Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

(Алматы, Қазақстан)

 

КӘСІБИ ЛЕКСИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Қазақ тілін оқытудағы басты мақсаттардың бірі - тілді студенттің қарым-қатынас құралы ретінде дұрыс қолдануына айналдыру. Сол үшін оларда сөйлеу дағдысы болу керек, ал сөйлеу дағдысын қалыптастыру оның сөздік қорының мол болуына, грамматикалық бірліктерді бір-бірімен байланыстыра алуына және оны сөйлемде, мәтінде дұрыс қолдана білу дағдылары мен біліктеріне байланысты. Студенттердің  кәсіби  лексикасын молайту әдістерінің ең маңыздысы – сөздікпен жұмыс жасау әдісі, әсіресе, екі тілдік сөздікпен жұмыс жасау. Бұл тіл ғылымының түрлі салаларының өзара байланыста болған жағдайда ғана жүзеге асады.

Студенттер сөздердің лексикалық заңдылықтарын меңгеру нәтижесінде тілдік қатысым әрекетін еркін, орынды пайдалану керек. Егер орынды пайдаланбаса, сөздердің мағынасына сай дұрыс қолдану дағдыларын меңгере алмайды, олардың ойы түсініксіз болады. Демек, студенттердің сөздік қорын байыту жұмыстарында сөздердің лексикалық заңдылықтарын ұғыңдыру арқылы олардың тілдік қатысым әрекетінде дұрыс қолданылуына әсер ету қажет.

Қатысым әрекеті жүзеге асу үшін, сөздердің мағынасы болуы керек. ЖОО қазақ тілі сабақтарында лексиканы оқытудың лингвистикалық негізінде осылайша атау сөздердің лексикалық мағынасының болатынына қарай белгіленеді. Анықтап айтсақ, лексиканы оқыту барысында тек лексикалық мағынасы бар (атау) сөздер ғана қарастырылады. Ал тек грамматикалық мағынаға ие көмекші сөздер, одағай сөздер грамматика аясында ғана оқылады.

 Оқытушы лексикалық мағынасы бар сөздердің де грамматикалық мағынасын естен шығармауға тиіс, алайда лексикалық мағына негізгі белгі ретінде алынады. Егер лингвистикалық негізін ажыратып алмай, оны тіліміздегі жалпы сөздердің жиынтығы деп түсіндірсек, сабақ мақсатына жетпей, лексикалық талдау кезінде, жаттығу үстінде студенттер қате жібереді.

 Сондай-ақ лексикалық мағынасы бар сөздердің өзін бір ғана мағынасымен шектеу қиын. Өйткені тіліміздегі сөздердің әрқайсысы алуан түрлі мағынаны білдіреді. Олар белгілі бір ұғымды аңғарта отырып, айтушының (не жазушының) көзқарасын, ойын, көңіл-күйін де байқатуы мүмкін. Сондықтан сөздердің мағынасын жете түсіну студенттердің лексикалық ұғымын дамытып, сол алған білімін сөйлеу тілінде, жазба жұмыстарында еркін қолданып, стильдік дағды алуға бірте-бірте бағыт береді.

       Студенттердің кәсіби лексикада жүйелі сөйлеуін дамыту арқылы мамандық  тілінде қазақша сөйлеуге үйрету, яғни студенттерді белгілі бір дәрежеде  кәсіби лексиканы  қолдана  отырып, қазақша  кәсіби қарым қатынас жасай алатындай, өз ойын басқаға түсіндіре алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізуге болады.. Бұл мақсатқа жету үшін студенттерге қазақша қатысымдық тілдік мәлімет берілуі керек. Өйткені үйрететін тіл туралы, оның өзіндік ерекшеліктері мен грамматикалық заңдылықтарын танып білмейінше, сөздердің мағынасын  білмейінше ол тілде сөйлеу мүмкін емес. Осы ретте  студенттерді  диалог пен монолог құрастыруға  үйретудің мәні үлкен.

     Мәселен, «Қазақстан экономикасының тарихы» тақырыбына студенттер мынадай диалог құрастыртуға болады.

      Тапсырманың мақсаты: Тіл үйренушілер Қазақстан экономикасының тарихымен  таныса отырып, көшпелі  халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабардар болады, жаңа ақпарат алады.

      Тапсырманың тиімділігі: Қазақстан экономикасының тарихы туралы жаңа ақпаратпен хабардар бола отырып,  мәтін мазмұны бойынша қойылған сұраққа бірден жауап беруге дағдыланады; мәтін мазмұны негізінде ой-пікір түйіндеуге   дағдыланады.

