Оқушыларға рухани тәрбие беруде музыкалық фольклордың жүзеге асырылу   жолдары

С.З. Байбатшаева , аға оқытушы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Шымкент, Казахстан

         Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі. Ал, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі фольклорымызда екені даусыз. Музыкалық фольклор халықтың музыкалық мұрасы мен шығармашылығын жинап зерттейтін ғылым саласы, халық мәдениетінің ажырамас бір бөлігі, кәсіби өнердің бұлақ-бастауы. Дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт бола бастаған қай түрін, қай саласын болса да сол фольклорымыздан тауып, ажырата аламыз. Бізге жеткен фольклор – жанр жағынан бай, көркемдігі жағынан кемелденген, әр алуан қызмет атқаратын рухани мұрамыз және күнделікті тіршілігімізде қолданыста болып, мәдени қажеттігімізді атқарып жүрген ұлттық өнеріміз. Бүгінгі заманға ол көп түрлі, көп сатылы руханият ретінде жетіп отыр. Халқымыздың бірнеше ғасырлар көлемінде жинақталып қалыптасқан бай музыкалық фольклоры бар, ол музыка мәдениетінің тууына себеп болған қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды, халық музыка өнерінің өмірдегі колданысы мен орнын, ауызекі шығармашылығы-авторлық ән-күйлердің табиғатын қарастырады.

      Қазақ халқының музыкалық фольклоры қазан төңкерісіне дейін зерттеле бастаған, оған айтарлықтай  елеулі үлес қосқандар: А.Алекторов,А.Бимбоэс, Г.Гизлер, П.Паллас,П.Тихов, Ш.Уәлиханов, В.Радлов, А.Эйхгорн,т.б. ХХ- ғасырдың бас кезінде музыкалық фольклор жинауға А.В. Затаевич белсене араласып, "Қазақ халқының 1000 әні" "Қазақтың 500 ән-күйі"атты музыкалық-этнографиялық жинақ шығарды. Бұдан кейін музыкалық фольклор зерттеу ісімен А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Ахметова, А.Темірбекова, Т. Бекхожина, Б.Қарақүлов, Т.Қоңыратбай, А.Құнанбаева,т.б. айналысты. Әр жылдары Әдебиет және өнер институты мен Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ үлттық консерваториясы) мамандары музыкалық экспедицияларға шығып, қазақ музыкалық фольклорының көркем үлгілерін жинайды. "Қазақтың музыкалық фольклоры","Қазақтың музыкалық фольклоры", Ерзаковичтің "Қазақтың ғашықтық әндері", Бекхожинаның "Қазақтың 200 әні", Қарақұловтың "Қазына", Б.Оспановтың "Даддастаны", Б.Бәйбіжанның "Қазақтың жүз қара өлеңі" атты көлемді жинақтары музыкалық фольклордың бүгінгі жетістіктері.

        Фольклор-ауыз әдебиеті мен музыка өнерінің бір тұтастығына негізделген ерекше бір сала. Атадан балаға мирас болып келе жатқан музыка өнері,атап айтар болсақ, тарихи әуендер, эпикалық жырлар,тұрмыс салт-жырлары, лирикалық әндер, т.б. міне, осы фольклорымызбен-ақ ұлттық болмысымызды қалыптастыратын тәлім-тәрбие беріп отырғаны тарихи  шындық.Көшпелі өмірдің қатал заңдылықтарына қарамай халықтың мәдени өмірі көптеген жылдар бойы бірқалыпты дамып отырып, өмірге көптеген өнерпаздарды, өлмейтін  туындыларды келтірді. Әндерінде, аспаптық шығармаларында, ұлттық ауыз әдебиеті мен музыкалық шығармашылығында қиял-ғажайып ертегілері мен тарихи оқиғаларға байланысты жырлары, туған еліне, өскен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ұлттық дәстүрлі өнердің эстетикасын паш ететін музыкалық туындылары, қоғамдық өмірі мен тұрмыс-салттың философиясымен таныстыратын ойлы толғаулары кеңінен дамып отырды. Әр халықтың эстетикалық дүниетанымын, көркемдiк мәдениетін құрайтын, өзiне тән өнер түрлерiне ерекшелiнетiн, музыкалық және ақындық қасиеттерiн, қабiлеттерiн, икемдерiн тәрбиелейтiн құрал – ұлттық аспаптар. Соның бiрi  домбыра.

