Филологические науки/1. Методика  преподавания языка и литературы

 

Филол.ғ.к. Советова З.С.

Алматы энергетика және байланыс университеті, Қазақстан

 

ТІЛДІ КӘСІБИ БАҒДАРЛЫ ОҚЫТУДЫҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ

 

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. ...Білім берудің жаңа әдістеріне көшу... сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет. Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту» [1, 6], - деп, оқыту мәселесіне ерекше мән беру қажеттілігі атап көрсетілген. Білікті де білімді мамандарды даярлау, жас ұрпаққа сапалы білім беруді жан-жақты игеру, соның ішінде қазақ тілін студенттің кәсібіне сәйкес байланыстыра жетілдіріп, өз кәсібіне қатысты лексиканы меңгертіп, тікелей мамандықпен байланыстыра оқыту – жоғары оқу орындары үшін өзекті мәселе. Осыған байланысты ЖОО-да мамандар даярлаудың сапасын арттыру мәселесі бойынша отандық ғалымдардың зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Атап айтқанда, қазақ тілін мамандықпен байланыстыра  оқытудың  әдістемесімен  айналысып  жүрген  ғалым Р. Шаханова былай дейді: «Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқыту әдістемесін оқытудың қазіргі жаңа технологиясына байланысты жаңалықтармен байытып, жаңа әдістемелік идеялармен толықтырып, әдістеменің жаңарған түрінің жасалуына негіз болады» [2, 6]. Мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау, коммуникативтік қажеттілікті қамтамасыз  ететін  ерекшелік  екендігін  ғалым  Қ. Қадашева: «Арнайы оқу мәтіні, негізінен, мамандықтары бойынша дәріс және арнайы курстар оқылатын оқулықтардағы тақырыптар негізінде құрастырылуы керек. Мұндай тұрғыдан келу үйренушілердің болашақ мамандығына жақын қазақ тілінде сөйлеуге үйрену процесінде мүмкіндігінше жоғары уәждеме тудырады» [3, 123], - деп атап көрсетеді.

Тілдік білімді студенттің саналы әрекетін дамытатын, өмірлік қажеттілігіне жарататын тетікке айналдыру – біріншіден, өзіндік көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, кәсіпке бейімделу, жаңа кәсіби мамандық саласына қатысты мәселелерді түсіну, қабылдау, тілдік қарым-қатынас жасай алу  қабілеттерін  дамыту  бүгінгі  күн  талабынан  туындайды. Бұл мемлекеттік тіл – қазақ тілі пәнін оқытуда студенттің кәсіби лексикасы мен терминдік қорын қалыптастыруға басымдылық беруді талап етеді [4, 99].

Ғалымдар пікірлеріне сүйене отырып, болашақ маманды кәсіби мамандыққа қатысты тілді меңгертуге арналған мәтіндердің өзіндік ерекшелігі болуы тиіс:

- мәтіндер арқылы оқыту кешенінің төрт түрін (оқылым, жазылым, тыңдалым, сөйлесім) қалыптастыру;

- оқытылатын мәтіндер арқылы білім алушының мамандығына қатысты терминдерді меңгерту;

- терминдер арқылы тіл үйренушінің сөздік қорын байыту;

- білім алушының мамандық тіліне қатысты білімі мен тілдік дағдысын арттыру;

- өз мамандығына қатысты салада қазақша сөйлеу дағдысына машықтандыру.

Әр терминді өз орнына дұрыс қолдана алатын, өз ойын дәлелді, тұжырымды жеткізе білетін білімді маман даярлау үшін тіл дамыту жұмыстарының алатын орны ерекше. Тіл дамыту жұмыстарының барлық түрі лексикалық материал негізінде тіл үйренушілерге мәтіннің мазмұнын игеру барысында жүзеге асырылады.

Сөз мағынасын ашуда төмендегідей әдіс-тәсілдер қолданылады:

 - терминдердің қазақша баламасын, ең алдымен, өздеріне аудартып, кейін сөздіктегі нұсқасымен салыстыру;

- мағыналас сөздермен алмастыру;

- қарсы мәндегі сөздерді табу;

- айтылуы бірдей, мағыналары әртүрлі сөздердің мағынасын ашу;

- терминологиялық түсіндірме сөздіктің көмегімен терминдердің мағынасын түсіну.

