Филологические науки / 7. Язык, речь и речевая коммуникация

Филол. ғ. к., Карбозов Е.К.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан

«Бес нәрседен қашық бол...» (Абай шығармашылығындағы «өтіріктің» мағынасы туралы)

Өсек, өтірік, мақтаншақ, 

Еріншек, бекер мал шашпақ — 

Бес дұшпаның білсеңіз... 

 Өтірік — шын мәніндегі жағдайды әдейі бұрмалауға алып келетін тілдік қарым-қатынас кезінде берілетін ақпарат. Өтірік көбінесе дер кезінде ақ-қарасы ашыла бермейтін ақпараттың мазмұнында білінеді не көрініс табады. Өтірік сөз қарекеттің саналы ақпарат алушыны шатастыру мақсатында қолданылатын, оның мақсатын, іс мәнісін ұғына отырып, соңында болатын  салдарына мән бермеуден туатын пікір болып табылады. Әдетте «Өтірік» нақты бір жағдаяттарда жекелей бір пайда көзін мақсат етуге, не қандай да бір артықшылықтарға ие болуға тырысудан туындайды.

Әрине, өтірікті айтудың әр түрлі себептері және өтіріктің түрлері бар. Өтіріктің байқамай айтылатыны, қасақана айтылатыны және Платонша айтқанда «Ізгі өтірік» («Кінәратсыз мемлекетте билік қоғамның игілігі үшін «ізгі өтірікке» баруы тиіс») деген түрлерін айтуға болады. Адам өтірікті қаншалықты көп айтады деген мәселеге келетін болсақ, мамандардың айтуынша өтірік айтпаймын деген адамның өзі күніне бірнеше рет өтірік айтады екен. Тіпті оны өзі де байқамай да қалады екен. Адам Алла тағаладан «біліп, білмей жасаған күнәларымызды кеше гөр», деп дұға тілейтіні сондықтан. Ал ізгі өтірік Хадистерде де келтірілген. Мысалы: Асма бинт Язидтен Аллаһ Елшісінің былай деп айтқаны жеткізіледі: «Тек үш жағдайдан басқа өтірікке жол жоқ: ердің әйелінің көңілін орнықтыру үшін айтатын өтірігі, соғыс уақытысында және адамдарды татуластыру үшін айтылатын өтірік». (Ахмад 7/459, әт-Тирмизи 1939. Хадис хасан. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 7723.) Демек, зиянсыз, кінәсіз, яғни отбасының беріктігін сақтайтын, кісіні ажалдан алып қалатын өтіріктер дінде де жоққа шығарылмайды. Алайда барлығында да жақсылық мақсатында өтірік айту соңғы амалдардың бірі болғаны абзал. Ал енді, кейбір әйелдердің күйеулеріне немесе еркектердің әйелдеріне қатысты жамандық жасап, осы хадистер мен осы шарттарды білместен, өздерінің міндеттерінен жалтару үшін өтірік айтатынына келер болсақ, бұл, күмән жоқ, Аллаһ жек көретін, тыйым салынған өтірікке жатады!

Ал, Абайдың «бес нәрседен қашық болуға» қатысты бес жаман қасиеттің бірі өтірік - қасақана айтылатын, адамға зиянын тигізетін өтіріктің түрі болып саналады. Оны қара сөзінде және өлеңдерінің бірнеше жерінде ашынып тұрып та тілге тиек етеді. Мысалы:  Жиырма төртінші қара сөзінде: «Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?»-дейді [1. 109 б.].  Ал «Бойы бұлғаң» өлеңінде:

Ел қағынды,

Мал сабылды,

Ұрлық, өтірік гуде гу.

Байы - баспақ,

Биі саспақ,

Әулекі аспақ сыпыра қу, [2. 141б.] -деп кежегесі кері тартқан қоғам сиқын ашып көрсетеді.

Қасиетті Құранның 167 жерінде өтірік айтудың күнә екендігі ескертілген. Басқа үлкен күнәларға мұншалықты көңіл бөлінбеген. Осының өзі-ақ өтіріктің қаншалықты  ауыр екендігін көрсетеді. Алла Тағала: «барлық күнәні кешіремін, тек маған серік қосқандарды кешпеймін», - деген. Аллаға серік қосқан адам да соны басқаға жеткізгенде өтірікке бой алдырады. Өтірік айту – кәпір немесе мұнафық, екі жүзді адамның ісі екенін ғұламалардың барлығы да айтып кеткені белгілі.

Абай қазақ  арасына арам шөптей қаптаған осы «өтірік» атты жаман әдетті қынжыла суреттейді.  

