Оразбаева А.С., ф.ғ.к., доцент, Абдрашева А.Қ., ҚМУ
магистранты
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан
Ғ.
МҮСІРЕПОВТІҢ «КҮНДЕЛІГІНДЕГІ» ӘДЕБИ
ОЙ-ТОЛҒАНЫСТАР
Көркем
шығарма жазуға әр жазушының әртүрлі жолмен
келетіні, әрқилы әдіспен даярланатыны мәлім. Ең
алдымен, қаламгер өзінің үлкенді-кішілі
шығармасына негіз боларлық материал жинайды. Кейбірі
шығармаға қажетті ондай деректі басында ұстаса, кейбір
жазушылар есінде сақтаумен қатар шығармасына қажетті
материалдарды алдын ала қағазға түсіріп отырады.
Болашақ қаламгерлер болашақ кітабына керек болар деген оймен
жүйелі түрде күнделік жазып жүреді. Ал, кейбір
қаламгерлер өзінің жазушылық жұмысына қажет
деген материалдарды қойын дәптерге жазып қояды. Осындай
қойын дәптерлер қазақ әдебиетінің классигі
Ғабит Мүсіреповте де болған.
Әсіресе
ұлғайған шағында, өзінің
шығармашылық еңбегіне қажетті деген қыруар деректерді ол қойын дәптерге
мұқият түрде түсіріп отырыпты. Кейбір табан аузында
басына келіп қалған ой-пікірлерді де жазып тастаған [1, 274
б.].
Күнделік - әр күнгі оқиғаны, жай-жағдайды тізіп
отыратын жазу дәптері. Күнделік болған
оқиғаның ізімен күнбе-күн жазылатындықтан,
нақтылық, деректілігі мен адамның өзі
көрген-білген нақтылы жай-жағдайдан, болған істен
алған әсерін танытатын сыршылдық сипатымен де айрықша
құнды болады. Әдебиет қайраткерлерінің
күнделігінен дәуір тынысын, қоғамдық
қарым-қатынастарды, әр түрлі адамдардың
мінез-құлқын, іс-әрекеттерін байқататын
көптеген деректер, ой-түйіндерді табуға болады [2, 199 б.].
Ғ.
Мүсірепов - алдымен жазушы. Ол өзінің әдеби пікірлерін
көбіне осы шығармашылық жұмысына орай, жазушылар
ұйымының басшысы ретінде, әдеби оқиғалар,
даталарға, түрлі мерейтойларға байланысты білдіріп
отырған. Тәкәппар, сырбаз суреткер кез келген әдеби
мәселеге араласа бермеген. Өзі сол мәселеге тікелей
қатысты болса, не тақырып көңілінен шықса
ғана ойын білдірген. Оның
үстіне уақытты көп жейтін шығармашылық
жұмыс, түрлі қызметтер де жазушының әдебиет жайлы
ой-пікірін толық жарыққа шығаруына мүмкіндіктері
шектеулі болған. Сол себептен де суреткер әр кезде ойға
келген әдеби ой-пікірлерін қойын дәптеріне жазып қоя
беріпті. Қысқа да нұсқа, нақтылы жазылған
сырлы жолдар, мүмкін, болашақта жазылар үлкен сын-зерттеу
мақалалардың эскизі, ой қызығы да болар [3, 260 б.].
«Күнделіктегі»
материалдар мен тақырыптар сан-салалы, әр алуан. Бірақ
ең қызықтысы, әрине, жазушының әдеби
ой-толғаныстары. Әдебиеттің қаншалықты
құнды екендігіне қайта-қайта баса назар аударады.
Ғабеңнің ойынша, «Сөз
қасиеті-көркемдігінде, ой қасиеті-шындығында» [1, 183
б.]. Ол «Проза туралы бес ауыз өсиетінде» әдебиеттегі
сөздің көркемдік қасиеттерін аша түседі:
«Проза-қара
сөз емес; ырғағы бар, екпін лебі бар, өз ритмі бар,
негізгі ойыңды теңеу, бейнелеу арқылы оқушының
сезіміне дөп тигізетін көркем сөз.
Жазушы әр сөйлемінде кеткен
әрбір артық буынды, не болмаса жетпей тұрған бір буынды
сезінуге тиісті...
Ойсыз сөзде
көркемдік те жоқ. Дәл сөз, теңеу-бейнелеуі
нысанаңа аумай тиетін сөз-көркем сөз дегенің
сол!» [1, 157 б.].
Жазушының
қойын дәптерінен көркем тілге қатысты небір
құнарлы ойларды кездестіреміз:
«Көркем айтылса-ой ұлы,
ойландыра алса- көркемдік ұлы»[1, 3 б.].
«Әрбір сөздің
қыры бар, тұрағы бар, жотасы, тұрқы бар болу
керек» [1, 96 б.].
«Бейнелеу-әлденені көз
алдыңа әкелу. Дәл сөз, бояулы сөз, теңеулі
сөз, үнді, сазды сөз» [1, 125 б.].
