Филологические науки

 

            Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы Шошакова Ж.К.

                      Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

                          ШЫҒАРМА ТІЛІНДЕГІ ОМОНИМДАР 

 

          Қазақ тілінде сөздің құрамы жағынан лексика-семантикалық сөздер тобының басты саласының бірі - омонимдер.

       Омонимдерді алғаш зерттеушілердің бірі К.Аханов: «Омонимия құбылысын жан-жақты қарастырып, оның сырын ашудың зор маңызы бар деген. Сөздіктерде омонимдер мен полисемия құбылысының бір-бірінен жігі ажыратылмай, теріс берілуі жиі кездеседі. Бұлай болуы негізінен алғанда, омонимия құбылысы мен полисемия құбылысының зерттелінбей келгендігімен байланысты. Омонимдерді жан-жақты толық зерттеп, олардың ерекшеліктерін ашпайынша, сөздіктерде сөз мағынасының шегін дұрыс ажыратып беру әр уақытта мүмкін бола бермейді»дейді [1,13 бет].

     Омонимдер мәселесі жайында орыс ғалымдары: Л.А.Булаховский, В.В.Виноградов, Р.А.Будагов, Е.М.Галкина-Федорук, А.И.Смирницкий т.б. көп салалы зерттеу жұмыстарын жүргізді.

     Көп мағыналы сөздер мен омонимдердің сыртқы формасы жағынан бір-біріне ұқсастығы бар. Сөздердің дыбыстық құрылымы жағынан бұларды бірдей деуге болады. Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің бір-бірінен өзгешелігі түр-тұрпатында емес, мағынасында жатыр. Көп мағыналы сөздердің екі, я одан да көп мағынасы болады.

     Омонимдер біркелкі дыбысталып айтылатын, бірақ ұғымы әр басқа сөздер тобын білдіреді. Бұлардың білдіретін ұғымы бір сөз табына, әр сөз табына да дара-дара болып бөлініп жарылып тұра береді. Кейбір омонимдердің түп-төркіні жағынан белгілі бір байланысы болғанымен, мағына жағынан бір-бірінен соншалықты алшақ екендігі аңғарылады. Шығу тегі, жасалу тұрғысынан полисемия құбылысымен белгілі бір байланысы бар омонимдер ғана көп мағыналы сөздермен өзара ұштасып, бір-бірінен ажыратып бөлуге келгенде қиындық тудырады. Тіл білімінде полисемантизмді омонимдерден ажыратудың бірден-бір жолы - мағыналық байланыстың сақталуы мен сақталмауы негізгі тірек болып саналады. Егер мағыналардың арасында семантикалық байланыс  үзілмей, қалай да сезіліп тұрса, онда мұндай мағыналар бір сөздің әр түрлі мағынасы ретінде қаралып, көп мағыналы сөз деп танылады.

      Мағыналардың арасындағы семантикалық байланыс біржола үзіліп әр мағына өзінше дараланып, бір-бірінен ажыратылған болса, ондай сөздер омонимдес сөз деп қаралады.

      Тіліміздегі сөздердің мағыналық дамуы - олардың ішкі мүмкіндігіне байланысты өзіндік заңдылықтары мол күрделі құбылыс. Бұл құбылыстың бір көрінісі - гомогенді (бір текті) омонимдердің пайда болуы. 

      Гомогенді омонимдер - дегеніміз о бастағы шығу тегі бір, түбірі де, мағынасы да бір сөздің сапалық дамуы нәтижесінде бір-бірінен алшақтай түсіп, тақырыптық екі салаға, екі дербес мағынаға ие болған лексемалар.  

        Алайда, омонимия құбылысы қаншама зерттеліп келе жатса да, оның күрделі табиғатына тән заңдылықтардың қыры мен сыры түгел ашылды деп тұжырым жасауға болмайды. Омонимдердің табиғатын қарастыратын еңбектерде көбінесе дау туғызатын және өз шешуін айқындауды қажет ететін мәселелердің бірі-омонимдердің тілімізде пайда болу тәсілдері. 

