнінде жазылған кез келген шығармаға мұрындық болатын, материал беретін басты  дүние баршамызға аян, ол – «Тар жол, тайғақ кешу». Фактілердің дәлдігі оқиғалар сәйкестігі осылардың барлығы да таразыға түспек.

         «Көркем образ еш уақытта өмірдегі бар прототиптің көшірмесі бола алмайды. Тіпті тарихи адамдардың бейнесін суреттегенде де жазушы өзіндік фантазиясын дамытуға толық мүмкіндік алады. Әйтпесе, оның тарихи адам туралы жинағын документтері  өзінен-өзі еш уақытта ол адамның характерін айқындай алмайды, тек жазушы ол материалдарды творчестволық фантазиясынан әбден сұрыптап өткізгендн ғана көркем образ дәрежесіне жетеді», - дейді белгілі ғалым С. Ордалиев.

         Олай болса, Сәбит кейіпкерлер образын жасауда өзіндік фантазиясына сүйенген. Әйтпегенде Сәкен және басқа да пьеса кейіпкерлері көркем тұрғыдан образ дәрежесіне көтеріле алмаған болар еді, характерлері шебер түрде айқындалмас еді.

         Пьесадағы  қарама-қарсы қойылған характерлердің іс-әрекетінен тартыстың мәні, маңызы байқалады. Адамдар арасындағы  әр түрлі қайшылықтар тартысты тудырады. Ол драманың  өзегі болып табылады.

         Сахновский – Панкеевтің айтуы бойынша: «Драмадағы әлеуметтік конфликт таптық антогонизмді көрсетумен шектеле алмайды: драма арқауы – болмыстағы бүкіл қайшылық атаулы».

         С.Мұқанов пьесасында жаңа мен ескінің күресін айқын суреттеген. Төңкеріс заманындағы шындықты санаулы адамдар басындағы мұң-шермен емес, әр таптан шыққан адамдардың  күресі арқылы бейнелейді.  Пьесадағы оқиға Сәкен кітабындағы ізбен дамып отырады. Драмалық әрекетті күшейту және характерді ашу үстінде  кей жағдайлар өзгертілген. Әр алуан характерлер арасындағы  тартыс – пьесаның қозғаушы күші болып табылады.

         Драмалық шығармада өмір шындығы адамдар арасындағы  терең тартыс арқылы көрсетілгенде ғана, оның көркемдік қуаты, әсері күшті болмақ. Драмалық идеяның мазмұны тартыспен байланысты. Бірақ драманың өзіндік сипатын тек тартыстың мазмұны ғана айқындамайды, жанрдың өзіне тән тағы бір ерекшелігі бар: ол - адам тағдырының драматизмін көрсетуі. Каһарман драмалық халге душар болады. Осы жолда ол талай  қиыншылықтарға кездеседі, одан шығудың жолын қарастырады.  Осы жолда қателесуі де мүмкін, бірақ көздеген мақсатына жету үшін ұмтылады. Бұдан каһарман мінезінің сипаты көрінеді.

         Төңкеріс тақырыбына жазылған  каһармандық драманың бойынан да осы қасиеттер табылады. Төңкеріс барысында  халықтың өмірінде зор өзгерістер болды. Осы өзгерістер каһарманның жеке тағдырының драматизмін терең көрсетті.

Драма жанрын зерттеуші В.Фроловтың: «Каһармандық драма ерлік характерлердің  психологиялық мәселе ретінде шешілгенде ғана автор адам жанының сырына терең  бойлап, белгілі дәуірдің  шыншыл да сом характерлерін  жасағанда  ғана қаһармандық драманың бағасын арта түспек»,- деген сөзі өте орынды.

Төңкеріс тақырыбына  арналған шығармаларда  заман шындығын ірі тұлғалардың зор да батыл  іс-әрекетінсіз  көрсету мүмкін емес.

Сол себептен Сәбит шығармасының бас қаһарманы етіп Сәкенді, оның от-жалынға толы өмірін алған. Жазушы лабораториясына үңілген сайын оның ерінбей-жалықпай туындысының әр сөзіне  мән беріп, түзетіп отырғанын көреміз. Сәбит шығармалары  да көп жөнделіп, ересен мол өңделді. Оның әрбір пьесасы бірнеше нұсқадан жаратылар еді. «Сәкен Сейфуллин» пьесасының бірнеше нұсқасы бар екендігін  зерттеушілер өз еңбектерінде  атап кеткен болатын.