Студенттерге оқылым әрекетімен қатар мәтін бойынша сұрақ-жауап арқылы тілдесім әрекетіне, жазбаша жұмыстарды жазғызу арқылы жазылым әрекетіне, мәтін оқумен бірге тыңдалым әрекетіне, мәтін туралы өз ойын жеткізу арқылы айтылым әрекетіне үйрету көзделеді. Осы жайт туралы техникалық жоғары оқу орындарында   қазақ   тілін   оқыту   әдістемесімен   айналысып   жүрген   ғалым Р. Шаханова төмендегідей пікірімен сабақтастырады: «Мәтін тілді оқытуда негізгі құрал болып табылатындықтан, ол арқылы тіл әрекеттерінің бәрі жүзеге асырылады. Олар: оқу, жазу, тыңдау, сөйлеу. Мәтінмен жүргізілетін жұмыстардың бәрі де аталған тілдік әрекеттерге соқпай кетпейді, тілдік қаракет тек солар арқылы ғана орындалады. Осыларға жатыққанда, дағдыланғанда ғана, студент қазақша қарым-қатынас жасай алады» [2, 225].

Кәсіби бағдарлы мәтіндерді меңгерту арқылы студентті болашақ мамандығымен кеңірек таныстыруға мүмкіндік туады. Студенттердің өзі білім алатын мамандығына қатысты берілетін мәтіндерді қызыға оқитындығын тәжірибеден байқап жүрміз. Мәселен, энергетика   саласы   бойынша   жазылған   М.М. Төлеуп,  С.Х. Дүкенбай   мен   А.И. Тілембекованың авторлығымен құрастырылған энергетика және байланыс мамандықтарында оқитын студенттерге арналған «Қазақ тілі»  оқу құралы – тілді мамандық бойынша оқыту құралдарының бірі. Оқу құралында берілген лексикалық тақырыптар, жаттығу жұмыстары мен тіл дамытуға қатысты тапсырмалар студенттің болашақ мамандығын жақын танып-білуге ұмтылдырады. Мысалы, ең алдымен, оқу құралының 13-бетіндегі «Электр энергетикасы» мәтінін оқытылып, аудартылады. Мәтінді аудармас бұрын, дидактиканың жеңілден ауырға деген принципіне сүйене отырып, мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестері аудартылады. Студенттер мамандығына қатысты мәтіннің мазмұнын түсіну үшін, берілген мәтінге сәйкес жұмыс түрлері мынадай бағытта жүргізіледі: мәтін ішіндегі түсінуге қиын сөздерден сөздік түзу, мәтін бойынша сұрақтар немесе мәтіннің мағыналық бөлімдеріне жоспар құрастыру. Сонымен қатар мәтінді өткен кезде тақырыптың  жүйелілік, логикалық байланыс жағы да ескеріліп, студенттердің  есінде сақталып қалу үшін  лексикалық қайталаулар жүргізіледі. Мұндай жұмыс түрлері мәтін мазмұнын жақсы түсінуге көмектеседі.

Студенттерге энергетика терминдерінің лексикалық мағынасын түсіндіру жағы қарастырылады. Ол үшін тақырыптың мазмұнына сәйкес тапсырмалар беріледі. Белгіленген сөздерге қарама-қарсы мәндегі сөздерді, ал асты сызылған сөздерге мағыналас сөздердi тауып жазу арқылы студенттердің сөздік қоры байиды: Тұрақты ток генераторлары кең тараған. Бірфазалы индукциялы реттеуіштер сирек қолданылады. Үшфазалы трансформаторлардың орамаларын (обмотка) қосу. Болаттың электрмагниттік өткізгіштігі жоғары. Екіншісі – теріс зарядталған. Ом заңы бойынша құйынды токтың күші азаяды. Термоэлементте қыздырғыштың ішкі энергиясы электр энергиясына түрленеді. Өткізгіштердің көлденең қимасы бірдей. Тізбекте жүріп жатқан ток арқылы магниттік ағын тұйықталу кезінде өседі.

