Оразбаева А.С., ф.ғ.к., Аджибаева Г.М., магистрант
А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан, Қостанай
қ.
ШЕШЕН ТҰЛҒАСЫ МЕН ТАЛАНТЫ
Шешендердің аса бай
теңеулермен сөйлейтіндігі тегін емес. Қара сөзді
сапырып сөйлеп үйренген қара сөзбен-ақ адамды
жылатып, қаласа күлдіре алатын шешендік өнер жолын
қуған жан үшін осы өнерге деген талант, өмірлік
тәжірибеден жиған білім, оны іске асыратын білік қажет. Оның
бойында осылардың біреуі болмаса, онда ол шешен емес. Білім мен білік
кісіні шешендік өнердің биігіне жеткізе алмайды, себебі оның
бойында шешендік талант болуы керек. Талант пен білімді дамытатын нәрсе –
білік, дағдысы, бай тәжірибе нәтижесінде
қалыптасқан білігі жоқ кісі қанша талантты
болғанмен, өзінің де, сөзінің де берекесі болмайды.
Зерттеуші-ғалым Ж.Дәдебаевтың атап көрсетуінше: «Шешен
болам деген кісінің бұл үш дара қасиеттің аясында
атқаратын бірнеше басты міндеті бар: әрбір нақты
құбылыс туралы
а) айтар ойды ойлап табу; ә)
ойлап тапқан ойды жұртқа жеткізудің жүйесін,
сәтін анықтау; б) ойлап тапқан ойды жұртқа
жеткізудің тиімді тілдік құралдарын талдап, талғау; в)
осының бәрін ойда қорытып, есте ұстау; г)
ақырында белгілі құбылыс туралы көңілде
пісіп-жетілген ойды ойдағыдай айту. Аталған міндеттердің
әрқайсысын орындау үшін шешенге жоғарыдағы
айтылған үш қасиет – тума талант, білім мен білік – бірдей
қажет» [1 , 50].
Шешеннің таланты
тапқырлықтан туып, шеберлікке ұласады. Шешен талантының
ерекше қасиеті – ақылдың алғырлығы мен
сезімнің сергектігі. Ақыл, жалпы айтқанда, логикада
қалыптасқан ұғым, кез келген ғалымда болады. Ал
шешеннің туа бітті басты қасиеті алғырлығы мен
зеректігі екені белгілі. Шешендер өмірден көріп-білгенін өз
санасында сурет етіп жинақтап, сәті туған шақта
көпшілікке көркем тілмен жеткізеді. Бірақ ақыл-ойдың
тереңдігі, немесе кемелдігі мен алғырлығы – екі түрлі
категория, екі бөлек ұғым. Ғылым мен білім
ақыл-ойды арттырып, жетілдіре түскенмен, ақылдың
алғырлығына тікелей ықпал ете алмайды, алғырлық
қасиетті бере де алмайды, дарыта да алмайды, өйткені ақылдың
алғырлығын адамға табиғат қана сыйлайды.
Сезімнің сергектігі туралы да осыны айтуға болады.
Ақылдың алғырлығы мен сезімнің сергектігі
шешеннің ойын шарықтатып, қиялына қанат береді. Шешен
табиғатына тән деп есептелетін басқа қасиеттер, білім,
тәжірибе, шеберлік – бұлар шешеннің ғана емес,
сондай-ақ барша жұрттың бойына жүре келе,
еңбектің, үйренудің, тәжірибенің
нәтижесінде қалыптасады.
Әдебиетшілерді
ойландырған шешендер шығармашылығы мен билер
сөзінің орта ғасыр ойшылдарының
мұраларындағы поэтикалық, көркемдік
әдіс-тәсілдердің біртектілігі шешендердің ойлау
табиғаты мен таным-білім қасиетінің табиғи
тамырластығында, сана-сезім мен жан дүние жаратылысының біте
қайнасқан бірлігінде жатқан сияқты. Әйтеке би:
//Суалмайтын суат жоқ,// //Тартылмайтын
бұлақ жоқ.// //Құйрығы суда тұрса да,//
//Уақытысы жеткенде// //Қурамайтын құрақ
жоқ,// - [2, 48] - деп өмір көріністерін параллелдеу,
салыстыру, ұқсату арқылы суреттеп, қорытынды
түйін жасайды.