Пьесаның соңы қайта жазылған. Мол мағыналы редакцияның арқасында «Сәкен Сейфуллин» драмасындағы драмалық жағдайлар өзгеріп, бұрынғы каһармандар жаңадан жасалып, олардың характерлері мінездік жағынан дараланып, тартыс тереңдеп, шығарманың идеясы сараланған. Осындай көп өңдеуден соң «Сәкен Сейфуллин» пьесасының екінші  нұсқасы дүниеге келді. Драма алғаш рет 1967 жылы 7- қарашада Алматы қаласында сахнаға шықты. Қоюшы режиссері - А.Өтегенов. Пьеса Қарағанды театрында осы жылы режиссер Мұхтар Қамбаровтың басшылығымен қойылды. Сәкен ролінде ойнаған Өмірзақ Асылбеков, Жамал ролінде ойнаған Қайныкен Әлімбаева, Төлебай ролінде ойнаған Мұздыбек Әбдікәрімов, Анненков ролінде ойнаған Аманкелді Тәжібаевтың табыстары жақсы лебізге ие болды. Көрнекті ғалымдар Т.Нұртазин «Жазушы және өмір» (1960), М.Хасенов «Дәуір және жазушы» (1968), Р.Нұрғалиев «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1979), «Айдын»(1985), С.Қирабаев «Талантқа құрмет» (1988) еңбектерінде Сәбиттің басқа пьесаларымен қоса, «Сәкен Сейфуллин» драмасына  арнайы тоқталып, ой-пікірлерін білдіреді.

Т.Кәкішев: «Әдебиетіміздің бар жанрында өндіре еңбек етіп, айшықты із қалдырғаны драматургия саласынан да бақырайып көрінеді. «Күрес күндерінде», «Гвардия, алға!», «Алтын асық» туындыларын былай қойғанда, «Шоқан Уәлиханов» пен «Сәкен Сейфуллин» есімді тарихи драмалары қазақ театрының алтын  қорына айналған шығармалар. «Аққан жұлдызы» жас Шоқан театр сахнасынан әбден толысқан, халқына жаны ашыған ағартушы-демократ дәрежесінде көрінсе, жаңа заманның дауылпазы Сәкен театр сахнасынан өзінің жалынды күрескерлігімен  жарқырайды»,- десе, С.Қирабаев: «Сәбиттің «Сәкен Сейфуллин» пьесасы ақынның  революция жылдары бастан кешкен өмірін суреттеуге арналады.  ...Бұл жағынан пьеса оқиғасы Сәкеннің өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабымен, «Қызыл сұңқарлар» пьесасымен үндес. Ал шығарманың  образдық жүйесі, тартысы, кейіпкерлері Сәкен еңбектерін қайталамайды. Сәбит осы материалдар негізінде  Сәкеннің революция кезіндегі  қажырлы қызметін, езілгендерге, әсіресе, теңсіздіктегі әйелдерге азаттық әперудегі еңбегін, тап жауларымен күрестегі батырлық мінездерін, әр қилы өмір сабағы тұсындағы ақындық сезімтал жан дүниесін ашуға ұмтылады»,- дейді.

Бұдан кешегі тоқырау жылдарының салқынының С.Мұқанов шығармашылығына да тигендігін көруімізге болады. Жазушының  еңбектері жекелеген адамдардың нұсқауымен кедергілерге ұшырап, басынан талай қиыншылықты өткерді. Жазушының көзі тірісінде- ақ театр репертуарынан «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары алынып тасталды. Осының барлығы да Сәбиттің  «кеңестік қоғамға  үнемі сия жүріп, кейде сыймағандығын» көрсетеді. Осы орайда Сәбиттің Жайық Бектұровқа жазған мына бір хатынан үзінді келтіре кетуді жөн көрдік:

«Құрметті Жайық!

