оқытушы Сикимбаева  К., а.ш.ғ.к.,  доцент Қарабаева  К.У., магистр,  аға  оқытушы Сабирова  А.С.

 

Ә. Молдағұлова  атындағы  №29 ЖОМ,  ХГТУ, Шымкент, Қазақстан

 

КӨШПЕЛІ ХАЛЫҚ ТАРИХЫНДАҒЫ АСПАН ӘЛЕМІ ТУРАЛЫ БІЛІМНІҢ ДАМУЫ

 

Ерте көшпелі халықтардың аспан әлемін зерттеуі Ұлықбек есімімен ғана емес, одан ерте кезден-ақ белгілі білімдердің болғанының куәсі ретінде оба тастарды атауға болады. Кейінгі саяхатшы зерттеушілерде оба тастар жайында құнды ғылыми тұжырымдар кездеспейді. Олар бұл құрылыстарды тас қора есебінде пайдаланған көшпелілер туралы жазды. Көне дәуір ескерткіштерінің бірі ретінде тастан үйілген обаларды сырт пішініне қарап «Мұртты обаң деп атаған, Ғұзыхан Ақпанбек бұл түрлі ескерткіштердің Сарыарқада көп кездесетіндігіне тоқталып: «Егер шығып келе жатқан күннің сәулесі әне екі тасты бірдей шалып өтсе күннің тоқырағаны» [1, 8-9] деп жас кезінде естіген әңгімесін ғылыми тұжырымдармен байланыстырады. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей кейбір обалар ертедегі қарапайым расытхана ролдерін атқарған. Салбыраған мұрт тәріздес қаланған тастардың ұзындығы 80-90 метрге жетіп, аспан шырақтарының қозғалысын бақылап, ауа-райын болжауға қажетті деректер алынып отырған.

Көшпелі және қазақ халқының сан-ғасырлық ақыл - ойының, өмірлік тәжірибесінің, табиғатты түсіне білуінің, сонымен қатар дәулескер шеберлігі мен даналық суреткерлігінің құдіретті туындысы ретінде - киіз үйді атауға болады. Көшпелілік тұрмыс ерекшелігіне байланысты көшіп-қонуға ыңғайлы, әрі жеңіл, әрі тасымалдауға қолайлы баспананың пайда болуы өмірге бейімделу болып табылады. Терең тамырлы тарихы бар халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ежелгі мұраларының қай-қайсысының да пайда болуында және пайдалануында белгілі бір ғылыми негіз, өркендік тәрбиелік талғам, табиғат пен адам өмірінің терең байланысын тани білуден туған білімдарлық, сырбаз толғам, келісті келбет бар [1, 22]. Сондай бай мұралардың қатарына киіз үйді жасаған халық шеберлігін және киіз үйді баспана ретінде ғана емес, сонымен қатар күнделікті өмірге қатысты қажеттіліктердің өтеуін де ескерген, көп құпиялы туынды екендігін байқауға болады. Қазақтың киіз үйі әлемнің вертикальды жүйесіне сай етіп жасалғандығы дау туғызбаса керек. Мұнда күн нұры төбеден-шаңырақтан құйылады, бұл «Жоғарғы әлем», кереге қызыл - «Ортаңғы әлем», алаша-текемет /қара оюлы/ - «Төменгі әлемді» білдіреді. Киіз үйді - көшпелілердің баспанасын туындыға теңегенде еш артық айтушылық жоқ. Ғұзыхан Ақпанбек: Уық санына оның 45, 60, 72, 90, 120 болатындығына, яғни бұл сандардың барлығы 360 -ты қалдықсыз бөлетіндігіне назар аударып оның құпиясын ашуға тырысады. Таңмен таласа басталатын шаруашылықты жүргізу белгілі бір уақытпен мөлшерленіп отырады. Уақыт өлшемдерін білдіретін «бие сауымң, «сүт пісірім», «ет асым» т.б. сөз тіркестері бар. Сол сияқты күн мезгілін білдіретін «күн тұсау бойы», «шілдір бойы», «арқан бойы» көтерілді болып келетін өлшемдерді де қолданған. Қазіргі тұрмыста да кездесіп қалатын бұл өлшем бірліктің негізінен киіз үй бөлшектерінің аттары екендігіне назар сала да бермейміз. Бұл өлшемдер шаңырақтан түскен күн сәулесінің жүрген жолынан көрінеді. Уық санымен есептелінеді. Киіз үйдің уығы уақытты 1-5 минутқа дейін дәлдікпен өлшейтін күн сағаты ретінде пайдаланылғанын көреміз. Жоғарыда айтылған уық санының 360 санын бөлетіндігіне келсек, 72 уық санды киіз үйдің әр уық арасы 5 градусқа тең. Шамамен күн сәулесі екі уықтың арасын 20, үш уықтың арасын 40 минутта жүріп өтеді [2, 5].