Шешендерді туғызған
дәуірлердің қоғамдық-әлеуметтік сипаты
әр дәуірдегі шешендерге бірдей міндет жүктеді: Ол – ел
тәуелсіздігі, халықтың бостандығы мен бірлігі,
ақыл-ой еркіндігі, соларға жеткізер адамдық, адамгершілік
қасиеттерді насихаттау. Осы жерде В.Г.Белинскийдің сөзі еске
түседі: «... Тіпті француз шешені Англияда, англия шешені Францияда
сөйлеп табысқа жетпес еді, өйткені олардың
әрқайсысы өз Отанында өз сөзінің
күшімен халқына билік жүргізген, үстемдік еткен» [3, 50] .
Халық
ұғымындағы өмір құбылыстарының
мән-мағынасын терең біліп немесе олардың
әрқайсысының өмірдегі нақты көріністерімен
жете таныс болып қана қоймай, өзін солардың
бәрімен біртұтас сезініп, солардың бәрін
өзінің күнделікті өмір-тіршілігінің басты
өзегі мен өлшеміне айналдыра алған, сөйтіп, ел
ықыласына өзінің әділдігімен, кеңдігімен,
биіктігімен бөленген әрі өнерпаз, әрі
ғұлама адам ғана шешен атағына ие болған.
Мұндай биікке көтерілген шешеннің сөзі билік секілді
тұжырымды, бұлтаруға жібермейтін дәлелді, ой мен
сезімге бірдей өтімді болады, түр-түсі, көркемдік
кестесі мінсіз өріліп, әңгіме болып отырған
құбылысты көзге көрсетіп, қолға
ұстатқандай әрлі де нәрлі, сәнді де мәнді
қалыпта бейнелейді. «Сөз өнерінің көне
замандардағы білгірлерінің бірі Аристотельдің байқауы
бойынша, шешендік сөздің болмыс-бітімін белгілейтін үш белгі
бар: тіл, стиль және құрылым-жүйе» [1, 15].
Шешеннің таланты мен болмысын
оның тіл қолданысынан тануға болады. Шешеннің тілінің қуаты,
тапқырлығы болмаса, Абайша айтқанда, «тас бұлақтың
суындай сылдыраған келісімге» жете алмайды. Аристотель тілдік
көркемдеу құралдарына, тілді ажарлау тәсілдеріне ерекше
көңіл бөлген. Ғалымның көркем сөз
тіліне қоятын басты екі талабы бар: оның бірі – тілдің
айқындығы, екіншісі – тілдің сәулеттілігі. Анық
сөйлеу, айқын, шынайы айту әркімнің қолынан
келмесе де, әркімге қойылатын талап осындай. Аристотельдің
айтып отырғаны жай, ауызекі сөйлеудегі айқындық емес, көркем
тілдің айқындығы, поэтикалық тілдің
анықтығы. Көркем поэтикалық тілмен сөйлеу
әркімнің қолынан келе бермейді. Поэтикалық тілмен
анық та айқын сөйлеу – нағыз шешеннің ғана
маңдайына бітетін ерекше қасиет.
Шешендер жаратылысының
тағы бір қыры – олардың кісілігі жоғары адамгершілік
қасиеттерінің мол болуы. Шешендер өз сөзі арқылы
халықты ұстамдылыққа, адамгершілікке, бейбітшілікке,
әділеттікке үндейді. Ертедегі шешендердің қызметі де
осы үндеу болған. Шешендік сөздердің мәні: халықтың рухын жану,
берекелі іске жұмылдыру, күш-жігерін қайрау, сенім
ұялату. Осы бағытта белгілі бір тұжырымдар арқылы
көңілге сенім ұялататын тілдің - көркемдік
бейнелеу құралдары бейнелі қызмет атқарады.
«Әдеби шығарма тіл
арқылы жазылса, тіл сөзден құралады. Ал әр
сөз о баста образдан туған келе-келе көп образдар
ұмытылған да, олардан туған сөздер ғана қалған.
Сондықтан образды тіл деген
ұғымды жаңалық деу қиын. Бұл - әр
сөздің табиғи қасиеті» [4, 199]. Академик
ағамыздың осы ойын шешендер шығармашылығы толық
дәлелдейді. Шешендік сөздерде образдылықтың ішкі сырын
ашатын түрлі түрленулерді шебер қолданады. Халық
тілінің телегей-теңіз бай-қазынасын әр
сөздің мәні мен мағынасындағы
ұланғайыр өзгерулер мен өңденулерді, ауысулар мен
алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл,
тапқыр пайдаланады. Қазақ халқының тілі, жан
дүниелік менталитеті шешендік өнердің нағыз
күретамыры. Шешенің тіл қолданудағы шеберлігі образдар
жүйесімен сөз бейнелеу тәсілдерімен, көркем сөз
қорымен ерекшеленеді. Осы фактор қазақ шешенінің
бейнелеу, көркемдеу жүйесін қалыптастырып көркем
ойлауының ұлттық ерекшелігін анықтауға негіз
болады. Сөз бен тілдің көркемдік қуаты стильдің
құрамдас бөліктері арқылы ашылады.
