Филологические
науки/ 6. Актуальные проблемы перевода.
Магистрант Шаяхмет Л.
Әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Қазақстан
Дж.Байронның «Еврей әуендерінің»
қазақша аудармалары
«Сауыл патша.
Біздің заманымызға дейінгі XI ғасырдың екінші
жартысында Құдайдың қалауымен таққа
отырған Израиль біріккен патшалығының
тұңғыш патшасы, алғашқы еврей армиясының
құрушысы. Ұзын бойлы, изарильдықтардың ішіндегі
ең сұлу, шебер жауынгер, әрі патша болса да
қарапайымдылығын сақтап қалған тұлға.
Бірақ тарихшы П.Джонсонның суреттеуінше қызуқанды,
ашуға аяқ астынан бой алдырып, кез келген нәрседен сестеніп,
күдікпен қарап, әрі жиі мұң мен
қиялға берілгіш жан болыпты. Жаугершілігі мен өзі
құрған қолының арқасында талай елдерді
басып алып, жауларының ойранын шығарады. Уақыт өте
елінің ерекше құрметіне бөленіп,
Құдайға менсінбеушілікпен қарап, оған табынуды
қояды. Сөйтіп патша Жаратушының мейірімі мен шапағатынан айрылады. Ыза болған
Құдай Сауыл патшаға үнемі жабырқаулы
көңіл-күй мен себепсіз уайым-қайғы жібереді.
Ендігі кезде патшаның шегі жоқ шерін тек жас әнші Дәуіттің арфасынан
шыққан жан тебірентер әуені мен әні ғана
тарқата алатын еді. Бұл, әрине киелі кітап «Інжілде»
суреттелетін оқиғалар желісі бойынша баяндалған
оқиға. Ал ағылшын ақыны Д. Байрон Сауыл патшаның
Дәуітке айтқан арнауын “My soul is dark”, яғни
«Көңілім менің қараңғы» атауымен «Еврей
әуендері» деп аталатын топтамасында 1815 жылы қағаз бетіне
түсіреді:
My soul is dark –
Oh! quickly string
The harp I yet can
brook to hear;
And let thy gentle
fingers fling
Its melting murmur
o’er mine ear.
If in this heart a
hope be dear,
That sound shall charm it forth again:
If in these eyes
there lurk a tear,
‘Twill flow, and
cease to burn my brain. [1,125]
Бұл
әуендерді өзінің «Еврей әуендері» атты
мақаласында Нағыз Қыпшақбайұлы төмендегідей
сипаттайды: «Еврей әуендері» Байрон шығармашығының аса
жемісті жылдарының бастау кезінде жазылды, ол шақ
ақынның әдебиет қазынасына «Гяур», «Абидос
қалыңдығы», «Корсар» атты таңғажайып поэмаларын
әкелген танымал кезі болатын. Бұл топтамадағы жырлардың
әсерлігі, әуезділігі ғана таңқалдырып
қоймайды, тақырыбы әр алуан отызға тарта
өлең тұтастай алғанда адам өмірі мен
тағдырына құрылған – ізігілік, махаббат,
күнәһарлық, өшпенділік пен сұлулық
жайындағы кең құлашты драмаға айналады.
Одан
өлеңмен жазылған інжілдік үзік аңыздарды, жан
тербеген сезім күйлерін, үзілген үміттер мен
қасарған дүлей ашуды, адам дәті барып жаза бермейтін
қилы бір жан азабын көресіз». [2]
Жоғарыда
аталған «My soul is dark» атты бөлімін орыс ақыны
М.Ю.Лермонтов 1836 жылы «Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей!» деген атаумен
тәржімалайды:
Душа моя мрачна.
Скорей, певец, скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твои, промчавшися по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснутся,
И если есть в очах застывших капля слез -
Они растают и прольются. [3,48]
Көріп
отырғанымыздай орыс ақыны еркін аударма жасағанымен де, ойы,
көңіл-күйі аудармада анық, дәл
түпнұсқадағыдай бейнеленген М.Ю.Лермонтовты, жалпы орыс
әдебиетін оқып қоймай, оны өз ана тіліне аударуды
мақсат еткен қазақ ақыны Абай да осы
өлеңнің алғашқы сегіз жолын қазақша
сөйлетеді:
Көңілім
менің қараңғы. Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен
келші жақын.