«Сәкеннің» спектаклі Алматы драма театрында 14 рет көрсетіліп, бәрінде де адам сыйғысыз аншлагпен өтті. Қарағанды мен Целиноград  театрларында  да солай өтуіне өзің куәсің. Одан бері де жақсы өтіп жатыр деп естігем. Халық осынша биік бағалаған спектакльге Республикалық газет-журналдарымыздың  біреуі де үн қатпастан тып-тыныш жатыр. Одан кейін көрсетілген кейбір жобалғы спектакльдерге құлаш-құлаш мақала беріліп жүргенін оқыған боларсың. «Сәкенге» республикалық газет-журналдардың үндемеуін маған, я «Сәкенге» байланысты екенін және не себепті екенін түсіне алмай қойдым. Өз ойымда бұл пьесаны «Октябрьдің 50 жылдық тойына арнап жаздым» деп, «Октябрьді жасасқан большевиктердің бейнесін көрсеттім», - деп түсінген едім. Халық та осылай ұғып жатқан сияқты, өйткені спектакль сайын залда лық толған халық, үздіксіз овация жасап, ретті жерінде күліп те, жылап та отырады. Көрермендердің  Қарағанды мен Целиноградта да сөйткеніне өзің куәсің. Біз, әдетте тарихты халық жасайды дейміз. Ендеше, баспасөздердің халық пікірімен. Санаспауы мен үшін таңқаларлық іс. Неге олай болу ақиқатына партия ұйымдары арқылы жетеміз, әрине. Бұл жайда өзім үлкен реніштемін.

5.02.1968ж.»

Пьеса 4 пердеден 7 суреттен тұрады. Бірінші пердеде жас үкіметке  төнген қатерлі жағдай, тап жауларының зұлымдық іс-әрекеттері, елдегі коммунистердің басына түскен ауыртпалықтар, олардың өз идеяларын  қорғау жолындағы  әрекеттері суреттелген.

2-бөлімде қылышынан қан тамып, байтақ Сібірді тітіренткен Колчакпен және оның сыбайластарымен жүздесеміз «Алаштың» ақсақалы саналған Әлихан Бөкейханов пен Колчак арасындағы  әңгімеден көп сырдың басы ашылғандай болады.

Абақтыда жатқан жақтастарын құтқару жолында жүрген Есентай, Нүрке шалдың іс-әрекеттері суреттеледі. Қамаудағылардың қайысар түрлері көрінбейді, қайта бұл шайқаста олар қатая түскен. Іштегі ыза-кек бостандыққа ұмтылдырады. Каһармандық мінездің  ашылар тұсы да осындай қиын кезең.

4-бөлімде партизан большевиктердің үстем болған мерейі, көпшілік қуанышы бар. Оқиғалар тізбегі каһармандық мінездің ашылуына жағдай жасайды, әрбір көріністің  ішкі аяқталған ойы бар.

Алғашқы көріністерде Ақмоладағы ояздық ревком өкілдерінің атқарып жатқан  іс-әрекеттері суреттелген. Сахнаға алғаш шығатын Шафран, Абдолла Асылбековтер бір сенімнің адамдары екендігі мәлім болды. Омбыға суыт жүрмекші болған Шафран сөздерінен елдегі қиын жағдай аңғарылады, алдағы күндер қаупі сезіледі.

Драматург кейіпкерлермен бірден емес, бірте-бірте таныстырады, характерлерін ашу үстінде оларды әртүрлі сынға салады. Орыс қызы Надежданың Сәкенге деген жанашырлық сезімі кейінгі тартыстардың себепшісі болады. Бұл қызға көзі түсіп, көңілі кетіп жүрген Хамит бірде қызылдар, бірде ақтар жағына шығып, бұлаң құйрықпен жүрген жайы бар. Надежда мен Сәкеннің кездесулерін сырттай аңдып жүрген Хамит ішіне кек түйеді. Лаулай жанған қызғаныш оты Хамиттың алдағы әрекеттеріне мұрындық болады. Сәкенді алыстан аңсап іздеп келген Үмітжан, Есентай мен кедейлердің айтар тілегі бір. Ол – есе-теңдікке қолдарын жеткізіп, жуандардың қоқан-соқысынан арылу.

Төлебай Нұралиннің әрекетке қосылуы тартысты онан әрмен шиеленістіре түседі. Оның байларды босатпақшы болған әрекетінен де, жесірін даулағанынан да ешнәрсе шықпайды. Ыза-кек  буған ол  Сәкенмен есеп айырысуға  серт береді.