     «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да қадірлей біл. Себебі баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала уызы жарымаған көтерем қозыдай болады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді.Ал халықтың жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып,сая да болмайды,жеміс те бермейді» деген Бауыржан Момышұлының аталы сөзі бар. Күй үнi адамның тiлi жетпейтiн iшкi жан дүниесiндегi ойын жеткiзiп, айнала әсемдiк әлемiн аялап қорғауға нәзiк сезiммен, көңiл-күйiн түсiнуге тәрбиелейдi. Қазақтың байырға даласында ән ырғағының күрделi күйлерiнiң төкпе, шертпе болып бөлiнуi де бiлiктiлiктiң белгiсi. Ана құрсағындағы сәбиге дейiн музыка үнi және сөз өнерiнен ерекше әсер алып, оны тындаған ананың тебiренуiне байланысты iштегi бала тәрбиеленген. Мысалы, бесiк жыры, тұсау кесер, шiлдехана, сүндет той, тiлашар, тойбастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу, жұбату, жоқтау, жарапазан, батырлар мен махаббат жыры, қисса-дастан, толғау, айтыс, терме, ән, күй т.б. толып жатқан әдебиет пен өнер туындылар домбыра үнiмен ұрпаққа жетiп, жалғасын тауып отырады. Ата-бабалардың нақыл сөздерi, күйлерi мен әнi, жыр мен толғау өсиеттерi, айтыс, дастан сияқты толып жатқан өнер түрлерi бiзге домбыра аспабы арқылы жетіп, ой елегiн шымырлатып, адамгершiлiкке баулыды. Балаларға домбыра үйрету арқылы олардың жалпы халық өнеріне деген ынтасын арттыру қажет. Мақал-мәтел, жұмбақ, қисса-дастан, ертегiлер жақсы мен жаманды ажыратуға үйреттi, ерлiк пен махаббатты жырлады, туған жерi мен елін қорғауға үндеді.

       Мақал-мәтелдер халықтың ұзақ уақыт бойы адамдардың іс-әрекеті, мінез-құлқына жасаған бақылауларынан туған дана сөздері. Ол - ата-ананың, көпті көрген көненің балаға, жасқа айтар тәжірибесі мен ақыл-кеңесі, өсиет-насихаты, - деп ғалым Б.Адамбаев айтқандай халық балаға айтайын деген ақылын астарлап, мақал сөздің құдіретті күшімен жеткізіп отырған. Ата-бабаларымыз мақалдардың көмегімен жас жеткіншектердің адамгершілік қасиеттерін молайтып, рухани тәрбиелеген. Халық мақал-мәтелдерін зерттей отырып, қазақтың мінез құлық, тіл мәдениетіне, өнерге, ән күйге, әдебиетке деген талаптарын да тұжырымдауға болады. Мәселен «Ерді кебенек ішінен таны», «Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан», «Жақсы адам жұрттың ырысы», «Кісінің кісілігі киімінде емес, білімінде» және т.б мақалдар балалар мен жастарды адам мен заттардың ішкі мәніне байсалды назар аударып отыруға, оларға баға бергенде тек сыртқы қасиеттеріне ғана қарамауға үйретеді. Мысалы, сөзге де белгілі бір талаптар қойылған. «Жіптің ұзыны жақсы, сөздің қысқасы жақсы», «Сөз тас арады, тас жармаса бас жарады», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Жақсы сөйлесе аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгілер», «Жаманға ақыл айтсаң, алдайды дер», дейді халық даналығы.

       Қазақ халқының балаларға тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі -  ертегі. Оларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлықтары өз халқына, туып-өскен жеріне,еліне,табиғатқа, Отанға деген сүйіспеншілігі бейнеленген. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір мазмұнда болатын оқиғаның басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей кеп әділдік үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс тауып жатады. Талай-талай іс-әрекеттер өткір сықақ, мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге кенелтеді. Бала жағымсыз кейіпкерлердің жексұрын әрекетінен бой тартып, жақсылыққа құмартады. Ертедегі суреттелген кейіпкерлердің көркемдік поэтикалық бейнелері, сондай-ақ адамдардың сұлулық пен нәзіктікке берген жоғары бағалары баланың әдемілікке деген қызығушылығын арттырады. Олардың шығармашылық мүмкіндіктері артып, ертегінің мазмұнын қайталап есіне түсіргенде немесе сахналап, қойылымдар қойғанда өзіндік тапқырлық көрсетіп, еркін ойын айта, эмоциясын анық білдіре алады. Сол іс-әрекет барысында ерекше әсер алып, сезімдері мен қызығушылығын оятқан заттар, музыкалық шығармалар жөнінде қарапайым тұжырым жасайды.