«Тілдің бояуы
бозаңдап, қыры сынбауы керек. Қыранға айтар
теңеуді көрінген құсқа айта алмайтын
болайық. Сөздің мөлшері өшпесін, малталанбасын.
Тілді оралымсыз, көмескі етіп алмайық» [1, 123 б.].
«Көркем әдебиетте
сөз тұлғалы болумен бірге теңемелі, бейнелеулі болсын.
Әр сөз әрі тұлғалы, әрі бейнелі болса,
көркемдік содан туады» [1,175 б.].
Ғ.
Мүсірепов қойын дәптеріне болашақ
шығармасының айқын жоспарын – эскизін де түсіріп
отырған. Сондай эскиздердің бірі «Ата жәбірі» атты
болашақ шығармасына жасалған:
«Алма 7 жасқа
толып мектепке барғалы жатыр. Шағын той... Шақырылған
достар... Дастархан басында шақырылмаған жалғыз Атасы
ғана... Ол – жастармен отырмай-ақ қояйын... – деп еді; соны пайдаланып
баласы мен келіні шалды шақырмады.
Ата 2 жылдан бері осы үйде. Алманы балалар
бақшасына апарып, алып қайтып тұрады, театрға
апарады... Үй күзетеді... Алмаға ат болады....
Енді міне, Алманың бөлмесінде
жалғыз отыр... Ойлар... Жә бір... Бір кезде қызарған,
қуанған Алма шықты...
•
Ат
болайын ба? – деді атасы... (Екеуінің шылауы. Алма қайтып
тойға бармай қойды).
Баласын еркелетіп,
қалтасын құрғатпай
ақша жіберіп 15 жыл оқытып еді. Шал балаға масыл емес;
сонда да... жете ойланбайды.
Бұрын
болса – ат, сиыр... шалдікі болар еді. Алма мектепке өзі бара алар кезде
шалдан айырып әкеткелі отыр...
Ертеңіне Алманы бәрібір шал
мектептен әкетті. Алма әке-шешесіне тыйым салды. –
Бармайсыңдар!». Міне көріп отырмыз, қойын дәптерде
келешекте жазылуға тиісті шығармасының жобасы – ізі
салынған. Идеясы да айқын. Әке-бала, келін-немере
арсындағы қарым-қатынас, сезім, көңіл-пейіл
тартыстары. Осындай тақырыпқа қазіргі және кейінгі
ұрпақ – оқырман тәлім-тәрбие аларлық
тебіреніс-толғанысы мол бір шығарма жазуға жазушы даярлық
үстінде болған сияқты [1, 27 б.].
Сонымен қатар
жазушы болашақ шығармасының сюжеттерін бірнеше вариантта
қарастырып отырған. Солардың ішінде біреуін ғана
таңдаған, немесе мүлде басқаша жазған.
«Ұлпанға» қосымшалар:
1.Ұлпанның ойлары
өзінікі бола тұрса да, Есенейдің беделін пайдаланып
мақұлдатып алады.
2.Мүсірептің елге
қайтар алдында артта қалған бір мүддесі (Шынар
ғой) болғанын аңдату керек болар.
3.Өрттен кейін Ұлпан ту бие
сойғызып, қымыз алдыртып, өрт сөндіргендерді сыйлап
қайтарады да, өзі Шынар мен Мүсірептің қосына
кетеді. Қыз бозбала шақырып, бой көтеріп, үйіне
таң ата қайтады. (Әлде Шынар екеуі көк
шөмеленің түбіне жатып шыға ма? Әлде тағы бірдеңе
қосуға бола ма? Онда Ұлпанға көңіл
білдіруге елдің ақсақал адамдары келе ме?) Жолда. Таң
ата көкке шомылып шыққандай таза жарқырап, үлкен
көрініп тұрған жұлдыздар, Ұлпанға келген
ойлар. Ібікен Торсан туралы не айтып кетті? (Мүсіреп Артықбай
қайтқаннан кейін Көр... тіке барып Несібеліге
көңіл айтып қайтқан еді. Сонда еш нәрсе естімеді
ме екен?) [1, 12 б.].
Міне, Ғабит
Мүсіреповтің «Күнделігіндегі» әдеби
ой-толғаныстар осындай сипатта. Әрине шығарманы одан сайын
зерттей түссе түбі жоқ
тұңғиыққа тап болатынымыз сөзсіз.
Қаламгер әдебиетті жан –тәнімен сүйген, оған
үлкен құдіретті күш ретінде қараған.
Ғабит
Мүсірепов сияқты халқымыздың ұлы
тұлғасының жан тебірентерлік пікірлері мен тұжырымдары,
сырлары ұлтымыздың бай қазынасы болып қала береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
•
Мүсірепов
Ғ. Күнделік. – Алматы: Ана тілі, 1997 – 288 бет.
•
Әдебиеттану.
Терминдер сөздігі (Құрастырушылар: З. Ахметов, Т.
Шаңбаев) - Алматы: Ана тіл, 1998
– 384 бет.
•
Ысқақұлы
Д. Әдебиет алыптары. – Астана: Фолиант, 2004. – 350 бет