Бұдан кейін қатер бұлтының қоюланып, қауіп-қатердің жақындағаны  сезіледі. Абдолланың Сәкенге жеткізген хабарының бірді-біреуі көңілді қуантпайды, қайта мазасыздықты, алаңдаушылықты күшейтеді. Қалаға полковник Шайтановтың  келуі қатер бұлтын одан сайын  қоюландыра түседі. Қауіп күннен-күнге жақындай түсуде. Кесеге газет материалдарының шашылғаны жайлы хабарды әкелген Хафиздың келуі жаманаттың бастамасы болады.  Күткен дүрбелеңнің басы  екенін Сәкен де Абдолла да түсінеді. Бұлаң құйрыққа салынып жүрген Хамит біржола Төлебайлар жағына шығады. Кеңсе қызметінен босалуы Хамиттың ыза-кегін тудырады. Төлебайдан нұсқау алған  Хамит оны орындауға кіріседі.

Ақмола күрескерлерінің қапыда дұшпан қолына түсу трагедиясы «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелген.

Пьесадағы оқиға желісі Сәкен кітабындағы  ізбен дамып отырады. Драмалық әрекетті ширықтыру, мінездерді ашу мақсатымен  Сәбит Мұқанов кейбір жағдайларды әдейі өзгерткен. «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен пәтерде ұсталса, пьесада бұл жағдай  кеңседе өтеді. Анасының алыстан іздеп келуі тағы бір оқиғаны оқыстан қосады. Басқа балаларын бір төбе, Сәкенін бір төбе көрген  Жамал ананың алыстан іздеп келген ұлын қауіп-қатерден  алшақ, ауылына әкетпек қылығы, сөйлеген сөздері сенімді берілген. Анасы үшін Сәкен сол баяғы  Садуақас, бала қалпында. Ұлының серілік құрып, сауық-сайран құрып жүре бергенін қалайды. Бар тілек-арманы Сәкенді еліне әкету.  Автор Сәкен өмірінің әлеуметтік сипатын ашу үшін, қиын-қыстай сәтте  жанына анасын әкеледі. Жамал образы типтік  образ. Оның бейнесі перзенті үшін  отқа да, суға да  түсуге  даяр ана бейнесі. Жамал анаға төңкерістен гөрі баласының  бас амандығы қымбат.

Келесі бөлімде Колчактың қабылдау бөлмесінен шығамыз. Қылышынан қан тамған Колчак – шовинистік идеяларға берілген қолбасшы. Ол – соғыс тактикасына жетік адмирал. Соңғы күшін жиып, қолындағы бардан айырылмауға ұмтылған жаралы жолбарыс іспетті. Сәбит Колчактың  мінез-қырларын  оның сөз қолданыстары  арқылы шебер бере білген. Адъютанты Шайтановпен сөйлескен сөзінен-ақ колчактың мінезіндегі  ерекшеліктерді көруге болады.

«Алаштың» белгілі азаматы Әлихан Бөкейхановпен арадағы әңгімеде астар, тұспал көп. Колчактың оны қабылдауға  10-15 минут қана уақытын бөлуі елемеушілікті  көрсетеді. Колчактың Бөкейхановтың «қырғызша» есімін ұмытып қалуының  өзі көп нәрсені аңғартқандай. Әкелген хабардың бірде-біреуін жарамсыз қып құлағына ілмей, қайта оны мазақ қылып, кекетуі бұл нағыз шовинизмге берілген адамның қылығы. Елемеуі, ескермеуі, құлақ аспауы бірталай сырдың басын ашады.  Бөкейхановтың  соңын ала келген чех генералы Гайдамен  арадағы әңгіме Колчактың  шынайы  бейнесін көрсетеді. Күші, білегі бармен сыпайы, артын бағып сөйлейді. Гайдамен арадағы диалог Колчактың іріп-шіруге айналған жағдайынан хабар бергендей. Елдегі партизан отрядтарын, жаңа өмірлік идеяларды бір өзі тұншықтыра алмайтын дәрежеге жеткен. Одақтастар армиясының көмегімен айрылса күнінің қараң екенін сезіп отыр. Сондықтан да байыппен,  тәртіппен тіл қатады. Алашорда комитетінің басшысы Бөкейханов пен Төлебай арасындағы диалогтан Колчак үкіметіне деген наразылық пен қатар алдағы күнге деген сенімсіздік аңғарылады. «Алаштың» ақсақалы саналған Әлихан Бөкейхановтың әлдеқалай Колчакқа жалынышты болуы жас алашордашыларды  қатты алаңдатады.