       Зерттеушілердің бір қатары омоним сөздер деп танылу үшін омонимдік қатарға енетін сөздер өздерінің шығу тегі жағынан гетерогенді (әр текті), яғни тұлғалық ұқсастығы мен сәйкестігі кездейсоқ болуы керек деген принципті ұстанса, енді бір топ зерттеушілер тілде гомогенді (бір текті) омонимдердің болуы да заңды деп тұжырымдайды.

      Сонымен, жалпы тіл білімінде, сондай-ақ жеке тілдердің фактілері бойынша омонимия құбылысы туралы қалыптасқан пікірлердің үш-төрт топқа саятындығын көреміз. Олар:

1.  Омонимия тіл-тілдердің бәріне тән, ұқсас әрі ортақ құбылыс.

2. Омонимдер тек әр текті (гетерогенді) сөздерден және күтпеген жерден (спонтанно) пайда болатын құбылыс.

3. Омонимдер сонымен қатар, бір текті (гомогенді) cөздерден де пайда болатын тосын құбылыс.

4. Омонимдер екі түрлі жолмен:

      Гетерогенді (әр текті) сөздерден және (бір текті) гомогенді сөздердің іштей жіктеліп алшақтай түсуі арқылы пайда болатын құбылыс. Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романы бойынша талдауға түскен омонимдер бойынша жиналған  мысалдар:

         «Әсіресе,өткір көзін ашық есіктен көрінген көкжиектен айырмай, сазарып қалған  Абылайдың жүзінен қазір қаһарлы ашу байқалады» («Дарабоз», 19 бет).

         Жүз – зат. Адамның беті, өңі, түрі, түсі, ажар, көрік, шырай [ҚТОС, 101бет].

          «Ғайсаның туған күнінен есептегенде, бір мың да жеті жүз қырық сегізінші ұлу жылы, мамыр айының алғашқы жаңасында, Сарысу бойында отырған Әбілмәмбет ханның ордасында, ежелгі ата салты бойынша, жылда көктемде шақырылатын хан кеңесі өтіп жатты» («Дарабоз», 6  бет).

         Жүз – сан. Тоқсан тоғыздан кейінгі келетін есептік сан [ҚТОС, 101 бет].

          «Соңғы жылдары кілең екі оттың арасында, ұстараның жүзінде өмір сүрді ғой марқұм» («Дарабоз», 134 бет).

            Жүз – зат. Кесу не шабу құралдарының өткір жағы. Берілген контекстегі ұстараның жүзінде тіркесі кесу құралының өткір жағын емес, кейіпкердің қиян –қыстау кезеңін, шағын суреттеу мақсатында беріліп, контекстік мағына болып тұр.

         « Кейін Кіші жүз Ресейге қарап, Ор өзенінің бойына орыстар қамал орната бастағанда, үріккен жылқыдай серпіліп, Ырғыз бен Торғай аралығына келіп қоныстанған» («Дарабоз», 136бет).

          Жүз – зат. Қазақ халқының жер не ру жағынан үш ұлысқа бөлінуі[ҚТОС 101 бет].

             Романда кездесетін омонимдер шығарманың көркемдік дәрежесін биіктету мақсатында қолданысқа түсірген.

                 Жазушы Қ.Жұмаділов өз шығармаларында омонимдерді шығарманың көркемдік дәрежесін биіктету мақсатында қолданысқа түсірген. Омонимдер халық ауыз әдебиетінде жиі қолданыста кездеседі. Омонимдерді өз шығармаларында тіл көркемдігінің бейнелілігін арттыру үшін қолдану суреткердің шеберлігіне байланысты.

                                     Пайдаланған әдебиеттер:

1.  Аханов К. Тіл  біліміне кіріспе.-Алматы, 1993ж .- 496 бет.

2. Айғабылов А. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы: Зият Пресс, 2004ж. – 64 бет.

3.Бельбаева М.Қазақ тілінің омонимдер сөздігі.- Алматы: Мектеп,1988ж. - 192 бет.

4. Қ.Жұмаділов. Дарабоз. І том. Алматы, «Арыс» 2009 ж. – 415бет.

5. Қ.Жұмаділов. Дарабоз. ІІ том. Алматы, «Арыс» 2009 ж. – 415бет.