Мемлекеттік тілді
оқытуда функционалдық
сауаттылықты қалыптастыру
Ж. Балтабаева,
Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың профессоры,
п.ғ.д.,
К.Ныязбекова, п.ғ.к.,
Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың доценті
Функционалдық сауаттылық өткен
ғасырдың 60-жылдарында ЮНЕСКО-ның құжаттарында көрініс тауып, кейін
зерттеушілердің назарына ілікті. Ал жетпісінші жылдардың ортасына
дейін ғылыми зерттеулердің стратегиясы мен концепциясы
адамдардың кәсіби әрекетімен байланыстырылды, бірақ
бұл біржақты болды. Сондықтан функционалды
сауаттылыққа саяси, экономикалық, компьютерлік т.б.
сауаттылықтар енгізіліп, оның аясы кеңіді. Америкалық
зерттеуші Е.Д.Херш «мәдени сауаттылық»
деген терминді енгізіп, оған өзін мәдени сауаттымын деп
есептейтін әрбір
американдық білуге тиісті 4500-ге жуық оқиға, атаулы
күндер, зат атауларын кіргізді [1,3]. Сөйтіп функционалды
сауаттылық жеке тұлғаның белгілі бір
қоғамда өмір
сүруге керекті білімі мен біліктерінің жиынтығы деген
ұғымда қабылданды.
Зерттеушілер көрсетіп жүргендей, функционалды
сауаттылық көрсеткіштері – ақпараттық, коммуникативтік,
тұрмыстық мәселелерді шеше білу, шет тілін меңгеру
(тұрмыстық лексика деңгейінде) т.б. болып бөлінеді
және әр көрсеткіштің өзіндік сипаттамасы бар.
Мысалы, жалпы сауаттылыққа – шығарма, реферат жаза білу; іс
қағаздарын жаза білу; сұрақтарға жауап бере білу
т.б., коммуникативтілікке – топта, ұжымда жұмыс жасай білу,
басқалармен тіл табыса білу, эмоцияға берілмеу, топ жұмысын
ұйымдастыра білу т.б. жатқызылып жүр.
Білім беру жүйесінің қай сатысында да оқытудың
мазмұны мен сабақ өткізу жолдарының өзара
байланысына ерекше мән берілуде. Сондықтан меңгерілетін
білімнің түпкі нәтижесі ең тұғырлы
мәселеге айналды. Ал бәсекелестікке бейімділік білім
алушының меңгерген
білімін іс жүзінде пайдалана білуімен анықталады. Оқытудың
түпкі мақсаты білімді өзіндік әрекет,
яғни «үйренуге үйрену» тұрғысынан меңгерту
болып табылады. Осы мақсат орындалуы үшін бірнеше концептуальды
бағытта жұмыс жүргізілуі тиіс. Алдымен
пәндік-ақпараттық бағыт, яғни пән бойынша
берілетін білім көлемі анықталып, дәстүрлі педагогика
жүйесінің тұжырымдамасы іске асады. Ал әрекеттік
бағыт немесе «қалай оқыту» мәселесі «үйренуге
үйрену» талабына негізделеді. Соның нәтижесінде жоғары
оқу орындарында
бағдарламаға сәйкес берілетін білім өмірмен
ұштастырылып, оларды болашақ
мамандықтарына дайындау
мақсатын көздеуі тиіс. Осы ретте
мемлекеттік тілді өзге
тілді дәрісханада оқыту арқылы берілетін білім,білік,
дағдылар да функционалдық сауаттылық тұрғысынан
нақтылануы тиіс. Өзге тілді білім алушыларға
қазақ тілін меңгерту тек қана қарым-қатынас
құралы ретінде емес,
кәсіби бағыттағы білік, дағдыны дамытуға,
сол арқылы функционалдық
сауаттылықты
қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда сабақта мамандыққа
байланысты мәтіндерді пайдаланудың
мәні үлкен. Ғалымдар көрсетіп жүргендей, мамандыққа байланысты
мәтіндер студенттердің ғылыми стилін қалыптастыратыны,
мамандыққа байланысты мәтіндер студенттерді
қызықтыратыны, мамандығы туралы өте көп
мәлімет беретіні, ондай мәліметтер студент білімін байытатыны,
шыңдайтыны сияқты пайдалы жақтары бар. Сондай-ақ мамандыққа
қатысты оқу мәтіндерінің
·
ақпараттылық;
·
қажеттілік;
·
мазмұндылық;
·
түсініктілік;
·
заман талабына сәйкестілік секілді ерекшеліктері де ескерілуі қажет [2, 29].