         Халықтың жүрегіндегі сөзді тауып айтқан ақын кімді де  болсын сескендірсе керек. Өжет ақын сөздерінен жендет атаулының зәре-құты қалмай қорқатын болса, қарапайым халық оны қасиетті қаруындай көреді.

         «Ақын сөзі көзге көрінбейтін, қолға ұстатпайтын жолдармен  тарап, күрескерлердің қасиетті қаруына, бой тұмар дұғасына айналмақ».

         Жалынды революционер ақын Сәкен Сейфуллин де осындай күйді басынан кешті. Бірге оқып, бірге жүрген жолдасы Төлебай «райыңнан қайт, бетіңді бізге бұр, жаздым – жаңылдым, -деп қолхат бер»,- дейді. Сәкеннің берер жауабы көрерменге түсінікті.

         «Осы сценадан психологиялық, идеялық жағынан өте күшті көрініс жасау мүмкіндігін автор жете пайдаланбаған. Сезіммен, ішкі толқынмен лықсып шыққан  диалогтар орнына саяси  ұрандар, үгіттік сөздер көбірек басып кеткен. Сәкен сынды ақынның өрт-жалынды монологы жетіспейді»,- дейді Р.Нұрғали.

         Келесі оқиға Есентайдың жүдеу жер кепесіне ауысады. Есентай да, Нүрке шал да,  Үмітжан да іштей қобалжулы. Бір-біріне сыр ашпағандарымен  бәрінің де тілектері, армандары бір. Ол – Сәкен бастаған  азаматтарды  абақтыдан босату.

         Төңкеріске халық өкілдерінің  белсене қатынасқандығын көрсету мақсаты кейіпкерлер санын  молайта берумен шешілмейтіні анық. Күш жинап, қару дайындап, түрмедегілерді  босатуға  қам жасап жүрген Шафран, Досов, Есентай, Нүрке шалдың бейнелері сомдалып, бір-бірінен  мінездік жағынан дараланып берілмеген.

         Екінші суретте драматург каһармандық мінездің  азаматтық қасиеттеріне  терең үңіледі. Оқиға абақтының лас камерасына ауысады. Аяқ-қолдары кісендеулі тұтқындар әрбір тықырға елеңдеп, өлім сағаттарын тосуда. Аштықтан әбден әлсіреген, көрініс. Қанша азап пен қорлық көрсе де қайысар түрлері көрінбейді, қайта қатайып алған.

         Драматург каһармандық мінездің адамгершілік, азаматтық рухын көрсетуде бұл көріністі шебер түрде жасаған.

         Көріністің аяғы оқыс оқиғаға құрылады. Тұтқындарды ату жазасын алып шығуға  келген Төлебай, Шайтанов пен солдаттар пулемет дауысын естігенде  тым-тырақай қаша жөнеледі. Есік ашылып, камераға қару ұстаған Шафран,  Әбілқайыр, Надеждалар кіреді.

         Болған оқиға, деректерге зер салсақ, Ақмола совдепі мүшелерінің бірталайы абақтыда  аштықтан, шөлден өлген, қыстың қақаған суығында  Қызылжарға жаяу айдалып бара жатқанда жолда үсіп өлгендері қаншама, Анненковтың азап вагонында нелер аяулы боздақтар жан тәсілім етті.

         Бұл кезеңге арналған шығарма атаулыдан дәл осындай хронологиялық сабақтастықты оқиғы сәйкестігін талап ету - көркемдік шарттарына, суреткер қиялына, сұрыптау еркіндігіне, жазушы мүмкіндігіне тұсау салу болар еді. Айтылымшы пьесада большивиктерді түрмеден партизандардың босатуы- автордың фактіні, тарихи деректі еркін пайдаланғандығын айғақтайды, бұл ерлік қимыл шығарма мақсатына орай заңды үйлесім тапқан.