      Қазақ фольклорының қызықты да пайдалы түрлерінің бірі: жаңылтпаш. Ол бала тілін ширатудың қолайлы құралы, қалай болса солай, мағынасыз айтыла салған сөз емес, керісінше, белгілі бір желіге құрылады, баланың жастайынан ана тілінің бай қорын игеруге, таза , майда, анық әуенді сөйлеуге көмектеседі. Әдетте жаңылтпаш сөздері бір екі немесе бірнеше сөйлемнен құрылады. Олардың қайсысында болмасын баланы көркем сөзге әуестендіру, эстетикалық сезімімен эмоциясын тудыру шеберлігі бар. Жаңылтпаш сөздері ұйқасты, қызықты, күлдіргі болып келеді. Балалардың жаттап алуына жеңіл.

          Балалардың тәрбиесін қалыптастыруда, ауыз әдебиетінің елеулі туындысының бірі – жұмбаққа халық мән берген. Жұмбақтар тақырыбы жағынан сан алуан болып келеді: жаратылыс, табиғат, адамның анатомиясы, іс-әрекеті, жан жануарлар тіршілігі болып бөлінеді. Бұлардың бәрі балалардың ой өрісін, дүниетануын, музыкалық-эстетикалық көзқарасын, талғамын қалыптастыруға көмектеседі. Әдетте, халық әсемдікті,сұлулықты табиғат көріністерімен, құбылыстырымен, жан жануарлармен теңестірген. Бұл жұмбақта да ұршықты желмаямен салыстыра беріп отырған себебі, ішсе азық, кисе киім, мінсе көлік болған төрт түлік мал қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің көзі, өмірінің мәні.

      Балалар фольклоры өзінің мазмұндық ауқымы жағынан өте бай, балалардың музыкалық-эстетикалық талғамы мен эмоциясын, сезімін тәрбиелеуде мұғалім үшін сара жол. Көне дәуірлерден жеткен музыкалық мәдениеттің қазақ халқының тыныс-тіршілігі, этнографиясымен байланысы да айқын. Музыкалық фольклордың тікелей халқымыздың тұрмыс-салт ерекшеліктерінен туындайтын үлгілері де аз емес. Осы белгісіне орай қазақ халқының музыкалық фольклорын үлкен екі арнаға жіктеуге болады:

1.Салтпен байланысты туған фольклор үлгілері. Оған «Сыңсу», «Тойбастар», «Бесік жыры», «Тұсау кесер», «Жоқтау» секілді тек салт-дәстүр аясында өмір сүретін шығармалар жатады.

2. Салттан тыс фольклор туындылары. Бұл салаға эпикалық жанр — жыр, толғау, терме, желдірме, ертегілік, тарихи, лирикалык әндер мен халық күйлері жатады.