Көшпелі халықтардың табиғат жағдайына бейімделген, жетілдірілген тұрғын үйі - киіз үй туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен киіз үйдің пішінің дөңгеленіп келуі ауаны жақсы алмастыратын қасиетін, баспананың бұрышы болмауы кері әсерлі күштердің топтасуына мүмкіндік бермейтін және көркем табиғат аясындағы әсем көрінісін қалай айтпай кетуге болады. Яғни күнмен тағы басқа аспан денелерімен жарасымды қатынас, соған ұмтылыс ең мәнді нәрселер осылар. Күнделікті тіршілік, іс-әрекеттер ұйымдастыру, салынатын үй құрылысы осы мәнділіктерге бағышталып, солармен үйлесімділікке құрылады. Киіз үй халықтың өмірлік тәжірибесіндегі білімнің айқын көрсеткіші екендігі анық.

Әр халықтың өміріндегі тәжірибеден жинаған өз календарлары бар. Көшпелілердің тұрмыс тіршілігі мен кәсібіне салт-сана дәстүріне  байланысты календарлар жасалды. Жыл мерзімдерін белгілеу мен ауа райының болашағын болжау қоғам тіршілігіне тікелей қатысты болды. Соған сәйкес малды қолайлы кезде қашырып, төлдету, күзен қырқу, шүйгін жайылым тауып, малды қыстан жұттан аман алып шығу тәрізді өмірлік мәселелерді шешу аса қажет еді. Мұнсыз бүкіл халық тағдырының қалай болары белгісіз еді. Бір кезде тек мал бағумен күн көрген халықтың қыстан жұтап, құр қолын ұстап қалған кездері де аз болмаған. Сондықтан көшпелілер арасында тәжірибелі есепші, санақшылар, ауа-райының құбылысы мен қыс жайын, «жеті ағайынды жұт» туралы есептеп біліп соның алдын алуды ойластырып отырған.

Қоршаған орта мен жер, ауа жағдайын білумен шектелмей аспан әлемін зерттеу де қажет болған. Халықтық ұғымда Айдың кеш туғанын және кемігенін «қорғаладың дейді. Күнге жақындап барғанда, Ай «қорғалып» барып бетін жасырды, ал қашықтағанда Ай толып, Күнді қызықтырып, бетін түгел көрсетіп, ереуілдейді. Осы құбылыстарға негізделген Ай мен Күн туралы аңыз бойынша: Ай мен Күн егіз туған керемет сұлу екі әйел бейнесінде беріледі. Әсіресе Ай сұлуырақ болып мақтанып, Күн оны қызғанып Айдың бетін тырнап, оған дақ түсірген. Кесірлі Ай жазасын осылай тартыпты, Ай бетіндегі қарауытқан дақ содан екен деседі [3, 28]. Халықтық аңыз ең алдыменен Ай мен Күннің неге екі бөлек туатындығына, Ай бетіндегі дақтардың қайдан пайда болғандығына жауап іздеуден туғандығын аңғартады. Аңыз Ай мен Күннің өзара орналасуына байланысты жаңа Ай,  ширек Ай, толған Ай болып Ай түрінің өзгеру құбылысын түсіндіруге ұмтылады. Аңыздың құндылығы құбылыстың сырт көрінісін шынайы дәл бейнелеген халықтық дүниетанымда жатыр. Шынында, Ай мен Күн екеуінің сұлулығы да, жүздерінің дөңгелектігі де, көлемі де көрер көзге бірдей сияқты. Екеуін егіз туғандай ұқсас деуге болардай. Халық аузындағы «Ай десе аузы, Күн десе көзі бар» сөзінің сұлулық өлшемі ретінде айтылуы, халық танымындағы Ай мен Күннің қадірі бірдей екендігін аңғартады. Ай тек сұлулық өлшемі емес, сонымен қатар әлеуметтік шаруашылықта көмекші қолданыс тауып отырған.