         Сәбит Мұқанов Сәкен өмірінің ең маңызы кезеңдерін, пьесаға негіз боларлық жайттарды толық қамтыған. Бұл тарихи адам туралы жазылатын шығарма үшін өте қажетті әдіс. Жазушы тарихи адамның өмірінде болған жайлардың бәрін бірдей тізбектей бермеген, ішінен қаһарман мінезін айқындау үшін ең қажетті дегенін ғана таңдап алған, яғни драматург өзіндік фантазиясына сүйенген. Пьесадағы Сәкен образы сенімді жасалынған тұлға.

         «Тарихи адамдардың бейнесін суреттегенде де жазушы өз фантазиясын дамытуына толық мүмкіндігі бар. Драматург жинаған материалын өзінің творчестволық қиялынан әбден сұрыптап өткізіп, оның характерін айқындау үшін қажетті деп тапқанын өз ойында әбден қорытып алып жазуға кіріседі. Кім қалай жазады. Ол - басқа мәселе. Ал драматургтің көздеген мақсаты әрқашан да адам характерін ширата түсуде болады».

         Сәкен образы жайында  да осыны айтуға болады. Драматург Сәкен жайында жиған материалдарының жарымын ғана пьесасына қолданғаны  жайлы мәлімдеген болатын.

         Сәбит қиялындағы Сәкен бейнесі осындай. Сәкен басқа кейіпкерлердің ешқайсысына да ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктері мол характер. Халықтың жүрегіндегі сөзді тауып айтқан тәкаппар ақын кімді де болсын ығыстырары хақ. Оның отжалынға толы сөздері әрбір адамның жүрегіне дәл жол тауып жатады. Халық сыйлаған, жаулары ығысқан Сәкен пьесада әр қырынан танылған. Драматург Сәкен образын ашуда оның әр түрлі таптан шыққан кейіпкерлермен байланысын шебер түрде пайдалана білген. Сәкен-Шафран, Сәкен-Абдолла аралығындағы байланыс ақынның табанды күрескерлік сипатын аша түседі. Сәкен, Абдолла, Шафран бір сенімнің адамдары, теңдік өмір орнату жолында «бір кемеге отырғандар».

         Сәкен-Төлебай, Сәкен-Шайтанов кездесулері оның тап дұшпандарымен қақтығысуларындағы бірбеткей көзқарасын танытады. Кезінде бірге оқыған құрдасы Төлебай Нұралин төңкеріс барысында Сәкеннің қас жауы болып шығады. Қарама-қарсы көзқарастар екеуін екі жаққа айырады.

Қиын-қыстау күндер ер-азаматтардың күші мен қайратын сынайтын кезең. Сол кезең жүгін мойымай, қайыспай көтеру екенің бірінің қолынан келе бермейді. Драматург кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін бақылай отыра, оларды қаһармандыққа итермелеген күштерді қарастырады.

         Сәкеннің Үмітжан, Надеждамен байланысы оның бойындағы адамгершілік, азаматтық мінез-құлықтарыды, ақындық сезімдерін тереңірек ашу үшін алынған.

         Драмада лирикалық мотив бар. Ол - Надежда мен Сәкеннің қарым-қатынастары. Пьесаның басынан-аяғына дейін драматург олардың сезімдерін мұқият қадағалап отырады. Пьесаның алғашқы бөлімінде орыс қызы Надежданың Сәкенге жанаршылық сезімін білдіріп, оны саясаттан аулақ әкеткісі келген қылықтары сенімді берілген. Ағалық, қарындастық ақ көңілден басталған бұл сезім үлкен махаббатқа ұласады. Алғашқыда Сәкенді саясатта алшақтатқысы келген Надежда ақын жанын түсінгеннен кейін бұл ойынан қайтады. Сәкеннің көзқарасы Надежданы ойландыра бастайды. Өзі де төңкерісті жақтап, большевиктер жағына шығады. Абақтыдан Сәкен бастаған бір топ коммунистерді азат ету жолында Надежда басқаларымен қоса көп еңбектенеді. Драматург пьесаның соңғы бөлімінде Сәкен мен Надежданың бір-біріне деген ыстық ықыластарын көрсетеді. Надежда мен Сәкеннің арасындағы сезімге нақтырақ тоқтай отыра, Сәкеннің азаматтық сезімдерімен қоса адамгершілік сезімдерінің биік тұрғандығын көрсетеді.