Шешендердің күнделікті
ісі олардың ақыл-ойы асқан данагөйлігімен, қара
қылды қақ жарған әділдігімен, ойға
ұшқыр, жөнге жүйрік шығармашылық тапқырлығымен
бағалы. Ойы мен сөзі қабыспаған, ақылды
қозғамаған, сөзі бір басқа, ісі бір басқа
болып шығып жатқан шешен сөзін халық
қабылдамаған, ондай сөз иесін халық шешен деп
бағаламаған. Сұрақ қою арқылы
шешеннің ақыл-ойының, шешендік өнерінің жетілуіне
ықпал еткен. Шешендік өнерге, шешеннің өнеріне
қойылатын халық, әлеумет талабының, заман
талабының осындай сипатты шешендік өнерде, шешеннің
өнеріне ақыл-ой туралы суреткерлік идеяның жан-жақты
өнеріне ақыл-ой туралы суреткерлік идеяның жан-жақты
әрі терең дамуына жағдай туғызды.
Бұрынғы шешендік
сөздер тақырыптық-мазмұндылығы жағынан,
тілінің қуатты, көркем, мәнділігі жағынан
қазіргі шешендік сөздерден бір де бір кем түспейді,
бұлар қашанда құнын жоймас асыл сөз
қазынасы.
Шешендер шығармаларының
өзара ұқсастығымен қатар, кейбір ерекшеліктері байқалады.
Ол шешендердің өмір сүру дәуіріне байланысты
саяси-әлеуметтік мәселелерге заманға сай шешім айтуында болса
керек.
Шешендік өнер,
сөздің қиюын келтіріп айту ғана емес, ол – ойды бабына
келтіріп байыптау, тұжырымдау, тартымды айтылған сөз сенімді айтылған
дауыс ырғағы арқылы тыңдаушы көңілінен
шығу әдісін қолдану шеберлігі. Шеберлік, яғни сөз
қолданудағы тапқырлық, бейнелегіш, суреттегіш
құралдарды дәлдікпен қолдану. Шешендер
халқымыздың сөз байлығын тапқырлықпен
тілдесу өнері деңгейіне жеткізіп, қанша халықты,
соның ішінде өзімізді де, тамсандырды. Осындай да Үмбетей
жыраудың «Шешендік жолын тұтындың, үш ауыз сөзбен
құтылдың» [5, 77] деген жолдары ойға оралады.
Шындығында шешендер өзінің қара басын үшін
сөйлеген жоқ, сөзбен әлеуметтік жағдайдың
кемшін тұстарынан тепершік көргендердің ісін
оңдауға, қазақ қонысын кеңейтуге атсалысты.
Осы істің басы-қасында жүріп әділдікті жақтады.
Әділдік әлсіз болмау үшін шешен шеберлігі қажет еді.
Шеберлік – шешендік өнерінің әдістерінің бірі. Шешендер
әдептілік негізінде сөйлеу мәдениетін қалыптастырып,
шығармашылық ойлау барысында шеберліктің үлгісін
жасады. Шешендер шындықпен тыңдарман көңілінің
шыңына шығу үшін шеберліктерін шыңдап отырған.
Шыңдалған шеберлік, шеберлік ықпалында жасалған
тапқырлық дау шешуде дауласушыларды уәжге тоқтатты,
қарсыласын қақырата сөкті.
Табиғаттың тылсым
сырларын ашуда шешеннен шебер жан жоқ шығар. Әр сөзді
қиынан қиыстырып әкеп өз дегеніне көндіріп,
ұршықтай шиыршық айналдырып қою шешеннің шеберлігі.
Әдебиеттер
1. Дәдебаев Ж. Бөлтірік
Әлменұлы және қазақ шешендік өнері. -А., 1996.
2. Билер сөзі. -А., 1992. -78
б.
3. Белинский В.Г. Шығармаларының
толық жинағы, ІІ том. М., 1953. -172 б.
4. Қабдолов. Таңдамалы
шығармалар. -А., «Жазушы», 1983. -89 б.
5. Ай, заман-ай, заман-ай. І том.
Құрастырған Мағауин М. Байдилдаев М. -Алматы, «Жазушы», 1991. -85 б.