      Осы сияқты диалогтарды құрастыру барысында студенттер толымды және толымсыз сөйлемдерді пайдаланды. Сөйлемдерді өздері жіктейді. Толымсыз сөйлемнің түсіп қалған баяндауышының мәні бірінші сөйлемнен белгілі, сөйлесуде түсініксіздік тумайды. Мұндай жағдай студентке екінші сөйлемнің толымсыз  екенін  үйретуде  оның толық түрін салыстыра түсіндіру керек. Ол үшін осы жауаптың толық түрі - «Мен банктен корреспонденттік шот аштым»  түрінде болатынын айтқызып, екеуінің арасындағы айырмасы түсіндірілді.

     Осы диалогтағы 2-сөйлемді басқаша толымсыз сөйлем түрінде құруға болатынын да үйретіледі. Ол –  «корреспонденттік шот аштым.» Мұнда бастауыш айтылмаған, бірақ оның мәні сондағы «аштым» деген баяндауыштан көрінеді. І-жақта айтылған баяндауыш – бастауыштың «мен» екенінің айғағы. Студент толымды сөйлем ғылыми әдебиет тілінде жиі қолданылатынын, толымсыз сөйлем ауызекі сөйлеу тілінде, көркем әдебиетте жиі кездесетінін білуі қажет.

      Сондықтан бұл сөйлемнің түрлерін студенттерге түрлі мәтіндерді  салыстыра отырып, яғни салыстырмалы әдіс арқылы түсіндірген тиімді.     

     Диалогте толымсыз сөйлемдердің алуан түрлері жасалады. Диалог екі я бірнеше адамның кездесіп сөйлесулерінен құралатындықтан, сұрақ-жауап  айтылған хабарға тыңдаушының өз көзқарасын білдіру түрінде болады. Диалогте сөйлесуші адамдар өздерінің назарын белгілі бір негізге ой арқылы білдіруге тиісті хабарға бөлінеді де, басқа ойдың толық болуына мән бермейді. Сондықтан негізгі ойдың төңірегіндегі басқа ойларға байланысты сөз айтылмай қалады.

     Толымсыз, толымды сөйлем түрлерін олардың қолданылу орнымен байланыстырып үйрету студенттердің оларды сөйлеуде дұрыс қолдануға жаттықтырады. Ол тілді оқытудағы негізгі мақсаттарға жатады. Өйткені біздің мақсатымыз ереже үйрету емес, дұрыс сөйлеуге үйрету. Сондықтан студенттердің толымды, толымсыз сөйлемдерді орынды, дұрыс қолдану дағдысын қалыптастыру қажет.

      Есте болатын жағдай, мұғалім студентке сөйлемдерді дұрыс құрастыру, сөздерді  дұрыс қолдануға жаттықтыру үшін, өзі толымды, толымсыз сөйлемдердің теориясын, олардың қолданылатын жағдайларын, түрлерін жақсы білуі қажет, онсыз ойдағыдай нәтижеге жету мүмкін емес. Сондықтан мұғалім тіл білімінің  жай сөйлем синтаксисін жақсы меңгерген болуы керек. Өйткені тілді үйрету тіл білімімен тікелей байланысты.

      Монолог түрінде сөйлеп үйренудегі  студенттердің басты міндеті қазақ тілінде белгілі бір тақырыпта сөйлеу   үшін қажетті материалды саналы түрде түсіну. Студенттер өз ойын дамытып, оны логикалық жүйемен айтып бере білуі керек. Студенттер неғұрлым тіл материалын көбірек  меңгеріп, сөздік қоры молайған сайын сөздің логикалық жағы да байып, күрделене түседі. Дегенмен, монолог сөз іскерліктерін қалыптастыру, дамыту мен жетілдіру диалог түрінде сөйлеу іскерліктерін қалыптастырудан гөрі жеңілірек. Оның мәні мынада: монолог түрінде сөйлегенде, студент белгілі жоспар бойынша сөйлей алады. Ол сөйлемей тұрып-ақ сөз барысында не айтатынын біледі. Диалогта бұл мүмкін емес, өйткені әріптесінің айтатын сөзіне байланысты. Әңгіме барысында бастапқы тақырыптан ауытқулар жиі кездеседі.

      Диалог түрінде сөйлеуде    әңгімеге қатысып отырған адамға бір мезгілде екі бірдей талап қойылады: бір жағынан ол сөйлеушінің сөзін түсіне білуі керек, екінші жағынан әріптестің репликасына дереу жауап қайыра білуі керек. Яғни диалогқа қатысушыдан тыңдап-түсіну іскерлігі мен сөйлеу іскерлігі бірдей, бір мезгілде талап етіледі.

      Диалог түрінде сөйлеудің тағы бір қиындығы – диалогқа қатысушылар тек қана әріптестің сөзіне жауап беріп қоймайды, ол өзі де пікірін білідреді. Олай болмаған күнде әңгіме тез аяқталып қалады да, әрі қарай әріптестер сөйлесе алмайды. Монолог түрінде сөйлеуге қойылатын талаптарды оқу сатылары бойынша былай деп көрсетуге болады.