Ойын дұрыс басқаға жеткізгенде
ғана, адам тілді білемін дей алады. Сондықтан тіл үйренушілер алдымен тілдік
бірліктерді дұрыс қолдануға үйретіледі.
Жаңа сөзді меңгертуде ол
сөздерді дұрыс айтуға үйрету сөздікпен жұмыстан басталып, сөзді
сөйлемде дұрыс қолдану, жаттығулар, тапсырмаларда,
өздік жұмыста, оларды дұрыс айтуға жаттықтырылады.
Осы
ретте ұтымды жұмыс түрі – мәтінді
әңгімелету. Бұл – айтылымды қалыптастырудың
өнімді түрі. Мәтінді әңгімелетудің мына
түрлерін жүргізуге болады:
· мәтіннің
мазмұнын қысқаша әңгімелету;
· мәтіннің
мазмұнын толық әңгімелету;
· мәтіннің
мазмұнын жалғастыра әңгімелету.
Мәтінді
әңгімелетудің бұл түрлерінің
әрқайсысының өз ерекшеліктері, өз мақсаты
бар.
· Мәтіннің
мазмұнын қысқаша
әңгімелетуде мынадай мақсаттар көзделеді: мәтіндегі
негізгі ойды білуге бағыттау,
· мәтінді өзінше
әңгімелеуге жаттықтыру,
· мәтіннің
негізгі ойын есте сақтауға жаттықтыру.
Бұл
әдістемелік жұмыстар мәтінді ойланбай қайталауға жол бермейді. Мәтінді ойланбай қайталау есте
сақталмайды. Мәтінді түсініп, ондағы негізгі ойды тауып
әңгімелеу есте сақталады.
Мәтіннің
мазмұнын толық әңгімелетудің шарты – мәтін
мазмұнын өз сөзімен әңгімелету. Бұл – тіл
үйренушіні қазақша өз
бетімен сөйлеуге мүмкіндік беретін тәсіл.
Алғашқыда оқытушы үлгісін көрсетіп
жаттықтыруына болады, келесіде мәтіндегі сөйлеушінің
жағын өзгертіп әңгімелеуге жаттықтыру.
Мәселен, мәтін бірінші жақта баяндалса, оны 3-жақта
әңгімелеу. Немесе, мәтіндегі мезгілді өзгерту,
мәтіндегі уақиғаның болған орнын өзгертіп
әңгімелеу т.б.
Бұл
жұмыстың түрлерін
орындатуда оқытушының
көмегі керек. Бірақ әңгімелетудің бұл
түрі тіл үйренушінің өзінше сөйлеуін,
өзінше әңгімелеуін, өзінше сөйлеуін
қалыптастырады.
Мәтіннің
мазмұнын жалғастыра әңгімелеу –
шығармашылыққа
апаратын жолдың бастамасы. Мұндағы негізгі шарт – мәтінді
жалғастыру, мәтін мазмұнымен байланысты болу. Оқытушы мәтін
мазмұнын қалай жалғастыруға бағыт-бағдар
беруіне де болады және ол жұмысты орындауға уақыт
беріледі. Кейде ол жеке шығарма болып та кетеді.
Мәтінді
әр түрлі әңгімелету арқылы тіл үйренуші
айтылымға әбден жаттығады. Қазақша
әңгімелеуге, қазақша сөйлеуге үйренеді.