         Сәкен пьесада авторлық көзқарастың көрінуіне жағдай жасайтын тұлға. Ол негізінен барлық көріністерге қатысады,кейіпкерлердің барлығымен дерлік кездеседі, яғни пьесаның композициялық – сюжеттік құрылымында басты орынды алады.

Оның қаһармандығы оның жеке басының қасиеттерінде ғана емес, оның басқалардың бойындағы қорқынышты жою мен алдағы күнге сенімен қарауға үйретуінде. Сәкен оразы, оның көзқарасы адамға сену мәселесін анықтайды.

         Драматург абақтыдағы тұтқындардың азапты өмірлерін суреттей отыра, осындай ерлікке олардың саналы түрде барғандықтарын көрсетеді. Төңкеріс  идеяларын жоғары ұстаған бұлар үшін теңдік, бостандық жолында құрбан болу қаһармандықтың бір сипаты.

         С.Мұқанов жалынды күрескерлердің образын жасауда көп қиналған жоқ сияқты дуге болатын секілді. Өйткені, ең алдымен Сәбит үшін Сәкен жұмбақ емес,көріп-білген, араласқан адамы. Екіншіден, Сәкен өмірінің қыр-сырына мол мағлұмат беретін «Тар жол тиғақ кешу»тарихи-мемуарлық туындыны пайдаланған. Сәкен бейнесінің сәтті шығуы негізінен осылармен  байланысты болса керек. Бірақ, жазушы лабораториясына тереңірек үңілген сайын оның Сәкен бейнесін көркем шығарма арқылы сомдап, оны өз биігінде көрсету үшін қаншама шығармашылық азапты бастан кешкенін көрдік. Сәкен бейнесін жасауда жазушының алдында жаупкершілігі мол іс тұрды, себебі Сәкен көптің бірі емес, ол аты аңызға айналған ірі тұлға.

          Драматург бұл шығармасында қаһармандық мінездің жетілуін емес, оның қиын - қыстау кезендердегі  жағдайларға  төзімділігін, шыдамдылығын тексереді. Характерлердің адамгершілік дүниесін зерттеуге ұмтылады,  себебі драматургтың ойынша, бұндай зерттеу характрдің патриоттық бейнесін тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Драмалық шығармасына өмірлік қарама-қайшылықтың ең маңыздысын таңдап алып, олардың қоғамдық, әлеуметтік мәнін аша отыра күрделі де, шытырман оқиғалар арқылы кейіпкер бейнесін аналитикалық түрде ашқан.

Қиын тағдырлар, драмалық қарама - қайшылықтарды зерттей отыра, Сәбит Мұқанов қаһармандық мінез мәселесін жемісті түрде шешкен. Автор тұтқындардың рухани мүмкіншіліктерін көрсету үшін ауыр жағдайларды таңдап алған. Абақтыда аштықтан, шөлден қиналып өлген мұғалім Патракеева, Хафиз Ғизатуллин сынды ерлер жауларының алдында бастарын иіп, идеяларына қайтудан гөрі, ардақты өлімді таңдап алады. Түрмеден онысыз да құр жаны отырған Сәкенді қолхат беру үшін алдырған Төлебайдың бойында титтей де адамгершілік қасиет жоқ. Қайта күштің өз жағында екендігін көрсеткісі келгендей, өктем, батыл сөйлейді. Сәкен идеясынан қайтудың орнына азапты өмірді жөн көреді.

Психологиялық дағдарыс. Күні кеше ғана қолына қару алып, төңкерісті жасаған Сәкен бүгінде достарымен түрменің тар қоршауында отыр. Қала берді революциялық идеясынанаулақтатпақшы ойдағы Төлебай Сәкеннін бар  өмірі өз қолында тұрғандай шіреніп бағуда.