Ішек бойлап, он
саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні
шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен
әкетпесе,
Керек қой
көңілді үміт тебірентсе.
Қатып
қалған көзімде бір тамшы жас,
Төгілмей ме бой жылып, ол да ерісе?!
Сөйлеткенде
де, жай үн қатырмай өз халқының тіліне,
түсінігіне бейімдеп тәржімалайды. Яғни,
«әнші-ақынға, арфа-домбыраға» айналып,
қазақы болмысқа ие болып тұр. Інжіл бойынша арфа
құдіретті болса, қазақ үшін домбыра
қасиетті. Ал, ақын заманында «әнші» деген ұғым
емес, ақын, сал-серілер түсінігі басым болғандықтан
болар осы сипатқа ие болған. Ақынның тек
алғашқы екі шумағын аудару себебін Нағыз Қапшықбайұлы «Бір өлеңнің үш аудармасы» атты
еңбегінде төмендегідей түсіндіреді: «Абай
бүтін өлеңнің екі шумағын аударған,
қалған сегіз жолын аудармай қалдырып кеткен.
Өлеңмен таныс адамның барлығына бұл белгілі
нәрсе. Шамасы, ұлы ақын өз басындағы
көңіл-күй ұқсастығын осы екі шумақтан
дәл байқаған. Жұртына сөзі жүріп,
ақылы өтпеген қапалы ақынымыз данышпан ағылшын
ақынының жырын өз қайғысына бөлеп, сырлы
бір сезіммен тербейді. Қайғының мұңды
ләззатына батады. Өктемшіл болыс-биден, өзімшіл байдан, ел
сорған молдадан, қараңғы ағайыннан
көңілі суыған ақын оңашада, өз
ошағының басында ақын әнімен жабыққан жанын
демегісі келеді. Бірақ қайғының соңына да
түсіп алмай, дала жұртының момақан үміт-сабырына
салып, «сап, көңілім, сап» деп қайғысын тез жиып ала
қояды. Ал одан әрі барып, жылауды, шағынуды, ажалды сөз
етуді жат санап кейінгі жолдарды әдейі аудармаған көрінеді». [4]
Бертін
келе дәл осы өлең жолдарын тәржімалауға
қалам тартқан Қасым Аманжолов пен Ғафу Қайырбеков
«әншіні-әнші, арфаны-арфа» деп сипаттайды. Әрине,
қазақы құндылықтар өзгеріп кеткен
жоқ, тек бұл уақытта білім алған көптеген
қазақ азаматтарында бұл музыкалық аспап жайлы түсінік
қалыптасқан еді:
|
Абай тәржімасы |
Қ.Аманжолов тәржімасы |
Ғ.Қайырбеков тәржімасы |
|
Көңілім менің
қараңғы. Бол, бол, ақын! Алтынды домбыраңмен келші
жақын. Ішек бойлап, он саусақ
жорғаласа, Бейіштің үні шығар
қоңыр салқын. Егер сорым түбімен әкетпесе, Керек қой көңілді
үміт тебірентсе. Қатып қалған
көзімде бір тамшы жас, Төгілмей ме бой жылып, ол да ерісе?! |
Қапалы менің жаным. Тез,
тез, әнші, Арфаны мынау алтын қолыңа
алшы. Жорғалап жөнелгенде саусақтарың, Пейіштің ыңыранып күйі ояншы.
Біржола үміт, арман қалмаса өліп, Кеудемде бір оянсын тебіреніп. Суалған көздерімде бір тамшы жас, Бар болса, балқиыншы соны төгіп. |
Көңілім сұп-сұр. Қайда әнші, келші бермен, Алтын сынды арфаны шерт жігермен. Қалтырамай саусағың қақсын безек, Үнін оят жұмақтың, естиін мен.
Тауыспаса барымды тағдыр сарқып, Бір сілкініп көрейін тағы шалқып. Көзімдегі ақ сүңгі - ақырғы жас, Ет қызуымен ерісін о да балқып. |
Үш тәржімашының аудармаларындағы
әуез, ырғақ, сыртқы пішіні ұқсас. Бірінші
шумақтың «Душа моя мрачна» деп басталатын тұсын әр
ақын өзінше тәржімалайды. Бірақ Қасым ақынның «жорғалап саусақтарың»,
«пейіш», «тебіреніп», «бір тамшы жас», «төгіп» деп келетін жерлері Абай
ақын аудармасындағыдай болса, Ғ.Қайырбеков мүлде
жаңаша аударма жасауға тырысқан. Екінші шумақта негізгі
рөлді ағылшын тіліндегі түпнұсқасында да,
М.Ю.Лермонтов тәржімасында да шарттылық атқарып тұр.