        Оқытудың алғашқы сатысында: алдын-ала дайындалмай-ақ өтіп жатқан тақырыпқа байланысты өз ойын айта білу, қысқаша хабар айтып бере алу, қарапайым мәтіндердің мазмұнын өз сөзімен айтып беру.

     Оқытудың ортаңғы сатысында студенттер бастапқы сатыда үйренген іскерліктері мен дағдыларын одан әрі жетілдіре түсуге тиіс. Монолог түрінде сөйлеуде  ортаңғы саты студенттерінің іскерліктері мен дағдыларына мынадай талаптар қойылады: оқыған немесе тыңдаған мәтіндердің мазмұнын айтып беру, тақырып немесе жағдай бойынша алдын-ала дайындықсыз сөйлей білу, естіген оқиғаға өзінің қатынасын, ойын таныс сөздер мен грамматикалық материалды қолдана отырып айтып беру.

      Оқытудың жоғары сатысында студенттер   сөзді және өткен грамматикалық материалды қолдана отырып, әдеби сөйлеу тіл нормасымен монолог түрінде сөйлей білуге тиіс. Өз сөзінде студенттер модальды сөздерді де қолданады. Оқыған немесе тыңдаған мәтіндердің мазмұнын, өткен тақырып бойынша хабар айтады, өткен тақырыптар мен оларға жақын тақырыптарға арналған оқулық диафильмдер мен кинофильмдерге түсінік береді, қарапайым мәтіндерге реферат жазып, кейіпкерлерді сипаттайды, оқыған (тыңдаған) мәтінге баға береді.

      Оқытудың  алғашқы сатысында студенттердің сөзі негізінен алдын-ала дайындалған сөз болады. Алайда дайындалмаған сөздің кейбір элементтері (қысқаша бейнелеу, толықтыру, қарапайым баға) оқытудың алғашқы кезеңінен бастап дамытылуға тиіс. Бұл сатыда ақпараттың негізгі көздері – мұғалімнің сөзі, суреттер (суреттер сериясы), фланелеграф, күйтабақтар.

      Оқытудың  ортаңғы сатысында түрлі тілдік құралдарды қолдана отырып, дайындықсыз, өз бетімен сөйлеуге үйрететін жаттығулар саны арттырылады. 

       Оқытудың жоғары сатысында оқу мен сөйлеуге үйрету қатар жүргізіледі. Сөйлеу барысында студенттер өз ойын дәлелдеуге дағдыланады.        

      Сөйлемдер  мағынасына, формасына қарай болымды, болымсыз болып бөлінетіні белгілі. Етістіктің болымсыздық категориясына арналған еңбектер біршама. Мәселен, Р.Әміровтың, М.Балақаевтың, Н.Оралбаеваның, Т.Әбдіғалиеваның, О.Төлегенованың, М.Жүкенованың еңбектерін студенттерге болымсыз сөйлемдерді меңгертуде басшылыққа алынды. Сөйлеу тілінде тек болымды хабар ғана кездеспейді, сонымен қатар болымсыз хабар да кездеседі. Сол себепті студенттерге болымсыз сөйлемнің жасалу жолы туралы толық ақпарат берілуі қажет.

      Тілімізде хабарлы сөйлемнен кейін жиі кездесетін сөйлемнің бірі – сұраулы сөйлем. Қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлем жан-жақты толық зерттелген деп айтуға болады. Мәселен, М.Балақаев «Сұраулы сөйлем деп басқа біреуден негізінде жауап күту мақсатымен айтылған сөйлемдерді айтамыз», – деп анықтама бере келе, сұраулы сөйлемдерге қойылатын сұрақтардың мазмұнының әр түрлі болуына орай бес түрге бөледі:

      1. Ашық сұрақ.

      2. Қарсы сұрақ.

      3. Күмәнді сұрақ.

      4. Таңырқаулы сұрақ.

      5. Риторикалық сұрақ [1, 11].

      Ал Р.Әміров сұраулы сөйлемді қызметі жағынан:

мағынасына қарай:

      Екі ғалымның пікірлеріне тоқтала отырып, студенттерді осы сұрақтардың  арасынан мына сұрақтарды бір-біріне қоюға дағдыландыруға болады:

·     ашық сұрақ;

·     қарсы сұрақ;

·     күмәнді сұрақ;

·     таңырқаулы сұрақ;

·     риторикалық сұрақ.