      Қазақтың отбасылық әдет-ғұрып, тұрмыс салт әндері ұлттық өнердің бастау көзі. Музыкалық фольклор жүйесіндегі бұл байырғы жанрларда ғасырлар бойы қалыптасқан ырым ұғымдар сақталған. Қазақ халқының өмірінен үлкен орын алған ғұрыптық әндер жанрлық тақырыптар жағынан төмендегі салаларға бөлінеді: арбау-байлау әндері – «Бәдік», «Күләпсін», «Жарапазан»; үйлену тойларында айтысатын – «Жар-Жар» («Аужар», «Бике-ау», «Үкі-ау»), «Сыңсу» («Қыз сыңсуы», «Көрісу», «Қоштасу», «Сарын»), «Тойбастар», «Беташар»; нәрестенің дүниеге келуімен байланыстырылып айтылатын - «Бесік жыры» («Әлди бөпем», «Бала жұбату»); қайғы-қасірет, мұң-шер әндері – «Естірту», «Жоқтау» («Жылау», «Зарлау», «Дауыс айту», т.б.). Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндерінің тарихы қазақ қауымы өз алдына жекелене бастаған кезінде-ақ пайда болған. Әрине, ол кезеңнің музыкалы мәселелерін зерттеудің өзіндік қиындықтары жеткілікті. Көне үлгілердегі ән-өлеңдердің ауызекі түрде таралуы себепті олардың жазбалары сақталмады. Қазақтың  дәстүрлі алғашқы фольклоры заман елегінен өткен сайын мүлдем жоқ болып кетпегенімен, бастапқы қалпында сақталмай, үлкен өзгерістермен жаңарып, бізге жеткені мәлім. Антологияға енген ғұрыптық үлгілердің бәрі де әуендік, интонациялық, ырғақтық ладтық жағынан дами түскендігін көрсетеді (дыбыс көлемі тұрғысынан кеңейген). Ал өлең-мәтіндерінде әр уақыттың жырын жырлайтын осы дәуірдің өмір тіршілігін суреттейтін сөздер кездеседі. Мектеп оқушыларының музыкалық-рухани қабылдауын тәрбиелеу мақсатында қазақ фольклоры жанрларын пайдалану, олардың өнер мен өмірдегі әсемдікті түсінуіне, көру мен есту түйсіктерін жинақтауға, танымдық процестерінің дамуына көмектеседі. Сонымен қатар ауыз әдебиеті жанрлары балалардың көркемдік тапқырлығы мен дағдыларын, шығармашылық іс әрекеттерін жетілдіреді. Сол себептен де, қазақ фольклор жанрларын балалардың музыкалық-рухани қабылдауын дамытуда тәрбие құралы ретінде пайдаланған жөн деп ойлаймыз.