Аспандағы Темірқазық, Жеті қарақшы, Үркер, Шолпан жұлдыздарының орналасуы мен олардың қозғалыстарын білудің өзі көп жеңілдіктер беретіні мәлім. Жолға Шолпан жұдызы туа аттанған керуен Темірқазықты аумас бағыт етіп алған жолаушы адаспайтын болған. Мұндай тәсіл ертедегі түрік заманынан бері қарай үзілмей жалғасып келеді. Аспан әлемін білуге ерекше зер салған көшпелі халық, жоғарыда аталған көптеген жұлдыздармен қатар аспанды қақ бөліп жатқан «Құс жолына», үлкен мән берген, өйткені қажетті жұлдыздардың бәрі дерлік соның төңірегіне орналасқан.

Көшпелі халықтардың Жеті қарақшы туралы айтылатын аңыздардың танымдық сипаты өте зор. «Жеті қарақшыны таныған жеті қараңғы түнде де адаспайды» дейді қазақ мақалы. Халық аңызында Жеті қарақшы Үркердің қызын (екі жұлдыз аты да осы аңызға қатысты туған) ұрламақшы  болыпты, бұлар түнімен бірте-бірте Үркерге жақындап қоян-қолтық келгенмен, бау тағарда таң атып, жұлдыз біткен көзден ғайып болады екен, сөйтіп Жеті қарақшы қанша жымысқы оймен әрекеттенсе де, еңбегі зая кететін көрінеді. Аңыз-әпсаналарда қаншалықты халықтық терең философия жатқанын осыдан аңғарамыз.

Аңызда айтылатын Үркердің тек аңыздық кейіпкер ғана емес, оның орналасу жолының халық шаруашылығына тікелей қатысты болғанын көреміз. Айталық, Үркер күз басында шығыстан, қыс басында төбеден, көктем басында батыстан көрінеді. Ал жаз басында мүлдем көрінбейді. Мұны көшпелі халықтар «Үркердің жерге түсуі» деп атаумен қатар түрліше «Үркер жерге түспей жер қызбайдың, «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер туса сорпа ас болады» деген сияқты, сондай-ақ «Үркердің тууымен қой қырқылады» деп санауынан Үркердің көшпелі халықтардың көптеген жайттарын ашып беруге көмектесетіндігін көруге болады.   Ерте кезеңдерден көшпелі түріктер Үркер шоқ жұлдызын «Үгір», «Үкір» деп атаған. Бұл сөз сол жұлдыздардың аспанда  үріккен қойдай шашырып жатқанын бейнелейтін жердегі шаруашылықпен байланысты туған атау болса керек. Қазақта да «Шоғыр Үркер жамбаста үріккен қойдай», «Қысырақтың үйірі үркіп бөлініп кетті» деген сөз тіркестері жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі. Осының бәрі сол Үркер атымен байланысты туғанын аңғару қиын емес.

Аспан әлеміне көз жіберген әрбір адам ең алдымен өз орнынан қозғалмай тұратын жұлдызды көреді, сондықтанда адамдар оны ерте заманнан өз бағытын анықтаушы жұлдыз етіп алған. Дегенмен басқа жұлдыздарға қарағанда қызметі өзгеше жұлдызға басқа халықтарға қарағанда тура атауды қойған да көшпелі түріктер болғанға ұқсайды. Қаққан қазықтай мызғымайтын жұлдыздың Темірқазық  атануы бізге орынды көрінеді. Әр құбылыс, затқа ат берерде оның ерекшелігін байқаған халық Темірқазық атын қоярда өзге жұлдыздардың да арқандаулы аттай төңіріектеп ұзақ кетпей жүргенін ескерсе керек. Үнемі солтүстік бетте тұратын Темірқазық арқылы батыс пен шығыс, оңтүстік бағыттарын айқындап, Темірқазық тура бағдар ретінде қызмет еткен.