Драматург осындай өте күрделі жағдайдағы адамдардың жан дүниесін, сезім күйлерін шындық тұрғыдан суреттейді. Абақтының тар бөлмесіне қамалған Совдеп мүшелерінің ішкі  сыры күйзеліс, күрсіну, қайғы арқылы көрініс береді. 

Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетінің жаңа дәуірін бастаған айрықша биік тұлғаның бірі.  Ол  - соқтықпалы, соқпақсыз, тар жол тайғақ кешулі ғұмыр кешкен ақын. Халқымыздың басынан талай замандар өткенде Сәкен сияқты өр тұлғалар  әрқашанда халықтың топ  бастаған көсемі еді. Сәбит Мұқанов өзінің інілік міндетін орындап, ісімен де, өмірімен де үлгі - өнеге бола білген Сәкен жайлы өмірлік туындыны  дүниеге әкелді.

Жылдар жылжып өтіп, қоғамдағы өзгерістер өткенге зерделеп қарауға, әділ баға беруге жетеледі. Талай арзан ойлар, үстіртін пікірлерге жол берілді. Бірақ заман қанша өзгерсе де Сәкен Сейфуллин сияқты күрделі тұлғаға біржақты кесім де, шешім де айтуға болмайды. Сәкен – үлкен ақын, әнші, қоғам және мемлекет қайраткері, халқы үшін жанын берген аяулы азамат. Сегіз қырлы, бір сырлы, сұлу, дауылпаз ақын өзінің өмірімен, қайталанбас ерен ерлігімен, үлгі-өнегесімен екпіндей жарқырап ХХІ ғасырға енді.   Сәкен – мәңгілік тұлға. Оның аты да, әні де, сәні де ел аузында, қайраткерлігі халық жүрегінде. Ол халқына өшпес мұра қалдырып кетті. Сәкеннің тұстасы, жазушы Ғабиден Мұстафин былай деген: «Мұралардың ең  қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады. Асылы, адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Сәкен мақсатына тулаған толқындармен жетті».

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.     Горький М. Собр. сочин. В тридцати томах. Т. 27. М.: Гослитиздат,           1954.-414с.

2.     Гегель. Таңдамалы шығармалар жинағы. Т. ХІV, - б. 341.

3.     Волькенштейн В. Драматугия. – М.; Сов. Писатель, 1964.- 355с

4.     Вопросы режиссуры. - М.; 1959. – с.86

5.     Әуезов М. Реалистік драма жолында. - // Әдебиет және искусство.- 1954. -№ 11.б. 88.

6.     Белинский Г. О драме и театре. М.; Из-во АН СССР, 1983.- с 102.

7.     Ордалиев С. Конфликт және характер. Алматы Жазушы, 1971- 183б.

8.     Ахметов З. Современное развитие и традиции казахской литератуы.- А,:Наука, 1978. – 327с.

9.     Нұрғали Р. Айдын.  – Алматы : Өнер, 1985.  – 399б.

10.  Мұқанов С. 5- том. – Алматы: Жазушы, 1974.-243б.

11.  Мұқанов С. Өмір мектебі. – Алматы : Жазушы, 1976. – 488б.

12.  Нұртазин Т. Жазушы және өмір. – Алматы; Қазмемкөәдбас., 1960.-371б.

13.  С.Мұқанов әдеби – мәдени мұрасы және қазіргі заман. І-ІІ том . – Петропавл, 2000.- 178б, 244б

14.  Чернышевский Н. Изб. эстич. произв.  – М.: Искусство, 1974. –550с.

15.  Ғабдуллин Н. Мүсірепов - драматуг. Алматы ; Өнер, 1982.-192б.

16.  Кәкішев Т. Сәбең әлемі. – Алматы; Қазақпараты, 2000.- 271б.

17.  Қирабаев С. Талантқа  құрмет.- Алматы: Жазушы, 1988. 248б.

18.  Тәжібаев Ә. Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы.- Алматы: Жазушы, 1971-416б.

19.  Хасенов М. Дәуір және жазушы. – Алматы, 1968. Б. 85.

20.  Мұқанов М. Тағылым.- // Кәдімгі Сәбит Мұқанов.- Алматы: Жазушы, 1984. – 381б.

21.  Мұқанов С. Аққан жұлдыз. Роман. 1 - кітап. – Алматы: Жазушы,                 1970. – 488б.