Бокаева Г.Б.

86 Жалпы білім беретін орта мектеп, Қазақстан

 

ИНФОРМАТИКА САБАҒЫНДА ОҚУШЫНЫҢ КӘСІБИ-ТҰЛҒАЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Қазақстан Республикасы 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог мамандардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін анықтай отырып, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеру міндетті деп көрсетті:

1. Арнайы құзыреттілік - өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілет.

2. Әлеуметтік құзыреттілік - кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.

3. Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті. Бұл қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзыреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.

Соңғы жылдары ғылыми-педагогикалық еңбектерде кәсіби құзыреттілік дайындық сапасына қойылатын талап немесе кәсіби теориялық білімдері мен практикалық біліктілігі, тәжірибеден өткізілген маңызды сапасы ретінде қарастырылады. Біздің ойымызша, құзырлықты білімін, біліктілігін, дағдысын, ең бастысы - тұлға мүмкіндігін бағалаудың критерийі мақсатында қарастыру құзырлылық маңызын толық аша бастады. Олай болса, құзырлылық - нәтижеге бағдарланған жаңа білім беру жүйесінің сапалық қасиеті ретінде әлеуметтік және өмірлік көзқарастарды қамтитын құндылықтарды есепке алуы қажет.

Құзыреттіліктің негізгі қасиеттері: әлеуметтік көзқарасы, тәжірибесі, интеллектісі, тектілігі болып табылады.

Белгілі ғалымдар С.Шишов пен В.Кальнейдің өскелең ұрпақтың бойына білім мекемелері төмендегідей құзырлықты қалыптастыруы тиіс деп есептейді:

-Саяси және әлеуметтік құзырлықтар. Олар адамның өзіне жауапкершілік ала алуында.

-Көп мәдениетті қоғамда өмір сүре алуға байланысты құзырлықтар. Ұлтаралық келісім, басқа мәдениет, өзге ұлт өкілдерін құрметтеу.

-Жазбаша және ауызша қарым-қатынас жасай алу құзырлығы. Бұл әрбір адам үшін аса маңызды мәселе, бұған сонымен қатар бірнеше тілді білу де жатқызылады.

-Ақпараттық қоғамда өмір сүре алуға байланысты құзырлықтар. Бұл жаңа технологияларды меңгеру, ақпараттар ағынынан қажеттісін таба білу, оған сынай баға беру деген мағынаны береді.

-Тұлғаның жеке және қоғамдық өмірінің негізі болып табылатын - өмір бойы білім алуға қабілеттілік.

Аталған деңгейлердің даму шыңына жеткен мұғалімді біз ақпараттық-коммуникациялық құзырлығы қалыптасқан тұлға деп атай аламыз. Осы құзыреттілік қасиеттерді жеке тұлға деп қарастырып отырған баланың бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан-жақты болуы талап етіледі. Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана оқушы құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Білім сапасы білім, біліктілік, дағды, тұлғаның қасиеттері, қабілеттерімен бағаланса, тұлға педагогикалық объект ретінде меңгерілетін, қалыптасатын адам тәжірибесі ретінде қарастырылады. Өскелең жас ұрпақ ақпараттық мәдениетті, сауатты болу үшін - ақпараттың қажет кезін сезіну, оны тауып алуға, бағалауға және тиімді қолдануға қабілетті, ақпарат сақталатын дәстүрлі және автоматтандырылған құралдарын пайдалана білуі керек. Жалпы, ақпараттық мәдениетін қалыптастыруда факторлардың екі тобын бөліп көрсету қажет. Біріншісі - білім алушы оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру:

дербес компьютердің болуы;

интернет және электронды пошта;

жалпы оқытылу пәндеріне деген қызығушылық;

белгілі бір бағыттағы ақпараттық қажеттілік;

оқушылардың ғылыми шығармашылықпен жұмыстануы.

Екінші тобына білім беру ұйымдарындағы мамандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру жатады:

білім беру ұйымдарында, оқу кабинеттерінде компьютерлік базаның болуы;

педагогикалық қызметінде коммуникациялық технологияларды қолдануға деген қызығушылық;

компьютерлік сауаттылық;

біліктілік көтеру арнайы курстары;

электрондық оқу - әдістемелік кешендердің болуы.

Ғалымдар ақпараттық-коммуникациялық құзырлықты қалыптастырудың базалық, жалпы және кәсіби кезеңдерін бөліп көрсетіп, ақпараттық технологияларды оқу қызметінде қолдану мен кәсіби міндеттерді шешуде қолданудың ара жігін ашып көрсетеді. Бүгінде білім беруді одан әрі ақпараттандырудың кезеңі мазмұндық тұрғыда болады және компьютерлік сауаттылықтан жеке тұлғаның ақпараттық мәдениетінің, іргелі операциялық негіздеріне ауысуды білдіреді, мұнда әрбір оқушы ақпаратқа, қазіргі ақпараттық технологияларға назар салып қана қоймай, оны тиімді қолдана білуі, интернет ғаламдық ақпарат желісін пайдалана алуы тиіс. Оқыту ісінің, тиімділігі мен сапасы көбінесе өздігінен оқып үйрену процесін тиімді ұйымдастыру мен пайдаланатын материалдардың сапасына тәуелді болады.

Сабақ өткізу барысында оқушылардың қабілетіне, білім деңгейіне, ынтасына қарай топқа бөліп, өз бетімен еңбектенуге, ізденуге, шығармашылыққа баулып, сабаққа ынтасын арттырып, тапсырманы орындау барысында жіберілген қателер мен кемшіліктерді уақытында анықтап түзетуге мүмкіндік беру керек. Оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамыту үшін қолданбалы программалар көмегімен бірнеше түрлі дұрыс сұрақ санын анықтайтын, автоматты түрде бағасын қоятын тест тапсырмаларын сабақта үнемі қолданамын. Сондай-ақ тірек сызбалар, семантикалық карта толтыру, эстафеталық сұрақтар, электрондық оқулықтарды пайдалана отырып оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытуға болады.

Алынған тақырыпты басшылыққа ала отыра және істелінген жұмыстарды қорытындылай келе өзін-өзі бағалай білетін, шығармашылық деңгейі жоғары жан-жақты тұлға қалыптастыра отыра, оқушының білім сапасын көтеріп, алған білімдерін өмірмен ұштастыруға бағыт беріп оқушы кұзырлығын дамытуға болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. С.Т.Мухамбетжанова. «Білім беру мекемелері қызметкерлерін АКТ саласы бойынша ғылыми-әдістемелік негіздері».Алматы, 2007 ж.

2. «Білім-образование» журналы. №5, 6, 2010 ж.

3. «Қазақ мектебі» журналы. №10, 11, 2009 ж.