Бұл жұмыс түрі –
қазақша сөйлеуді қалыптастырудың тиімді жолы.
Қазақ
тілін үйретудегі қатысым әрекетінің келесі түрі –
тілдесім. Тілдесім әрекеті, ғалымдардың көрсетуінше, адамдардың
қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл
арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өз ара
пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі түсініп
қана қоймай, сонымен қатар өмірлік тәжірибелерді,
дағдыларды, әр түрлі іс-әрекеттерді де бірігіп
меңгеруі [3, 24].
Тілдесім
– адамдар арасындағы ең жиі қолданылатын сөйлеу
әрекеті. Өйткені, ол – отбасынан бастап, қоғамның
әр түрлі саласында ең жиі қолданылатын сөйлеу әрекеті.
Сондықтан тіл үйренушілердің қазақша
сөйлеуін қалыптастыруда тілдесімнің мәні үлкен.
Тіл
үйренушілер қазақша
пікірлесе алу үшін шағын тілдесімге арналған мәтіндерді қолданған
тиімді, өйткені олар тіл үйренушілердің
функционалдық
сауаттылығын
қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жеке
тұлғаны сыни ойлауға үйрету, жауапкершілікке баулу, қатысымдық
әрекетке бейімдейді. Тіл үйренушінің аналитикалық, сыни ойлауын қалыптастыру оқу мәдениетіне, оқу деректерін
ажырата, талдай білуге, қорытынды жасауға,
шығармашылық, іздену, зерттеу жұмысына бейімдеу, өз
бетімен білім алуға үйрету
болып табылады.
Мамандық
мәтіндері мамандар білімін нығайту, толықтыру, дамыту
қызметімен бірге, қазақша сөйлеу дағдысын
қалыптастырудың негізгі
құралы деуге болады. Өйткені мамандық мәтіндері –
қазақша әдеби тілде сөйлеудің үлгісі. Тілді
оқытуда үлгі арқылы оқыту алғаш еліктеу ретінде
болса да, кейін ол қазақша сөйлеу дағдысын
қалыптастырады. Тілді оқытуда мәтін жиі қолданылады, қазақша
сөйлеуге жаттықтыру, қазақша сөйлеу
дағдысын қалыптастыруда мәтіннің мүмкіндігіне
байланысты. Өйткені оқу мәтіндері арқылы алуан
түрлі жұмыстарды жасауға болады. Мәселен, сөздік
қорды байыту, қазақша сөйлеуді қалыптастыру
бағытындағы түрлі жұмыстар. Осымен байланысты
қазақ тілін оқыту әдістемесінде мәтін негізгі
орын алады. Қазақ тілін оқыту әдістемелеріне
арналған зерттеулерде мәтін мәселесіне соқпай кеткен
зерттеуді кездестіру өте қиын.
Бұл
тілді оқытудың барлық түріне қатысты. Олай болса,
тілді оқыту әдістемесінде мәтінге ерекше көңіл
бөліну керек. Әсіресе, ол өзге ұлт өкілдеріне
қазақ тілін оқыту
әдістемесіне қатысты. Сондықтан өзге ұлт
өкілдеріне қазақ тілін оқыту әдістемесі
үшін ол маңызды екені ғылымда дәлелденіп жүр.
Қазіргі кезде
ғалымдардың мамандық
мәтіндеріне мән беруі де осымен байланысты.
Мамандық мәтіндері қай мамандықта
болмасын алуан түрлі. Оларды сабақта қолданудың да
жүйесі болады.
Мамандық
мәтіндерін таңдауда ғылыми-әдістемелік негізге
сүйенген әдістемеде мамандық мәтіндерінің
қазақша сөйлеуге үйрету қабілеті, сөздік
қорды байыту мүмкіндігі, грамматикалық бірліктерді
меңгертуге лайықтылығы, сөйлесімді қалыптастыруда
үлгілік қасиеті, мамандық бойынша сөйлеуді
қалыптастыруға қызмет ету қабілеті, мамандық
мәтіндерінің тәрбиелік мәні сияқты көптеген
мәселелер ескеріледі.
