Ұлттық құндылықтардың тәрбиеде алар орны

 

Бүгінгі таңда оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Ал ұлттық мәдени құндылық дегеніміз не? Ол әр ұлттың өзіне тән салт-санасы, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы. Яғни ғасырлар бойы жинақталған рухани және материалдық құндылықтары. «Адамға ең әуелі білім емес тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби.  Қазір XXI ғасыр білім мен ғылымның заманы. Бірақ күшімізді білім мен ғылымға салып, тәрбиені соның ішінде ұлтық тәрбиені ұмытар болсақ, ұтылғанымыз.  Өйткені, білімді болғанымен, ұлттық мәдениетті бойына сіңіре алмаса ол адам ұлт алдында мәңгүрт, халық алдында пайдасы жоқ азаматқа айналмақ. Мәде­ниет демекші, тәрбиелі қауым мәдениетсіз болуы мүмкін емес. Ал білім, ғылым, мә­де­ниет нағыз қазақы тәрбиемен арқау­ланса, өркениет­тің шыңына даңғыл жол салынбақ.
Ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешен­дік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтел­дер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер, ізгілік сынды сапалық белгілер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттары болады.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді. Сондықтан рухы асқақ, іргесі берік ел боламын десек, ең бастысы ұрпақ тәрбиесіне оның біліміне жете көңіл бөлгеніміз жөн. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгізген М. Жұмабаев болатын. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» \1\.

         Ұлттық тәрбие кезінде ұлттық сананы қалыптастыру ең басты алғышарттардың бірі. Бүгінгі таңдағы жаһандану заманында Батыс өркениетінің барлық мәдениетін көшіріп алмай, тамырын басып, өз ұлтымызға керегін алып, керексізін ысырып тастауымыз қажет.

Батыстың экономикалық, технологиялық салада жеткен жетістіктерінен үлгі алсақ, керісінше салт-санамызда, ұлттық мінезімізде берік орын алған адамгершілік, ізгілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды мінездерімізді жоғалтпауымыз қажет. Және бұл қасиеттерді кейінгі ұрпақ бойына сіңіре білуіміз керек. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. \2\

Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өнер-білімді игеруі өскен ортаға, тәрбиеге ғана емес, үлгі-өнеге берер ұстазға, отбасындағы тәрбиеге де байланысты. Осы орайда Абай атамыздың мына сөздері ойға оралады: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Сондықтан баланың күнделікті көрген-білгені мен көңілге тоқығанына баса назар аударуымыз қажет. Өйткені, ғаламтор мен теледидардан көргенін бала тез қабылдайды. Өскелең ұрпақ жас шыбық тәрізді. Қалай бағыттасаң, солай өседі. Бүгінде электронды бұқаралық ақпарат құралдарында баланың психологиясына кері әсер ететін, қатыгездікке тәрбиелейтін өнімдер өріп жүр. Солардың алдын алмай, тәрбиені дұрыс бағыттамай өркениетті қоғамда ұлт болашағын ойлайтын тұлғаны тәрбиелеу мүмкін емес.

Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету – басты міндетіміз.

Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін үнемі есте ұстауымызды ескерте келе, былай деп жазады: «Бес арыстары­мызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстан­да тұратын әрбір адам өзін осы елдің пер­зенті екенін сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше, біздің жұмы­сымыз ілгері баспайды». Демек, мектеп қабырғасында жүрген балаға елдің өткен мен кеткенін қозғап, тәрбие сағаттарында қазақ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлестерін айтып түсіндіру арқылы оқушылар­дың адами құндылық қасиеттерін қалып­тастыра аламыз. Тәрбиенің түп қазығы тәрбие берер ұстазда. Демек, ұлт қамын ойлайтын азамат қалыптастыруда ұстазға да артылар жүк ауыр.

Ұлттық тәрбиенің маңыздылығын айтып түгесу мүмкін емес. Ұлттық тәрбиенің жүзеге асуы ұлтымызға ұстын, болашағымызға бағдар болары анық.

Боранбаева Шолпан

педагог

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.

2.  Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // Егемен Қазақстан