Орыс ақыны түпнұсқадағы шарттылықты «И если не навек надежды рок унес», «И если
есть в очах застывших капля слез» деп сипаттайды. Қазақ
ақындары Абай мен Қасым да шарттылықты сақтай отырып
тәржімалайды: біріншісінде: Егер сорым түбімен әкетпесе, бір
тамшы жас ерісе деп көрініс тапса, екіншісінде - үміт, арман қалмаса
өліп, бір тамшы жас бар болса
деген көріністе. Ал, Ғ.Қайырбеков болса,
шарттылықты тек екнші шумақтың бірінші тармағында
ғана келтіреді: «Тауыспаса барымды тағдыр сарқып».
Ал, көркемдік жағына келетін болсақ,
Абай ақын ойды, сезімді, көріністі әсірелей түсетін
сандық өлшеуіштерді шебер қолданады. Яғни, жай
ғана саусақ емес, он саусақ, жай ғана жас емес, бір
тамшы жас. Қасым ақын Абайдың жолын қуып, бір тамшы жас
деп әсіре суреттеуді қолданса, Ғ.Қайырбеков
ақырғы жас деп тіпті әсірелеп жібереді. Абай аудармаларына
ғалымдар қай кезде де оң пікірлерін беріп келеді. Мысалы, Қ.Бекқожин бұл туралы былай
дейді: «Эти и подобные им Абаевские переводы воспроизводят художественные
особенности Лермонтовских творений, сохраняют по возможности точно их
содержание. «Кинжал», «Пленник», «Дары Терека», «Дума», «В альбом», «Больное сердце
бьется тихо» - это те переводы, в которых мы можем особенно сильно
почуствовать силу таланта Абая, тонкость его художественного восприятия,
истинно поэтическую ценность переведенных им произведений». [5]
Ал, Абай аудармай кеткен соңғы сегіз
жолға келгенде екі ақын да бар күшін салып
тәржімалайды. Өздері де қосыла шер төгіп, Лермонтов
нұсқасымен бірге егіліп, таусыла мұңаяды.
Қайғысыз адам болмайды. Мұңды ән мен күй
адам жанындағы дертті қозғап, шымырлатады. Бұрыннан
таныс, баяғыдан бар әлдебір мұңды сарын толқи кеп
жүрекке құйылғандай болады:
Қасым Аманжоловта:
Мейлі әнің
болсын тағы тағдырымдай,
Маған жат
шаттық үні, о, құрбым-ай...
Келеді бір жылағым,
абзал жыршым,
Тұрғанда
көкірегім қарс айрылмай.
Сіңіріп көп
қасірет жұтқан удай
Булыққан жан
сарайым бір ашылмай
Соқты енді
қатал сағат толды кеудем -
Ажалдың уға
толы шарасындай.
Ғафу
Қайырбековте:
Ащы әніңді
аяма, шерт күштірек,
Тәтті
әніңді көтермен - дерт күштірек.
Жылат мені, етегім
жасқа толтыр,
Қақ
бөлінсін демесең тепкіш жүрек.
Келді кеудем
мұң-шері бір басылмай,
Ұзақ
төзді өзінен сырды асырмай.
Жетті сағат: ол
дағы уға толды,
Уға толған
ажалдың құмарасындай.
Қасым ақын аудармасынан нағыз
қасіретті, қайғылы адам шерін көрсек, Құдай
мейірімінен айрылған дәл Сауыл патшадай, ал Ғафу ақын
тәржімасынан қайсарлы,
жігерлі адамды танисың. Бұл туралы Н.Қыпшақбайұлы
«Бір өлеңнің үш аудармасы» атты еңбегінен табуға
болады: «Өлеңдегі «мен»
Абай орта жолда кеткен соң бөлек екі тұлғаға
айналып шыға келгендей болады. Қасымда ол қайғылы
әрі күйреуік адам болса, Ғафуда жігерлі жанның
қасіретті шері боп естіледі. Жол сайын бірінші буынға түсіп
отыратын қатқыл үн күңіренген ашудың
дәл өзіндей боп құлаққа жетеді.