       Халықтық музыкалық фольклорына құрметпен қарап, ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге баланы жас кезінен баулығанда ғана, ол ертеңгі өз Отанының нағыз азаматы болады. Қазақи тәлім-тәрбиенің көзі ұлттық фольклорымызда жатқаны белгілі нәрсе. Тек бұны оқу тәрбие барысында шығармашылықпен қолдана білу қажет. Фольклорымыздан нәр алып өскен бала еліміздің елдігіне, егемендігіне еңбек етіп, өркендеуіне үлес қосатын азамат болып қалыптасады. Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік санасы жаңа қалыптасып келе жатқандықтан, олар негізінен мұғалімнің ықпалында болады.Міне, осы бағыттағы атқарылатын шараларды іске асыру барысында жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәнінің де қосатын өзіндік үлесі бар. Оқушылардың музыканы қабылдауы негізінен мектептегі музыка сабағында қалыптасады. Бұл сабақтың мақсаты – рухани дүниесі жан- жақты дамыған, салауатты өмір салтын берік ұстанған жеке адам тәрбиелеу болып табылады. Бастауыш мектептерге арнап бағдарлама жасаған Ш.Құлманова, М.Оразалиева,Р.Сүлейменовалардың музыка сабағының бағдарламасы музыкалық материалдар, музыкалық фольклорымызды пайдалана отырып, балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беру негізінде құрылған. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты: қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнерін қадірлейтін, оның өмірімен байланыстылығын түсінетін, эстетикалық және музыкалық танымы дамыған, рухани бай, адамгершілік қасиеті мол және шығармашылықпен жұмыс атқара алатын тұлға тәрбиелеп шығаруға бағытталған.
        Тәрбие ісі - адамзаттың бүкіл даму тарихымен қатар жүріп келеді.
«Тәрбиелеу дегеніміз – халықтың бойына негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту», - деп ұлы ойшыл Әл Фараби айтқандай, тәрбие тамырын тереңнен алатын тарихи үрдіс болғандықтан, оның мақсаты – жас ұрпақтың санасына этикалық, эстетикалық ізгіліктерді орнықтыру. Тәрбие - бір ұрпақтың өмір сүру тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс. Әр ұлт өз ұрпағына ұлттық тәлім-тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын, бейнесін сақтап, дамыта алатыны белгілі. Себебі дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт бола бастаған қай түрін, қай саласын болса да сол фольклорымыздан тауып, ажыратып ала аламыз. Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнерін қадірлейтін, оның өмірмен байланыстылығын түсінетін, эстетикалық және музыкалық танымы дамыған, рухани бай, аламгершілік қасиеті мол және шығармашылықпен жұмыс атқара алатын тұлға тәрбиелеп шығаруға бағытталған. Қазақ  фольклористикасының атасы Ш.Уалиханов «Халық тұрмысы ғана емес, ой-санасы, мұң-зары, келешектен күткен армандарының да таңбасы болатынын да айрықша атап көрсеткен». Сонымен «Әрбір адамның туған анасынан басқа төрт анасы, туған тілі, туған жері, туған дәстүрі, туған тарихы болуы керек»- деп М. Шаханов айтқандай, өз елінің тілін, дінін, рухани музыкалық мәдениетін білген адам, біртіндеп әлемдік мәдениетті үйренеді. Бұл қасиет ананың әлдиімен, әженің ертегісімен, отбасында әңгімелермен бала бойына дарытыла отырып, музыка сабағында кеңінен жалғасын тауып сол арқылы ата-бабаларымыздың асыл музыкалық мұрасына қызығушылық пен сүйіспеншілікке сусындап тәрбиеленеді.Мектеп оқушыларының музыкалық-рухани қабылдауын тәрбиелеу мақсатында қазақ фольклоры жанрларын пайдалану, олардың өнер мен өмірдегі әсемдікті түсінуіне, көру мен есту түйсіктерін жинақтауға, танымдық процестерінің дамуына көмектеседі. Сонымен қатар ауыз әдебиеті жанрлары балалардың көркемдік тапқырлығы мен дағдыларын, шығармашылық іс әрекеттерін жетілдіреді. Сол себептен де, қазақ фольклор жанрларын балалардың музыкалық-рухани қабылдауын дамытуда тәрбие құралы ретінде пайдаланған абзал. Музыкалық шығарманы қабылдау процесі үстінде оқушы оны толық тыңдайды, бірақ толық түсінбеуі мүмкін. Сол сәттегі мұғалімнің жан-жақты, нақты, әсем, орынды, қазақ фольклорының түрлерін, атап айтқанда мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, ертегі-аңыздар т.т. көмекке келіп, түсінбеушіліктен толық саналы ұғынуға біртіндеп, дәйекті түрде жүргізілуге бағытталынады. Сабақтағы музыкалық қабылдау ойлаудың күрделі үрдісін талап етеді, соның нәтижесінде ғана бірте-бірте музыкалық бейне сомдалады. Әуендік интонациялар, ырғақтық құрылымдар, өзгермелі құбылмалы даму құрылысы, тембрлік сипат, орынды балалар фольклорын қолдану арқылы ғана музыкалық бейне пайда болады. Мектеп оқушыларының еліне, туған жеріне, табиғатына сүйіспеншілік сезімі мен талғамын, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық қазынасы - балалар фольклорына қызығушылығын арттыра отырып,  бойында рухани мәдениеті жоғары адам тәрбиелей аламыз.                   

       Тәуелсіздік туын тіккен жас мемлекетіміздің болашағына тұтқа болар білімді де білгір,білікті,саналы азаматтар даярлау бүгінгі күннің келелі мақсаттарының бірі. Біздің өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз халық өнерінің шынайы мұрагерлері болуы керек. Асыл өнерді өз қолымен жасай алатын адам ғана ата – бабадан қалған мұраны көбейтіп, байытып келесі ұрпаққа жеткізе алады. Олай болса, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет ғұрпын, әдеби, мәдени бай қазынасын баланың зердесіне орнықтырып, парасатты, музыкалық-эстетикалық талғамы жоғары азамат тәрбиелеп өсіру

баршамызға басты міндет.

 

 

Әдебиеттер

1.     Е. Балабеков «Қазақтың музыкалық фольклоры»

2.     М.Балтабаев «Қазақ халық музыкасы және студент жастар»

3.     А.Жайымов, Б.Ысқақов, Ж.Еңсепов «Музыка оқыту әдістемесі»

  4. Б.Ерзакович,З.Қоспақов«Қазақ музыка фольклорының тарихнамасы»

4.     П.Момынұлы «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы»

5.     Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтама Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 

6.     Ж.Қоянбаев,Р.Қоянбаев. Педагогика.-Алматы, 1998, 2000.