Атып келе жатқан таңның белгісіндей, таң ата туатын Шолпан мен Юпитерді жаңылыстырып, ауыстырып алғанда, жолаушылар түйеден басқа көліктерін зорықтырып алып көп шығынға ұшырайды екен дейді. Ондағысы Шолпаннан ерте көрінетін Юпитерді Шолпанға балап көшті ерте көтергенде кей көлік түрінің жол ұзақтығы мен жылы жерге жеткенше шыдас бермейтіндігі. Қазақ арасында Юпитерді «Есекқырғынң аталуы осы оқиғалардан баян етуден туған есім екені анық. Аспан әлемі көшпелі үшін жалбарынатын құдірет қана емес, сонымен қатар оны біртұтас әлем деп түсінген, сол әлемді білуге ұмтылған көшпелі санасы өзіндік таным мен білім қалыптастырды.

Көне түрік дәуірінен бері жалғасып келе жатқан мұраның бірі жыл санау болып табылады. Бұдан  көшпелілердің ертеден-ақ бір жылды он екі айға, әр айды төрт аптаға бөліп, оны 28 күнге есептегенін көреміз. Осы есептің мән - жайын Ұлықбек, Бируни зерттеу кітаптарынан көре аламыз.

Қазақ халқындағы Үркер мен Айдың тоғысуына негізделген ерекше ай санағы бар. Үркер  Айдың аспандағы жолына жақын орналасқан, сол себептен өзі де көзге оңай түсіп, аспанда үнемі дерлік, Задиактың өзге шоқжұдыздарына қарағанда көбірек уақыт бақыланатын болғандықтан, ол айдың ұзақтығын білдіретін аспандағы «омақа белгің болуға ыңғайлы еді. Ай жерге ең жақын аспан денесі болғандықтан, ол жұлдыздарды, кейде Күнді тасалап басып өтеді. Айдың Үркерді басып өтуін «тоғысу» деп атайды, ал екеуі бір-біріне жақындап келгенде, «Үркер Айдың қолтығына кірдің дейді. Айдың өзі жөнінде, оның құбылысы туралы: «Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке» деп жатады. Сонымен бірге Ай тууына байланысты. Ай тік туғанда ол халыққа қарады деп жориды. Кейде шалқасынан туған Айды көріп, аузын аңқайтып көкке қарап, жерге түк бермей, бәрін жұтамын деп тұр, «өзіне жайлы, шаруаға жайсыз туыпты» дейді.  Шалқасынан туған Айды ұнатпай, халық оны «үйелеп» қалған, ол Ай үйелеп туса - сен бізді қырамын, өлтіремін деп жүріп, үйелеп өзің өлерсің [3, 31] дегендер болған екен. Бұл мысалдардан көшпелі халықтың табиғатпен тығыз байланысын, табиғатпен тілдесуін анық байқаймыз.

Ерте дәуірден тұрақтанып қалыптасқан атаулар қатарына тоғыс пен амалды да жатқызуға болады. Айдың Үркерді «басып өтуің тоғыс деп аталып, тетелес екі тоғыстың арасында өтетін уақытты тоғыс айы деген. Қазақ, өзбек, тәжік есепшілері бұларды: «амал, сәуір, зуза, әсет, әзра, сүмбіле, мизан, ақырап, қауыс, жәдди, дәлу, үт» деп атаған. Осыған орай әртүрлі өмірлік болжамдар жасалып: «Сәуір болмай тәуір болмас», «Қараша - қауыс, кәрі құртанды тауыс», «Жақсылығына алса құт, жаманшылығына алса жұт», «Жәди айы жебедей жерге тығады», «Үт келді, жұт келді» сөздері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Тоғысу ай сайын деуге болады. Егер тоғыспай, Ай Үркерге жақын өтсе, онда «ауыл үй қонды» деп атаған. Айталық бір /синодтық/ айдың 9 жаңасында тоғысу болды делік, сонда келесі тоғысу айдың 7-не, онан кейінгі тоғысу 5-де т.б. болады. Тоғыс айының ұзақтығы жуық шамамен 27.32 күн немесе 27 күн 8 сағатқа тең болған. Жыл ішінде Үркер мен Ай 13 рет тоғысуы мүмкін, бірақ оның екеуі көрінбейді, өйткені «Үркер қырық күн жерде жатады» [2, 14]. Үркердің бір жаңасындағы Ай жапқаннан кейінгі ай бір тоғыс айы, бес жаңасындағы Ай жапқаннан кейінгі бес тоғыс ай тағы басқа сол сияқты.  Тоғыс айында тура 27 күн болғандықтан тоғыс үнемі тақ санға тура келе бермейді, тоғыс, 6 тоғыс болуы мүмкін. Бірақ әдет бойынша оларды тақ санға келтіріп, 5,7,9 тоғыс деп атай береді. Сонда бөлшек сандар дөңгелектеніп, ай 28 күн етіп алынады. 13 тоғыста 28 күннен 364 күн шығады. Тоғыс есебінде жұп сандардың кездеспейтіні сондықтан. Жуық шамамен ғана 9 тоғыс - қаңтар, 7 тоғыс - ақпан, 5 тоғыс - наурыз, 3 тоғыс - сәуір, 1 тоғыс -мамырға тура келеді де осы ретпен шілдеге 21 тоғыс сәйкес келеді. Тоғыс айы мен азаматтық ай күндерінің әр түрлі болуынан, бір-біріне тура келмейді. 9, 7, 5, 3 тоғыс ай деп ат қойып атау айларды бір-бірінен айыру үшін қажет болған.