       Осы сұрақтардың мағынасын толық түсінген соң, студенттер өздері мынадай диалог құрастырды:

                                         

Йозеф Шумпетер

   Атақты экономистердің ішінен кәсіпкерлікке ең көп көңіл бөлген қандай атақты экономист-кәсіпкерді білесіз? (ашық сұрақ)

    Ал сен  өзің білмейсің бе?  (қарсы сұрақ)

   Менің ойымша, австриялық Йозеф Шумпетер емес пе екен? (күмәнді сұрақ)

  Дұрыс айтасыз. Йозеф Шумпетер Австрия республикасының қаржы министрі, Венаның жеке меншік банктерінің президенті болған. Бірақ ол басқарған банк банкротқа ұшырған.

  Шынымен,  Йозеф Шумпетер басқарған банк банкротқа ұшырады ма? (таңырқау сұрақ)

– Иә. Тіпті Йозеф Шумпетер ұзақ жылдар бойы банктің қарыздарын өзінің профессорлық жалақысымен төлеп отырған.  Ал сен басқарған банк банкротқа ұшыраса, осы тығырықтан шығу үшін қандай амал, іс-әрекет жасар едің, қандай шешімге келер едің? (Риторикалық сұрақ) [2, 36-39].

      Тапсырманың мақсаты:  Студенттерге мамандықтарына сай танымал экономистер туралы ақпарат бере отырып, қазақша сөйлеуге дағдыландыру.

      Тапсырманың тиімділігі: Тіл үйренушілер болашақ кәсібіне сай ақпарат ала отырып, қазақша ойлауға дағдыланады; серіктесін әңгімеге тартып, кез келген жағдаяттан шығудың жолдарын іздестіре отырып, шешен сөйлеуге қалыптаса бастайды.     

     Жоғары  белсенділікті дамыту әдістерін қолдану  практикалық  икем-дағдылардың  қалыптасуына жағдай жасауы қажет, ол практикалық тапсырмалардың, мысалдардың, өмірлік жағдаяттардың шешілу мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Бұл әдістер мына жағдайлармен ерекшеленеді:

        еріксіз түрде белсенді ойлау, белсенді сөйлейтін болуы қажет;

        студенттердің оқыту әрекетіне (бүкіл сабақ барысында) жеткілікті түрде ұзақ уақытқа дейін назарын аударту;

 – уәждеменің жоғары дәрежелілігі;

 – студенттер мен оқытушы арасындағы тұрақты іс-әрекеттің болуы.  

      Сабақтар ойын түрінде өтеді, яғни демалу мен көңіл көтеру арқылы еркін түрде жүргізіледі.  Оқытудың  жалғастарушы  кезеңінде, әсіресе, оқытудың  осы  түрі тиімді.

 Жалғастырушы кезеңде қазақша сөйлеу тілін игерген студенттер оқиды. Бұл  деңгейдегі  студенттер  сөйлеу  тілін  жақсы  білгенмен, олардан   кәсіби қарым-қатынас кезінде білгендерін жүзеге асыруды талап еткенде, тұйыққа  тірелетін  сәттері болады. Бұның  негізгі   себебі – терминдерді  білмеуі, кәсіби тақырыпқа  қарым-қатынас  жасау  тәжіребесінің  жоқтығы, практикалық тапсырмаларды шешу дағдысының болмауы.

 Жоғары белсенділікті дамыту әдістерінің көмегі арқылы студенттер білім алады, әлеуметтік және интеллектуалдық дағдыларын дамытады, сыни көзқарастарын қалыптастырады. Жоғары белсенділікті дамыту әдісі өзара қарым-қатынаста болу, әрекет ету дегенді білдіреді немесе әңгемелесу, біреумен сұхбаттасу, өзара  бірлескен  оқытуды  бейнейлейді. Бірлескен  түрдегі  оқыту: студенттер мен  оқытушы  оқытудың субъектілері болып табылады, өз білімдері мен оқытушы оқытудың субъектелері болып табылады.       

       Сонымен, оқытудың жоғары белсенділікті дамыту әдістері – бұл танымдық және қатысымдық іс-әрекетті ұйымдастырудың арнайы түрі, бұл тұста тіл үйренушілер танымдық іс-әрекетке тартылады, өз білімдері мен ойлары турасында түсіну мен талдай білу мүмкіндіктеріне ие болады. Жоғары белсенділікті дамытудың мақсаты – оқытушылардың өзін-өзі ұстай білу дағдысын жақсарту мен өзгерту болып табылады. Оқытушы тек қана білімді насихаттаушы емес, ол студенттің дербес шығармашылық жұмыстарына кеңесші, көмекші, іс-әрекетін ұйымдастырушы, бастаушы ретінде көмек береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Балақаев М. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: «Арыс», 2008.

2. Ныязбекова К. Кредиттік технология жүйесінде кәсіби лексиканы оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – Абай атындағы ҚазҰПУдың «Ұлағат» баспасының баспаханасы. – Алматы, 2013. – 192 б.