Алғашқы екі шумақтың ізімен алғанда
Ғафудың тәржімасы өлеңге көбірек
жақын. Сірә, Қасым аудармасындағы әлгіндей
күңіреністі күйді - ақынды билеген сол
тұстағы тұрмыстық жұтаң күйден
туған мұңды наласы тудырған да, қабарып келіп жауа
алмай, құтырық желден тоз-тозы шығып жөңкіп
көшкен бұлттың күйін берерлік аянышты саз болып
шыққан. Не дегенмен де, өлеңдегі мұң жай
адамның мұңы емес. Ірі интелектуалды жанның
мұңы».
Ұлы туындылардың бір ел әдебиетінде
бірнеше ұрпақ буын бойында аударылатыны заңдылық
тәрізді. Әр тәржіма өзінше, өз уақыты,
дәуірі мен сол кездегі болмыс пен түсінікке сай құнды.
Әрине, Абай аудармасын бір оқығаннан қайталанбас
эстетикалық әсерге ие боласың, бірден көз алдыңа
қазақтың қоңыр дауысты қара домбырасы, сол
домбырамен ән салғанда жабырқаған жанды жадыратып,
күй шертсе тебірентіп жіберетін
сері ақын елестейді.
Бірақ ақын ізбасарлары Қасым Аманжолов
пен Ғафу Қайырбековтың жаңаша, бейнелі аудармалары да
құндылығын жоғалтпақ емес. Қасым ақын
«Суалған көздерімде бір тамшы жас, Бар болса, балқиыншы соны
төгіп» деп ерекше әсірелікпен ой білдірсе, «Тауыспаса барымды
тағдыр сарқып, Бір сілкініп көрейін тағы шалқып»
деген жолдардан Ғафу ақыннан ерекше сезім толқынысын,
талпынысын, иіліп барып қайта қасқайған бейнені
көруге болады.
Міне, аударма – бір халықтың рухани
құндылығын басқа халықтың игілігіне
айналдыру, ұлттық мәдениетті өзара
жақындастыратын, байланыстыратын әрі бір-біріне ықпал
жасайтын халықаралық шара
екендігіне осылайша көз жеткіземіз. Аударма халықтың рухани кызметінің, мәдени
өмірінің айнасы, тіл мәдениетінің жарқын
көрінісінің айғағы ғана емес, бір елден екінші
елге ой, сана ауысуға да осы аударма себепкер болады. Орыстың көрнекті ақыны, аудармашысы
К.Н. Батюшков: «Шығармашылық ақыл-ойдың бақытты
шығармасы бір халыққа ғана мұра болып
қалмайды, бірақ барлық адамзаттың
құндылығы болып жасалады» деген тамаша тұжырым
айтқан. Сол шығарманың адамзаттық
құндылыққа айналуының басты негізі аударма
өнерінің жоғары деңгейіне қатысты. Тамаша
тәржімаланған ұлы талант туындысы шын мәнінде
адамзаттың ортақ игілігіне айналары айқын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Утевская
Н.Л. English and American Literature. Хрестоматия. Санкт Петербург:Антология. 2009.
2.
Н.Қыпшақбайұлы «Еврей әуендері».
Ұлт порталы. 23.10.2013, 4:25 ult.kz/article/view
3.
Финкель А., Л. «Еврейские мелодии» Байрона, в кн.:
Мастерство перевода, сб. 6, М., 1970, с. 169—200.
4.
Н.Қыпшақбайұлы «Бір
өлеңнің үш аудармасы». Ұлт порталы. 23.10.2013,
4:25 ult.kz/article/view
5.
Әйгерім Әлімжан, әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-дың ізденушісі. Абай
аудармаларының айшықтары. abai-inst.kz
6.
Д.Г.Байрон. Н.А.Соловьева. // Кітапта: ХІХ ғасырдағы
шетел әдебиетінің тарихы века. Москва, Высшая школа, 2000, 92-бет.
7.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ. Сырбай МӘУЛЕНОВ: Қасым – жыр,
Қасым – ән. http://www.egemen.kz