Сондай-ақ омонимдер сөздігінің көмегімен «Энергия көзі, ток көзі, электр күші, ток күші, электр өрісі, тұтынылатын (потребляемая) қуат» тіркестерінің мағынасын түсіндіріп, сөйлем құрату жұмыстары беріледі. Сөздің құрамы, тұлғасы ешбір өзгеріске түспейді, өзгеріс тек сөздің мағынасында ғана болады. Сөз тілдегі бұрынғы қолданылып жүрген мағынасына жаңа мағынада қолданыла бастайды. Тіл дамытуға арналған тапсырмаларда қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер, терминологиялық түсіндірме сөздіктер қолданылып, әрбір терминнің мағыналарына түсініктеме беріліп отырылады. Синонимдер, антонимдер және омонимдер сөздігін пайдалану да тіл дамытуда өте маңызды қызмет атқарады. Өйткені бұл сөздіктер білім алушының сөздік қорын байытатын бірден-бір құрал болып табылады.

Төмендегі тірек сызба негізінде де, бол, ет көмекші етістіктерін пайдалана отырып, «Электр энергетикасы» тақырыбына диалог құрастыртуға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Көп нүктенің орнына тиісті жалғауларды қойдыртып, сөйлемдерді аудартуға болады: Электр машиналары электр стансалары..., өндіріс..., авиация..., автоматты басқару және реттеу жүйелері..., тұрмыс... кеңінен қолданылады. Олар механикалық энергия... электр энергиясына және керісінше электр энергиясы... механикалық энергияға түрлендіреді. Механикалық энергияны электр энергиясы... түрлендіретін машина генератор деп аталады. Электр энергиясын механикалық энергия... қозғалтқыш арқылы түрлендіреді.

Міне, осындай тапсырмаларды орындау барысында тіл үйренуші терминдік қорды игере отырып, меңгерген терминдердің мағынасын, аудармасын, қолданыс аясын айыра білуге үйренеді. Сабақ барысында техникалық жоғары оқу орындарының 5В071800 - «Электр энергетикасы» мамандығында білім алатын студенттер мәтін мазмұнын түсініп оқып, қабылдау, сұрақ қоя білу, оларға жауап беру, тақырып бойынша диалог түріндегі сөйлеу әрекетін жүзеге асырып, пікірталасқа қатысып, өз пікірін білдіру, өзгенің пікірімен келісу, келіспеу, қарсылық білдіру, өз пікірін жақтау дағдылары мен біліктеріне ие болады. Мәтінмен жұмыс істеу барысында тіл үйренуші кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, тілге деген қызығушылығының артуына, кәсіби лексиканы меңгеруіне машықтанады.

Қорытындылай келе, кез келген тіл үйренуші сол тілде өз ойын жеткізе алатындай дәрежеде игеру мақсатын көздейді. Осыған байланысты тіл үйренушінің мамандық тіліне қатысты білімі мен тілдік дағдысын арттыру барысында қазақ тілі пәнінің маңызы зор. Себебі кәсіби тілді меңгеруде тіл үйренуші өз ойын дәлелді, тұжырымды жеткізе білуге, мәтіндерді қос тілге аудара білуге, кәсіби терминдерге анықтама беруге, олар арқылы мәтін құрастыра білуге, жалпы айтқанда, өз мамандығы бойынша қарым-қатынас түрлерін құрастыра білуге дағдыланады.

 

Әдебиеттер:

1.    «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан   халқына   Жолдауы  //  Егемен   Қазақстан,   №828-831 (27902),      15 желтоқсан, 2012.

2.   Шаханова Р. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлiмдерiнде қазақ тiлiн мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдiстемелiк негiздерi: Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. -Алматы, 2002.

3.   Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. -Алматы, 2001.

4.   Қасым Б. ЖОО-да қазақ тілін кәсіби мамандыққа сәйкес оқытуда жаңа технологияны қолдану // Білім, №3, 2013.

5.   Төлеуп М., Дүкембай С., Тілембекова А. Энергетика және байланыс мамандықтарына арналған қазақ тілі: Оқу құралы. -Алматы: АЭжБИ, 2001.