Мамандық мәтіндерін түрлі жағдайда
қайталаудың тіл үйренуде мәні үлкен. Қайталаудың
жалықтырмайтындығы ғылыми еңбектерде де ескерілген.
Мысалы, Г.Камиева мақал-мәтелді қайталау үшін
оның төмендегі өзгерістерімен қайталануын
ұсынған:
·
Мақал-мәтел бір жағдайда емес, түрлі жағдайда
қайталануы керек;
·
Қайталаушы субъект түрленіп отыру керек;
·
Қайталау арасында басқа жұмыстар араласуы
керек;
·
Қайталау бір сабаққа ғана қатысты болмай,
мақал-мәтелді студент меңгергенше жүргізілуі керек [4,
18].
Бұл
тек мақал-мәтелге ғана қатысты емес, барлық
тілдік деректерге қатысты. Олай болса, мәтіндегі тілдік деректерді көмекші
мәтіндерде қайталау т.б. жұмыстар арқылы қайталаудың жағдайын
түрлендіруге жатады.
Тіл үйренушіні
қазақша байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру бірден іске аспайды.
Өйткені ол бірте-бірте қалыптасады. Сондықтан бұл
жұмыстарды бірнеше кезеңге бөлуге болады:
· алғашқы
кезең – байланыстырып сөйлеуге үйрену кезеңі,
· байланыстырып
сөйлеуді меңгерген кезең,
· шығармашылық
кезеңі.
Байланыстырып сөйлеуге үйрену кезеңінде
тіл үйренушілер оқытушыға еліктеп әңгімелеуден
бастап, мәтінді қысқаша әңгімелеу, толық
әңгімелеуді үйренеді.
Бұл
кезеңде тіл үйренуші
әңгімелеудің жолын, ретін, әңгіменің
байланысты болуын мәтіннен
үйренеді. Бірақ ол мәтінді қайталау емес, мәтін
мазмұнын әңгімелеуді қамту керек екенін түсінеді,
әрі байланысты сөйлеуге жаттығады.
Тіл
үйренуші байланыстырып сөйлеуді меңгерген кезеңде
мамандық мәтінін өз сөзімен әңгімелейді.
Әңгімелеудің бұл түрінде мамандық мәтінін
құрылым ретінде сақтамай, өзінің
түсінігімен әңгімелеп береді. Ол кемшілік саналмайды.
Бірақ мәтін мазмұнын толық қамту талабы
сақталады. Егер бұл талаптар толық сақталып, тіл
үйренушілер өз сөзімен, мәтін мазмұнын
толық байланыста әңгімелесе, ол әңгімелеуді
қазақша байланыстырып сөйлеуді үйренді деуге болады.
Шығармашылық
кезең мәтінді мазмұнына сәйкес деректермен
толықтырудан басталады. Шығармашылықтың бұл
түрінде мәтін мазмұны мен жалғастыру
мәтінінің мағыналас болуы – міндетті шарт. Бірақ
жалғасқан мәтіннің құрамы өте
үлкен болуы талап етілмейді. Әрине, ол негізгі мәтіннен кіші
болады. Оны ауызша да, жазбаша да орындауға болады.
Барған
сайын бұл жұмысты күрделендіріп, оны мәтінмен
байланысты тақырыпқа айналдырып, жеке шығармаға
айналдырған тиімді. Бұл, әрине, қазақша
байланыстырып сөйлеуді әбден меңгергенде ғана іске
асады. Шығармашылық жұмысқа да жаттығу керек. Оны
меңгеруде оқытушының көмегі өте қажет.
Тіл үйренушілердің
шығармашылығын дамыту үшін оқытушы жұмыстарды тіл үйренушімен
талдап, кемшілігін қалай түзетуді ерінбей үйретіп отыруы
керек.