Тоғыс есебін жүргізу де үлкен білімді қажет етеді. Оны әркім айыра бермейді. Сондықтан тоғыс календарын сауатты адамдар, есепшілер жүргізген. Бие байлау, қой қырқу, қыстауға көшу тағы басқа жұмыстардың мерзімдерін еспшілер жариялап отырған. Сол есепшілердің есебімен халықтың шаруашылықта қолданған тоғыс есебі  бойынша: 1 тоғыста жыл құстарының бәрі келіп болады. Сондықтан жыл құстарының келуі сауатсыз адамдар үшін жаңа жылдың /тоғыс есебі бойынша/ басталғандығының табиғи қарапайым белгісі еді. Ал 3 тоғыста қой қоздайды, деп жүргізген шаруашылығымен байланысты айтылса, 5 тоғыста қар кетпес, 3 тоғыста қар қалмас деуі және 5 тоғыстың ортасында күйек түседі деген есептеулер халық санасында жатталып әр тоғысқа байланысты атқарылар негізгі іс-шаралар жатқа айтылатын болған. Басқа тоғыстар да осылай өз қызметін атқара береді. Жазғұтырым Үркер іңір жарығында батыста /шілдеде Үркер таңмен аралас туады/, ал жаз ортасынан былай таң жарығында шығыста болады, сондықтан жазғытұрымғы  айларды Үркер 1, 2, 3, ... жаңасындағы Аймен ғана тоғыса алады, ал жаз ортасынан былайғы айларда Үркер 20, 21, 23, ...жаңасындағы Айлармен тоғыса алады. Маусым айы кезінде ел «Үркер жерде жатыр» дейді. Кейбіреулер Ай тек таққа тоғысады деп қателеседі, өйткені синодтық ай мен жұлдыздық айдың айырмасы дәл 2 тәулік емес, 2 1/4 дей тәулік, сондықтан Ай ылғи таққа тоғыса алмайды. Егер тоғысу Айдың жұп жаңасында /мысалы: 8-не/ келіп қалса бәрібір, сонда да шартты түрде бұл ай 9 тоғыстың айы еді, бірақ күн ауысып 8-ге тоғысып қалды деп ескертіп отырады.

Амалды ай атымен шатыстырған Отамалы деп аталған Амал туралы мынадай аңыз бар. Бір байдың Отамалы деген қойшысы ауа-райын күні бұрын болжайтын «есепші» екен. Жазғұтұрым Көкек айының ішінде байға келіп, «он күндей қатты суық боран болады, маған мықты ат пен жылы киім бер» дейді. Бай бермей жібереді. Қойшы «қап, бәлем көресің» деп ренжіп кеткен екен. Айтқанындай сұрапыл боран неше күн соғып және бір жағынан қасқыр шауып мал да қырылып, қойшы да өлген екен. Көкек айының 11-де кіріп, 17-де шығатын «амал» сол қойшының атымен «Отамалы» деп аталады дейді. Амал деп көбіне малға жайсыз боран-шашын суық күндерді айтқан. Амалдардың жыл сайын бір мезгілде қайтып келеді деу қате түсінік.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.   Ғұзыхан Ақпанбек. Қазақтардың дүниетанымы. -Алматы: Қазақ университеті, -56б.

2.   Қазақ халқының мұрасынан. Құрастырған М.Аяпұлы. -Алматы: Мұратас, 1993, -20б.

3.   Х.Әбішов. Аспан сыры. -Алматы, Қазақстан, 1966, -260б.