«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты өлеңінде:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда, [2. 50б.] -деп айналасын

жайлаған өтіріктен, жалғыз-жарымы болмаса, тіпті өзі сенетін достарынан көңілі қалғанын айтады. Осының барлығына себепкер - жалғыз ғана өтірік.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде:

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап-

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап, [2. 74б.] -деп жырлайды. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, Абайдың жаны ашып айтқан  сүйектен өтетін сөздері де жазған қазақты селт еткізбеді. Абай өзінің өлеңдерінде өтіріктің әлеуметтік, діни, философиялық мағыналарын ашып көрсетеді. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты өлеңінде адамдардың көпшілігінің иманның аздығынан нәпсісіне ерік беріп, өтірік айту деген жаман қасиеттің адам бойынан  жиі табылатынын сипаттаса,  «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде өтіріктің өрттей қаулауына қоғамның жол беруін сынайды. Абайдың бұл сынын қазақтың «Тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың» деген мақалы дәлелдейді. Осының барлығы иманның жоқтығы. Қасиетті Құранда («Наһл» сүресі, 105-аят): «Алланың аяттарына сенбегендер ғана өтірік айтады. Әне солар жалғаншылар» делінген [3. 279 б.].  Араб тілінде өтірікші адамды «кәззәп» дейді. Ал, қазақта өтірікшіні мынадай ұғымдармен береді: суайт, бөспе, судыр, алдампаз, сужұқпас, т.б. Абай осы суайт туралы:

Өтірік, өсек, мақтанға,

 Ағып тұрса бейне су, [2. 67б.] –

Немесе бөспе туралы:

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің,

Өңкей жалған мақтанмен

Шынның бетін бояйды,- [2. 68б.]

десе, мұнафықтық жөнінде:

Өтірік арыз көп берсе,

Көргендерден ұялмай.

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ,- [2. 67б.]

деп екіжүзділікті бойына сіңірген замандастарын сын шеніне алады. Өтірік айту деген қоғамдық дерт қай заманда болмасын өзекті мәселе екенін сол заманның шығармаларынан көруге болады екен.

Құранда мұнафықты екі жүзді деп атап, олар туралы бақара сүресінде ( 8-9 аяттар): «Адамдардың кейбіреулері, екіжүзді (мұнафықтар): «Аллаға, ахирет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді. Алланы және иман келтіргендерді алдайды. Бірақ олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді.» [3. 3б.].  Ал хадистерде: «Бойында мына үш мінездің бірі болған адам намаз оқыса да, ораза тұтса да, мұнафық (екі жүзді) деген сөз. Бұлар: Өтірік айту, сөзінде тұрмау, аманатқа қиянат ету.» (Бұхари, Әбу Дауд), - делінген. Демек, өтірік айту – мұнафықтың бірінші сипаты. Ол екіжүзділіктің үштен бірі. Әрине, өтірікке бой алдырған адам соңынан уәдесінде тұрмайды да, аманатқа қиянат жасайтын болады. Ақыры толық мұнафыққа айналады. Мұнафық  болу кәпір болудан да жаман. Екіжүзді адам Алланың үкімі бойынша тозақтың ең төрінен орын алады екен. Екі жүзділіктің синонимі - арсыздық. Арсыздықтың белгісі – қасақана өтірік айту болып табылады. Абай мұны да айтып өткен:

Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған міндейді,

Ол - арсыздық белгісі. [2.66б.]

Имам Термизи Ибн Ұмардан (р.а.) жеткізілген хадисте: «Егер пенде өтірік сөйлесе, бұл қылығынан періштелер одан бір шақырым арыға ұзақтайды» дейді. Демек, пендені қорып жүретін періштелер де өтірікшінің қылығынан  жиіркеніп, одан қашады екен.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үнемі: «Ей, Жаратқан ием, жүрегiмдi екiжүздiлiктен және тiлiмдi өтiрiк сөйлеуден сақтай  гөр!» дұға ететін болған. Байқасақ Абай «өтірік» сөзін «алдау», «жалған», т.б. мағыналас сөздермен ауыстырып отырған. Қорыта келе, «Басқа келетін он бәленің тоғызы тілден» десе, сол тілмен жасалатын күнәлардың бірі - өтірік айту. Көзге көрінетін апаттар табиғат апаттары болса, көзге көрінбейтіні Алла тағала тыйым салған, Абай ескерткен бес нәрсе - өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік және ысырапшылдық (бекер мал шашу). Соның ішінде ең жаманы - өтірік. Өсек те, мақтаншақтық та өтірікке апарады. Абай барша адамзатты осы күнәлардан сақтандыру мақсатында «бес нәрседен қашық бол» деп, соның ішінде әсіресе өтірік ұғымына көп көңіл бөледі. Одан аулақ болуға шақырады.

Әдебиеттер:

1. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші -Алматы: «Жазушы», 2005, -335б.

2. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Бірінші том., -Алматы: «Жазушы», 2003, -295 б.

3. ҚҰРАН КӘРІМ. Қазақша мағына мен түсінігі, -604 б.