Қатысымдық әдіске негізделіп
ұйымдастырылатын ойталқы да функционалдық
сауаттылыққа
жаттықтыруда
ыңғайлы жұмыс
түрі. Ойталқы – тіл үйренушіні
қызықтырады, дұрыс пікір туғызады, дұрыс шешім
қабылдауға жетелейді, мәселені тыңғылықты
шешу деген ынтадан туады.
Ойталқыны ұйымдастыруда мына жайлар есте болу керек:
1.
Ойталқы мазмұнды, маңызды мәселеге ұйымдастырылуы
керек. Әсіресе, ойталқы тіл үйренушінің
мамандығымен байланысты өзекті мәселеге арналғаны дұрыс.
2.
Ойталқы мамандықпен байланысты ғылыми талас мәселеге
арналғаны жөн. Бұл тіл үйренушілерді ғылыммен
шұғылдануға жетелейді.
3.
Ойталқының тақырыбы тіл үйренушінің
өмірімен, тәжірибесімен байланысты болғаны дұрыс.
4.
Ойталқының эмоциялық күшті әсері болғаны
жөн. Ойталқы кезіндегі талас пікір, өз пікірін
дәлелдеуге деген ұмтылыстар эмоцияға күшті әсер
етеді.
Ойталқыны
өткізуге үлкен дайындық керек, ол – өте жауапты
мәселе. Біріншіден, оқытушы ойталқының
тақырыбымен, сұрақтарымен тіл үйренушілерді
таныстырады. Өйткені ойталқыға қатысушылардың ойталқы
мәселесі бойынша білімі болу
керек, оған дайындалу керек. Сонда өз біліміне сүйеніп, тіл
үйренушіде өзіндік пікір туады. Дайындық кезінде өз
білімін толықтырып, өз бетімен жұмыс жасау қабілетін
дамытады.
Ойталқы
өткізу үшін мына жұмыстар жасалады. Алдымен, тақырып
таңдалады. Тақырып бүгінгі күн талабына сай, дау тудырып жүрген
мәселелерге құралып, пікір таласқа қатысушыларда
қарама-қарсы пікірлер, көзқарастар туындауға
себеп болуы керек.
Тақырып
таңдалғаннан кейін,
ойталқыға қатысты
сұрақтар дайындалуы қажет. Сұрақтар санына
көңіл бөлу керек,
өйткені сұрақтар көп болса, уақыт
өлшеміне байланысты олардың үстірт қаралуы
мүмкін. Сұрақтар ойталқының мақсатына сай, ойталқының
мәнін, мазмұнын ашатындай болуы керек. Қазақша
өткізілген ойталқылар тіл үйренушілердің қазақша бір-бірімен қарым-қатынасын
күшейтіп, қазақша сөйлеуін қалыптастырады.
Қорыта айтқанда, қазақ тілін
өзге тілді топтарға үйрету олардың болашақ мамандығына негізделіп,
пән мазмұны мен қоғамдық-әлеуметтік
сұраныс өзара үндесіп, тіл үйренушінің келешегіне
қажетті білік, дағдыларды меңгеретіндей кешенді жұмыс түрлері арқылы үйретілсе жұмыс
нәтижелі болады. Сонда ғана
функционалдық сауаттылыққа қол жетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Hirsch E.D. Cultural literacy. What every
American needs to know. N.Y., 1988.
2.
Шаханова Р. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ
тілін мамандыққа қатысты оқытудың
ғылыми-әдістемелік негіздері. ПҒД дисс...автореф. 2002.
3.
Оразбаева Ф.ш. Тілдік қатынас
пен қатысым әдісінің
ғылыми-теориялық негіздері. ПҒД дисс...автореф. 1996.
4.
Камаева Г.К. Орыс
топтарындағы студенттердің сөйлеу тілін
мақал-мәтелдер арқылы дамыту. ПҒК дисс...автореф. 2003.